Дәрістің мақсаты: студенттерге әлеуметтанудың теоретиялық-әдістемелік негіздерін түсіндіру. Негізгі терминдер: Әлеуметтік байланыс, Әлеуметтік бақылау, Әлеуметтік қарым-қатынастар
Жоспар О.Конт – әлеуметтанудың негізін салушы. Оның қоғамның даму кезеңдерін қарастыруы. Әлеуметтік статика және динамика концепциясы.
О. Конттың көзқарастарының Г.Спенсер, Г.Тард, Э.Дюркгейм және т.б. ғалымдардың еңбектерінде жалғастырылуы.
Әлеуметтанудың негізін қалаушы О.Конт әлеуметтану пәнін жалпыға ортақ келісім негізін құрайтын тұтас алынған қоғам деп түсінді. Бұл келісім өз кезегінде адамзат тарихының және адамның өз табиғатының бірлігіне сүйенеді. О.Конт оң әлеуметтанушылық білімді табиғи-физикалық процестерге ұқсатып құрды. Әлеуметтануды әлеуметтік физика деп түсіну, оның пәндік саласын әлеуметтік статикаға және әлеуметтік динамика бөлу осыдан келіп шыққан.
Ағылшын философы әрі ғалымы Г.Спенсер әлеуметтануды әлеуметтік институттардың табиғи эволюциясы нәтижесінде ондағы жіктелу тұтасумен ұштасатын әлеуметтік организм ретіндегі қоғам туралы ғылым деп білді.
Неміс кәсіби әлеуметтануының атасы Ф.Теннис әлеуметтанудың өзі жасаған тұжырымдамасы шеңберінде теориялық және қолданбалы әлеуметтанумен қатар салыстырмалы оқу пәні ретінде эмпирикалық әлеуметтануды бөліп қарайды. Ол индуктивтік әдіске сүйенеді және жалпы ұстанымдар ретінде теориялық әлеуметтану ұғымдарын пайдаланады. Ф.Теннистің ойынша, әлеуметтану пәнін әлеуметтіліктің, қоғамдастықтың барлық түрлері және олардың негізін адамдардың өзара әрекеті құрайды.
Француз әлеуметтану мектебінің негізін қалаушы Э.Дюркгейм үшін дербес және ерекшеленген ғылым ретіндегі әлеуметтанудың пәні әлеуметтік фактілерді зерделеу болды, оларды “заттар ретінде”, қоғамдық тұтастықты нығайтатын наным, ұжымдық сана жүйесіне қатысты функционалдылық көзқарасы тұрғысынан түсіндірілуге тиіс нәрсе ретінде қарастыру қажет.
Неміс әлеуметтанушысы М.Вебердің көзқарасы бойынша, әлеуметтану пәнін анықтау әлеуметтік мінез-құлықты түсінумен тығыз байланысты. М.Вебер үшін әлеуметтану пәні дегеніміз әлеуметтік іс-әрекеттердің мән-мағынасының, әлеуметтік қарым-қатынастар мәнінің және олардың әрекет субъектісіне арналған құрылымдарының тұтас жиынтығы. Бұл позитивтік-баяндаушы емес, түсінікті әлеуметтану болуға тиіс.
Әлеуметтану пәні туралы американ әлеуметтанушысы П.Сорокиннің түсініктері қызықты. Ол барлық ғылымдарды үш топқа - объективті нақты өмірдің органикалық бөлігін зерделеумен шұғылданатын ғылымдарға, органикалық емес бөлігі және “органика үстілік” немесе әлеуметтік мәдени бөлігін зерделейтін ғылымдарға бөледі. Объективті шынайылықтағы органикалықтан тыс феномендер саласын адамның ментальдік, ойлау қызметінде көрініс табатын әлеуметтік феномендер құрайды. Бұл салаға тіл, ғылым мен техника, дін, философия, өнер, құқық, этика, адамдардың әдет-ғұрыптары мен мінез-құлықтары жатады. Әлеуметтану ғылымдардың үшінші тобына кіреді және органикалықтан тыс феномендер үшін ортақ нәрселерді зерделейді. Сонымен әлеуметтану барлық категориядағы әлеуметтік феномендер, сондай-ақ оларды біріктіретін қарым-қатынастар мен өзара байланыстар туралы жалпы ғылым болып табылады.
Американ әлеуметтануының классигі Т.Парсонс әлеуметтануды мінез-құлықтардың өзара іс-әрекеттері мен атқаратын рөлдерінен - құндылықтардың жалпы иерархиясына бағытталған өзара іс-қимылдардан тұратын, мәдени үлгілер, ережелер мен мәртебелердің институциялануына негізделетін құрылымдарға сүйенетін, әлеуметтік жүйелерді зерделейтін ғылым деп біледі.
Символикалық интеракционизмнің негізін қалаушы Дж. Г.Мид әлеуметтану жануарлардың мінез-құлқынан принципті түрде өзгеше болатын адам мінез-құлқының механизмін түсінуге тырысуы тиіс деп есептейді. Әлеуметтік өзара әрекет механизмін оның барлық деңгейлері мен мән-мағынасы бойынша барабар түсіну міндетін жеке тұлғаның ішкі дүниесі мен оған себепші болатын факторларды түсінген жағдайда ғана шешуге болады. А.Шюцтің пайымдауы бойынша, әлеуметтану пәні “интерсубъективтіліктің”, яғни жеке адамдар бірін-бірі қалай түсінетіндігінің, дүние туралы жалпы қабылдау мен жалпы түсінік қалай қалыптасатындығының проблемасы болып табылады. Шюцтің интерсубъективтілікті талдаулары кәдуілгі білімнің әлеуметтанушылық іргетасын - феноменалдық әлеуметтанудың бүгінгі таңдағы неғұрлым толық жасалған тұжырымдамаларының бірінің іргетасын қалады.