XIX ғасырдың соңында Омбы орман шаруашылығы училищесінде оқытушылық қызмет атқарып, ғылыми жұмыстармен айналысады. Ол 1896 ж. көрнекті ғалымдардың кепілдемесімен Орыс географиялық қоғамы Батыс-Сібір бөлімшесінің толық мүшесі болып сайланды. Әлихан «Ресей. Жалпы географиялық сипаттама» атты көп томдық еңбектің қазақ даласына арналған 18 томына автор ретінде қатынасқан. Ол ғылыми жұмыспен қатар қоғамдық-әлеуметтік саяси қызметтерге де белсене араласа бастайды. 1904 жылы қазақ даласына қоныс аудару қозғалысын даярлап берген Ф.А. Шербина экспедициясының құрамында болды. 1911-14 жж. Әлихан Бөкейхан «Жаңа энциклопедиялық сөздіктің» 4-21 томдарына автор ретінде қатысты.
Әлихан Бөкейхан — ғұлама ғалым ормантанушы, экономист, мал шаруашылығын зерттеуді ғылыми жолға қоюшы, тарихшы, этнограф, әдебиеттанушы, аудармашы, әрі публицист ретінде қазақ халқының саяси әлеуметтік, мәдени рухани тарихында өшпестей із қалдырған ұлы тұлға. Ә.Бөкейханұлының әдебиеттану тұрғысынан жазылған еңбектері ғалым Д.Қамзабекұлы тарапынан жан-жақты қарастырылады. Бұл зерттеуде Ә.Бөкейханұлының алғашқы еңбектерінің бірі ретінде «Женщина в киргизкой былине Кобланды» атты мақаласы сарапталған. «Туркестанские ведомости» газетінің бірнеше санында жарияланған.