The concept and essence of sovereignty, as well as securing it in the Declaration "On state sovereignty of Kazakh SSR"
Zharbolova A.Z.
Candidate of Jurisprudence, Associate Professor Chair of theory and history of state and law, constitutional and administrative law al - Farabi KazNU
Summary. The article "sovereignty" to determine the meaning of the term, adopted on October 25, 1990 "on the state sovereignty of Kazakh SSR" Declaration for approval to make an analysis. Accordingly, the concept of the sovereignty of the article as a scientific theoretical category feudal-bourgeois period to be determined by some scientists to determine the value of the concept of sovereignty and the views of a number of Soviet scientists analyzed. In addition, the article was a prerequisite for the formation of Kazakhstan as an independent state, the sovereignty of the world historically significant document "On the State Sovereignty of the Kazakh Soviet Socialist Republic" analyzed the content of the values of the Declaration.
Key words: sovereignty, state independence, state, people, nation, government, Declaration, independence, state symbols, economy, social and national-cultural development, administrative-territorial organization, international relations
Конституциялық құқық ғылымында «егемендік» түсінігі өте маңызды әрі күрделі түсінік болып табылады. Ол мемлекет және құқық ғылымы мен конституциялық құқық ылымының және өзге де бірқатар заң ғылымдары салаларының ажырамас бөлігі болып табылады. Сондықтан да егемендік ұғымының құрылуы мен дамуы, Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігінің қалыптасып, реттелуі мәселелері феодалдық-буржуазиялық, кеңестік кезеңдерде егемендік жайлы орын алған көзқарастарды қарап, саралауды және даму талаптарына сәйкес өтпелі кезеңде және бүгінгі күнде қалыптасқан тиісінше түсініктерді қарастыруды қажет етеді.
Жалпы алғанда «егемендік» категориясы өркениеттік институты ретінде мемлекеттің мәнін ашатын саяси-құқықтық категория. Егемендік институтының мәнін, түп-тамырын түсіну үшін алдымен «егемендік» терминіне назар бөлу қажет. Түрлі мемлекеттерде ол тиісінше аударылып, белгілі бір мәнге ие болады. Мысалы, «егемендік» сөзінің ағылшын, француз, неміс тілдеріндегі мәндері бірдей. Ол ең жоғары, жоғары билік, тәуелсіз деген мағынаны білдіреді. Орыс тілінде «егемендік» сөзтіркесі «самодержавие», «самостойкость» түсініктеріне сай келеді деп есептеледі. Қазақ тілінде егемендік термині «егемен» түсінігіне, яғни еркіндік, тәуелсіздік, еріктілік түсініктеріне сәйкестендірілген.
Егемендік ұғымының ғылыми, теориялық тұрғыда анықталуына көз салсақ, саяси және құқық ғылымдары егемендік ұғымын, ілімін осы терминді енгізген Жан Боденнің атымен байланыстырады. Ол өзінің «Шесть книг о государстве» атты еңбегінде алғаш рет мемлекеттің мәнді белгісі ретінде егемендік ұғымын қалыптастырды. Оның есептеуінше егемендік – мемлекеттің шексіз және тұрақты билігі. Мемлекет туралы бірінші кітабының Х бөлімінде ол егемендіктің ерекшеліктерін анықтайды және егемендіктің белгілері ретінде тұтастай мемлекеттің емес тек мемлекет басшысының, яғни бір адамның егемендігі билігін анықтайтын нақты критерийлерді қарастырады. Атап айтсақ, Ж. Боден егемендіктің келесідей 5 негізгі белгілерін бөліп көрсетеді:
біріншісі – магистраттарды тағайындау және әрқайсысы үшін қызметтік міндеттерді бөлу;
екіншісі – заңдарды қабылдау, күшін жою және жариялау;
үшіншісі – соғыс жариялау және бейбітшілікті бекіту;
төртіншісі – барлық магистраттар мен азаматтар үшін жоғары сот инстанциясының болуы;
бесіншісі – заң құқықбұзушыны кешіру немесе оның жазасын жеңілдету үшін мүмкіндіктер бермеген кезде жазалау және кешірім жасау құқығын иелену [1, С. 93-94].
Тиісті мәселені ары қарай зерттеу халықтық егемендік идеясына алып келеді. Оның негізін қалаушы Ж.Ж.Руссо болып табылады. Ол өзінің «Об общественном договоре или принципе политического права» деген еңбегінде «жалпы көпшіліктің еркімен басқарылатын өкімет – егемендік деп аталады», - деп көрсетті. Әрі ол монархия, аристократия, парламент түріндегі егемендікті мойындамады, ол егемендіктің бір ғана субъектісі – халық деп таныды [2, С. 25-26]. Тиісінше Ж.Ж.Руссо биліктің бастауы, қайнар көзі тек халық деген идеяны алға тартты.
Келесі кезекте кеңестік заманда егемендік түсінігінің анықталуына тоқталсақ, кеңестік мемлекет танушы ғалымдар егемендікті негізінен мемлекеттің, мемлекеттік биліктің ажырамас мәні, қасиеті (белгісі) ретінде, ішінара мемлекеттік биліктің немесе мемлекеттің жағдайы ретінде қарастырғанын байқаймыз. Нақты тоқталсақ, кеңестік ғалымның бірі А.Н.Лепешкин егемендікті мемлекеттік биліктің белгісі, қасиеті ретінде қарастыра отырып, «осы арқылы ол сыртқы мемлекеттермен қарым-қатынас жасау функциясын жүзеге асыру кезінде өз-өзіне ие және кез-келген мемлекеттік биліктен тәуелсіз», - деп өз көзқарасын білдірген еді [3, C. 266]. И.Д.Левин де егемендікті осы тұрғыда анықтайды, яғни «Егемендік – мемлекеттің өз аумағында толық билікке ие болу жағдайы және оның басқа мемлекеттерден тәуелсіздігі», - деп жазды [4, C. 64]. Келесі ғалымдар В.А.Доронин, Н.А.Ушаков, И.Д.Левин т.с.с. тиісті анықтаманы дамыта отырып, өз еңбектерінде мемлекет егемендігінің түсінігі мен мәнін СССР жағдайымен шектей отырып, таптық сипатта анықтады. Атап айтсақ, Доронин В.А. «Егемендік – бұл үстем таптың мемлекеттік билігінің қасиеті. Осы арқылы ол мемлекет функциясын жүзеге асыруда кез-келген өзге биліктен тәуелсіз» деп көрсетті [5, C. 40]. Ал, И.Д.Левиннің көзқарасына сәйкес «таптық диктатура егемендіктің өзегін, мәнін құрайды» [4, C. 64]. Н.А.Ушаков үшін егемендік – бұл барлық мемлекеттің қажетті саяси-заңи қасиеті. Бұл аталған кеңестік замандағы көзқарастар үшін тән ортақ пікір: егемендік – мемлекеттік биліктің қасиеті, ал оның мәні – мемлекеттік биліктің (өкіметтің) таптық сипатында. Біз кеңестік мемлекеттанушылар анықтағандай егемендікті мемлекеттің белгісі, қасиеті деп көрсете алмаймыз. Егемендік – ол толыққанды және функционалды дербес мемлекеттік биліктің өзі. Ол мемлекеттік биліктің бірлігін, үстемдігі мен тәуелсіздігін анықтайтын мемлекеттің мәні. Олай болса, егемендіктің өзі мемлекеттің мәні болып табылады деп көрсетуге болады. Егемендікті мемлекеттің мәні ретінде танымау мемлекеттің егемендіксіз өмір сүруі немесе егемендіксіз мемлекет деп түсінуге тең. Мемлекет және құқық теориясы бойынша бұл – нонсенс, ал саяси тұрғыда – апологетика, сепаратизм деп есептеледі. Әдетте, көп мемлекеттерде егемендіктің түсінігі Мемлекеттік егемендік туралы арнайы актілерде (Қазақстанда Декларацияда, т.с.с) немесе мемлекеттің Ата заңында беріледі. Қазақстан Республикасы Конституциясының түсіндірме сөздігіне сәйкес «Республика егемендігі – бұл мемлекеттік биліктің бірлігін, үстемдігі мен тәуелсіздігін анықтайтын мемлекеттің мәні» [6, 43 б]. Белгілі ғалым, академик С.А.Сартаев атап кеткендей «Көптеген белгілі ғалымдардың еңбектерінде мемлекет, мемлекеттік билік және мемлекет егемендігі категориялары күрделі қоғамдық-саяси және құқықтық құбылыс ретінде қарастырылады. Содан барып, мемлекет, мемлекеттік билік пен егемендік барлық қырынан жан-жақты ашылып зерттеледі. Айталық, мемлекеттің дамуы мен алға басуы мемлекеттік билік пен мемлекет егемендігінің мәніне де өзгеріс әкелетін әрі табиғи, әрі тарихи процесс [7, 63 б.].
Егемендіктің функциясы әмбебап және жасампаз. Себебі, оның мәні таптық емес әлеуметтік болып табылады. Егемендік өзгеше саяси-құқықтық құбылыс болып табылады және оған мынадай әлеуметтік-саяси нышандар тән болып келеді: халық, ұлт және мемлекет. Егемендіктің бұл нышандары жеке-жеке және олардың арасында белгілі бір объективті байланыстар, біртұтастықтар бар.
Көпшілік елдерде халық биліктің бастауы, субъектісі және билікті жүзеге асырушы ретінде танылған. Тиісті мәселенің Қазақстан Республикасы Конституциясында ретелуіне келсек 3 бапта «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» деп бекітілген. Бұл конституциялық норма мемлекеттік биліктің халықтан туындайтынын, тиісінше оның халыққа ғана қызмет ететінін көрсетеді. Мұндай түсінік бойынша «егемендік» ұғымының мәні – халық болып табылады. Тиісінше егемен мемлекет халықтың егемендігін байқатады және оған кепілдік береді. Мемлекеттік егемендік ол нақты аумақты, сол аумақтық шектегі халықты және мемлекеттік билікті қамтиды.
Жалпы, мемлекет халықтың толық билігін, ұлттық егемендікті, мемлекеттік биліктің жоғарылығын біріктіретін заңи нысан. Сондықтан да егемендік халықтық, ұлттық және мемлекеттік егемендіктің бірлігін көрсетеді. Белгілі ғалым С.Н.Сәбікеновтің сөзімен айтқанда «егемендік» мемлекеттік егемендік, халықтық егемендік және ұлттық егемендік секілді үш түрлі кең ауқымды құқықтық категорияның басын құрайды [8]. Белгілі ғалым профессор Ғ.С.Сапарғалиев атап кеткендей «Ұлттық егемендік ұлттың өз тағдырына өзі ие болуынан, мемлекеттік, экономикалық және рухани салаларда өзін-өзі тануынан көрінеді [9, 140 б.]. Ал, халықтық егемендік – бұл халықтың толық билігі, яғни халықтың саяси, әлеуметтік-экономикалық мүмкіндіктерді иеленуі, қоғамдық және мемлекеттік істерді басқаруға қатысуы. Халықтық егемендік демократиялық қоғам мен құқықтық мемлекет мәнінің мазмұнынан ажырағысыз. Халықтық егемендік қандай да болмасын мемлекеттің демократиялығының көрінісі болып табылады. Халықтық егемендік егемендіктің өзге құқықтық категорияларына (ұлттық, мемлекеттік) қарағанда негізгі әрі анықтаушы болып табылады деп түсініледі.
Мемлекеттік егемендікті мемлекеттік биліктің ел ішіндегі жоғарылығы мен сыртқы саяси тәуелсіздігі ретінде анықтауға болады. Жоғарылық және тәуелсіздік мемлекеттік биліктің егемендік қасиеті ретінде оның саяси-құқықтық мәнін көрсетеді, тиісінше мемлекеттің ішкі қызметі мен сыртқы қызметінде белгілі бір нысанда байқалады. Мемлекеттік биліктің жоғарылығы (үстемдігі) мемлекеттің бүкіл аумағында бірыңғай құқықтық тәртіпті орнатудан байқалады. Ал, мемлекеттік егемендіктің келесі қасиеті, белгісі - мемлекеттік биліктің (мемлекеттің) сыртқы саяси тәуелсіздігі оның басқа мемлекеттерден дербестігінен көрінеді. Тиісінше қандай да болмасын мемлекет нақты мемлекеттің ішкі ісіне араласуға құқылы емес, себебі ол егеменді мемлекет.
Мемлекеттің егемендігінің мәнін құраушылар қоғамның саяси, экономикалық және әлеуметтік құрылысымен, мемлекеттің қоғамдық тұрақтылығымен анықталады. Сонымен, егемендіктің не екенін жоғарыда аталған Қазақстан Республикасының Конституциясының түсіндірме сөздігіне сәйкес қорытындылайтын болсақ, егемендік – бұл мемлекеттік биліктің бірлігін, үстемдігін, тәуелсіздігін анықтайтын мемлекеттің мәні. Осы аталған қасиеттер (мемлекеттік биліктің бірлігі, үстемдігі, тәуелсіздігі) тығыз байланысты және олар тұрғын халықты жалпыға бірдей және тең құқықпен мемлекет азаматтарының мемлекеттік-құқықтық қауымдастығына топтастырады» [6, 43 б.].
Қазақ ССР-інің Жоғарғы Советі 1990 жылдың 25 қазанында Қазақстанның тәуелсіз, шынайы егемен мемлекет ретінде қалыптасуының алғышарты болған тарихи маңызды құжат – Қазақ ССР-інің мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияны қабылдады. Бұл акт Қазақ ССР-інің егемендігін бүкіл әлемге паш етті. Декларацияның 1 тармағында Қазақ ССР-інің басқа республикалармен бірге Егемендi Республикалар Одағына ерiктi түрде кіретіндігі және олармен өзара қатынасын шарттық негiзде құратындығы бекітілді. Сонымен қоса, Декларацияда Қазақ ССР-інің егемендi мемлекет ретінде тиісті одақтан еркін шығуға құқылы екендігін білдіретін норма да көрініс тапты. Тиісті актіде Қазақ ССР-інің егеменді мемлекет болып табылатындығының бекітілуіне сәйкестікте әрі оған негізделе отырып мемлекеттік биліктің Республика iшiндегі үстемдігі, дербестігі және толық болып табылатындығы, ал сыртқы қатынаста Одақтық шартта белгiленген шеңберде осындай қасиеттерге ие болатындығы нақтыланды. Ары қарай, Қазақ ССР-інің дербес түрде республикадағы саяси, экономикалық, әлеуметтiк және ұлттық-мәдени құрылысқа, оның әкiмшiлiк-аумақтық құрылымына байланысты барлық мәселелердi шешетіндігі, мемлекеттiк өкiмет және басқару органдарының құрылымы мен құзыретін, сондай-ақ Республиканың рәміздерін белгiлейтінін бекітті. Байқап отырғанымыздай, «Қазақ ССР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы» Декларация республиканың шынайы егемендігін заң жүзінде бекітудің бастамасы болды. Алайда, жоғарыда аталған профессор Ғ.С.Сапарғалиев кезінде Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияның іс жүзінде дербестікке ие болмағынын атап кеткен еді. Ол біз қарастырған Қазақ ССР-інің егемендігін анықтайтын Декларация нормаларының, қағидаларының бұрыңғы ҚазССР Конституциясында да бекітілгендігін көрсете отырып, КСРО жағдайында егемен, тәуелсіз Қазақстан мемлекеті туралы сөз етудің өзі бекер екендігін, тіптен мүмкін еместігін негіздеген еді [9, 146 б]. Дегенмен, саяси-құқықтық мәні аса зор бұл құжат - «Қазақ ССР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы» Декларация Қазақстан мемлекетінің егемендігін қамтамасыз етудің барлық дерлік қажетті шарттарын құрды, заңи бекітті. Декларацияның 15 тармағында Республиканың егемен құқықтарын қорғау Қазақ ССР-і мен Одақпен жүзеге асырылатындығы, ал Республиканың ажырағысыз құқықтарын құрайтын мәселелерді шешуге араласу оның егемендігін бұзу деп бағаланатындығы анықталды.
Республикамыздың егемендігін жариялаған бұл тарихи актінің келесі бір маңызы ол Қазақстан мемлекеттігінің келесідей үш принципалды құқықтық нормасын бекітуі болды:
1) оның өз еркiмен Одаққа берген мәселелерiн қоспағанда Қазақ ССР-інің аумағында Республика Конституциясы мен заңдарының жоғарылығы (үстемдiгi) бекітіліп, тиісінше Одақтың заңдары мен оның жоғары органдарының басқа да актiлерi Республиканың егемендi құқықтары мен Конституциясын бұзған жағдайда Қазақ ССР-інің өз аумағында олардың қолданылуын тоқтата тұруға құқығы танылды. Декларацияның бұл нормасы жөнінде ғалым А.К.Котов былай деген еді: «1978 жылғы ҚазССР Конституциясының нормалары ... 1977 жылғы СССР Конституциясы нормаларына толығымен сәйкес келген жағдайда ол Одаққа қауіп төндірмеді, қайта ол ұлттық ерекшеліктер мен әлеуметтік-экономикалық өсудың қажеттіктерін ескере отырып өз аумағында заң шығарушылықта егемен құқықтарды иеленуге жол ашты» [10, C. 60]. Бұл акті республикамыздың заң шығармашылығына егемендік бере отырып оның жалпы құқық шығармашылықта егемен болуына жол ашқан ресми құжат болды.
2) Қазақ ССР-інің экономикалық жүйесінің негіздері бекітілді. Атап айтқанда, республиканың барлық ұлттық байлығы - жері және оның қойнауы, су, әуе кеңiстiгi, өсiмдiктер мен хайуанаттар дүниесi, басқа да табиғи ресурстары, халықтың мәдени және тарихи қазыналары, бүкiл экономикалық, ғылыми-техникалық потенциал Қазақ ССР-інің ерекше меншiгiнде болатындығы және олар мемлекеттің егемендiгiнiң негiзiн құрайтындығы бекітіліп, Республикамызда меншiк нысандарының алуан түрлiгі мен олардың тең болуы қамтамасыз етiлетіндігі, олардың қорғалуына кепiлдiк берiлетіндiгі реттелді. Декларацияда табиғи ресурстардың, республиканың экономикалық және ғылыми-техникалық әлеуетінің ҚазССР-ң ерекше меншігінде болуының бекітілуі, Қазақ ССР-інің Республика үлесiне сәйкес жалпыодақтық мүліктегi, оның iшiнде алмас, валюта қорлары мен алтын қорындағы өз үлесiне құқығы бар екендігінің анықталуы, Қазақ ССР-ң егемен мемлекет ретінде өзінің қаржылық-несиелік жүйесін, мемлекеттiк ұлттық банк құруға, мемлекеттiк бюджетiн дербес қалыптастыруға, салық және одақтық-республикалық кеден жүйесiн ұйымдастыруға хақылы болып табылатындығының бекітілуі олардың алғаш рет өз реттелуін тапқаны еді.
3) Декларация Қазақстанның халықаралық қатынастың толыққанды субъектісі ретіндегі конституциялық-құқықтық мәртебесін анықтады. Қазақ ССР-інің мемлекеттік билігінің республика ішінде ғана емес, Одақтық шартта белгіленген шеңберде сыртқы қатынаста да үстем, дербес, толық болатындығын бекітті. Байқап отырғанымыздай, Декларацияға сәйкес (6 т.) Республиканың сыртқы егемендігі шектеулі болды, яғни Қазақ ССР-інің сыртқы қатынастағы егемендік жағдайы (үстемдігі, дербестігі, толықтығы) Одақтық шартпен белгіленетін болды. Бұл Қазақ ССР-інің мемлекеттік егемендігінің тек қағаз жүзінде ғана 100 пайыз толықтай (толыққанды) болмағанын көрсетеді. Оның үстіне бұл проблема болмады. Себебі, Одақтық шарт жасап үлгерместен КСРО-ның тарап кеткені бізге тарихтан белгілі. Осы себепті біз Қазақ ССР-і тиісті Декларацияны қабылдап, жариялағаннан бастап-ақ әрі Одақтық құрылымда бола отырып сыртқы қатынаста ол егемен, тәуелсіз болды деген қорытынды жасауға негіз бар деп айта аламыз. Декларацияның 14 тармағында Қазақ ССР-інің сыртқы егемендігін байқататын жағдайлар көрініс тапты. Онда Қазақ ССР-інің халықаралық қатынастардың дербес субъектiсi болуға, сыртқы саясатты өз мүдделерiне сай белгiлеуге, дипломатиялық және консулдық өкiлдiктер алмасуға, халықаралық ұйымдардың, оның iшiнде Бiрiккен Ұлттар Ұйымының және оның мамандандырылған мекемелерiнiң қызметiне қатысуға құқысы бар екендігі анықталды. Басқаша айтқанда, республикамыздың сыртқы қатынаста да егеменді болып табылғандығын дәлелдейтін негіздер бекітілді.
Декларацияның келесі бір маңызды тұсы – жалпыадамзаттық құндылықтарды тану шегінде осы Декларацияда өзге де құқықтық міндеттермен қатар қазақ ұлтының тағдыры үшін жауапкершіліктің танылуы болды. Бұл норманың енгізілуі жойыла бастаған қазақ тілі мен мәдениетіне деген мемлекеттің қамқорлығын байқатады. Әрі мемлекеттің тарихи ұлттың дамуы үшін жауапкершілігін бекіту халықаралық құқықта жалпыға танылған норма болып табылады.
«ҚазССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» Декларация алғаш рет Қазақ ССР-інде мемлекеттік биліктің заң шығару, атқару және сот тармақтарына бөліне отырып жүзеге асатынын бекітті. Заң шығару билігін ҚазССР Жоғарғы Советі жүзеге асырады деп белгіленді. Президент Республика басшысы және жоғары өкімші-атқарушы билікті иеленеді, жоғары сот билігі ҚазССР Жоғарғы Сотына тиесілі деп реттелді.
Жалпы, «Қазақ ССР-інің мемлекеттік егемендігі туралы» Декларацияның қабылдануы республикамыздың тәуелсіз, өркениетті мемлекет ретінде дамуында айтарлықтай оқиға болды. Қоғамдық даму формациясының социалистік кезеңінде қабылданса да әлі күнге дейін мемлекеттік және қоғамдық өмірдің ең биік төрінен орын алып отырған бұл акті Қазақстанды алғаш рет өзіндік дүниетанымы, салт-дәстүрі, өзіндік даму болашағы бар егеменді мемлекет ретінде жариялады. Тиісінше Декларацияда болашақ тәуелсіз Қазақстан Республикасының шынайы егемендігінің барлық белгілері көрініс тапты: аумағының біртұтастығы және қол сұғылмаушылығы, азаматтығы, мемлекеттік биліктің дербестігі мен толықтығы, мемлекеттік бюджет, халықаралық қатынастардың дербестігі, мемлекеттік тәуелсіздіктің классикалық нышандары – Елтаңба, Ту, Әнұран, өзінің ұлттық валютасы.
«Қазақ ССР-інің мемлекеттік егемендігі туралы» Декларацияның маңызын Қазақстанның белгілі академигі С.З.Зимановтың сөзімен анықтар болсақ «Декларацияда республиканың тағдыры мен мәртебесін, оның жаңа федерациядағы, одақтас мемлекеттегі орнын анықтаған, биліктің экономика, мәдениет, заң шығармашылығы салаларындағы және аумақтық кеңістік салаларындағы жоғарылығының көлемі мен шегін анықтаған қағидаттық ережелер бекітілді» [11, С. 27]. Декларация Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде дамуының негізі болған алғашқы баспалдақ болды.
Достарыңызбен бөлісу: |