Ежелгі дүние тарихы жетістіктері мен қасіреттері тікелей адамзаттың одан арғы дамуын анықтаған көне өркениеттердің тарихы болып табылады



бет23/92
Дата08.09.2022
өлшемі442,2 Kb.
#38696
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   92
Байланысты:
annotation15107

2. Митанни және Аррапха
Б.з.д. ХҮІІ-ХҮІ ғғ. Жоғарғы Месопотамияда қуатты Митанни мемлекеті құрылады. Бұл мемлекетті құрушы хуррит тайпаларының бірі – маитанналар болуы керек. Хурриттер Армян қыраттарынан (қазіргі Шығыс Түркия), мүмкін бастапқыда Закавказьеден шыққан, алайда б.з.д. ІІІ мыңжылдықта-ақ Тигр өзенінің шығысына қарай және солтүстік Месопотамияда, Евфраттан батысқа қарай орналасқан аудандарда, атап айтқанда Солтүстік Сирияда тарала бастады. Бұл жерлерге олар ежелден бейбіт жолмен таралған болатын. Митанни патшалығының негізін салушы кім болғаны әлі күнге белгісіз. І Шуттарна – тек деректерде кездесетін алғашқы патша ғана (ХҮІІ ғ. аяғы). Митанни астанасының дәл қай жерде орналасқаны да белгісіз. Митанни патшасы Парратарна Митанни үстемдігін Солтүстік Сирияда Оронт өзеніне дейін орнатса, ал Сауесадатар (б.з.д. ХҮІ ғ. ортасы) Ашшурды бағындырып, ол жерден алтынмен құйылған қақпаны алып кетеді. Ашшурда ол тұрақты елші – іс жүзінде наместник ұстайды. Митаннидің ықпалы Палестинаға дейін тарайды. Сирияға бола Египетпен бірнеше рет қақтығысып қалғаннан кейін, Митанни патшалары Египетпен әулеттік некелер арқылы достық қатынастар орнатты. Алайда Душраттаның қайтыс болуынан кейін басталған тақ үшін күрес кезінде Митанни патшалығына Хетт патшасы І Суппилулиума аяусыз соққы береді, осыдан кейін ол саяси ықпалынан айырылып қалады да, ал ХІІІ ғ. ортасында оны Ассирия жаулап алады.
Митаннидің әлеуметтік-экономикалық тарихын сипаттайтын жазба деректер сақталмаған. Алайда мұндай құжаттар оның шеткері аймағында орналасқан хуриттік Аррапха патшалығынан өте көп көлемде жеткен. Бұл патшалық Тигрден шығысқа қарай, Ассирияның оңтүстігінде орналасқан. Бұл жерде Митаннидің көптеген жазбашылары (шенеуніктері) саяси қақтығыстар кезінде қашып келіп, тығылатын болған, соның арқасында Аррапханың көне қоғамында құжаттар мұқият түрде жүргізіліп отырған және олардың көпшілігі бізге дейін жеткен.
Деректерге сүйенсек, Аррапхада, ауыл шаруашылығы (қой шаруашылығы, егіншілік) әжептеуір дамыған. Елдің халқы димту – «мұнара» деп аталған үлкен отбасылық қауымға біріккен. Бұлай аталу себебі мұндай отбасы алғашында үлкен мұнара - қамалда тұрған. Бірнеше димту бірігіп – алу, яғни «қонысты» құрған. Қауымдардың бірқатары өндірістің белгілі-бір түріне маманданды (тоқымашылар, темір ұсталары, құмырашылар т.б.). Үй қауымы жерінің үштен бірі өзара бөліспеген жайылым мен жеке отбасылар арасында «күшіне қарай» бөлінген жер қорынан тұрды. Әрбір ірі үй қауымының басында патриарх – «қожа» (хурр. эври) тұрды. Ол үй құдайлары мен ата-бабалар культінің абызы болды. Бұған қоса ол мемлекет және несие берушілер алдында қауым міндеткерліктері үшін жауап берді, сондықтан да қосымша жер үлесіне құқылы болған сияқты. Айтарлықтай ірі үй қауымдарының бекіністері болған. Бұл бекіністерді патша әскери бөлімшелер ретінде қарастырған. Оларды қоршаған кіші-гірім қоныстар өз еріктерімен қауым басшысына ант беріп, оның басшылығымен әскери қызмет атқара алған. Үй қауымы басшылары немесе ең беделді өкілдері қоныс кеңесіне кірді. Аррапха патшаларының билігі айтарлықтай шектеулі болған, ол көбіне әскери басшылық жасаумен ғана шектелген. Сарай шаруашылығының өзі патшаның жеке шаруашылығы емес, жалпы мемлекеттік шаруашылық болған тәрізді. Аррапхада мүліктік жіктеліс өте тез жүріп, ең кедей қауымдастардың жерінен айрылып қалуына алып келген. Ресми түрде қауымдық және отбасылық жер бөгделенбейді деп есептелгенімен, алайда бұл тиымды әр түрлі жолдармен бұзып отырған. Іс жүзінде қауым жерлерін бай несие берушілер жеке меншігіне айналдырып отырған. Аррапханың қарастырылып отырған дәуірдегі қоғамдық дамуын қысқаша осылай сипаттауға болады.
Митанни талқандалғаннан кейін Аррапха дербестігінен айрылып, б.з.д. ХІҮ ғ. аяғында Ассирияның қол астына өтеді.

3. Ашшур қала-мемлекеті және Ассирия патшалығының пайда болуы


Ассирия мемлекетінің ядросын құрған қалаларда (Ниневия, Ашшур, Арбела және т.б.) ХҮ ғ. дейін біртұтас саяси, керек болса этникалық та бірлік болмаған сияқты. Бұған қоса, ХҮ ғ. «Ассирия» түсінігінің өзі болмаған.
Ниневия бастапқыда хуррит қаласы болған тәрізді. Ал Ашшур қаласы болса, оның атауы семит тілінен шыққан және бұл қаланың халқы негізінен аккадтықтар болды. Б.з.д. ХҮІ-ХҮ ғғ. бұл қала-мемлекеттер Митанни патшаларына және касситтік Вавилонияға тәуелді болған, алайда ХҮ ғ. аяғынан бастап-ақ Ашшур билеушілері өздерін тәуелсіз санаған. Ашшур билеушілері мен қаланың жоғары топтары аса бай болды. Олардың байлығының көзі Месопотамияның оңтүстігі мен Загрос, Армян қыраты, Кіші Азия мен Сирия елдері арасындағы делдалдық сауда болды. Б.з.д. ІІ мыңжылдықтағы делдалдық сауданың аса маңызды тауарларының бірі – маталар мен кен болды, ал оның орталықтары – Ашшур, Ниневия және Арбела болды. Осы жерде күміс, қорғасын кендерін тазалау іске асқан болуы мүмкін. Осы орталықтар арқылы Ауғанстаннан қалайы келді.
Ашшур салыстырмалы түрде кіші-гірім номдық мемлекеттің орталығы болған еді. Ашшур номының билеушісі – ишшиаку, яғни шуммерлік энси титулының аккадтық баламасына ие болды, оның билігі іс жүзінде мұралық болды. Ишшиаку абыз, әкімшілік басшысы және әскери көсем қызметтерін қамтыды. Әдетте ол укуллу қызметін де қоса атқарды, бұл жоғарғы жер бөлуші және қауымдық кеңестің басшысы дегенді білдіретін еді. Ашшурдағы халық жиналысы туралы мәлімет жоқ. Патша билігінің күшеюімен қауымдық өзін-өзі басқару органдарының маңызы түскен тәрізді.
Ашшур номының территориясы ұсақ қоныстардан – село қауымдарынан тұрды, оның әрқайсысын ақсақалдар кеңесі мен әкім-хазанну басқарды. Жер қауымның меншігі болды және әрдайым отбасылық қауымдар арасында қайта бөліске түсіп тұрды. Осындай семьялық қауымның орталығы бекініс-усадьба - дунну болды. Территориялық және отбасылық қауымның мүшелері өз үлесін сата алды, мұндай жер семьялық-қауымдық жер құрамынан шығарылып, сатып алынған адамның жеке меншігіне айналып қалды. Бірақ селолық қауым мұндай келісім-шарттарға бақылау жасап, сатылған жерді басқа участокпен ауыстыра алды. Келісімді сондай-ақ патша бекітуге тиіс болды. Мұның бәрі Ашшурда көршілес Вавилониямен салыстырғанда тауар-ақша қатынастары қарқындырақ дамығандығын көрсетеді. Аз ғана бай отбасылар қолында барлық жер шоғырланып, қауымдық жер қоры барған сайын азая берді. Жаңа пайда болған имение иелері қалаларда тұрды, ал олар үшін қауымдық міндеткерліктерді селолардың тәуелді тұрғындары өтеді. Ашшур енді «қауымдар арасындағы қала» деп аталды, ал оның тұрғындарының артықшылық жағдайы, кейінірек салықтар мен міндеткерліктерден ресми түрде босатылуымен бекітіледі.
Сонымен, Ашшур кіші-гірім, бірақ аса бай мемлекет болды. Байлық оған күшеюге мүмкіндік туғызды, бірақ бұл үшін басты жауларының әлсіреуі қажет болды. Ашшурдың билеуші топтары орталық өкіметті нығайта отырып, бірте-бірте сыртқы экспансияға дайындала бастады. Б.з.д. 1419 және 1411 жж. аралығында митанниліктер қиратқан Ашшурдағы «Жаңа қала» дуалы қалпына келтірілді. Бұған Митанни кедергі жасай алмады және алым төлеуші деп есептелгенімен ХІҮ ғ. басынан бастап Ашшур билеушісі өзін патша деп атай бастады, атап айтқанда І Ашшур-Убалит (1365-1330) ең алғаш рет ресми құжаттарда өзін Ассирия патшасы деп көрсетті. Ол Митанниді талқандауға алып келген әскери-саяси оқиғаларға араласып, Митанни иеліктерін бөлісуге қатысты. Ассирия территориясы батысқа және шығысқа қарай үздіксіз кеңеюмен болды. Патша билігінің өсуі қала кеңесі ролінің түсуімен бір мезгілде жүрді. Патша іс жүзінде бірден-бір билеушіге – монархқа айналды. І Адад-Нерари (1307-1275) бұрынғы Ашшур билеушісі титулына қоса «алғаш рет әлем патшасы» титулын алады, яғни ол Ассирия державасының іс жүзіндегі негізін қалаушы болды. Оның күшті тұрақты армиясы болды, қажет болған жағдайда оған қауым жасақтары қосылды. І Адад-Нерари касситтік Вавилониямен табысты күрес жүргізіп, Ассирия шекарасын оңтүстікке қарай айтарлықтай жылжытты. І Адад-Нерари сондай-ақ Митанниға қарай екі рет жорық ұйымдастырды, оның екіншісі Митанни патшасын құлатумен аяқталды, бүкіл Митанни территориясы Ассирияға қосылды. Оның мұрагері І Салманасар тұсында “уруатри” атты тау халықтарына қарсы соғысты. Бұл кездегі Ассирия жаулаушылықтарының басты мақсаты – халықаралық сауда жолдарына ие болу және баж салығы арқылы байып отыру болды.
Бұдан кейінгі Ассирия патшасы І Тукульти-Нинурта тұсында (1244-1208) Ассирия енді бүкіл Жоғарғы Месопотамияны қамтыған ұлы державаға айналды. Жаңа патша Хетт патшалығы территориясына дейінгі жерлерге басқыншылық жорықтар жасады, бұл жерден ол «8 сарос», яғни 28000 тұтқын хетт әскерлерін әкетті. І Тукульти-Нинурта далалық көшпенділерге қарсы және солтүстік пен шығыстағы таулықтарға қарсы соғысты, атап айтқанда Армян қыратының «43 патшасымен» соғысты. Оның тұсында жыл сайын әскери жорықтар жасалып тұрды. Ол оңтүстікте – касситтік Вавилонияны (1223 ж. шамасы) жаулап алып, оған 7 жылдан аса билік жүргізді. Оның бұл ерлігі жөнінде эпикалық дастан шығарылды, ал Тикульти-Нинурта енді, «Құдіретті патша, Ассирия патшасы, Кар-Дуниаш (Вавилония) патшасы, Шумер мен Аккад патшасы, Дильмун мен Лилахи патшасы (яғни Бахрейн мен Индия), Жоғарғы және Төменгі Теңіз патшасы (Жерорта, Парсы), таулар мен далалар патшасы, шубарейлер патшасы (хурриттер), кутийлер (яғни шығыс таулықтар)» патшасы деген титулға ие болды.


Білімін тексеруге арналған сұрақтар:


  1. Вавилонды касситтердің жаулап алуы және оның салдары?

  2. Миттанидің әлеуметтік-саяси дамуының ерекшеліктері?

  3. Ассирия патшалығы қалыптасуының әлеуметтік-саяси жағдайларын көрсетіңіз.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   92




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет