КҮН
Күмісін шашқан күн анам,
Көгімде менің тұр аман.
Ебімен қозғап ерінін,
Есендік-саулық сұраған.
Күн менің – күміс жүзігім,
Көрерміз жүрсек қызығын.
Қарап қой балам күніңе,
Көзіңді жұмба бұзығым.
Жарық күн – жанның ырысы,
Жарқырар жанып кім үшін.
Осының бəрі бір бақыт,
Ұғып қой қалқам мұны шын.
Күніңмен бірге көгергін,
Сылайды сырлап шебер күн.
Қоштасып кетсем шалғайға,
Сəуле боп саған келермін.
* * *
Қалдың ба қоғалы көл, бел-белесім,
Ен жайлау көз алдыма сен келесің.
Өзім де көкке кетем құсқа айналып,
Өлеңнің қаршығасын жемдегесін.
Өлеңнің қаршығасын қалықтаттым,
Мен оны отқа күйіп, жанып таптым.
Көз тиіп кетпесін деп көк беренге,
Халықтан қанаттымды алыс бақтым.
156
157
АҚЫННАН АҚЫЛ СҰРАМА
Ақыл жоқ енді, басқаның бізде бəрі бар,
Бұл сөздің, қалқам, жаны бар.
Ақыннан ақыл сұраушы болма адасып,
Есіңе мұны салып ал.
Қайдағы ақыл, сезіммен бірге түнемек,
Сөзімді жатыр кім елеп.
Ақыннан ақыл сұраушы болма адасып,
Алжасып көңіл жүдемек.
Маңыстап жүрген марқасқа жанның бірімін,
Жырымның сыйлап тұнығын.
Ақыннан ақыл сұраушы болма адасып,
Сұрадың екен құрыдың.
Өртенгің келсе жақында бізге өртелік,
Семсерге аян серт едік.
Ақыннан ақыл сұраушы болма адасып,
Өлгің келмесе дерт еміп.
БАБАМДЫ КӨРГЕН ТЕҢІЗ ДҮР
Көгілдір қанат көк теңіз,
Жағалап жүрміз текке біз.
Кемерлеп жарды кестелеп,
Толқынын тоқсан дестелеп,
Салып жүр мырза, бектер із.
Ағытып төсін ай қарап,
Ақ төсін айға сайламақ.
Күрсініп келіп бассалмақ,
Көз жасын сүртті қай қазақ?!
Сұңқылдап ұшты қасқалдақ.
Сұр мерген көрсе бассалмақ.
Қара бауыр-қара бұлт,
Айтарын бүкті аспан жақ.
Толқындар жылап солқылдар,
Жыласа теңіз қорқыңдар.
Бабамды көрген теңіз дүр,
Бар болса Құдай болсын жар!
Қайғысы судың басым-ды,
Ашуға мінді ашынды.
Сол бойда шайнап тастады,
Сорғалап келген жасынды.
Еркелік қылар кімі бар?
Ер болсаң тілін біліп ал!
Жағаға келіп көп пенде,
Жарасын сығып шіріді ал.
Теңіздің жаны сіріден,
Түңілген білем тіріден.
«Адамбыз!» – деген жандардың,
Адалдық күтпес бірінен.
Толқындар қашып жөнелді,
Көк балдыр үзіп көгенді.
Ай құшақ
Салып сүйердей –
Адамнан теңіз не көрді?!..
ҚАЛАМ
Парақты аппақ сырлаған,
Армысыз қара қыл қалам.
Жақсыға бақса: парыз-ды,
Жаманға бақса: арыз-ды.
Сүймесіңді сүйдірген,
Күймесіңді күйдірген,
Иманды жазса таң қылған,
Имансыз жазса қан қылған,
(Дүниені шаң қылған)
158
159
Қаламның күші пірден-ді,
Қайырсыз болса зілден-ді.
Қаламға жолдас ой ғана,
Қаламмен халқым ойнама!
Жеткізер қалам күніңе,
Жетеді тағы түбіңе.
Қылпыған алмас қылышым,
Тəңірден тіле дұрысын.
Ғаламға қалам тірек-ті,
Ұстасын иман-жүректі.
* * *
Ақ сəуле күннен нəр алдың,
Ақ гүлмін дейсің адалмын.
Астында қалып табанның,
Гүл болып неге жаралдың?..
Табандар таптап құлшынды,
Құтқарам қалай бір Сізді.
Жамағат кешіп барады,
Жаралған нұрдан кірсізді.
Сұлулық жатыр құрбан боп,
Жаралған тегі нұрдан боп.
Екі табан, бір бас-ты,
Жоқ екен сірə құлдан көп.
Құлқынның қамы айдаған,
Қу тірлік сендік қайда мəн?.
Гүл түгіл, гүлзар бақша жоқ,
Бұлбұлы кеше сайраған.
* * *
Қақ жарылған қақпа көрдім аспаннан,
Даңғыл жолы күн нұрынан басталған.
Қанат байлап ұшқым келді амал жоқ,
Тірлік атты босамадым шатқалдан.
Қарай бердім, қақпасына зеңгірдің,
Тебірендім, телмеңдедім, телмірдім.
Сағым мініп сар жүріске түстім де,
Қош айтысты қоңыр дала, тең-құрбым.
Содан бері жүріп келем тынбадым,
Тұсау салсын, ессіз өлең, жырға кім.
Боз жусан мен бал құраққа сыр айтып,
Бозторғайды боз далада тыңдадым.
Қақпа көрдім, ашылмады, ашпады,
Күннен шалғай, айдан алыс тастады.
Ай далада құшып жүрмін мен əлі,
Өлең деген өлімі жоқ қасқаны.
ҰЙҚЫСЫЗ ТАҢ
Алақаның оймақтай ғой бүлдіршін,
Түннен қара, гүлден сұлу тұнжырсың.
Көздеріңде күміс сəуле күн жатыр,
Тəй-тəй бассын, қыз-қызғалдақ, ұл күлсін.
Құлыным-ай құлдыраған тай сынды,
Құздан қарап сығалаған ай сынды.
Көкірегін желге ашып қунаған,
Кіл періште сүйсем екен қайсыңды.
Жүрегім ғой, бүлкілдеген қызығым,
Тентегім-ай, тебегеншіл бұзығым.
160
161
Көп қызықтың баянын бер жан Аллам,
Болмасын тек, бояу сіңді ізі мұң.
Тəңірімнің мырзалығы бұл деген,
Бақытты екен, осы қазір кім менен.
Таң болды ғой тамаша бір шаттанған,
Күліп-ойнап, бақыт терген іргеден.
* * *
Рақым қыл жан Алла, біздің мынау жүріске,
Қайда барып қара өлеңді айтармыз,
Таңдай құрғап, тіл іссе.
Рақым қыл жан Алла, сарсаң кесек санамыз,
Қайда барып қара өлеңді айтармыз,
Сана сарсаң, сақауланып барамыз.
Рақым қыл жан Алла, өксігі көп өмірміз,
Қайда барып қара өлеңді айтармыз,
Жаңбырлымыз, жаннан ада көңіл мұз.
Рақым қыл жан Алла, құлың нұрға зарықты,
Қайда барып қара өлеңді айтармыз,
Шаранамыз.., ая біздей ғаріпті.
* * *
Жарасынан қан бүркіп,
Жанарынан жан бүркіп,
Ескі тарих, қу мола,
Қу далада қалды іркіп.
Шашылған-ды сан ғасыр,
Айтып түн мен таңға сыр.
Түгел тылсым төрт құбыла,
Бітті тас пен талға тіл.
Бəрі сыңсып сырласты,
Қаңбақ болып жыр қашты.
Қан-қан болған көрсетті,
Көр ішінен мың басты.
Түпсіз екен қайғыңыз,
Шырақ қылды айды күз.
Қонып қалдық дұға ғып,
Мекен етіп сайды біз.
КӨЗ ЖАСЫҢЫЗ ҚАЛДЫ МА!?
Жылағанда не тұр дейсің, ал, жыла.
Көз жасыңыз қалды ма?!
Көз жасынан жақыны жоқ көрдің бе,
Жалғыз бенен жарлыға.
Жылағанда не тұр дейсің, ал, жыла.
Көз жасыңыз қалды ма?!
Көз жасынан жақын ешкім көрмедім,
Жетім менен зарлыға.
Жылағанда не тұр дейсің, ал, жыла!
Көз жасыңыз қалды ма?!
Жыр үшінде бір жылап қой қарағым,
Қара өлеңді жайып қойып алдыңа?!
162
163
* * *
Өз елесің өз санаңды өкшелеп,
Өмір сүрдің.., күлемісің текке деп.
Көрген шындық, өлген мұңдық айтпадық,
Кеше де сол тілді тістеп шеттеп ек.
Ары қайда заманыңның көрмедім,
Етекте ез, езіңнен без, төрде кім?!
Кезген тарих кер маядай боздайды,
Сол бір боздау бар көрсеткен өрнегім.
Қазақпын ғой таныдың ба момының,
Менікі еді бересің бе орының?!..
Тарихымның тал бесігі жылаулы,
Ақ сорасы сорғалайды сорының.
...Шатыр тіккен сонау кімнің сарайы,
Қу шатырдың құл мен құтан маңайы.
Бостандыққа басын берген боздақтың,
Обалына шомылып жүр талайы.
* * *
Қайда барсаң ер көңілі құсалы,
Көріп жүрген жан секілді түс əлі.
Ұлы дала ұйқың қандай қатты еді,
Санамызды тұсады.
Шырақ жағып дұға қылдым тұрмадың,
Шығар-шықпас тұр жаным.
Қыңыр тартып, қыдыр қашып барады,
Құдай жолы мен болайын құрбаның.
Тұршы далам!?..
Тұғырыңнан тіл қатып.
Оянайық кіл жасық.
Көкбөрінің сүрлеуіне түсіп ал,
Бұл далаға болсаң егер шын ғашық.
* * *
Ыпыны кеткен жұрттанмын,
Ылдидан көзді сыққанмын.
Сырма бешпент жамылып,
Сығалап бұлттан шыққан кім!?
Бұршақтан моншақ тағынды,
Ботадай боздап шағынды.
Желіден бұлтты ағытып,
Жел жеңгем бүгін қағынды.
Жыланып күздің аспаны,
Көңілі көктің қасталы.
Көкезу самал сымпылдап,
Көп сырын айтып тастады.
* * *
Тұрмыстың қамын ұран ғып,
Қаралы керуен, Тұран жұт.
Айналып аспан түссе де,
Уақыт жоқ бізде тұрарлық.
Найзағай жатыр кескілеп,
Кеудесі мұның өсті деп.
Боз-бота бұлттың көз жасын,
Көп бейбақ сосын кешті кеп.
Бұршақ пен жаңбыр аралас,
Өлшеулі өмір жағалас.
164
165
Өзекті жанда қайғы көп,
Өртенсе аспан қарамас.
Селдетіп, сермеп қылышын,
Ойнады жасын кім үшін?
Аспаным өртшіл, жер дертшіл,
Жанымның алды тынышын.
Жау-жағалас
Өмір-ай,
Қанша бар əлі, құрысын!..
* * *
Саудыраған сақал-мұртын мүк басқан,
Түнереді түкті аспан.
Бұл неғылған өлке еді өлермен,
Өзегінен құт қашқан.
Ақ самайы ала қырау мың қырат,
Жылғасында жыл жылап,
Келе жатқан сонау кімнің міскіні,
Қара тасқа өз маңдайын ұрғылап.
Ақ сағыммен желбірейді тұлымы,
Кім де болса осы елдің бір ұлы.
Ай мен күннің аманында жылап жүр,
Неге мұнша көкмойнақтың құлыны.
Жалы жібек күміс еді тұяғы,
Айдың асыл қияғы.
Текті көрсе теріс қарап қалатын,
Қайдан келген бұл қорқаулар ұялы!?..
СҮРІНБЕ
Əкем жоқ қой сүрінбейін, сүрінбе.
Анам жоқ қой сүрінбейін, сүрінбе.
Кеше солай ойлап шыққам үйімнен,
Құлағымды тосып шыққам бір үнге.
...Сүрінбе!
Əкем барда еркелігім қалмапты.
Анам барда тілегімен бал қатты.
Қос тірегім қайда менің, қос арыс,
Ажал келіп екеуін де жалмапты.
Əкем барда алтын тұғыр хан екем,
Тал бойыма қорған болды жан əкем.
Анам менің ақ бесігім əлдиім,
Күміс сəуле күлім қаққан таң екен.
Жетім жанның енді білдім телмеңін,
Шүкір Алла, елдемін.
Күрсінейін, жыр тілейін, жазайын,
Көз жасымды сүртпе жаным сен менің.
Құлазыған дала сынды санамыз,
Келді, міне, жаңа күз.
Анау жолы əкем кеткен аттанып,
Қош айтысты енді, міне, анамыз.
Əкем жоқ қой сүрінбейін, сүрінбе.
Анам жоқ қой сүрінбейін, сүрінбе.
Кеше солай ойлап шыққам үйімнен,
Құлағымды тосып шыққам бір үнге.
...Сүрінбе!
166
167
КҮН КЕШСІН ЕРЛЕР БІТІММЕН
Біз өкше қайың бұраң бел,
Сұлуға енді шыдам бер.
Сыңсыған қайың, сырлысың,
Маған да сазды бір əн бер.
Көңілім күпсіп қағынды,
Аралай келдім бағыңды.
Сездің бе менің сұлу тал,
Сенделіп жүрген шағымды.
Саяңа құлап салқындап,
Мұңайдым үнсіз əн тыңдап.
Ер жолдасы шүкірлік,
Өмірдің дейді артын бақ.
Қанағат қайыр шүкірмен,
Аттандым асыл пікірмен.
Кейінгіні жау қылмай,
Күн кешсін ерлер бітіммен.
Сыңсыған орман солай деп,
Түнедім тауға жолай кеп.
Тау айтты: – «Кешір бəрін де,
Жау болу деген оңай» – деп.
Өсиет сөзді мұра ғып,
Өзіңнен есеп тұр алып.
Жақсылық тілеп баршаға,
Кешірдім сосын дұға қып.
Сайғақты мола құлазып,
Сығалап сайдан тұр азып.
Бітімсіз елден бақ қашпақ,
Мақтаншыл, кекшіл құл азып.
Саялар талды таң бар ма,
Аялап жанды барғанда.
Пенденің жеке дауы үшін,
Түспесін сызат балдарға.
Іздемең адал құлдан мін,
Жаманның бойы тұрған жын.
Орынсыз ашу, қызғаныш,
Өзімен кетсін Мұндардың.
Иманның ісі дау басу,
Имансыз келсе аула шу.
Ер еліне бітімшіл,
Ессіздің ісі жауласу.
Сыңғыр да сыңғыр бұла бақ,
Сыр айтып үнсіз жыламақ.
Көркеуде көрге кіреді,
Көрінгенді кінəлап.
Біз өкше қайың көк орман,
Көкталдан бірлік жоғалған.
Бірлігі кеткен орманның,
Жері жоқ, сірə, оңалған.
* * *
Өлеңнен қашқын сақтан да!
Өзге бір өріс, бап таңда.
Көрсеңіз інім өлең сол –
Қасқырды жатқан қақпанда.
Табаға салып қуырған,
Тағдыры солай туылған.
Тірілей іреп терісін,
Азуын сосын суырған.
168
169
Тағдыры тəлкек талайлы,
Өз қанын өзі жалайды.
Көкбөрі жырды көргем жоқ,
Жағалап жүрген сарайды.
Жыр жазба дедім кектедің!
Жанған да отқа беттедің.
Махамбет
1
өлді бұл жырдан,
Сені де аяр деп пе едің?!..
* * *
Толмайды көңіл, толмайды,
Торықтым айтып ол жайды.
Жеңіліс ащы болмаса,
Жеңіс те тəтті болмайды.
Жұмылса саусақ қол мықты,
Жөніңмен сөйле орнықты.
Ауырған білер саулықты,
Əлсізден сұра зорлықты.
Сөз шықпас ердің тісінен,
Адаспа аршыл кісіден.
Болашақ жаудың көптігін,
Жалған дос айтар ісімен.
Намыстың құлы ер жігіт,
Сыйласар сырттай тең жүріп.
Көргенсіз жанға сенсеңіз,
Сыртыңнан жүрер жем қылып.
Жаманға қандай баға бар,
Жармасып иттей абалар.
Дос көріп ашқан сырыңды,
Жауыңа айтып табалар.
1
Махамбет – М. Өтемісұлы.
ОТЫМНЫҢ УЫЗ АНАСЫ
Қауызыңнан нəр көрдім,
Нəрлендім, сосын əлдендім.
Іңгалауға жарамай,
Құлаққа ұрған танадай,
Жатыр едім жан жарым,
Жетім де көңіл баладай.
Сəбидей сүйіп сəн бердің.
Тілегіңменен тербеттің,
Лəззатын беріп жер-көктің.
Түрегеліп гүлдендім,
Жүректен жұлып жыр бердім.
Ордамның асыл панасы,
Отымның уыз Анасы,
Болсын деп сүйеу ақынға,
Жаратқан сені шамасы.
САУРАН МЕН САМНЫҢ АРАСЫ
Ақ өлең, ақ жыр бар мұңым,
Боздаттық Самның
1
нар құмын.
Өрелесіп сөз айтар,
Өзімсінген бар кімің?
Тебінгісі күмістен,
Терлігі қатқан жүрістен.
Ақ өлең айдын сахара,
Ел көріп ермен біліскен.
Хан Шаһарлы бау қалды,
Қан сасыған жау қалды.
Жол салып Қыпшақ, Қиятқа,
Айналған елмін Сауранды.
1
Сам – жер аты.
170
171
Көмілді құмға із демде,
Көңілім қалды Сізден де.
Мына бір итің не демек,
Алартып көзін біздерге.
Жақтырмай өстім жанжалды,
Ар кетер жерде ал жанды.
Қанымен бірақ сақтадым,
Атамнан қалған қанжарды.
Өлеңмен қосып нұр іштім,
Ұраны Бекет ұлыспын.
Ғарыштан орын іздеп жүр,
Кеудемде жатқан бір ұшқын.
Қайғыма ортақ қара шың,
Айтпайды жанға жарасын.
Қоңырда самал қосып жүр,
Сауран мен Самның арасын.
* * *
Қажет пе сөздің балдайы,
Дертіңе шипа қандайы?..
Ойнаушы болма біздермен,
Бесқару берен-таңдайы!
Дүңкіл де дүңкіл дүбірден,
Қаймығар деп-ең кіміңнен?!
Қылыштай біздің жыр-азу,
Қыл сағақтан ілінген.
Құба арланнан қалғанбыз,
Сағымы сары шаңнанбыз.
Қашаған менен Қалнияз,
Абыл мен Ақтан, Нұрымның,
Батасын көрмей алғанбыз!
Өлеңнен зəмзəм татасың,
Шүкірлік қылып жатасың.
Берен де Шалдар аянмен,
Беріп те кеткен батасын.
БІЛГЕНГЕ АЙТТЫҚ КӨП БАЯН
«Сəке, мен мал көріп өстім. Біздің Маң-
ғыстаудың асыл тұқым қойла ры боран ды
күндері желге қарсы өрістейі... Адай жыл-
қысының айғырлары көбі не үйі рін қасқыр-
ға бермейді».
Дəулет Нұржанның əңгімесінен
Үкілі бөрік сусар қыр, елтірі ішік ен далам,
Есепсіз сүйген мен балаң.
Бадана көзді сауытты, асыл да таспен айшықтап,
Керілген кербез кең далам.
Құмбетеге, бидайық,
Құраса басын сыңсыған,
Кетпейді елден бір тұман.
Қурай, жусан, құрақ сай, қыналы қызыл тастары,
Қарайды күліп мұртынан.
Құланқұйрық, құба тал, жағалай өсер көлі жоқ,
Сиреді түлік төлі жоқ.
Көкзапыран қансигек, қаралы бұлттың көшін-ай,
Барады жанның шөлі боп.
Атжалман тышқан секілді, санамды сұрақ кемірмек,
Санасыз, тексіз не білмек.
Ит ала қаздың қаңқылы – иесіз сөздің киесі,
Кеудеге жидық кебіндеп.
172
173
Дуадақ тектес безгелдек, даладан тұрақ таппай жүр,
Бауырын басып жатпай жүр.
Бауыздау өңеш қасқа дөң, бағасын кімге бұлдамақ,
Есіңе інім сақтай жүр.
Ақ езу болған жағынан, өлеңін көрдім өткеннің,
Өрнегі асыл неткен күн.
Өрісін салған боранға, үйірін бермей қорғаған,
Атасы нұрлы тектенмін.
Жабағы жүндей жұлынған, жанымның аппақ мамығы,
Көңілдің көк су зар үні.
Тоты құстай таранған, салтанат пенен сəн қайда,
Таусылған білем жарығы.
Қой да болса намысын боранға жанып ұмтылған,
Мекен ғой кəусар ұл туған.
Кəлима тілі намыстан, шығарда жанға ақ тілеу,
Көкмойнақ едім жұлқынған.
Үйірін бермей бөріге, құлынын сақтар құрбан боп,
Ажалға көңіл бұрған жоқ.
Кемелге келген кер айғыр, жау жағалас тарпынып,
Жанын да бағып тұрған жоқ.
Боларма өрге жайылмай,үйірін қорғап пірленбей.
...Пір келер тілін білгендей.
Қызыр да бабам тілекте, қылыштың ізі жүректе,
Табаннан таспа тілгендей.
Тулақ қатса құн кетер, тулаған ерден күн кетер,
Үйелмен жұртқа үн жетер.
Білгенге айттық көп баян, білместің жайы қараңғы,
Маңғыстауға кім жетер!..
* * *
Сəлем айт, сəн түзеген таңға менен,
Қарыз боп қара өлеңге қалған емен.
Ырсиған қалың ойдың қабырғасын,
Бұтарлап бара жатыр қанжар өлең.
Жаланып жүзі жырдың өткірленген,
Өмір ме өмір солай тек бір керуен.
Құм кешіп құлық жағып табаныма,
Анау жыл ақ сағымға жеткім келген.
Көрсетіп азу тісін бөрілі қыр,
Даланың жемсауы дерт, желіні жыр.
Шаршаған сағым қуып сері-жырдың,
Жыртылып иығында кебіні жүр.
* * *
Іріксе тəңір бармассың,
Іздесе тəңір қалмассың.
Сағыныш деген бір от бар,
Күйерсің, бірақ жанбассың.
Тірінің жаны күйгелек,
Өртеніп күй де, сүй демек.
Жез тырнақ өмір желкеңнен,
Барады білсең сүйрелеп.
Сағынған жақсы сарығып,
Талмау да түсте тарығып.
Кездесу деген бір бақыт,
Жүрегің сосын жарылып.
174
175
* * *
Біреудің біреу білмес жан-шырылын,
Көзіңнің қарашығын алшы күнім.
Алдымнан жүрсем-тұрсам кетпей қойдың,
Сен менен не тілейсің тал шыбығым?..
Самайым қырауланып қар жамылдым,
Ақ киік құрбанысың алда кімнің?..
Ұшымен өлең жазып бердім саған,
Тістеулі бара жатқан бармағымның.
* * *
А, шіркін, жалған құбылған,
Мəн таппай кеттік ғұмырдан.
Құлағым сенің дұғаңда,
Құлаған күні тұғырдан.
Саусағың аппақ дірілдеп,
Оқырсың дұға біріндеп.
Жырларын білем дей салғын,
Сұраса біреу кімің деп.
Көзіңнің жасын іріккін,
Іргені енсе түріп мұң.
Қайтесің сұрап іңкəрін,
Күнінде болған жігіттің.
Шырынды гүлде дəру бар,
Дəруге дертті зəру бар.
Ерінін тосып еліткен,
Қош енді, көркем арулар!
* * *
Табанның еті күлбіреп,
Тамақтан қамыс тілді кеп.
Ошаған
1
шашқа жабысып,
Балақтан шеңгел
2
ілді кеп.
Балалық солай көбең-ді,
Көлгейлеп түске көп енді.
Асығушы едік өссек деп,
Өскенде жаным не көрді.
Күлбірек табан күндерім,
Жүзімді көрші бір менің.
Батып та болмас көп күнді,
Балалықпенен тілдедім.
Таққанбыз күн мен айға сын,
Тарығып көңіл сайрасын.
Бəріне сенген үміттің,
Үлпілдек күнім қайдасың!?..
АРАНДАҒЫ ЗАМАН
Сен қарама, мен қарайын аранға,
Анау біздің арандағы заман ба?
Ақбөкендей қансыраған қалжырап,
Басын иіп, ия деді тал жылап.
Аран іші көк запыран көгерген,
Ердің бегін, елдің нарын шөгерген.
Бұрымына буынып тұр дəстүрің,
Кетпес бəле, кеміріпті тасты мұң.
Ұлт көзінде үрей жатыр үркіншек,
Ұл сұрайды өз-өзінен кімсің деп.
Шығар менің арандағы жұртымды,
Үндемейді үйелмен ел бір түрлі.
1
Ошаған – өсімдік атауы.
2
Шеңгел – өсімдік атауы.
176
177
ҚҰС БАЗАРЫНДАҒЫ ОЙ
Семіріп қара қарға бүркіт болды,
Жегені жез табақтан іркіт болды.
Қарқылдап қаз-үйрекке ақыл айтып,
Қасқаны жолдан қағып іркіп болды.
Жемсауы шеңбіректеп шер-күптенді,
Кім бұған əу басында теңдік берді.
Атынан құс біткеннің сөз айтып жүр,
Аралап алты құрлық, ендіктерді.
Қаз-үйрек қақалады қауырсындап,
Қайтеміз жүрек күйіп, бауыр қызбақ.
Қарға мас, құс біткеннің шекесінен,
Қарайды шүршүт шертіп, кəуір сыздап.
БАБАДАН ҚАЛҒАН ЖАЛҒАНШЫ
Інілер кекшіл, аға арзан,
Заманның заңы жаңарған.
Сүрінген жанда есеп жоқ,
Тағдырын іздеп табаннан.
Безенген тілің тақылдар,
Безбенді сөзде нақыл бар.
Желкеден ұрып жан досың,
Жерге де тығып сақылдар.
Ит оралып балаққа,
Айқай да салар алапқа.
Ездері күйе жағып жүр,
Ерлерге біткен талапқа.
Дуасын малып қараға,
Сынасын қағар араға.
Бабадан қалған жалғаншы,
Балаға солай бара ма!?..
ҚАНДАСЫМ...
Өз елім деп келген екен, өзім деп,
Сарғайған ғой төзім жеп.
Енді қайтсін туған елге жетті ғой,
Бір жыласын, мауқын бассын, езілмек.
Қан жүрегі қанша жылап ер жетті,
Қолы жетпей қанша асыл ер кетті.
Қанша жанның қалды сонда қимасы,
Өксік өртеп жанға азар бермек-ті.
Жұбанбайды үнсіз ғана тұр қарап,
Не көрмеді бұл қазақ.
Бірін-бірі сүймеген ел бақытсыз,
Қызың да жат, ұл да жат.
Өз қаның ғой жылап аққан жылғадан,
Қашан сені аяп еді бұл ғалам?!
Қандасымды жаман десем, жат десем,
Жақсыларын берер сонда кім маған?!..
* * *
Маужыраған күзгі талдың сұлбасы,
Көл шетінде, жалғыз ағаш бір басы.
Қиын екен қасқа талдың тағдыры,
Жоқ екен бір, сырласы.
Желмен бірге жеңін түріп жылайды,
Ес көреді жалғыз күн мен бір айды.
Енді өмірі қалды екен қаншама,
Ерке тал да құлайды.
Орман еді көл жағасы көк тал-ды,
Көктей шапты көп талды.
178
179
Бұл да созып айбалтаға мойынын,
Өлейін деп оқталды.
Ажал оны таңдамады, тастады,
Алып кетті қатар-тең мен басқаны.
Жалғыздық пен буып тастап тал бойын,
Қорлаған кім, қасқаны!?
КӨРСЕТ МАҒАН НАРҚОСПАҚТЫҢ БАЛАСЫН
(Апаға Хат)
«Білмек болсаң ер жігіттің асылын,
Қимылын көр алқалы топ ішінде,
Ойламайды қамын жалғыз басының,
Айтқан сөзі қалар мəңгі күшінде»
Мақтымқұлы
I
Ер жігіттің елді ойлары нардан-ды,
Ата дəстүр нардан-нарға қалған-ды.
Жаман байғұс елді ойлап не қылсын,
Жалпағынан кешпек болар жалғанды.
Нар боздайды жүк қалды деп тағы да,
Нар туады нағыз елдің бағына.
Жаман байғұс өз тірлігін қызықтар,
Қарамайды елдің намыс, арына.
Нар өледі мойын созып белеске,
Ер риза алмаса да ел еске.
Жаман байғұс талтаңдайды кісімсіп,
Қатынымен тиын санап кеңессе.
Нардың жолын нар басады өскесін,
Нар тумаса көпке сын.
Жамандардың қысыр келер көңілі,
Əйел сынды қанатпаған өкшесін.
Мақтымқұлы, Абай айтқан кезінде.
(Абыздарым əлмисақтан егіз бе!?)
Бір құрсақтан жаратылған даналар,
Нардан қалсаң нағыз ерді Сен ізде!
Нағыз ерлер сөз қалдырған нар-мүсін,
Қайталайды қабақ шытып қарлы шың.
Шалдарымның ізін басар нар туған,
Нағыз ерлер бармысың?!
ІІ
Нар боздайды қарпып сүйіп халықты,
Қайғы семіз, жан жабырқау арық-ты.
Ұл өсірсең – ұлтын ойлар нар өсір,
Елін ойлап іздеп өтсін жарықты.
Міне, солай, мінсіз тусаң нарларым!..
Елдің ойла, арманын.
Жарты құртты жамағатпен бөліп же,
Жалай берме балға тисе бармағың.
Жалаңаш жүр, ұлтыңменен бір жатқын.
Əрбір ісің көздің жасын құрғатсын.
Жұлдыз болсаң ағып түсер сəт келер,
Күн болсаң да бір орныңда тұрмассың.
Қайда бармақ жалғыз тапқан жолыңыз.
Нар адасса сорымыз.
Жаман деген жанын ойлар, ар емес,
Арсыздардан туған елді қорыңыз!?..
Нарлар жайлы жазылады жыр алып.
Нардың сөзін – ұран ұқ.
Жамандардың көзін ойған дүние,
Құмарпаздар ел болмайды құралып.
180
181
Достарыңызбен бөлісу: |