Орта ғасырлардағы қазақ жеріндегі саяси-құқықтық ой тарихындағы мемекеттік билік және мемлекетті басқару туралы ойлар
Автордың аты-жөні, тегі: А.К. Исабеков
Дереккөз: https://articlekz.com/kk/article/17118
Қазақ даласындағы орта ғасырлардағы саяси-құқықтық ой тарихын қайта өрлеу дәуірінің бірі кезеңі деп бағалауға болады. Осы уақыт аралығында аты әлемге әйгілі орта ғасырлық түркі заманының ойшылдары бірінен кейін бір өмірге келіп, жемісті шығармашылықпен айналысып жатты. Олардың қатарына: Шығыстың ұлы ғұламасы Әл-Фарабиді, Жүсіп Баласағұнды, Махмұд Қашқариді, Ахмет Игінүкиді және т.б. жатқызамыз. Бұл ойшылдардың еңбектері рационалды тұрғыда шығарма бейнесінде туындап жатумен қатар, өлең сөзімен өрілген поэма дастаны нысанында да беріліп отырды. Әрине, ойшылдардың шығармасы өз заманындағы философиялық, әлеуметтік, психологиялық, тарихи оқиғалар желісін суреттеумен қатар, мемлекеттану мәселелерін де қамтыған болатын. Мемлекеттанудың басты мәселесі мемлекеттің шығуы, мемлекеттік биліктің ұйымдасуы, мемлекеттің нысандары, мемлекеттің қызметі т.б. мәселелер екендігі белгілі. Жоғарыда тілге тиек етіп отырған ойшылдарымыз бұл мәселені де өз еңбектерінде жеткілікті деңгейде қамтып, оны дамытып отырды. Жалпы қазақ қоғамында, оның ішіндегі ортағасырлық ойшылдардың көзқарастары синкретті сипатта қоғамдық сананың барлық нысандарының көзқарастар жүйесінің тұтастығымен ерекшеленеді.
Ортағасырлық саяси-құқықтық ой тарихында шоқтығы биік, өзіндік орны бар тұлға кезінде екінші ұстаз атанған Әл-Фараби екендігі баршамызға белгілі. Әл-Фарабидің биліктанымға байланысты ойлары, теориялық деңгейде ұшқырланған өзіндік сипаты бар ой-жүйесін құрайды. Әл-Фараби қайырымды қала, оның тұрғындарының көзқарастары атты трактатында, жалпы мемлекетті екі түрге бөліп көрсетті: Біріншісі- қайырымды қала; екіншісі-надан қала. Надан қаланың өзін бірнеше түрлерге жіктеді. Олар туралы былай дейді: “Ділгер қаласы дегеніміз-сондай қала, оның тұрғындары тек ділгер заттармен ғана, яғи тәннің тіршілік етуіне керекті нәрселермен-тағаммен, сусынмен, киіммен, тұрғын үймен, сұхбаттасумен және осыған жету үшін бір-біріне көмектесумен ғана шектелуге тырысады. Алыс- беріс қаласы дегеніміз-сол, оның тұрғындары дәулет пен байлыққа жету үшін бір-біріне көмектесуге тырысады, бірақ бұл –басқа бір нәрсеге жетудің құралы емес, күллі өмірінің мақсаты. Пасықтық пен бақытсыздық қаласы дегеніміз-сондай қала, оның тұрғындары тағамнан, ішімдіктен, сұқбаттасудан ләззат алуға тырысады, қысқасы-олар сезім мен қиялға әсер ететін ләззаттарға құштар келеді, қандай түрде болса да сауық құрып, сайран салуға құштар келеді.
Даңғой қала дегеніміз-сондай қала, оны мекендеушілер жұрттың сый-құрметіне бөленіп, мақтау алу үшін, өздері жайында басқа халықтар біліп, айта жүруі үшін, сөзбен де, іспен де мадақтап, дәріптеуі үшін, өздерін не жат көзінен, не бір-біріне сән салтанатымен жарқырата көрсету үшін бір-біріне көмектесуге тырысады, мұның бәрін олар бұған қаншалық ынтызарлығына қарай немесе осы қаншалық қолынан келуіне қарай істейді.
Мансапшыл қала дегеніміз-сондай қала, оның тұрғындары өзгелерді өздеріне бағындыруға, ал өздері ешкімге де бағынбауға тырысады; олардың күш-жігері өздеріне жеңіс әперетін қуанышқа жетуге ғана жұмсалады. Құштар қала дегеніміз-сондай қала, оның тұрғындары әркім өз құштарлығын ешбір тежеусіз, өз қалауынша еркін істеу деп біліп, осыған ұмтылады. Надан қалалардың әміршілері де осы қалалардың өздеріне ұқсас болады. Олардың әрқайсысы өздері билейтін қаланың ісін жүргізгенде жеке бастарының құштарлықтары мен ниеттерін қанағаттандыруды көздейді.
Жоғарыда атап өткен нәрселердің бәрі-надан қала тұрғындарының кәсібі, мұны олардың өмірлік мақсаты деп санауға болады. Ал өнегесіз қала дегеніміз-сондай қала, оның көзқарастары санатына қосылады және ол бақыты, пейілі кең, құдыреті күшті Алла-Тағаланы, екінші жаратындыларды, әрекетшіл парасатты, тегінде қайырымды қала тұрғындары білетін және солар сенетін нәрселердің бәрін хақ деп біледі; бірақ бұл қала тұрғындарының іс-әрекеті құдды надан қала тұрғындарының іс-әрекеті сияқты.
Құбылмалы қала дегеніміз-сондай қала, оның көзқарасары мен іс-әрекеті бұрын қайырымды қаланың көзқарастары мен іс-әрекеті сияқты болса да, кейін ол өзгеріп кеткен: санатына өзгеше идеялар ұялап, іс-әрекеті мүлде басқаша болған.
Адасқан қала дегеніміз-сол, оның ойынша, бақыт бұл дүниедегі өмірден кейін келмек. Бірақ, оның түсінігі өзгеріп кеткен, сондықтан пейілі кең, құдыреті күшті Алла-тағала туралы, екінші жаратындылар туралы және әрекетшіл парасат туралы оның түсініктерінің терістігі соншалық, бұлардың инабаттылыққа негіз болуы да, барлық зат біткеннің кейіпкері мен образдары ретінде қабылдануы да мүмкін емес.
Бұл қаланың бірінші басшысы іс жүзінде солай болмаса да, өзін тәңірі көктен жебеген адам етіп көрсетушілердің санатына жатады және осы мақсатпен қиянат жасап, өтірік айтып менмендік көрсетеді” [1, 3- 32 бб]. Надан қала мемлекеттің ең азып-тозған, бұрыс нысаны болып табылды. Оған қарама-қарсы қайырымды қаланы қойған болатын. Қайырымды қала адамдарды бақытқа жетелейтін. Олардың мүддделерін әрқашанда жоғарыға қоятын қала болып табылады. Қайырымды қаланы нағыз әкім басқарады. Ойшылдың ойы бойынша нағыз әкімнің бойында мынандай қасиеттер болу қажет: “Ол – бірінші басшы, сондықтан оның бойынша ұштасқан алты қасиет болу керек,: даналық, асқан пайымдағыштық, қалтқысыз сендіру (қабілеті), өте жақсы қиялдау (қабілеті), қасиеті ғазауат соғысты өзі бас болып жүргізу қабілеті және оның денесіне қасиетті соғыспен байланысты істерді жүргізуге бөгет жасайтын еш нәрсенің болмауы. Осының бәрін өз бойында ұштастыратын адам барлық іс-әрекеттерде кімге еліктеу керек екенін, кімнің айтқан сөзі мен ақылына құлақ қою керек екенін көрсететін үлгі болады. Мұндай адам өзнің дұрыс деп тапқанынша, өзінің қалауынша басқара алады.
Мұның бәрін өз бойында ұштастыратын адам болмаса, бірақ бұл (қасиеттер) бір топ (адамдардың) арасында жеке-дара дарыған болса, мәселен, ол адамдардың біреуі мақсатты көрсете білсе, екіншісі мақсатқа бастайтын жолды көрсетсе, үшіншсісінде көз жеткізе сендіру, қиялмен өте жақсы елестеу қабілеті болса, төртіншісінде қасиетті соғысты жүргізу қабілеті болса, сонда бұл топтың мүшелері бірлесе отырып, әкімнің орнына ие болады, оларды жұрт жақсы басшылар және қадірлі адамдар деп атайды, ал олардың басқару ең қадірлі адамдардың басқармасы деп аталады. Мұндай адамдар да болмаса, имамдардың алғашқы ұрпақтары енгізген және қаланы басқарғанда өздері қолданған ертедегі заңдар мен қағидаларды ұштастыра білетін адам қала бастығы болады; мұның үстіне ондай адам бұл заңдар бұрынғы ұрпақтар көздеген мақсатқа сәйкес қандай жерде, қандай жағдайда пайдалануға тиіс екенін өте жақсы айыра білуге тиіс, ертедегі ауызекі және жазба заңдарда нелердің көрсетілмегені, ертедегі заңдарда нелерді көрсетуге мүмкіндік болмағанын таба білуге тиіс; қаланың көркеюінің сақталуына себепкер боларлық ертедегі заңдарда көрсетілуі мүмкін болмаған белгілі бір оқиғаларды айыруға және мұндай пайымдағыштық көрсетуге қабілетті болуы тиіс; шешендік өнерде, сендіруге және қиялдауға келгенде айрықша болуы тиіс. Мұнымен бірге онда қасиеті соғысты жүргізу қабілеті болуы керек. Мұндай адам заңға лайық әкім деп, ал оның басқаруы заңды деп аталады. Бұл қасиеттердің жалғыз өзінің бойына жинаған адам болмаса, бірақ ондай қасиеттер бір топ адамдарға жеке-дара тән болса, онда олардың бәрі әкімнің орнына заң бойынша бірлесе ие болады. Адамдардың бұл тобы заң бойынша қойылған басшылар деп аталады” [1, 42-43 бб]. Нағыз әкімі философ болу керек. Бұл туралы еліміздің белгілі философтары А. Қасабеков пен Ж. Алтаев былай дейді: “Сонымен “философ”, “заң шығарушы”, “имам” және “бірінші басшы” ұғымдары бір нәрсеге келіп қосылады. Олар бір мақсатқа қызмет етеді, бірақ бұл мақсаты әртүрлі әдістермен жүзеге асырады. Адамдар бірлестіктерінің ерекшелік белгілері болып табылатын теориялық және практикалық қайырымдылықтарға тек философияның көмегімен жетуге болады деп тұжырымдайды ұлы ғұлама” [2, 90 б.]. Бұл оймен толығымен келісуге болады. Ортағасырлық саяси-құқықтық ой тарихында әрқашанда мемлекетті басқарушы тұлғаның жеке қасиеттеріне ерекше мән берді және оған үміт артқан болатын. Әл-Фарабидің қайырымды қаласын, Аристотельдің политиясымен теңестіруге болады. Қайырымды қала - мемлекет нысандарының барлық жақсы қасиеттерін өзінің бойына жинаған идеалды мемлекеттің көрінісі.
Ортағасырлардағы қазақ даласының ойшылдарының бірі, Шу бойынан шыққан Жүсіп Баласағұн болып табылады. Жүсіп Баласағұнның атақты шығармасы “Құтты білік” екендігін біз жақсы білеміз. ““Құтадғу білік” поэмасы Батыстағы әлемге австриялық шығыстанушы фон Хаммер Пургшталь арқылы белгілі болады. Қолжазба 1796 жылы Стамбулда оның қолына түсіп, оны Вена кітапханасына сыйға тартты. Бірінші басылымы неміс тілінде басылып, оған белгілі шығыстанушы Г. Вамбери түсініктеме берді. Поэманы ғылыми негізінде В.В. Радлов 1891-1910 жылдары түп-нұсқаны аудармамен салыстыра отырып, зерттеп шықты” [3, 131 б].
«Құтты білік» поэмасы, өлең сөзімен өріліп жазылған еңбек екендігі белгілі. Бұл еңбекте, ойшыл мемлекеттің басқару мәселесіне ерекше мән береді. Мемлекетті басқарушы тұлға бектей отыра, бектікке лайық бек қандай болу керектігін былай өлең сөзімен өре түседі:
“Елік айтты: Көңіліңді бұрайын,
Енді мына сауалымды сұрайын:
Жаратты адам баласын да бір Алла
Есті-ессіз, ұлық-кішік-бар онда.
Ақылды бар, ақымақ бар, бар ғалым,
Бай-кедей бар, надан, аңқау, бар залым.
Бәрін соның алаламай бөлектеп,
Басқаратын қандай болу керек Бек?
Елі гүлдеп, байып бектің бағына
, Даңқы тарап, өссе халық саны да!
Қазына толып, күміс судай ағылса,
Шоқтығы өсіп, күшіне әлем табынса,
Әскер толып, тұрса күші дігірлеп,
Тұрмыс, заңды тураламаса іліммен.
Бектің аты бар жаһанға тараса,
Күн-күн сайын құты артса тамаша.
Ұзақ бектік құрып, жетсе мұратқа,
Рахат көріп, мінгенінше пыраққа!
Өгдүлміштің Елікке жауабы
Айтты Өгдүлміш: - Құтты Бек!
Қиын сауал тынысымды тұтты кеп!
Бектік ісі аян бектің бәріне-
Бәрі жүйрік заң, саясат мәніне
Бектік үшін туған олар анадан,
Бектік сүтпен, іспен бойға тараған.
Жаратқан да берсе бекке береді,
Ес, парасат бекке керек-себебі:
Кімге бектік лайық соған сенеді,
Оған ақыл, жүрек, қанат береді.
Бектің ісі, тек бектердің еншісі,
Бектер ісін ұғар бекке тең кісі.
Білер бәрін едік бектік жөнімен:
Атасы бек болған, кейін - өзі бек! ” [4, 49-51 бб].
Бектікті баянды ету, қара халықпен қатынасқа байланысты екендігін салмай таныған ойшыл, қара халықпен былай қатынас жасау керек деп кеңес береді:
“Жай халықтың ісі, көңілі, құлқы да,
Сай білік, ақыл, құлқына.
Қара халық әдепті ойлап жүрмейді,
Араласу, заң-дәстүрді білмейді.
Оларсыз ешбір іс бітпейді емес пе?
Жылы сөйлес, тек олармен теңеспе.
Қара қылығы болар түгел қап-қара,
Өзің қара жағып алма, сақ қара,
Пейілі хошсыз, әрекеті кем келер,
Іс-қылығы құлығына тең келер.
Жеуді біліп, болса риза, қарны тоқ.
Құлқыны ойлар, одан басқа қайғы жоқ.
Жеуді, есті, қара жұртты білген ер.
Кісі парқын сынап, сөйлеп жүрген ер:
Қараның уайым-қайғысы бір тамағы,
Бұл жұрт құлқын үшін жанын салады.
Құлқын үшін өліп қанша халықтар,
Жер астында, от ішінде жаныпты!
Қара қарны тойса, тілі сайрайды,
Шек тұтпасаң әкімдікті ойлайды...
Олармен де араласқын, қандасым,
Ішіп-жемін беріп, тілдес жалғасып,
Жылы сөйле бер тұрғанда қолыңда,
Берген алар, пайдасы бар оны да.
Көп сөйлеме, тілді бағып, аралас,
Көп сөйлеген сөзде қадыр қалараз.
Не дейді, есті өзін тілден тиған жан,
Күллі сөзді сөз деп тілден шығарма,
Көніп, сақтап керегін айт ұғарға.
Ақылдыны көрдім өзі аз сөйлеп.
Өкінгені сөзім айдын көп қой деп....” [4, 70-71 бб.] Жүсіп Баласағұн мемлекетті басқаруда әрқашанда заңға сүйенуді бірінші орынға қойған. Заң болмай, мемлекетті басқару мүмкін емес деп санайды. Ел басқару заңы жөнінде былай дейді:
“Жауап беріп, айтты Өгдүлміш:
О, Елік! Күллі іске қолды тигіз әуелі.
Жарамсыз, сұм сөзге бұрма тіліңді,
Хақ құптамас, ей дария, білімді!
Ұлылықты алған жоқсың сен тілеп,
Берді құдай рақымымен белгілеп,
Бұл бектікті берді саған даралап,
Ей, білікті, шүкірлік ет бағалап!
Хаққа табын, сенің адал құлқына,
Бауырмал бол түзу қара жұртыңа.
Құмарлықты ақылыңмен қиғайсың,
Білігіңмен нәпсіңді сен тиғайсың!
Біліктінің шын сөзіне құлағын,
Білімімен тиған нәпсі құмарын:
“Нәпсіңді үз бойдан, жаның ағарар,
Нәпсі өлсе, ділің-тілің тазарар!
Сақ бол, нәпсі құлы болма, құрысын,
Құмарлық, нәпсі-екеуі де ұрысы!”
Көңілің неге орта түсті, ей, Елік,
Күшің кемел-күш қой істе сенерің.
Мұнша қатты қайғы жұттың несіне?
Тірлігіңді ащы тұттың несіне?!
Қазынаң мол, әскер-қосын, басың бар,
Барлық іске жолшы болар ақыл бар.
Сүйіндіріп әскеріңді сыйлағын,
Сонсоң әскер күшімен мал жинағын.
Не дейді, есті, жауды қуған асыл ер,
Асыл ерді көрсе, қасың бас иер:
“Әркез үстем тұтсын десең, қолдарың, мақтап ерді, әскеріңді қолдағын!
Қошта әскерді, тілегіңді тілегін,
Жау иіліп болар күллі тілегің!”
Қалың әскер ұстап, сыйла, тарылма,
Солар қияр саған шыбын жанын да!
Кәпір жауды жаншы, сақтан жәбірден,
Ақ пейілмен пәрмен тіле тәңірден.
Кәпір үшін қалың қосын, қол ұста,
Кәпір өлмес, сұм ажалға тоғытса.
Бұрханын шақ, өрте үйін, мал-жанын,
Жөн орнына мешіт-жәмшат салғаның!
Ұлын ұл қылып, қызын күң қыл, қосын ал
, Дүниесін қазынаңа қосып ал!
Шариатты тарат, ұғып, таны да,
Ізгі атағың бірге тарар бағыңа.
Мұсылманға қол тигізбе, жақындап,
Құдай өзі қорғайды оны, мақұлдап,
Мұсылманға – мұсылман, біл, туысқан,
Туысқаныңмен жұлыспай, жөн ұғысқан.
Әділ заң құр, ел марқайып, көсілсін,
Дұға қылып, өркеніңді өсірсін.
Құдай өзі берер саған берерін.
Екі дүние сендік болар, ей, ерім!” [4, 71-73 бб.].
Жүсіп Баласағұнның ойы бойынша заңның екі нысаны болады: дұрыс заң және бұрыс заң. Мемлекетті дұрыс заң арқылы басқаруды ұсынады.
Қорыта келгенде айтарымыз, ортағасырлардағы қазақ даласындағы саяси-құқықтық ой тарихында, мемлекеттік билік ісіне байланысты көзқарастар жүйесінде, әрқашанда мемлекетті басқарушы тұлғаның жеке қасиеті алғашқы орынға қойылды.
Әдебиетттер
.Әл-Фарабидің саяси және құқықтық көзқарастары // Қазақстанның саяси және құқықтық ой тарихы. Хрестоматия: 1-Кітап / Құраст.
Кенжалиев З.Ж., Қуандықов Б.Ж. – Алматы: Өркениет, 2004. – 24-49 бб.
.Қасабеков А., Алтаев Ж. Қазақ философиясы. Оқу құралы. – Алматы: Ер-Дәулет, 1996. – 184 б.
.Төребаев О., Каасаева Л. Жүсіп Баласағұн / Қазақ. Жоғары оқу орындары студенттеріне арналған оқу құралы. – Алматы. - Білім, - 131-134 бб.
.Жүсіп Баласағұнның саяси және құқықтық көзқарастары // Қазақстанның саяси және құқықтық ой тарихы. Хрестоматия: 1-Кітап / Құраст. Кенжалиев З.Ж., Қуандықов Б.Ж. – Алматы: Өркениет, 2004. – 49-83 бб.
Қазақстанның қоғамдық-саяси дамуы және Алаш қозғалысы
Алайда өмір шындығы өз дегенін істеді. Ауыл күрт өзгерді. 1917 жылғы көктемнің аяғы мен жазында жаппай туған жерлеріне оралған 150 мың тыл жұмысына қатысушылар өз білген-түйгендері бойынша саяси ортаға белгілі бір әсер-ықпалдарын титізді. Олар қазақ ауылындағы саяси өмірдің оянуына көп ықпал етті. Тыл жұмысшыларының белгілі бір бөлігі елдің орталығында және майдан шебінде шыңдалды, саяси күрестің әйгілі мектебінен өтіп, табанды әрі батыл қимылдар жасады.
Орталық Ресейде тылдын қара жұмысына қатысқандардың бірі Ақмола облысынан шыққан Е. Бекмұхамедов майдан шебіндегі тыл жұмыстарында большевиктермен қалай танысқанын еске алады. «Күнде кешке, - дейді ол, - бізде Кеңес өкіметі, болашақ өмір туралы қызу әңгімелер жүріп жатады, кейбіреулер большевиктер партиясының қатарына кіруге әзірленіп жүрді. Бірқатар қазақ жұмысшылары басшылықтың рұқсатын күтпестен Отанына қайтып жатты».[1]. Олардың құрамында 1920 жылы коммунистік партияның қатарына өткен осы естелік авторы да болды.
Бірінші Бүкіл қазақ съезі
Тыл жұмысына қатысушылардың бірі 1917 жылы жаздың басында Каменец-Подольск ауданынан Жетісуға қайтқан Жүсіп Бабаев былай деп жазды: «Біз ауылға Уақытша үкіметке деген жек көрушілікті... және өз алдымызға кедейлер мен батрақтарға ұйымдасу қажет деген түсінікті ала келдік. Біз өзімізбен бірге... Кеңес өкіметі үшін болып жатқан орыс пролетариатының күресі туралы хабарды елге жеткіздік».[2].
1917 жылы мамырдың аяғы мен маусымнын басында ғана Омбы арқылы Ертісті жоғары бойлай Шығыс Қазақстанға 300 тыл жұмысына қатысушылар қайтып келе жатты.[3]. Көпшілігі Ресейдегі революция туралы хабарды ғана емес, ол туралы жазылған кітаптар, тіпті қару да әкеле жатқан еді. Мәселен, 1917 жылы 5 маусымда Омбыда «Нор-Зайсан» кемесіне отырғызу кезінде тыл жұмысынан қайтқан қазақтардан қару тәркіленген. Павлодар облысының Ермак селосы маңында бір кеменің үстінде олардан 100-дей винтовка тартып алынды. Сол кездің баспасөзі хабарлағанындай, тыл жұмысынан қайтқан қазақтар «далаға құрлық арқылы пулемет апара жатқан». 1917 жылы маусымның басында тыл жұмысына қатысушылар Павлодар арқылы «Петроград» кемесімен винтовкалар, қылыштар және оқ-дәрі алып өткен.[4].
Мұндай жағдай өлкенің басқа өңірлерінде де орын алған. 1917 жылы 26 маусымда Түркістан әскери округі Қазалы, Перовск, Түркістан, Ташкент теміржолы стансаларындағы барлық гарнизондық теміржол комитеттеріне мынадай бұйрық берді: «Жергілікті тұрғын жұмысшыларға (яғни тыл жұмысынан қайтқандарға. - авт.) мұқият қараңдар, атылатын және басқа да суық қарулары болса, алынсын... Жолаушылар пойызын алып жүретін әскери тексерушілер мен әскери күзетшілер майдан жұмысынан қайтып келе жатқан жергілікті адамдардың жүк-багажына ерекше назар аударсын».[5].
Тыл жұмысына қатысушылардың белгілі бір бөлігінің бұдан арғы қызметі қазақ еңбекшілерінің арасына большевиктер идеясын жеткізуге арналды, жұмысшы және шаруа депутаттары жергілікті Кеңестерінің белсенді мүшелері және Кеңестерге жақын келетін еңбекшілердің бұқаралық ұйымдарын құрудың бастамашылары болды. Өз ауылы мен қаласына келісімен олар Уақытша үкіметке, оның жергілікті органдарына қарсы пиғылдағы күштердің қатарын толықтырды. 1917 жылы 14 маусымда Уақытша үкіметтің Ақмола уездік комиссары облыстың орталығы Омбыға тыл жұмысынан қайтқан қазақтардың үкіметке қарсы үгіт-насихат жүргізіп, жергілікті қазақтарды Уақытша үкіметке қарсы қойып отырғанын жеткізді, ал Уақытша үкіметтің Астрахан губерниясының комиссары міндетін атқарушы шенеунік өзінің Ішкі істер министрлігіне жіберген жедел хатында Бөкей Ордасының тыл жұмысынан қайтқан қазақтары Уақытша.үкіметтің жергілікті ұйымдарына қарсы сөйлегендерін хабарлады.[6]. 1917 жылдың көктемі мен жазында қазақ еңбекшілерінің арасында тыл жұмысына қатысушыларды біріктіретін ұйымдар, жұмысшылар мен Кеңестерді қолдайтын революцияшыл-демократиялық жастар одақтары — «Верный қаласы мұсылман жұмысшыларының біріккен одағы» («Қара жүмыста істейтіндер одағы»), Жаркентте «Жұмысшы одағы», Түркістан өлкесіне қарайтын Қазақстанның оңтүстік облыстарында «Мұсылман еңбекшілерінің одағы» құрылды.
«Қара жұмыс істейтіндер одағын» ұйымдастыру мен нығайтуға және оны Жетісудың жергілікті халықтары арасында большевиктердің тірегіне айналдыруда А. Розыбакиев, Ж. Бабаев, X. Фариденов және т.б. үлкен рөл атқарды. Верныйлық «Қара жұмыс істейтіндер одағы» Құрылтайға, яғни мұсылман саудагерлер мен кәсіпорын иелерінің қалалық комитетіне қарсы шықты. 1917 жылы маусымның аяғына қарай «Одақ» құрамындағы қазақ, ұйғыр жне татар жұмысшыларының саны 600-ге жетті. А. Розыбакиевтың айтуынша, «Одаққа» мүшелікке барлық ұста дүкендері, кірпіш зауыттары мен ұсақ кәсіпорын жұмысшыларының басым көпшілігі, қолөнершілер мен қызметшілер кірген. Одақтың бөлімшелері Шелек, Малыбай, Лавар және Верный уезінің басқа да елді мекендерінде ұйымдастырылған.[7].
«Одақ» өз мүдделерін қорғау және ресми биліктің халыққа қарсы әрекетін әшкерелеу мақсатымен еңбекшілерді топтастыру идеясын кеңінен насихаттады. Халық арасында Жетісудың барлық қалаларында, тіпті кейбір ауылдар мен қыстақтарда жаздырып алушы оқырмандары бар сатиралық «Садақ» журналы кеңінен пайдаланылды. Журналда жергілікті басшылар мен діни қызметкерлердің жағымсыз істерін сын қаламымен түйреген О. Жандосов қызмет етті.
Қазақстанда кәсіподақ қозғалысы жылдам epic алды. 1917 жылы наурызда-ақ Семейде кәсіподақ ұйымдастыру қажет деп тапқан тау-кен жұмысшыларының жиналысы өтті. Жиналыстың шешімімен екі комиссия ұйымдастыру және үгіт-насихат комиссиялары құрылды. Ұйымдастыру комиссиясына кәсіподақ ережесінің жобасын жасау тапсырылды. 1917 жылы сәуірде Оралда «Құрылысшылар мен тау-кен жұмысшыларының кәсіподағы» ұйымдастырылды, ал Гурьевте (қазіргі Атырау) «барлық мамандық жұмысшыларының кәсіподағы» қызмет етті. 1917 жылы жазға қарай Семейде кәсіподақ ұйымдарының 11 саласы өз қатарына 3000 жұмысшыны біріктірді.[8].
Елдегі болып жатқан осы оқиғалардың әсерімен Қазақстанның шаруалар бұқарасы да өлкенің саяси өміріне белсенді түрде қатыса бастады. Мұның айқын куәсі 1917 жылы жазда шаруалардың, қазақтар мен қазақ депутаттары Кеңестерінің ұйымдастырылуы болып табылады.
Наурыздың аяғында-ақ (1917 жыл. 30 наурыз) Ташкентте басылып шығатын «Түркістан уалаяты» газеті Сырдария облысы Перовск уезінің қазақ тұрғындары 35 адамнан тұратын қазақ депутаттарының Кеңесін ұйымдастыруға және уездің ішкі өміріндегі «оқу-ағарту, әкімшілік, шаруашылық, жер және су» мәселелерін шешуді соған беруге қаулы қабылданғанын хабарлады. Кеңестің басшылығына X. Ибрагимов тағайындалған.
1917жылы сәуірде Петербургтен Перовскіге (Ақмешіт) келген Мұстафа Шоқайдың айтуы бойынша, ол кезде Ақмешіттегі (қазіргі Қызылорда) X. Ибрагимов басшылық еткен қазақ депутаттарының Кеңесі қаладағы жалғыз ғана қоғамдық-саяси ұйым емес еді. Сонымен қатар, - деп жазады Мұстафа Шоқай 1917 жылы бұл оқиға туралы өз естелігінде, - қалада Ералы Қасымов басқаратын «Ақмешіт аудандық ұлттық кеңесі» және Серәлі Лапин басқаратын «Акмешіт халық өкілдерінің аудандық кеңесі» де құрылған. М. Шоқайдың айтуынша, X. Ибрагимов басқарған кеңес жұмысшы және солдат депутаттарының жергілікті қалалық. Кеңесінің ықпалында болған. Е. Қасымов басқарған «кеңес» қазақ жұртшылығын кедей мен байға бөлместен, жалпы ұлттық мәселелерді алға қойып, оны шешуге талпынған, ал С. Лапин басқарған «Ақмешіт халық өкілдері аудандық кеңесінің» бағдарламасы шым-шытырық және халыққа түсініксіз болған.[9].
Түркістан өлкесінің орталығында және Сырдария облысының Ташкент қаласында саяси өмір жандана бастады. Тұтастай еуропалықтардан тұратын және жергілікті (мұсылман) халықтардың өмірімен санаспайтын жұмысшы, солдат депутаттарының ташкенттік Кеңесіне қарама-қарсы өлкеде әрқайсысы өз алдына Түркістанның жергілікті халықтарының мүдделерін қорғайтын екі саяси партия құрылды. Олардың алғашқысы жәдиттердің, яғни ұлттық-демократиялық қозғалыстың күшімен құрылып, «Шура-ислами» («Ислам кеңесі») деп аталды. «Шура-ислами» басшыларының арасында өздерінің саяси белсенділіктерімен М. Карры, У. Хожаев, М. Бехбуди және Түркістанның басқа да белгілі азаматтары көзге түсті.[10]. «Шура-исламидің» жұмысына 1917 жылы сәуірде Петроградтан Түркістанға оралған М. Шоқай да араласты. «Шура-исламилықтар» тұтастай алғанда Уақытша үкіметтің саясатын қолдады және Түркістанның демократиялық жолмен дамуын құптады. «Шура-ислами» партиясының ұйымдары өлкеде кеңінен ашылды және Сырдария облысының қалаларында ғана емес, Жетісуда да өз топтары болды.
Өзбек зерттеушісі С. Ағзамходжаев атап көрсеткеніндей, «Шура-исламидің» құрылуы Түркістан (Қазақстаннын оңтүстік облыстары да кіреді. — К.Н.) өміріндегі аса маңызды саяси оқиға болды, бұл партия қалыптаса келе «Түркістанда ресейлік үлгідегі қосөкіметтілікті қолдамады. Сөйтіп Түркістанның саяси аренасында үш өкімет орнықты» [11]. : Кеңестер, Уақытша үкіметтің билік органдары және өзін жергілікті (мұсылман) халқының сайланып қойылған үкіметі деп атаған «Шура-ислами» партиясы.
Екінші бір партия — өзін «Шура-улема» («Діни кауым кенесі») деп атап, Серәлі Лапиннің жетекшілігімен 1917 жылы маусымда «Шура-исламидің» құрамынан шыққан мұсылмандардың топтасуымен құралды. Бұл әлсіз әрі мүшелерінің саны аз ұйым іс жүзінде Оңтүстік Қазақстан тұрғындарының өміріне айтарлықтай ықпалын тигізе алған жоқ.
Егер салыстырмалы түрде Түркістанда «үш өкімет» құрылды десек,онда Қазақстанның; өз жағдайында да «көп өкіметтілік» орнықты деп айтуға болады. Мұнда«үш өкіметтің» жоғарыда аталған тармақтарына қосымша Батыс, Солтүстік Қазақстан мен Жетісу аумағында орналасқан Орал, Орынбор және Жетісу қазақ станицалары тұрғындарының үкіметін, сондай-ақ облыстық қазақ комитеттерін және Ә. Бөкейханов пен оның серіктері ұйымдастырған, жалпы халықтық «Алаш» партиясын қосуға болады.
Осының бәрі өлке саяси өмірінің күрделі екендігін және оның қоғамдық-саяси өмірін басқаруға Уақытша үкімет пен жұмысшы және солдат депутаттарының Кеңестері органдарымен қатар үмітті болған көптеген ұйымдардың барын куәландырады. Олардың қатарына әдетте 1917 жылы көктем мен жаздың басында өткен облыстық және уездік съездерде сайланған шаруа депутаттарының Кеңестері де кіреді. Орал, Ақмола, Ақтөбе, Павлодар, Семей облыстары шаруа және қазақ депутаттарының облыстық Кеңестері, Өскемен шаруа және қазақ депутаттарынын уездік съезі және басқа да Кеңестер осылайша құрылған болатын. Алғашында олардың Уақытша үкіметке деген сенімі соншалықты күшті болды, осы кезеңде өткен барлық шаруа съездері Уақытша үкіметті қолдау, «соғысты жеңіспен аяқтағанға дейін» жүргізу туралы шешім қабылдады.
Саясатқа жастар да тартылды: өз қатарына оқушы жастар мен ауыл мүғалімдерін біріктірген қазақ жастарының ұйымдары мен үйірмелері жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті. Іс жүзінде Ақпан төңкерісінен сон іле-шала Қазақстанның қалалары мен ірі елді мекендерінде түрліше аталатын 20-дан астам ұйымдар пайда болды. Олардың қатарына Омбыдағы «Демократиялық жастар кеңесі», Ақмоладағы «Жас қазақ», Спасск зауытындағы «Жас жүрек», Петропавлдағы «Талап», Семейдегі «Жанар», Әулиеата уезінің Мерке ауылындағы «Қазақ жастарының революциялық одағы» ұйымдары жатады.
Алғашында жастар ұйымдарының көпшілігі алдына мәдени-ағартушылық міндеттер қойды. Уақыт өте келе қоғамдық-саяси қозғалыстардың өрістеу барысында олар саяси, әлеуметтік және таптық мәні бар мәселелер қоюға және шешімін табуға біртіндеп жақындап келе жатты. Мәселен, ақмолалық «Жас қазақ» ұйымы бұрынғы болыстардың билікке жіберілмеуін талап етті, қазақ халқын белсенділік танытуға шақырды, өз іс-қимылын большевиктермен байланыстыруды ұсынды. Осы ұйымның басшысы Сәкен Сейфуллиннің атап көрсеткеніндей, оның ережесінде мына тұжырым нақты айтылды: «Жас қазақ» ұйымы төңкерісшіл партияны Ресейдегі ең сенімді партия деп есептейді және онымен тізе қоса отырып әрекет жасайды».[12].
«Жас қазақ» ұйымының басшылық құрамын С. Сейфуллиннен басқа кейін коммунистік партияның мүшелері болған және Кеңес өкіметін орнатуға белсене қатысқан А. Асылбеков, Б. Серікбаев, Е. Бекмұхамедов, Ж. Нұркин және басқалар толықтырды. «Жас қазақ» ұйымын құру кезінде оның қатарында 50-дей адам болды, кейін ол сан біртіндеп өсе берді.
Т. Рысқұлов құрған «Қазақ жастарының революциялық одағының» құрамына қазақ және қырғыз жастары кірді, олар барлығы — 30-дай адамды (К. Сарымолдаев, И. Әсімов, Т. Тоқбаев, С. Абыланов т.б.) құрады. Одақ әулиеаталық большевиктер С.К. Хмелевский, Н.И. Чернышев, С.А. Федоров-Заводскийлермен тығыз байланыс орнатты. Олардың ықпалымен «Қазақ жастарының революциялық одағы» уездегі қазақтар мен қырғыздар арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Осы жастар ұйымы қатарынан Тұрар Рысқұлов және Қабылбек Сарымолдаев тәрізді кеңестік Қазақстан мен Түркістанның ірі қоғам қайраткерлері өсіп шықты.
Саяси жағдайлардың шиеленісе түсуіне орай кейбір жастар ұйымдары большевиктер басқаратын кеңестерге қосылып кетті, ал басқалары мәні жағынан ұлттық-демократиялық «Алаш» партиясының жастар филиалдарына айналды.
Монархия күйрегеннен кейінгі кезеңде «Алаш» көсемдері қазақ халқының болашақ мұраттары — еркіндік пен бірігу идеяларын кеңінен насихаттай бастады. Сонымен бірге халықты өз мемлекетін орнатуға шақырды. «Қазақ» газеті арқылы олар қазақтар үшін қабылдауға тұрарлық мемлекеттік басқару принциптерін түсіндірді. 1917 жылы 11 маусымда «Алаш» көсемдері А. Байтұрсынов, Ә. Бөкейханов, Ж. Жәнібеков, М. Дулатов, С. Қадырбаев, Е. Ғұмаров, И. Әлімбеков, Н. Бегіметовтер қол қойған «Шорай ислам» атты мақала жарық көрді. Олар мұнда Мәскеудегі бүкіл мұсылмандар съезінде алға қойылған міндеттерді жүзеге асыруға байланысты бірқатар мәселелер көтерді.[13].
1917 жылы шілденін басында елдің орталығында саяси жағдай күрт өзгерді. Петроградта 4-5 шілдеде большевиктер ұйымдастырған еңбекшілер, солдаттар мен матростардың үкімет билігіне қарсы шеруін Уақытша үкімет қару қолдану арқылы қуып таратты. Уақытша үкімет елді төніп келе жатқан Азамат соғысы мен оның алдағы уақытта Ресейдің солшыл радикалдық саяси күштерінің басшылары — питерлік большевиктерді талкандайтынымен деп ашықтан-ашық қорқыта бастады. 7 шілдеде В.И. Ленинді тұтқындау туралы бұйрық шықты, большевиктерді майданда да, тылда да қудалау басталды. 1917 жылы 11 шілдеде Уақытша үкіметке шексіз өкілеттілік берілетіні, оны заңды түрде бекіту үшін қосөкіметтілік жойылатыны туралы мәлімдеме жасалды.
Осындай қиын-қыстау сәтте қазақ ұлттық-демократиялық қозғалысының көсемдері жағдайдын және саяси күштердін тез өзгеруін есепке ала отырып, жалпы қазақ съезін өткізуді жылдамдату туралы шешім қабылдады. Бұл негізінен кадеттер басқарып отырған Уақытша үкіметтің шын мәнінде Қазақстанда патшалық самодержавиенің саясатын жалғастырып отырғандығымен, ұлттық мәселені шеше алмағанымен және аграрлық мәселені шешуге құлықсыз екендігімен түсіндірілді. Өз жолын өзі анықтау немесе басқа да езілген ұлттардың тағдыры сияқты қазақ халқына келгенде, Уақытша үкімет оны шешуді тіпті ойластырған да жоқ. Қазақстан мен Түркістанның автономия алуына Ресейдегі «екінші үкімет» — Петроград Кеңесі де қарсы шықты. Мұстафа Шоқайдың айтуынша, 1917 жылы сәуірде ол Петербургтен отанына қайтар алдында жұмысшы және солдат депутаттары петербургтік Кеңесінің басшысы, Уақытша үкіметтін іс-қимылын бақылап отырған Н.С. Чхеидзеге қоштасып кету үшін кіріп шығады. «Әңгіме барысында, — деп еске алады М. Шоқай, - Н.С. Чхеидзенің «Сіз Түркістанда жұмысты неден бастайсыз?» деген сұрағына мен «Түркістанның автономия алуына күш саламын» деп жауап бердім. Менің жауабымнан сескеніп қалған Чхеидзе былай деді: «Құдай үшін, жолдас Шоқаевич, өз жерлестеріңіздің арасына автономия туралы әңгіме таратпаңыз. Біріншіден, қазір ол туралы айтуға ерте. Екіншіден, Түркістан тәрізді немесе басқа осы тәрізді автономия беру іс жүзінде одан (Ресейден. — К.Н.) тәуелсіздік алу және бөліну дегенді білдіреді».[14].
Осындай себептерден келіп, ұлттық-демократиялық интеллигенция көсемі Ә. Бөкейханов «Қазақ» газетінде өзінің кадеттер партиясынан шығатынын және қазақтың жалпы ұлттық партиясын құрғысы келетінін ашықтан-ашық мәлімдеді. Осы мәселеде ол үш жайтты нақты атап көрсетті: «Кадеттер партиясы жерді жеке меншікке беру керек деп отыр. Біздің жағдайымызда жерді жеке меншікке беру, біраздан кейін, бұл Башқұртстанда болғаны сияқты, жеріміз көрші мұжықтың қолына өтеді де, қазақтар жерсіз қалып, қайыршылыққа ұшырайды. Кадеттер партиясы ұлттық автономияға қарсы шығып отыр. Біз Алаш туын жоғары көтеріп, ұлттық автономия құруға ұмтыламыз... Кадеттер партиясы шіркеуді мемлекеттен белуге қарсы, ал мен шіркеудің мемлекеттен бөлінуін қолдаймын. Осы ұстаным бойынша келіспеушілік... айқын байқалды. Сол себепті мен кадеттер партиясынан шығып, «Алаш» партиясын ұйымдастыру қажет деген шешімге келдім».[6].
1917 жылы Ақпан революциясының жеңісінен кейінгі елдегі революциялық процестің қарқынды дамуы барысында Әлихан Бөкейхановтың төңірегіне топтасқан либерал-демократиялық қозкарастағы қазақ интеллигенциясы өкілдері ұлттық партия құру мәселесі бойынша өз жоспарларын жүзеге асыруға кірісті. Олар қазақ халқын тап пен жікке бөлмей бүкіл ұлттың мүддесін көздеді, буржуазиялық-демократиялық бостандық атауын пайдалануға күш салды.
Бұл жерде олар ресейлік буржуазиялық басты партия — кадеттерге идеялық жағынан жақын екендіктерін жасырған жоқ, билікке келуінің алғашқы айларында Уақытша үкімет сөз жүзінде қолдау көрсетіп тұрған еді.
Алайда бұдан арғы оқиғалар көрсеткеніндей, Уақытша үкімет Қазақстанда патшалық самодержавиенің саясатын жүргізуді жалғастыра берді. Империалист мазмұнға жақын тұрған ол ұлттық мәселені шынайы демократиялық жолмен шеше алмайтын және аграрлық мәселені шешуге тіпті талпынбағанын да жоғарыда атап өттік. Басқа да езілген халықтар тәрізді қазақтардың болашақ саяси даму жолын өзі айқындауы немесе автономия мәселесін тіпті сөз еткісі де келмеді. Бұл Ә. Бөкейхановтың кадеттер партиясынан шығатыны туралы «Қазақ» газетінде ашықтан-ашық мәлімдеуіне себеп болды.[15].
Осындай жағдайда қазақ либерал-демократиялық интеллигенция өкілдері жағдайдың және саяси күштердің жедел өзгеруін есепке ала отырып, жалпы қазақ съезін өткізуді тездету туралы шешім қабылдады.
Достарыңызбен бөлісу: |