Әлеуметтік көмек көрсетілетін азаматтарға әлеуметтік көмектің мөлшерін, көздерін, түрлерін және оны беру қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 12 наурыздағы № 320 Қаулысы.
"Білім туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының 4-бабының 25-1) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған:
1) Әлеуметтік көмек көрсетілетін азаматтарға әлеуметтік көмек беру қағидалары бекітілсін;
2) Әлеуметтік көмек көрсетілетін азаматтарға әлеуметтік көмек беру мөлшері, көздері мен түрлері.
2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
3. 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін, осы қаулымен бекітілген Әлеуметтік көмек көрсетілетін азаматтарға әлеуметтік көмек беру қағидаларының 5-тармағының 7) тармақшасын, осы қаулымен бекітілген әлеуметтік көмек көрсетілетін азаматтарға әлеуметтік көмек беру мөлшері, көздері және түрлерінің 1-тармағының үшінші абзацын қоспағанда, осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 26.10.2018 № 686 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) қаулысымен.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
|
К. Мәсімов
|
|
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 12 наурыздағы
№ 320 қаулысымен
бекітілген
|
Әлеуметтік көмек көрсетілетін азаматтарға әлеуметтік көмек беру қағидалары
1. Осы Әлеуметтік көмек көрсетілетін азаматтарға әлеуметтік көмек беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Білім туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының 4-бабының 25-1) тармақшасына сәйкес әзірленген және білім беру ұйымдарында білім алу кезеңінде азаматтарға әлеуметтік көмек берудің тәртібін айқындайды.
2. Мемлекет білім алу кезеңінде:
1) жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға;
2) интернаттық ұйымдарда тәрбиеленіп және (немесе) оқып жүрген даму мүмкіндіктері шектеулі балаларға, мүгедектерге және бала кезінен мүгедектерге, мүгедек балаларға;
3) кәмелетке толмағандарды бейімдеу және өмірде қиын жағдайда жүрген балаларды қолдау орталықтарындағы балаларға әлеуметтік көмекке арналған шығыстарды толық қамтамасыз етеді.
Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 31.03.2022 № 182 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
3. Толық мемлекеттік қамтамасыз ету білім беру ұйымының интернатында тұратын орын, жұмсақ мүкәммал, жабдықтар мен киім-кешек, тамақ, оқулықтар мен медициналық көмек беруді қамтиды.
4. Әлеуметтік көмек көрсетілетін азаматтарға білім алуы кезеңінде медициналық көмек тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде ұсынылады.
5. Мемлекет білім алу кезеңінде:
1) көп балалы отбасылардан шыққан балаларға;
2) атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балаларға, сондай-ақ мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы орташа табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардан шыққан балаларға;
3) жалпы және санаторийлік үлгідегі мектеп-интернаттарда, мектеп жанындағы интернаттарда тұратын балаларға;
4) дарынды балаларға арналған мамандандырылған интернаттық білім беру ұйымдарында тәрбиеленіп және оқып жүрген балаларға;
5) интернаттық ұйымдардың тәрбиеленушілеріне;
6) денсаулық жағдайына байланысты бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламалары бойынша үйде немесе стационарлық жағдайларда медициналық көмек, сондай-ақ қалпына келтіру емін және медициналық оңалту көрсететін ұйымдарда ұзақ уақыт оқитын балаларға;
7) "Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті" коммерциялық емес акционерлік қоғамында білім беру гранты бойынша оқитын студенттерге;
8) білікті жұмысшы кадрларды даярлауды көздейтін техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламалары бойынша оқитын студенттерге;
9) Қазақстан Республикасының заңдарымен айқындалатын өзге санаттағы азаматтарға арналған шығыстарды ішінара өтейді.
Мемлекет осы Қағидалардың 5-тармағының 3), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген санаттағы азаматтарға тамағы үшін тамақ құнының 80 пайызы мөлшерінде (20 пайызы ата-аналардың төлемі есебінен жабылады) шығыстарды өтейді.
Осы Қағидалардың 5-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген және қорғаншылықтағы (қамқоршылықтағы), патронаттық тәрбиедегі, баланы қабылдайтын отбасылардағы адамдардың техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру ұйымдарында білім алу кезеңінде жетім балаларға арналған күндізгі рацион құнының 40 пайызы есебі республикалық немесе жергілікті бюджеттер есебінен тегін ыстық тамақтануға құқығы бар.
Осы Қағидалардың 5-тармағының 7) тармақшасында көрсетілген адамдарға мемлекет тамақтану құнының 100 пайызы мөлшерінде ыстық тамаққа кететін шығыстарды өтейді.
Осы Қағидалардың 5-тармағының 8) тармақшасында көрсетілген адамдарға мемлекет ыстық тамаққа кететін шығыстарды жергілікті бюджеттер есебінен жетім балаларға арналған күндізгі рацион құнының 40 пайызы есебімен өтейді.
Тамақтануға кететін шығыстар жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша толықтай жергілікті бюджеттер есебінен жабылуы мүмкін.
Орта білім беру ұйымдарының мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан, сондай-ақ мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан білім алушылары және жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар осы қаулымен бекітілген әлеуметтік көмек көрсетілетін азаматтарға әлеуметтік көмек берудің мөлшеріне, көздеріне және түрлеріне сәйкес мектепте бір рет тамақтандырумен қамтамасыз етіледі.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары жіберген, шет елдердің техникалық және кәсіптік, жоғары оқу білім беру ұйымдарында оқитын жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға әлеуметтік көмекті осы мемлекеттік орган көрсетеді.
Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 31.03.2022 № 182 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
6. Білім алу кезеңінде әлеуметтік көмекті білім беру ұйымдары немесе Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мынадай растаушы құжаттардың бірімен қоса, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, кәмелетке толған балалардың, ата-аналарының немесе өзге де заңды өкілдерінің еркін нысандағы жазбаша өтінішімен жүзеге асырады:
1) көп балалы отбасылардан шыққан балалар үшін – туу туралы куәліктің көшірмесі;
2) жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, отбасыларда тәрбиеленетін балалар үшін – қорғаншылықты (қамқоршылықты) бекіту туралы анықтаманың көшірмесі;
3) жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, отбасыларда тәрбиеленетін балалар үшін – баланы (балаларды) патронаттық тәрбиеге немесе баланы қабылдайтын отбасына беру туралы шарттың көшірмелері;
4) мүгедектер және бала кезінен мүгедектер, мүгедек балалар үшін – мүгедектігі туралы анықтама немесе даму мүмкіндіктері шектеулі балалар үшін – психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация қорытындысының көшірмесі;
5) атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балалар үшін – өтініш берушінің (отбасының) жергілікті атқарушы органдар ұсынатын мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті алушыларға жататынын растайтын анықтама;
6) жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын отбасылардан шыққан балалар үшін – алынған табыстар туралы мәліметтер (жұмыс істейтін ата-аналарының немесе оларды алмастыратын адамдардың жалақысы, кәсіпкерлік қызметтен және басқа қызмет түрлерінен түсетін табыстар, балаларға және басқа да асырауындағыларға арналған алимент түріндегі табыс);
7) 5-тармақтың 8) тармақшасында көрсетілген тұлғалар үшін – оқу орнына қабылдау туралы бұйрықтың көшірмесі.
Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы табыстар сомасын жыл басынан бастап әлеуметтік көмек көрсетуге қаражат тағайындау үшін өтініш берген сәтке дейінгі барлық айларға (өтініш берген айды қоса алғанда) және отбасы мүшелерінің санына бөлу жолымен айқындалады.
Жан басына шаққандағы орташа табысты есептеу кезінде отбасының құрамында ата-аналары (өзге заңды өкiлдерi) және олардың асырауындағы 18 жасқа толмаған балалар ескеріледі.
Атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан, сондай-ақ мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын отбасылардан шыққан балалар үшін білім алу кезеңінде әлеуметтік көмек алу құқығы жыл сайын осы Қағидалардың 6-тармағының 4) және 5) тармақшаларына сәйкес білім беру ұйымына құжаттарды ұсыну арқылы расталуға тиіс.
Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 31.03.2022 № 182 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
7. Білім беру ұйымы немесе Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы қажетті құжаттармен бірге өтініш түскен күннен бастап күнтізбелік 10 күн ішінде оларды қарайды және әлеуметтік көмек көрсету немесе одан бас тарту туралы шешім қабылдайды.
Ата-аналар немесе өзге де заңды өкілдер құжаттардың толық емес топтамасын және (немесе) қолданылу мерзімі өтіп кеткен құжаттарды ұсынған жағдайда, білім беру ұйымдары немесе Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары өтінішті қабылдаудан бас тартады.
Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 31.03.2022 № 182 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
8. Өтініш берушінің әлеуметтік көмекті заңсыз тағайындауға алып келетін жалған мәліметтер ұсынуы және әлеуметтік көмек алуға әсер ететін жағдаяттар туралы уақтылы хабарламауы азаматтарға әлеуметтік көмекті көрсетуден бас тарту болып табылады.
Бас тартылған жағдайда жазбаша түрде әлеуметтік көмек ұсынудан бас тарту себептері туралы дәлелді жауап беріледі.
9. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру ұйымының басшысы және Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары:
1) жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қатарындағы білім алушыларға каникул кезеңінде білім беру ұйымдары мен мемлекеттік органдардың қаражаты есебінен олар тәрбиеленген ұйымдар мен отбасыларға жол жүруін, тәуліктік шығыстарды заңнамада белгіленген тәртіппен қаржыландыруды;
2) каникул кезеңінде ұйымдастырылған демалыс орындарына бармайтын жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қатарынан білім алушыларға тамақтануға арналған тәуліктік норма құнының шегінде қолма-қол ақша бөлуді жүзеге асырады.
Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 31.03.2022 № 182 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
10. Әлеуметтік көмек көрсетілетін азаматтарға білім алу кезеңінде жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүру құқығы беріледі.
11. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беру ұйымының басшысы мүмкіндігіне қарай:
1) жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға;
2) мүгедектерге және бала кезінен мүгедек балаларға еңбек лагерлеріне, пансионаттар мен профилакторийлерге, демалыс үйлеріне, студенттік сауықтыру лагерлеріне, ал медициналық айғақтар болған кезде тиісті бейіндегі шипайжайларға білім беру ұйымының қаражаты есебінен тегін жолдамалар береді.
12. Білім алу кезеңінде мемлекеттің толық қамтамасыз етуінде болатын жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың жол жүруіне байланысты шығыстар оқушының және студенттің жол жүру билеттерінің құны есебімен мемлекеттік білім беру ұйымдарының қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
13. Қосымша білім беру ұйымдарында жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың білім алуы осы ұйымдардың қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
14. Білім алу кезеңінде әлеуметтік көмек көрсетілетін азаматтардың шығындарын білім беру саласындағы уәкілетті орган не бюджеттік бағдарламалардың тиісті әкімшісі республикалық және жергілікті бюджеттерді қалыптастыру кезінде мемлекеттік білім беру ұйымдарының өтінімдері негізінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қарайды.
Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 31.03.2022 № 182 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
|
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 12 наурыздағы
№ 320 қаулысымен
бекітілген
|
Достарыңызбен бөлісу: |