НҰРПЕЙІС БАЙҒАНИН (1860–1945)
Туған жері: Ақтөбе облысы, Темір ауданы (қазіргі Байғанин ауданы).
Қызметі: халық ақыны, жырау, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері.
Ән айтуды анасынан үйренеді, жастайынан домбыра тартуға, жанынан суырып салып, өлең шығаруға талпынған, «бала жыршы» деген атқа ие болған.
17 жасынан бастап Нұрпейіс нағыз ақын болды. Белгілі ақындармен айтысқа түсіп, үнемі жеңіске жетіп жүреді. Ол кәдімгі ақындар сияқты ауыл-ауылды аралап, өлең шығарады, ал көп кешікпей оның есімі тек туған жерінде ғана емес, Оңтүстік Орал, Сырдарияның бойында, Қарақалпақстан, Хиуада, Түркіменстанда белгілі бола бастайды.
Эпикалық поэмаларды өңдейді, толықтырады, байытады, өзінің жанынан шығарған тамаша шумақтармен жандандырады. Осындай жолдармен «Құбығұл», «Төрехан», «Қобыланды», «Орақ-Мамай», «Қарасай-Қази», «Ер Тарғын», «Алпамыс», «Қыз-жібек», «Айман-Шолпан» нұсқалары туған.
«Қобыланды» эпосының 26 нұсқасының ішіндегі ең көлемдісі Н.Байғаниндікі. 1940 жылы 9300 жолдан тұратын жырды оның хатшысы Ахмет Ескендіров жазып алған.
«Ақкенже» поэмасында ол жас өмірдің қысым астында қалғаны жөніндегі тарихтың жан тебірентерлік бейнесін жасаған.
1938 жылы алғаш рет Алматыға келіп, Ж.Жабаевтың мерейтойына қатысып, «Ақын шабыты», «Жамбылға», «Көрімдік», «Ғасырдың қарт бұлбұлы», тағы басқа жырлар шығарған. Осы кезден бастап барлық шығармалары оның бірінші жеке хатшысы Ахмет Ескендіров арқылы қағазға түсірілді, соның арқасында ақынның шығармалары бізге дейін жеткен. Осы жылы ол «Комиссар Пожарский» атты поэма жазады.
1939 жылы ақын Қазақстан Жазушыларының ІІ-съезіне қатысып, Жазушылар одағының мүшесі болған. Осы жылы оған «Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері» деген атақ беріліп, ақын Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі бірінші сессиясы Президиумының грамотасымен марапатталады. Ақын өз арнауымен ашқан бірінші облыстық Кеңестің депутаты болып сайланады.
1940 жылы қоғамдық қайраткерлігі үшін «Құрмет белгісі» орденімен марапатталады. Бұл оқиғаға ол өзінің «Қуаныш жыры» атты өлеңін арнаған.
Әйгілі «Седовшылар» атты өлеңін 812 тәулік бойында мұз құрсауында қалған «Седов» қаһармандарына арнаған.
Оның соғыс жылдарындағы шығармалары: «Батыр туралы жыр», «Батыр ұлға», «Жеңіс үшін», «Қазақстан – майданға» және т.б.
1944 жылы маусымда өзінің еңбектегі ерліктерімен белгілі болған Шығанақ Берсиевке қоштасу әнұранын арнаған.
Н.Байғанин жеңіс күніне дәл бір ай жетпей дүние салды.