БІР ШƏУГІМ ШАЙ
Демалыстың аты – демалыс. Демалыс күні елдің бəрі тəрізді Бауыржанның əжесі де орнынан кешеуілдеп тұрады. Бұл күні ешкім еш жаққа асықпайды, əкесі мен шешесі жұмысқа, өзі оқуға, қарындастары балалар бақшасына бармайды. Шай жай ішіледі. Апта бойы ертелі-кеш қазан-ошақтың басынан бір шықпай, тыным көрмейтін əжесінің қолы ұзарып, арқа-басы кеңиді. Асүйге аяғын басып кірмейтін кезі де болады. Асүйдің бар тірлігін апасы атқарады. Ал анау-мынау майда-шүйде шаруаға əжесі Бауыржанды жұмсайды да, өзі көбіне-көп теледидар тамашалайды.
Бауыржан ұйқысынан енді оянып келіп залға кіре берген, əжесі бір қолында лупа, бір қолында бағдарлама, диванда отыр екен, мұны көре салды да:
– Бауыржан, жұрт тұратын уақыт болды, шай қоя салшы, – деді.
Бауыржан ерінді. Бірақ оны қалай айтсын, жалтарды.
– Қайтіп қоям? Қалай қоюды білмеймін.
– Сол да сөз болып па? Қоясың. Қойып көр.
– Қалай?
– Былай. Алдымен шəйнекке су толтыр, сөйтіп, сіріңке шағып, газды ашып кеп жібер. От лап ете қалады. Бітті, шəйнекті оттың үстіне қоя сал. Түсіндің бе?
– Ой, əже, қиын екен, түсінгем жоқ.
– Жүр онда, өзім қойып көрсетейін. Əжесі мен Бауыржан асүйге келіп кірді.
Əжесі жаңағы айтқанын қайта айта жүріп, бəрін өзі істеп шықты: шəйнекке су толтырып, плитаға қойды. Газды жақты. Шай қойылды.
– Қалай, түсіндің бе, балам?
– Түсіндім.
– Онда дұрыс.
Бауыржанның əжесі осы – сенгіш адам. Түс əлетінде əжесі Бауыржанды шай қоюға екінші рет жұмсады.
– Бауыржан, шай қойшы, қарағым.
– Қайтіп қоям? Қоя алмаймын.
– Неге? Бағана түсіндім дегенің қайда?
– Түсінгем. Кранды ашам. Мен ашсам, ол жабылмай қойса, қайтем?
– Бəсе деймін-ау. Кран жабылмаса, үйді су алып кетеді. Нағыз пəле – сол. Жүр, көрсетейін ол кран құрғырды қалай жабатынын.
Əжесі дəл бағанағыдай түсіндіріп жүріп, шайды өзі қойды.
– Ал енді түсіндің бе, балам?
– Түсіндім.
– Түсінгеніңнен де, өзіңнен де айналайын!
Бауыржанның əжесі осы – мейірімді адам. Кешке қарай əжесі Бауыржанды шай қоюға үшінші рет жұмсады.
– Бауыржан, маған бір шəугім шай қойып бере қойшы.
– Қайтіп қоям? Қорқамын.
– Неден?
– Газдан. Өрт шығып кетсе, қайтем?
– Ойбай, абайла! Газ деген бір пəле. Жүр, оны қалай жағу керектігін тағы бір көрсетейін.
Əжесі газды қалай жағу керектігін қайта-қайта түсіндіріп жүріп, шайды тағы да өзі қойды.
– Ал енді бəрін түсінген шығарсың, балам?
– Түсіндім.
– Міне, үлкен жігіт болды деген осы енді!
Бауыржанның əжесі осы – ақкөңіл адам. Залға кірісімен əжесі диванға солқ етіп отыра кетті. Бауыржанның жүрегі дір ете қалды.
– Əже, не, бір жеріңіз ауыра ма?
– Иə, тізем ауырады. Асүй мен екі арада дамылсыз жүгіре бергенді көтере алмайтын болып жүрмін. Əкең мен шешеңнің жұмыстан қолы тимейді. Раушан мен Лəйлə əлі кішкентай. Сен де əлі бір шəугім шай қоюға жараған жоқсың.
Бауыржанның екі беті өрттей боп кетті. Бекер ерінеді екен.
– Əже, əжетай, жүрші асүйге, Мен сізге бір шəугім емес, жүз шəугім шай қойып беруге жараймын. Жүр, көр, шай қойып көрсетейін.
Бауыржан əжесін əй-шайға қаратпай, қолынан тартқан күйі асүйге алып кірді. Демде шəйнектегі ызылдап қалған суды төгіп, қайта толтырды, газды өшіріп, қайта жақты. шəйнекті отқа қойды.
Əжесі аң-таң:
– Апыр-ау, бұл қалай болды өзі? Демнің арасында бəрін қалайша біле қалдың? Бəрі дұп-дұрыс, орнықты.
– Əже, мен бəрін білемін. Сізге бір шəугім шай қойып беруге жарадым ғой, ə?
– Білгеніңнен айналайын мен сенің. Жарадың, жарадың. Əжесі де, немересі де қуаныштан жарылардай болып тұр.
Достарыңызбен бөлісу: |