Елдің шетіндегі, суық желдің өтіндегі, құстың қанатын талдырған, тұлпардың тұяғын тоздырған кең-байтақ Қызылжар топырағы – алуан-алуан жүйріктердің қадамына қуат, қиялына қанат байлаған қасиетті өңір



Дата07.01.2022
өлшемі22,63 Kb.
#19394
Байланысты:
Жарасбай Сулейменов


Елдің шетіндегі, суық желдің өтіндегі, құстың қанатын талдырған, тұлпардың тұяғын тоздырған кең-байтақ Қызылжар топырағы – алуан-алуан жүйріктердің қадамына қуат, қиялына қанат байлаған қасиетті өңір. Бұл өлкеден талай-талай ел бастаған көсемдер, от ауызды, орақ тілді шешендер, батырлар, ақын-жыраулар шыққан.

Шоқ жұлдыздай жарқыраған осы шоғырдың басында атақты «Елім-ай» дастанының авторы Қожаберген Толыбайұлы, Сегіз сері сияқты саңлақтардың тұрғанын айту зор сүйіініш. Мұның өзі бір жағынан, өңір әдебиетінің тарихы тым тереңде жатқанын айғақтайды. Алайда, «Өзгенің алдына түсіп кетпейік!» деген бойтасалау қазақ әдебиетінің тұма-бұлақтарының көзін бітеп, ағысын тұсап тастағаны да шындық. Тіпті, жетінші-сегізінші ғасырларды, оның ішінде Орхан-Енисей, Күлтегін жазуларын айтпақ қайда, әдебиетіміздегі он ғасырлық тарихты жауып тастап, он сегізінші жүзжылдықпен шектеліп шықтық. Бұхар, Тәтіқара, Ақтамберді, Үмбетей жыраулардың ғибрат алғаны сол айтылған алдыңғы толқын емес пе еді. Бұл орайда ғаламат еңбекқор жазушы, тарихшы-зерттеуші Мұхтар Мағауинге, әсіресе, біздің өңір риза болуы керек. «Қобыз сарыны» еңбегін жазған ол тарих қыртысынан көптеген мұраларды аршып алды. Соның бір кесегі Шал ақын жырлары. Құлеке батырдың ұлы Тілеуке, кейін Шал атанған ол, әкесіне Абылай хан жүктеген тапсырма бойынша әскери-дипломатиялық қарым-қатынаста Ресеймен арадағы тепе-теңдікті сақтауға міндеттелгендіктен, орыс империясына жақын орналасқан шепте туған. Оның жырлары қазақ поэзиясында жыраулар шығармашылығы мен кейінгі ақындардың арасындағы дәнекер деуге хақылымыз.

ХІХ-шы ғасыр қазақ әдебиетінде, соның ішінде, біздің өңірімізде – әнші-сазгерлер өнерімен ерекшеленеді. Сегіз сері, Нияз сері, Дәстем сал, Біржан сал, Ақан сері, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай әндері осы айтылғандарға айғақ. Кейінде Салғара, Жанкісі тағы басқа да әншілер өнері өнегелі. Бірақ бұлар әдебиеттен гөрі өнерде салмақтырақ. Бұл тұста, әсіресе, қазіргі Жамбыл ауданында туған Шағырай, Қарсақ ақындар әйгілі болған. Өкінішке қарай, олардың өмірімен өлеңдері кезінде жетік ескерілмей, зерттеуден тыс қалған.

Мағжан Жұмабаев толық ақталған 1989 жылға дейін ол жайында қазақ қауымы толық мағлұматта болмады. Бұл жылдан соң «Мағжантану» ілімі пайда болды. Бүгінде барлық деңгейде оның шығармалары оқытылып келеді. Өмірбаяны да белгілі.

Мұхтар Әуезов 1923 жылы жазғандай, «Болашаққа жететін сөз – Мағжан сөзі» деген лебіз нақты шындыққа айналды. Оны қазақтан бұрын Түркия танығаны да бүгінде анық ақиқат. Ол өзінің дәуірінен асып түсіп, болашаққа сөзін жеткізді. Шығармалары томдап жарияланды. Әлі де оның сөзі өлмейтіні анық. Тоқсаныншы жылдардың басынан бүгінгі күнге дейін отыз жылға жуық кезеңде өткеннің есесі қайтты деуге әбден негіз бар. Үстіміздегі жылы ақиық ақынның 125 жылдық мерейтойының халықаралық деңгейде аталып өтілуі де солтүстікқазақстандықтар үшін зор мерей болғанын айтуға тиіспіз.

Өңірдің әдеби өрлеуіне Кеңес одағы, Қазан төңкерісі ерекше екпін берді. Бұл кезеңде көштің алдында, топты жарып, Сәбит Мұқанов тұрды. Оның 1920 жылдан, өмірден озған 1973 жылға дейінгі елу үш жылдық шығармашылық ғұмыры қазақ әдебиетінің поэзия, проза, драматургия, әдебиеттану, сын, ғұмырнама, монография тарауларында өшпес із қалдырды. Пролетарлық мәдениеттің қазанында қайнаған Сәбең академик атағын тегін иеленген жоқ. Жазушының бүкіл шығармашылығы бірнеше зерттеулерге, ғылыми еңбектерге арқау болды.

С.Мұқанов туған Жаманшұбармен іргелес Елтінжалда қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы – Ғабит Мүсірепов дүниеге келді. Әлемдік деңгейдегі әдебиет алыбына айналған Ғабең сексен екі жыл ғұмырында поэзиядан басқа жанрлардың бәрінде озық болып, топ жарды. Тіпті, қазақ операларына өзек болған либреттолар Ғабең қаламынан туды. Асқан ғұлама, сөз зергері, академик. Энциклопедиялық білім, зерделі зерен ғибрат оның шығармашылығының шыңы.

Біз бұл арада Сәбең мен Ғабең шығармаларының бас-басына жіліктеп тоқталуға ниет қоймадық. Өйткені, олар мектеп бағдарламасынан бастап, оқытушыларға да, жоғары оқу орындарының студенттеріне де аян. Баймағамбет Ізтөлин ұлт әдебиетінде із қалдырды.

Әдебиет тарихында еліміздің Тәуелсіздігімен қат-қабат қайта жарқ еткен тұлға- Смағұл Сәдуақасұлы (1900-1933). Ол осы келте ғана ғұмырында ел-жұрт үшін аянбай перзенттік парызын атқарған қаламгер. Осы аз ғана жылдардың өзінде Смағұл мемлекет қайраткері ретінде ұлтымыздың болашағына зор қажыр-қайрат жұмсады. Әдебиет майданында жұлдыздай жарқырады. Оның «Сәрсенбек» романы, «Салмақбай, Сағындық», «Күміс қоңырау» повестері, әдеби сын-зерттеулері, мақалалары аян.

Өңірімізде қазақ әдебиетінен нық орын алған қаламгерлер осы екі алыптың жарқыратып жатқан сәулесімен жол тапты. Бұл қатарда халық жазушылары Сафуан Шаймерденов, Сәкен Жүнісов, Кәкімбек Салықов, Герольд Бельгер, Нығмет Ғабдуллин, Айқын Нұрқатов, Жақан Сыздықов, Әмина Шалабаева, орыс әдебиетінен – Иван Шухов, Владимир Шестериков, Борис Петров бар.

Бұлардың әрқайсы қазақ әдебиетінде өшпес із қалдырды. Шығармаларын оқырмандар өздерінің жүректеріне ұялатты.

Саяси қуғын-сүргін құрбандары Әбдірахман Айсарин, Мәжит Дәулетбаев өңіріміздің ғана емес, еліміздің әдебиет тарихынан өшпес орын алған қаламгерлер. Майдангер – ақын Жұмағали Саин (1912-1961) бірнеше томдық өлеңдер жинағын қалдырған.

Өзіміз көзіміз көрген ақын-жазушылардың ішінен өңіріміздегі үздіктері ақын Есләм Зікібаев, прозашылар Ермек Қонарбаев, Зейнелғаби Иманбаев еді. Бұлар бүгінде өмірден озған. Ақын Мүтәллап Қанғожин, марқұм Бақыт Мұстафин де әдебиетіміздегі елеулі тұлғалар. Сыншы, ғалым Тұрсынбек Кәкішев, Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов туралы момнографияларымен әйгілі болды. Әдеби сын турасындағы көптеген монографиялары республика оқу орындарында оқытылып келеді.

Ақын Жарасабай Нұрқанов, сыншы-зерттеуші Серік Негимов ұлт әдебиетінде танымал. Марқұм Мырзатай Серғалиев, Темірғали Нұртазин әдеби сын жанрында ұзақ жылдар зерделі зерттеулерін ұсынды.

Талантты ақын Ерік Асқаров өмірден ерте өтті. Оқырмандар ақын Ербол Шаймерденов өлеңдерін жақсы да жан-жақты біледі.

Бүгінде арамызда қалам тербеп жүрген ақындар Мүталлап Қанғожин, Тоқтар Зікірин мен Зейнолла Әкімжанов та ізбасарларға өнегелі туындыларымен танылған.

Жас дарындарға жол ашылған. Уақыт олардың бүр жарған жауқазындарына нәр беретіні анық.

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,

Қазақстан Жазушылар одағы

Солтүстік Қазақстан облыстық

филиалының директоры.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және «Әдебиет порталына» гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Эл. пошта: Adebiportal@gmail.com 8 (7172) 79 82 06 (ішкі – 112) © adebiportal.kz


https://adebiportal.kz/kz/news/view/20728

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет