Көктемгі каникулға шығуға енді екі күн қалған. Балалар кəдімгідей желігіп, ойлары мектепте емес, ойында еді. Соңғы сабақ біте бере Рахима апай:
– Балалар, бүкіл мектеп оқушылары металл сынығын жинауға кірісетін болды. Бұл игі іске біз де өз үлесімізді қосуымыз керек. Сірə, бұл жұмысқа бүгіннен басгап кіріскен жөн болар. Неғұрлым тездетіп қолға алсақ, солғұрлым ерте бітіреміз, – деді.
Үшінші сыныптықтар ду ете түсті.
– Металды қайдан аламыз?
– Ал, керек болса, каникул!
– Оны каникулдан кейін жинайық та?
– Балалар, тынышталыңдар! Ұйғарым сол – жинау керек.
Барлық мектеп іске кіріседі, біз де сөйтеміз.
Сынып ойланып қалды.
– Металл сынықтары табылады, апай. Көп-көп табылады.
Балалар түгел Бауыржанға қарады: куанғаны да, танданғаны да бар. Айтпаса да түсінікті. Бауыржан енді қай жерді көздеп отырғанын айтуы керек.
– Технологиялық институттың арғы жағындағы қосалқы бөлшектер зауытының орнында темір-терсек толып жатыр. Мен оны көптен бері бір керек болар деп байқап жүргем.
Бауыржанның сөзін балалар іліп əкетті:
– Рас, апай, онда металл сынықтары өте көп.
– Мен де көргем, үйіліп жатыр.
Талғат іштей таңданып отыр: «Мына Бауыржан пəле екен, ей»
Шынында, пəле болмаса, өсте ме? Əйтпесе қосалқы бөлшектер зауытының орталықтағы цехын қаланың шетінен салынған жаңа зауытқа көшіріп əкетіп, оның орнын тегістеп тастағанын осы балалардың бəрі біледі. Қанша тазаладым дегенмен, ол жерде металл сынықтарының əлі де аз емес екені рас. Соны көздеп жүріпті ғой бұл Бауыржан.
Түстен кейін үшінші сынып оқушылары қосалқы бөлшектер зауытының, дəлірек айтқанда, оның көшіріп əкеткен цехының орнына келді. Аумағы əжептəуір жерді алып, бір қарағанда жып-жылмағай болып жатқан жерді көрген балалар:
– Кəне, темір-терсек?
– Жұмысшылар біз жинайды деп темір тастап ақымақ па екен? – десіп қырсық-қыңар сөздер айта бастады.
– Темір-терсекті Бауыржаннан сұраңдар. Мен кеттім. Шоқан да менімен кетеді, – деп Талғат Шоқанға бұрыла берген.
– Менен сұрап не керек? Жөндеп қараңдар, табасыңдар. Кімде-кімге бұл жұмыс ұнамайды екен, барсын, – деп Бауыржан еңкейіп, шеті көрініп жатқан білектей темірді жерден суырып алды.
– Əй, рас екен.
– Жабылдық, ендеше.
Балалар улап-шулап темір-терсек жинауға кірісіп кеп кетті. Талғат пен Шоқан біраз состиып-состиып тұрды да, ақырын жылыстап кете барды. Бауыржан бастаған балалар металл сынықтарын көп қылып жинап өткізді.
Ертеңіне Рахима апай балаларға қатты риза болды:
– Естідім, металл сынықтарын көп өткізіпсіңдер. Жарайсыңдар бəрің де, – деді.
– Апай, арамызда жалқаулар да бар, – деді Бауыржан.
– Иə, олар кім?
– Талғат пен Шоқан.
– Қашан көрсең екеуі өстіп бөлектеніп жүреді, бізге қосылмайды. Кеше де сөйтті, бізді тастап кетіп қалды.
– Бізге де бұлардың қажеті жоқ. Барсын, басқа сыныпқа ауыстырыңыз.
Рахима апай балалардың сөзін үн-түнсіз тыңдап тұр. Талғат пен Шоқанда үн жоқ. Балалардың даусы жарқын-жарқын шығады.
Талғат та, Шоқан да Бауыржанға қарады, бірдеңе айт дегендері. Бауыржан не десін, екеуінен көңілі қатты қалған екен, беттер емес.
Рахима апай да не айтарын білмей дал болды.
– Апай, шынында, бізді үшінші «б» сыныбына ауыстырыңызшы, – деді Шоқан.
– Сөйтіңіздер, апай, – деді Талғат.
– Бұлар ешқайда да бармайды. Не деп барады? Сонда бұл екеуіне бүкіл сыныптың əлі жетпегені ме? Жоқ, жетеді. Жөнге саламыз.
– Балалар, Бауыржан дұрыс айтады. Сендер өз достарыңды өздерің тəрбиелеулерің керек. Жаман оқығанды жақсының қатарына, тəртіпсіз болғанды үлгілі етуге бастау мұғалімінің ғана емес, бəріңнің де мүдделі істерің болуы керек. Солай ма, балалар, – деді Рахима апай.
– Солай, апай!
– Солай!
Рахима апайдың құлағына басқа сөз шалынған жоқ.
Сыныптың да тоқтамы – осы да.
Достарыңызбен бөлісу: |