Тікелей қатысу арқылы жинау. Егер бақылауға жататын зерзаттың әрбір жиынтық бірліктерін арнайы адамның өзі өлшеу, санау арқылы есепке алатын, тіркейтін болса, онда оны тікелей қатысу арқылы мәліметтер жинау тәсілі деп атайды. Мысалы, құнды тауарлар мен бағалы бұйымдарды түгендеу (тізімге алу), вагондарды санау және т.б. Бұл тәсіл статистикалық зерттеудің жетілген түрі болып саналады және одан алынған мәліметтер нақты, толық болып келеді.
Құжаттар арқылы жинау. Егер статистикалық бақылау жүргізу кезінде қажетті мәліметтер тиісті құжаттармен куәландырылса, яғни есеп беру формаларының негізінде жиналған болса, онда оны құжаттар арқылы мәліметтер жинау тәсілі деп атайды. Біздің қоғамымызда статистикалық мәліметтер негізгі есеп беру формаларын толтыру арқылы жиналады. Және ондағы көрсеткіштер халық шаруашылығы салаларында болып жатқан жалпы өзгерістерді толығымен, жан-жақты суреттейді. Сондықтан, статистика органдарына әрбір кәсіпорын, мекеме, ұжым міндетті түрде және белгіленген уақытта қажетті мәліметтерді тапсырады, ал олар оған талдау жұмыстарын жүргізеді.
Сұрақ-жауап арқылы жинау. Кейбір жағдайларда қажетті мәліметтерді тікелей өлшеу, санау немесе құжаттар арқылы жинауға мүмкіндік болмайды. Ондай кезде керекті мәліметтерді жинау үшін сұрақ-жауап тәсілдері қолданылады.
Статистикалық сұрақ-жауап тәсілі деп керекті мәліметтерді сұралушы адамдардың айтқандары бойынша сұрақ немесе санақ қағаздарына жазып алу арқылы жинауды айтады. Мысалы, халық санағы кезінде есепші санақ қағаздарын адамдардың өз аузымен айтқандары бойынша толтырады. Сұрақ-жауап арқылы мәліметтер жинау ауызша немесе жазбаша түрде жүргізіледі және оның экспедициялық, тілшілік, сауал-сұрақтық және өзін-өзі тіркеу сияқты бірнеше жолдары бар.
Эскпедициялық тәсілмен мәліметтерді жинау кезінде арнайы дайындықтан өткен адамдар (санақшылар немесе тіркеушілер) сұралушымен келісілген уақытта кездесіп, қажетті мәліметтерді ауызша сұрау арқылы санақ немесе сұрақ қағаздарына толтырады да, соңынан оны статистика мекмелеріне өткізеді. Бұл тәсіл тікелей халық санағын жүргізу кездерінде қолданылады және оған мемлекет тарапынан көптеген қаржы жұмсалынады. Сонымен қатар, бұл тәсіл қажырлы еңбекті қажет етеді және соған орай жиналған мәліметтердің сапасы өте жоғары болады.