Ежелгі дүние тарихы жетістіктері мен қасіреттері тікелей адамзаттың одан арғы дамуын анықтаған көне өркениеттердің тарихы болып табылады


Жазудың ойлап табылуы. Ерте жазба дәуірі



бет15/92
Дата08.09.2022
өлшемі442,2 Kb.
#38696
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   92
Байланысты:
annotation15107

Жазудың ойлап табылуы. Ерте жазба дәуірі

Төменгі Месопотамияда алғашқы жазу ауқымды фишкалар (дөңгелек белгілер) немесе суреттер жүйесі түрінде пайда болды. Суреттер саздан жасалған жұмсақ кесектерге (плиталарға) салынатын. Әрбір белгі-сурет не бейнеленген заттың өзін, немесе онымен байланысты басқа сөзді білдіретін. Алайда көп кешікпей ребусқа негізделген жазу енгізіле бастайды: мыс.: гена (жүруші) сөзі: тасты білдіретін На сөзінің алдына аяқтың суретін салу арқылы гена сөзі жазылды. Осыдан тек 400 жыл өткеннен кейін ғана, яғни б.з.д. 2400 жылы белгілер арқылы ымдау (ишаралау) түріндегі жүйеден хабарды уақыт пен арақашықтықта берудің реттелген жүйесіне өту іске асты.
Осы уақытта балшыққа фигураларды бейнелеу өте қиын болғандықтан белгілер бірте-бірте түзу сызықшаларға айнала бастады. Оның үстіне, әрбір сызық балшыққа түзу таяқтың ұшымен түсірілгендіктен, қысымның әсерінен сына түріне ие болды. Сына жазуында әрбір белгі бірнеше сөз мағынасын беруі мүмкін еді.
Енді Төменгі Месопотамия өркениетін қандай халық жасады деген сұраққа жауап іздеп көрейік. Бұл халық қай тілде сөйледі? Анағұрлым кейінірек дәуірге жататын сына жазулы жазбалардың тілін зерттегенде бұл жазбаларда аталған кісі аттарына қарап Төменгі Месопотамия тұрғындары сол кездердің өзінде бір-бірінен мүлдем бөлек екі тілде – шумер және шығыс семит тілдерінде сөйлегендігін көрсетті. Шумер тілі қазіргі тілдердің бірде-біріне туыс болып есептелмейді. Ал шығыс семит тілі афроазиялық тіл тобының семиттік бұтағына жатады.
Ал ең ежелгі Месопотамия жазба мәтіндеріне (б.з.д. 2900-2500 жж. аралығы) келсек, олар шумер тілінде жазылғандығы даусыз. Алайда, бұл шығыс семиттер Төменгі Месопотамияда шумерлермен қатар немесе одан да бұрын өмір сүргенін жоққа шығару деген сөз емес. Оңтүстікте шумерлер, орталық пен солтүстікте семиттер мекендеген деп көрсетуге болады.
Қолда бар деректерге қарағанда, осыншама бір-бірінен алшақ тілдерде сөйлеген адамдар арасында этникалық қайшылықтар мен дұшпандық көзқарастар болмаған. Ол кездерде адамдар ұлттық ерекшеліктеріне қарап оқшаулану дегенді білмеген болуы керек. Тек ұсақ бірліктер – тайпалар, номдар, территориялық қауымдар арасында теке-тірестер орын алып отырған. Төменгі Месопотамияның барлық тұрғындары өздерін “қара бастылар” (шумерше “санг-нгига”, аккадша цальмат-каккади) деп атады.
Месопотамия тарихын археологтар бірнеше дәуірлерге бөледі: 1) Ерте жазба дәуірі – б.з.д. 2900-2750 жж; 2) Ерте әулеттік дәуір – б.з.д. 2750-2310 жж.
Ерте жазба дәуірінен бізге дейін 3 мұрағат жеткен: оның екеуі Төменгі Месопотамияның оңтүстігіндегі Урук қаласынан, ал үшіншісі солтүстігіндегі Джемдет-Наср қаласынан табылды. Айта кететін жағдай, бұл кезеңде қолданылған жазу жүйесі өзінің ауқымдылығына, қолайсыздығына қарамастан Төменгі Месопотамияның оңтүстігінде де, солтүстігінде де бірдей таралды. Мұның өзі бұл жазу бір орталықта жасалғандығын көрсетеді. Осы орталықта жасалған жаңалық Төменгі Месопотамияның барлық номдық қауымдарына, олардың арасында экономикалық та, саяси да біртұтастықтың болмауына қарамастан таралуы бұл орталықтың аса беделді болғандығын айғақтайды. Бұл орталық – Төменгі Евфрат жазығының оңтүстігі мен солтүстігі аралығында орналасқан Ниппур қаласы болуы керек. Осы жерде барлық “қара бастылар” табынатын Энлиль құдайының храмы орналасты, әрбір номның өз мифологиясы мен құдайлары болуына қарамастан, олардың бәрі де осы ортақ құдайға табынатын еді. Ниппур ешқашан саяси орталық болмаған, бірақ маңызды діни орталық қызметін ұзақ уақыт атқарды. Деректерге қарағанда храм шаруашылығында көптеген маманданған қолөнершілер мен тұтқын құлдар мен күңдер жұмыс істеген. Сонымен бірге қауым өз жерінің үлкен бөлігін негізгі храм қызметшілеріне – абыз-сәуегейге, сотқа, жоғарғы абыз-әйелге, сауда агенттерінің бастығына бөліп отырған. Алайда ең көп жер эн деп аталатын бас абызға берілді.
Эн жоғарғы құдай ретінде әйел-құдайға табыну орын алған қауымдарда жоғарғы абыз қызметін атқарды, ол қауымның кеңесін басқарды. Ал жоғарғы құдай ер-құдай болған қауымдарда эн-абыз әйелі болды, өйткені бұл қауымдарда жоғарғы абыз өз жерінің құнарлылығын арттыру үшін қажетті құдаймен қасиетті некеге тұру рәсімін атқаратын болған.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   92




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет