Қысым жасаушы топтардың билік органдарына ықпал етуінің әдеттегі тәсілдері болып табылатындар: - біріншіден, биліктің өкілдік және атқарушы органдары құрамына, сондай-ақ әкімшілік аппараттың функционері ретінде өз мүшелерін тікелей ұсынуы; - екіншіден, ұйым мүшелерінің парламент комиссиясы мен шағын комиссиясының, ведомствоаралық комитеттер мен қызмет саласына қатысуы; - үшіншіден, парламенттің, үкіметтің мүшелерімен, мемлекеттік аппарат шенеуніктерімен және т.б. жеке «достық» байланыстарды қолдауы.
Қазіргі уақытта әрбір елде ондағы қалыптасқан нақты жағдайды көрсететін қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстар аз емес. Соңғы жылдары Қазақстан аумағында көптеген қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстар пайда болды. Бүгінде біздің еліміздің қоғамдық өмірінде мыңдаған қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстар әрекет етуде, олардың қоғамдағы ролі артып келеді. Қазақстан халқының бұқаралық санасының құрылымында жаңа демократиялық көңіл-күйдің және гуманистік құндылықтардың пайда болуы қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстардың бұрынғы, көбіне тиімсіз формаларынан азат етілген Қазақстанның әлеуметтік-саяси кеңістігін толтыруға қабілетті азаматтардың қоғамдық бірлестіктерінің жаңа түрлерін туындатады. Осылайша, біздің елімізде азаматтық қоғамның жұмыс істеу өрісі кеңейіп келеді. Бұл әлеуметтік-саяси саланың демократиялануының неғұрлым жалпы үрдісін білдіреді. Мұнда тек Қазақстанның қоғамдық өміріндегі оң дәстүрлермен байланысты жоғалтып алмау маңызды. Оған бұзушы сипаты бар және елдің демократиялық жаңаруына зиян келтіруге қабілетті қоғамдық бірлестіктердің енуінің алдын алу керек. Қазіргі өркениетті қоғамдардың саяси жүйесінің элементі бола отырып, қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстар аса маңызды міндеттерді орындайды. Сондықтан қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстардың қызметтерін айқындаудың маңызды теориялық және тәжірибелік мәні бар. Өйткені бұл азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекет жүйесіндегі олардың орнын анықтауға, сондай-ақ олардың белсенділігінің байқалу формаларын, тәсілдерін көрсетуге көмектеседі.
Қоғамдық қозғалыс деп өкімет билігі үшін күрес арқылы қазіргі жағдайды өзгертуге немесе үкіметке ықпал жасай отырып, оны нығайтуға тырысқан қоғамдық күштерді айтады. Қоғамдық қозғалыстың ерекшелігі ол үкімет үшін немесе үкіметті жүзеге асыру тәсіліне ықпал ету үшін күреседі.Қоғамдық қозғалыстардың пайда болуына төмендегідей саяси жағдайлар себеп болады. Жеке адам өз ойын, көзқарасын өкімет орындарына тікелей жеткізе алмайды. Сондықтан өзі сияқтылармен топтасады. Экономикалық және әлеуметтік қайшылықтар себеп болады. Мысалы: Жаңаөзендегі (1989 ж.)әлеуметтік жағдайға наразылықтан онда «Бірлік» деген ұйым құрылды. Ұлттық мәселелердің шешілмеуі. Мысалы: «Азат», «Желтоқсан». Саяси қозғалыстар көпшілік партияны құру жолыдағы алғашқы саты болуы мүмкін. Қозғалыстың партияға тән ұйымы,жұмысының біріңғай бағдарламасы,басқаруда айқын принциптері болмайды. Әдетте,оның әділеттілік,бостандық, қарусыздану, бейбітшілік үшін күрес, ұлттық жаңарып өркендеуі, айналадағы ортаны қорғау, т.с.с. жалпыхалықтық, азаматтық талаптарға негізделген басты мақсаты қалыптасады. Бұл ұрандар көпшіліктің көңілінен шығып, бастарын қосады, тіпті өзара айтарлықтай айырмашылықтары бар қоғамдық таптарды да біріктіруі мүмкін. Көбінесе қозғалыстар стихиялы түрде пайда болады.