Соғыстың алғашқы кезеңінде 14 атқыштар және атты әскер дивизиясы, 6 бригада құрылып, майданға жіберілді. Қазақстандық 36 – жеке атқыштар бригадасы 30 – дан астам ұлттан құрылды. Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қырғызстаннан шақырылған жігіттерден 316 – атқыштар дивизиясы құрылып, оның командирі генерал М. В. Панфилов болды. Армия қатарына 1 млн. 196164 (1 млн. 196300) қазақстандық қосылып, әрбір бесінші адам майданға аттанды.
Қазақстанда еңбек армиясы құрылып, Қазақ КСР – нен 700 мыңнан астам адам шақырылды. Соғыс жылдары 27 әскери оқу орны 16 мың офицер даярлап шығарды. 1941 – 1945 жылдары әскери оқу орындарына 42 мыңнан астам қазақстандық жіберілді. Соғыс жылдарында Шымкентте орналасқан Чугуев әскери авиация училищесі түлектерінің бірі И. Н. Кожедуб үш мәртебе Кеңес Одағының Батыры атағын алды.