Электр энергетикадағы өтпелі процесстер 1. 1.Негізгі түсініктер және анықтамалар Электрлік жүйе дегеніміз – шартты түрде бөлініп алынған электрэнергетикалық жүйенің бір бөлігі. Бұл бөлікте электр энергиясы өндіріледі, түрлендіріледі, тасымалданады және тұтынушыларға таратылады.
Апатты жағдайлардың әсерінен электрлік жүйеде өтпелі процесстер туындайды және осы кезде жүйе бір режімнен екінші режімге ауысады.
Жүйенің жұмыс істеу режімі – электрлік жүйенің жұмысын және кез келген уақыттағы жағдайын сипаттайтын процесстер жиынтығы.
Режімнің параметрлері: кернеу, қуат, ток.
Жүйенің параметрлері: кедергі, өткізгіштік, трансформациялау коэффициенті, уақыт тұрақтылары және элементтердің физикалық сипатымен анықталады.
Электрлік жүйенің жұмыс режімі бірнеше түрге бөлінеді: Тұрақталған қалыпты режім – режім параметрлері аз ғана шамада өзгеріп, және оларды өзгеріссіз қалды деп есептеуге болатын жүйенің жағдайы.
Қалыпты өтпелі режім – жүйені қалыпты эксплуатация жасау кезінде пайда болады (жүйенің элементтерін қосу, ажырату, жүктеменің өзгеруі, синхронды машиналардың асинхронды қосылуы).
Апаттық өтпелі режім – электрлік жүйеде келесі жағдайларда туындайды: қысқа тұйықталу (ҚТ), кенеттен жүйенің элементтерінің ажырауы, олардың қайталап қосылуы, синхронды машиналардың асинхронды қосылуы.
Апаттан кейінгі тұрақталған режім – электрлік жүйенің зақымданған элементтері ажыратылғаннан кейін пайда болатын режім. Бұл режімнің параметрлері бастапқы режім параметрлеріне жақын да, немесе алыс та болып келуі мүмкін.
Бір режімнен келесі режімге өту кезінде жүйе элементтерінің электрмагниттік жағдайы өзгереді де, генераторлар мен қозғалтқыштадың біліктерінің электрмагниттік және механикалық моменттерінің арасындағы теңгерім өзгереді. Жүйедегі өтпелі процесс электрмагниттік және механикалық өзгерістердің жиынтығымен сипатталады. Олар бір бірімен тығыз байланыста болады және біртұтас процесс болып есептеледі.
Бірақ, іс жүзінде өтпелі процессті екі сатыға бөледі.
Алғашқы сатыда айналмалы машиналардың үлкен инерциясының салдарынан электрмагниттік өзгерістер орын алады. Процесс секундтың бірнеше жүзден бір бөлігінен 0,1с.....0,2с дейін уақыт алады және электрмагниттік өтпелі процесс деп аталады.
Екінші сатыда жүйенің механикалық қасиеттері сипат алады және процесске зор әсерін тигізеді. Бұл процесс электрмеханикалық өтпелі процесс деп аталады.
Көп жағдайда апаттық өтпелі процесстің пайда болуының басты себебі ол қысқа тұйықталудың әсерінен. Қысқа тұйықталу – бұл фазалар арасындағы немесе фазамен жер арасындағы кенеттен болатын жағдай.
Қысқа тұйықталу болған жерде электр доғасы пайда болады. Қысқа тұйықталу тогына доғаның әсері оның есептеуіне қиындық әкеледі.
Доғаның кедергісінен басқа қысқа тұйықталуда өтпелі кедергі пайда болады, ол ластануды және оқшауламаның қалдықтарының және т.б. қалуына әсер етеді.
Өтпелі кедергі мен доғаның кедергісі аз жағдайда бұларды ескермейді. Мұндай тұйықталу металдық қысқа тұйықталу деп аталады. Максимал мүмкін болатын қысқа тұйықталу токтары металдық қысқа тұйықталу үшін есептелді.
Бейтарабы жерге тұйықталған электрлік жүйеде төрт қысқа тұйықталу түрі болады: (1.1 суретті қара).
а) үш фазалық;
б) екі фазалық;
в) екі фазалық жерге тұйықталған, яғни жерге тұйықталған нүктенің екі фаза арасындағы бір уақытта тұйықталуы;
г) бір фазалық.
Үш фазалық қысқа тұйықталу симметриялық болып табылады, себебі барлық фазалар бірдей шартта болады. Ал қалған қысқа тұйықталулардың барлығы симметриялық емес, себебі фазалар бірдей шартта болмайды.