Әйтектің үлкен баласы Олжайдан Айдос, Қайдос, Жігітек тарайды



Дата30.08.2022
өлшемі62 Kb.
#38306

Әйтектің үлкен баласы Олжайдан Айдос, Қайдос, Жігітек тарайды. Жігітектің бәйбішесінен атақты Кеңгірбай би туған. Сол Кеңгірбайға билік тиген соңақ Тобықты еліне еркіндік орнаған. Оғанға дейін тобықты әр елдің талауында боп жүреді екен. Айдос момын ғана шаруа болыпты. Оның Айпара деген бәйбішесі сол ауылды билеген ақылды да, беделі асқан, ақын ана болған екен. Айпара ана жөнінде ел арасында мынадай аңыз таралған. 1723 жылдың жаугершілік кезінде Тобықты елі оңтүстікке қарай тайлы-таяғымен үдере көшеді. Жолда олар ашығып-арып әбден әбігершілік көреді. Кеше ғана көшіп кеткен бай ауылдың ескі жұртына жетсе, бір ақсақ түйе шөгіп жатады. Ауыл адамдары ол түйені союға бата алмай жүреді. Айпара «іздеп келгендерге өзім жауабын беремін» дейді де, түйені сойғызып, қырық жілік қылып, ашығып келе жатқандарға бөліп бермек болғанда «іздеушілер келе жатыр» дегенді есітіп еді. Айпара дереу түйенің етін терісіне орап, ошақ басына көмеді де, оның үстіне күрке тігіп алады. Күркенің оң жағына шалын өлген адамға ұқсатып жатқызып бүркеп тастайды. Іздеушілер келе бергенде, шалын жоқтап дауыстайды. Әлгілер қаралы үйді тінтуге батылы бармай, басқа үйлерді қарап, түйесінің етін таба алмай қайтып кетеді. Сөйтіп Айпараның ақыл-айласымен ашыққан ауыл адамдары түйенің етін бөлісіп жеп, аштықтан аман қалыпты деседі. Сол Айпара анадан Ырғызбай, Торғай, Көтібақ, Топай туады. Бұлардың ішінде Ырғызбай айбынды Абылай ханның айтулы биі болады. Ырғызбай биден Өскенбай, Өсер, Мырзатай, Жортар туады. Өскенбай бес әйел алып, өсіп-өнген ата болған. 1-ші әйелі Зереден - Құнанбай, Құтпанбет, 2-ші әйелі Таңшолпаннан - Төлепберді, Шыбар, Елеусіз, Ақмағамбет, 3-ші әйелі Мақыптан Жақып, 4- ші әйелінен Майбасар, 5-ші әйелі Күншеден Бейсенбі, Сұлтанбек, Кенжебай тарайды. Өскенбайдың Тобықты еліне би сайлануына әсіресе Кеңгірбай би себеп болған деседі ел. Кеңгірбай би қартайған шағында өзінің Ералы, Төлеу, Қотанбұлақ, Қалбай деген балаларына сенбей Тобықтыны билеуге ел қамын ойлайтын ақылды, әділ, әрі парасатты адамгершілігі мол деп Өскенбайды ұсынады. Бұл ұсынысты халық құптап, Өскенбай Тобыктыға би болып бекітіледі. Өскенбай Кеңгірбайдың ойынан шығады. Елді мейлінше адал, әділдік жолымен басқарады. «ісің адал болса, Өскенбайға бар, арам болса, Ералыға бар» деген нақыл содан қалса керек. Өскенбай би 1850 жылы қайтыс болған соң ел-жұрты оның орнына баласы Құнанбайды би етіп сайлайды. Жастайынан әкесінің жанында жүріп ел билеу ісіне араласып жөн-жосық көріп қалған Құнанбай билік жұмысын тез игеріп ілгері алып кетеді. Оның ел билеу әдістері әкесі Өскенбайдан ерекшелеу болады. Кейбір мінез, билік, кесімдері әкесінен асып түседі. Қайсар, қатал мінезді Құнанбай би әрдайым алған бетінен қайтпайтын, алысқанын алып жықпай қоймайтын, жер дауы жесір дауы, күн дауы және сондай ел арасындағы дау-жанжалдарға билік айтарда бұлтармай, жалтақтамай билікті кесе-кесе батыл айтатын адуынды да қатал би болған.

Көрші елдердің жерін иелену үшін Құнанбай би әртүрлі айла әрекеттер қолданған. Өзінің тартып алған жайылым, қыстауларына найман, керей, уақ елдерінің қара шаруа малшы, жалшыларын, өзінің сөз сөйлер, сойыл соғарларын орналастырады.Қожа, молдаларды жинап, дін уағыздарын елге таратуды қолға алады. Өзінің балаларын ертерек үйлендіріп, оларға көп әйел әпереді. Ол балаларының малын бағатын жалшы-жақыбайлар ұстайды. Олардың әрқайсысын өз алдына ауыл етіп, жеке-жеке қоныстандырады. Міне, Құнанбай өзіне кажетті жерді осылайша кеңейтіп игеріп отырған. Құнанбайдың осындай әрекеттеріне шамасы келмеген өзге елдер одан ығысып, іргесін аулақ салып, тіптен кейбірі басқа ру-тайпаларға көшіп барып сіңісіп кеткен. «Құнанбай тұсында тобықты ішінде мұнымен тең түсетін басты адамдар: Бөжей, Қаратай, Байсал, Сүйіндік, Байдалы, Түсіп сияқты кісілер болған. Мұның көбімен Құнанбай бірде дос, бірде араз боп өтеді. Қатты жұлқысқан кісілері де осы топтың ішінде». Тобықтының бұл айтылған белді-белді адамдарымен айтыс-тартыстары ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясында да жан-жақты суреттелген. Бұдан Құнанбайдың көрші ауылдарға зорлық жасап жайлау, қыстау өрістерін тартып алуы, қарсы келгендеріне дүре соқтыруы, Қодар сияқты жазықсыз жандарды өлім жазасына кесуі, осы тәрізді қаталдық пен өктемдіктерді атасақ та жеткілікті. Сондықтан да одан зәбір-қорлық көрген ел-жұрт: «Оның аты Құнанбай, жүйріктігі құнандай, шұбарлығы жыландай,..» деп, мақалдап кеткен.


1822 жылы Ресей патшалығы «Сібір қазақтарын басқарудың уақытша ережелері» деген заң шығарды. Осы заң бойынша қазақ даласында хандық жойылып, оның орнына аға сұлтандық билігі орнады. Аға сұлтандар тек қана хандар, төрелер тұқымынан белгіленуге тиісті еді. Бұл кезде тобықты елінің ауқымы кеңейіп, оған Қарқаралы округі де қарайтын. Осы округке дуан басы аға сұлтан болып Құнанбай сайланады. Сайлау кезінде айтыс-тартыс аз болмаған. Құнанбайдың аға сұлтан боп сайлануына ең алдымен өзінің ықпал-абырой, беделі себеп болады да, екіншіден оның сөзін сөйлеген демеушілері де осал болмаған. Сондықтан да оның аға сұлтандық дәрежеге қолы жеткен. Халық «қарадан сайланған хан» деп Құнанбайдың атақ, даңқын бұрынғыдан да асқақтата көтеріп әкеткен. Қарқаралыдан Құнанбай аға сұлтан болып еліне келген соң, оған қошемет көрсетіп құтты болсын айтушылар көбейді. Құнанбай қатар-қатар ақ боз тіктіріп, келім-кетімдерді бірнеше күн күтіп, сыйлап той өткізеді. Бұл жиынның аяғы басылған соң жігітек елінің ру басы, атақты Кеңгірбай бидің ұрпағы Бөжейді болыстыққа ұсынады. Бөжей болмаймын деп, ол орынға Өскенбайдың тоқалынан туған, Құнанбайдың інісі өзінің досы Майбасарды атайды. Осы арада біраз айтыс-тартыс шиеленіседі. Ақыры Бөжей жағының ұсынысы қабылданып Майбасар болыс болып сайланып кетеді. Майбасар, ұрдажық, дөрекі, зорлықшыл, әпербақан мінезді екен. Қарамағындагы ауылдарға жайсыз боп шығады. Одан зәбір көрген ел Құнанбайға барса, ол «оны болыс етіп сайлаған Бөжей, соған барыңдар» деп сылтау айтады. Ал, Бөйжейге барса, «Құнанбайдың інісі ғой, ол мені тыңдамайды, Құнанбайға барыңдар» деп жұртты әрі-сәрі әуре қыла беріпті. Бұл істің ақыры Құнанбайға барып тіреледі. Майбасар інісінің кесірінен және оған қоса Құнанбайдың қаталдық, зорлығынан зәбір көріп жүрген Көтібек, Байсал, Қаратай, Пұшарбай, Түсіп сияқты куәгер ел басшыларының арыз-шағымымен істі болып Омбы губернаторына шақырылады. Бір жылдай тергеу астында жүріп әбігерге түседі. Дәл сол жылы тағы мынадай оқиға болады: Семей мен Верный арасында жүріп тұрған губернатордың пошта таситын офицерін өлтіріп, ақша, заттарын тонап кетеді. Оны істеп жүрген әлгінде аттары аталған Құнанбайдың үстінен арыз жазып жүрген қастас ағайындарының адамдары болып шығады. Мұны Құнанбай жақсы біледі екен. «Құланның қасуына, мылтықтың басуы» демекші ол дереу бұл оқиғаны пайдаланып губернаторға барады.


- Тақсыр, мен ол адамдарды білемін. Мені осы істен құтқарсаныз, почтавойыңызды өтірген қылмыскерлерді көрсетіп беремін, - дейді. - Губернатор уәде береді. Құнанбай өзінің қастасын, айтысып жүрген адамдарын ұстатып түрмеге жаптыртады. Губернатор Құнанбайды тергеуден босатып, оязға дербес көмекші етіп алады. Міне, бұл жерде де Құнанбай өзінің тапқырлығы мен айлакерлігін танытып шығады.


Аға сұлтан болып тұрған жылдары Құнанбай Қарұаралы қаласына мешіт-медресе тұрғызады. Өзінің қол астындағы ауылдардың үлкен-кішісін сол мешіт-медресеге тартады. Жас балаларды оқытып мұсылмандыққа, имандылыққа баул иды. Жасы 70-тен аса бастағанда ел басқаруды, билікті балаларына тапсырып, өзі Меккеге қажылыққа барады. Қазақ елінен, өзге мұсылман жұртынан түсіп, қонып тұрсын деп өз қаражатына Меккеден «Тақия» деген тұрғын үй салдырады. Сөйтіп, сол кезден бермен көптеген келім-кетім мұсылмандардың сауабын алады.

Аңыз
Құнанбаймен бірге Омбыға айдалып барған Тоқсан бидің туысы Торқан деген кісі екі жылдан кейін қашып Құнанбайды паналап, арып-ашып келіпті. Құнанбай Абайды шақырып алып, «мына Торқанды тәрбиелеп, бақ» депті. Абай: «Тәте, бұл адам неңіз еді?» - дегенде, Құнанбай:


Қажымас, қате баспас хан бола ма,


Таусылмас, табан таймас жан бола ма.
Бәйгеден қосқан сайын келсе дағы,
Тұлпарда арықтаса сән бола ма?
- деп, «бұл кісі қиын жағдайда бірге қиналған жолдасым еді», - депті.

Аңыз
Аға сұлтан Құнанбай Абақ - Керейге келіпті дейтін әңгіме бар. Сонау Семейден шығыстағы Абақ еліне арыстың аға сұлтаны Құнанбай келе жатыр деген хабар қалың қазақ пен моңғолдар арасында жаппай таралып кетсе керек. Сонымен қабат, Құнанбайдың еліне бару орайында Керейден бітім аламыз дейтін жұрт түгел тұс-тұсынан аттаныпты. Ел ағалары бас-аяғы жиналып Қаба өзенінің бойында оны үй тігіп қарсы алыпты. Абақтың ел ағалары Шабу би, Шегетай батыр, Шал, Жантөре би, Байқан, Көкен бас қосып, кеңес құрыпты:


- Елімізге дақ келтірмей күтеміз, айтысқа түсіп, есеге есе көрсетеміз, тендікте тұрып, тартысқа тартыс береміз, сайысқа түсіп сөзге сөз сынасамыз,


- деп сілкініпті. Сауынға тігілгендей қатарласқан оюлы ақ отауларға қонактар толған соң, ортадағы орда - кеңес үйге билер лық толса керек. Ру шонжарлары тиесілі орнына жайғасын болғаннан кейін қонақ иесі Шабу би сөз бастайды. Билікті рудың төрелері немесе ел ағасы билер айтуға тиісті. Сонымен бір-біріне ұсынып отырғанда, төрден орын ала алмаған, есік жақтағы бір шешен сөз бастапты. Қара кұлын терісінен тігілген тайжақы кіреуке жамылып, құлын терісінен жасатқан белбеуіне сапы асынған жас жігіт Құнанбайға қарсы жүгініп:

- Біз сөзді қалай бастаймыз?! Ортамыз ойылып, ордамыз бұзылып, қоныс ауып, мекен қуып көшіп жүрген елміз. Тұрған жеріміз қалың дәрсет пен ұранқайдың ортасы. Бұлардың бесік белгісі, төсек үлгісі жок, «алса бітім, берсе бітім» дегенді ғана біледі. Ортасы ойылып, ордасы бұзылмаган, жаны бір, заңы бір ағаның баласы өзі бастамай ма? - депті.


Сонда аға сұлтан Құнанбай шынтақтап жатқан жастығынан басын көтеріп, Бейсенбіге барлай қарапты.

- Болар, болар, өзі болар. Болғалы тұр екен ғой, аузының жұрт айналар икемі бар, көмейінің жау айбынар сұр жыланы бар жігіт екен. Жиын өзі де басталды емес пе, - депті.


Бейсенбі жас болса да осыдан бастап Абақ елі ортасында таныла берген. Кейінгі кезде Абақ елі төре билік айтар төбе би сайлағанда: «Аға сұлтан Құнанбай келгендегі үлкен жиында қазақ пен монғолдың, Найман мен Уақтың төресі мен билері, шешендері мен шенділері бас қосқанда топ жарып сөз бастаған ата сұлтан Құнанбайды «Аузы дуалы, сөзі куәлі, қара қылды қақ жара сөйлейтін білікті, қайсар, би, айтулы шешен» екен деп, ел зор құрмет көрсетті. Сол отырыста Бейсенбі оны ұстаз тұтып батасын алыпты.[2]

Аңыз
Құнанбай биді кейбіреулер қатал, мейірімсіз дейді. Тіптен олай емес, оның кешірімшіл, мейірімді кездері де аз болмаған. Оған мына бір болған оқиға дәлел: Тобықты елінде оның ішінде Жуантаяқ руынан шыққан, жортуылшы батыр Бәзіл деген болыпты. Бәзіл үнемі бойынан қаруын тастамайтын, көбінесе ат үстінде жортуылда жүретін ержүректі, қайтпайтын, қимылына көз ілеспейтін өте әбжіл адам болған екен. Қыс түсіп жерге алғашқы қар жауған күні жылқы ішінен жайылымда жүрген Құнанбайдың үлкен қара ала аты жоғалыпты. Денесі ауыр Құнанбай қыста мінуге шыдайтын ат сол ғана екен, жануар сондай зор ат болса керек. Жылқышылар аттың жоғалуын еріксіз Құнекеңе хабарлапты, Құнанбай жылқышыларға:


- Сырттан келгенсіз бар ма? Қасқыр жесе, сүйек-саяғы жатады. Ұры болса із-түзі болады, анықтап байқаңдар, - депті.


Жылқышылар іздеп қарап, ештеңе байқай алмапты.

- Еңдеше, іздеп әуре болмаңдар, мұны Бәзіл сойып алған екен, - депті де қойыпты Құнекең.


Алайда, Құнекеңнің жанында жүрген билер мен болыстар Бәзілді сізге шақырайық, қара ала аттың жәйін сұрайық, егер ұрласа - оны жазалайық, - дей беріпті. Бірнеше рет олар соны айта берген соң Құнанбай Бәзілді шақыртайық десендер шақыртыңдар деген екен. Айтқандай бір күнде Бәзіл келіпті. Келген бетінде төрде отырған Құнанбайга қарсы жүгіне тізесін бүгіп отыра беріп:

- Құнанбай, мені неменеге шақырттың? - депті бетіне бажырая тік қарап.


Сонда Құнанбай жәй ғана дауыспен байыппен сөйлеп:

- Бәзеке, ат үстінде көп жүресіз, біздің әлгі жоғалған қара ат көзіңізге түспеді ме? - деп қана сұрайды.


Сонда Бәзіл тайсалмай сөйлеп:

- Ол Қара ала ат көзіме түскенді қойып, менің ішіме түсті. Оны мен соғымға сойып алдым. Сен бір қыста соғымға - 50-60 қара соясың. Соятын қойдың да есебі жоқ. Сонда маған бір жылқың көп пе? - деген екен.


Мұны естіген Құнекең лөм-мим деп ештеңе де айтпапты. Басқалар ойлап қалса керек, Құнанбай Бәзілді енді құртатын болды деп. Үнсіздікті Бәзіл өзі бұзып, Құнанбайға:

- Сол ма мені шақырғаның, - депті.


Құнанбай:

- Иө, сол еді, - депті де қойыпты.


Бәзіл үйден шыға бергенде анадайда отырған біреуге:

- Ана Бәзілді аттандыр, бірақ оң жақ жеңінде не бар екенін байқашы?- депті.


Аттандырып келген жігіт айтыпты:

- Оң жақ жеңінің ішінде жалаң қанжары бар екен, - депті. Сонда үйдегі кісілер таң-тамаша қалыпты.


- Осыны көрмей білген Құнекеңдер әулиедей білгір емес пе? - дескен былайғы отырған адамдар. 
Аңыз
Тобықты елімен Қаржас елі арасында жер дауы шығып, оның аяғы үш- төрт жылға созылыпты. Айтылған бітімге екі жағы келісе алмай наразы болып, жоғары жаққа шағынып, билікті бұздыра беріпті. Сөйтіп бұл дау төтенше съезге түсіпті. Сиезде тобықтылар атынан Құнанбай би, Қаржас жағынан Шорманның Мұсасы сөз сайысына түсіпті. Екі би біраз салғыласып, бір бітімге келе алмапты.

Басын келіп изесе,


Оған да қыл бостандық,
Аяққа салып баспаңдар.
Бақ тайса ажарыңа қарамайды,
Біреуді біреу сырттан табалайды,
Басыңа қарапайым бір іс түссе,
Қылды деп білместікпен шамалайды.
«Адам басы алланың добы» деген,
Дәм тартса әр тарапқа домалайды.
Мұса кезекті бір сөзінде:

«Менің ата-бабама бақыт қонған, біздің мәртебеміз биік, салмағымыз басым, байтақ жатқан елім бай, көкорай шалғын жерім бар, шалқып жаткан көлім бар...» - деп, өзінің байлығын термелеп, мақтана беріпті. Сонда Құнанбай оған былай депті:


Пұт болдым деп мақтанба,


Пұттан ауыр батпан бар.
Биікпін деп мақтанба,
Асқар-асқар таулар бар.
Ар жағында аспан бар.
Басыма бақыт қонды деп,
Тосылмаймын енді деп,
Алдаушы жалған дүниеге,
Ғалып болып азбаңдар,
Қарсы келген дұшпаның,
Басын келіп изесе,
Оған да қыл бостандық,
Аяққа салып баспаңдар.
Бақ тайса ажарыңа қарамайды,
Біреуді біреу сырттан табалайды,
Басыңа қарапайым бір іс түссе,
Қылды деп білместікпен шамалайды.
«Адам басы алланың добы» деген,
Дәм тартса әр тарапқа домалайды.
«Бөрекелді, Құнекең тауып айтты», - депті ел.

Аңыз
Құнанбай би Меккеге барып, қажылыққа қол беріп келген жылдың қысында үйінде бір топ адам қонақ болып түстеніп отырады. Біреулер «шаруа қайтсе оңалады, малжан қайтсе аман болады?» деседі. Сонда Құнекең:


- Шаруаң онға айналған шақта,


Мінген атың жүреген болады.
Асыраған итің үреген болады,
Қатының қадірлі болады,
Қызың ажарлы болады,
Малың базарлы болады,
Шөбің шығымды болады,
Малыңа жұғымды болады,
Ұлың білімді болады,
Құлың сенімді болады,
деп, бір тоқталады да, оның аяғын былайша жалғастырады:

Шаруаң солға айналған шақта:


Мінген атың шабан болады,
Асыраған итің жаман болады,
Қатының сараң болады,
Қызың ажарсыз болады,
Малың базарсыз болады,
Шөбің шығымсыз болады,
Малыңа жұғымсыз болады.
Ұлың білімсіз болады,
Құлың сенімсіз болады...
Әумин!

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет