Қала ландшафттарында орналасқан өндірістік кешендердің құрамында қуаты əртүрлі электр стансалары болады. Олар мұнай, газ, көмір, атомдық отын пайдаланады, сонымен қатар үлкен аумақтарды қамтиды. Сондықтан олар елді мекендердің атмосферасын, топырағын, өсімдік жамылғысын шаңмен, газбен ластайды. Жылу электр стансаларының технологиялық қажеттіліктерге байланысты судың көп мөлшерін қолдануы, су пайдаланудың тұйық жүйесі болмаған жағдайда, жерасты жəне жербеті суларының ластануына əкеп соғады. Кішігірім қалалар мен елді мекендердегі əртүрлі отынды пайдалатын қуаты аз электр стансалары да осы сияқты əсерін тигізетінін айта кеткен жөн.
Атом электр стансалары
Атом электр стансаларының да ландшафтқа өзіндік əсері болады. Гидроэлектр стансаларының табиғи жүйелерге əсері туралы ерекше айта кеткен жөн. Олардың ландшафттың табиғи компоненттерге əсерін өзен ағысын астамшылықпен реттеуден, жерлердің су астында қалуынан, жағалаулардың абразиясынан, т.б. байқауға болады. Дегенмен, жылу электр стансаларына қарағанда гидроэлектр стансаларының ландшафт компоненттеріне кері əсері əлдеқайда кем.
Тау-кен өндірісі.
Тау-кен өндірісінің қоршаған ортаға əсері негізінен жердің сарқылатын қорларын өндіруге байланысты. Өкінішке қарай, пайдалы қазбаларды өндіру көбінесе ғылыми-техникалық ережелерді бұзу арқылы жүргізіледі. Жер қойнауынан кенді мол көлемде өндіруі тау жыныстары қабаттарының табиғи орналасуын өзгертеді, сол арқылы қатты бүлінген «индустриялық ландшафттар» пайда болады. Пайдалы қазбаларды өндіру кезінде бедердің біршама өзгеруі қалыптасады. Ол кезде карьерлер, рудниктер, шахталар, үйінділер, террикондар т.б пайда болады, жер асты сулары мен қабатастар сулардың қоры, дебеті, режимі, химизмі өзгереді, флора мен фауна жойылады. Тау-кен өндірісі орналасқан ландшафттардың атмосфералық ауасының ластану деңгейі террикондар мен кеніштердегі бос жатқан жыныстарды жел ұшыруына байланысты жоғары болады. Топырақтың жоғарғы құнарлы қабатына бос жыныстар толық төгіледі жəне топырақ кен орнын ашу кезінде толық жойылады. Таукен өндірісінің табиғи жүйелердің экологиялық жағдайына кері əсерін болдырмау үшін өндірістің тұйық орамын құрастыру қажет.