Сүт безінің қатерлі ісігі - бұл әрбір оныншы әйелде кездесетін қатерлі жаңа түзіліс. Омырау обырын кез келген жаста анықтауға болады. Бірақ 65 жастан асқан әйелдерде бұл қатерлі ісіктің пайда болу қаупі осы жасқа дейінгілерге қарағанда 6 есе жоғары. Зерттеушілер аурудың туындауына негізгі себептер ретінде мыналарды атады: ауырлаған тұқым қуалаушылық: егер науқастың туыстарында, әсіресе анасы жағынан, сүт безінің, жыныс мүшелерінің обыры немесе басқа да онкологиялық аурулар анықталған болса, онда сүт безі қатерлі ісігінің пайда болу қаупі арта түседі; етеккірдің ерте келуі (12 жасқа дейін) және етеккірдің кеш тоқтауы (55 жастан кейін); бастапқы бедеулік, бірінші баланы кеш босану (30 жастан кейін), лактацияның болмауы немесе бала емізудің қысқа уақыты, босанудан кейінгі мастит; жыныстық қатынастың тұрақсыздығы; сүт безінің жарақаты; "сүт бездерінің дисгормоналды гиперплазиясы" диагнозы; семіздік; қалқанша без жұмысының бұзылуы; толықтырушы гормоналды терапия. Сүт безі қатерлі ісігінің диагностикасы және оның кезеңін анықтау Дәрігер қабылдау барысында науқастың шағымдарына зер салып, тексеру жүргізу керек. Тексеру кезінде омыраудың көлемі, пішіні, консистенциясы, сүт безінің тығыздығы, емшектегі бөліністер мен оның сипаты, теріні жара басу, ісік немесе қызаруға мән береді. Онколог дәрігер Екатерина Чернованың айтуынша, қолтықасты, жауырынасты және жауырынүсті аймақтар міндетті түрде тексеріледі. Сүт безінде қандай да бір патологиялық өзгеріс анықталса, дәрігер науқасты қосымша тексеруге бағыттайды. Диагностиканың негізгі әдісі – маммография. Сүт бездерінің бұл рентгтендік зерттеуі скринингтік тексеруді тез әрі қауіпсіз жүргізуге мүмкіндік береді. Маммография сүт безі қатерлі ісігін клиникалық симптомдар болмаған жағдайда ерте кезеңде анықтай алады және қатерлі ісік бар болса, ауруды растай алады. Бірқатар жағдайда науқасқа тамырішілік контрастпен сүт бездерінің МРТ тағайындалады. Көп жағдайда бұл мына кезде қажет болады: басқа тексерулердің екіұдай қорытындысы кезінде; омырау тінінің жоғары тығыздығы жағдайында; омырауда имплант болса; сүт безі қатерлі ісігінің тұқым қуалаушығы, сүт бездерінің үлесті обыры кезінде. Кешенді тексеру нәтижелерін алғаннан кейін және сүт безіндегі ісік расталған соң биопсия жасау керек. Яғни морфологиялық және иммуногистохимиялық зерттеулер үшін ісіктің бір бөлігін алады. Бұл науқастың одан әрі емдеу тактикасын жоспарлау үшін қажет. Ал обыр сатысын анықтау әр науқас үшін жеке-дара анықталады. Ол кезде қатерлі ісік көлемі, жақын орналасқан лимфа түйіндерінің метастаздармен зақымдалу көлемі, алыс орналасқан метастаздардың бар болуы есепке алынады.