Сарыпбек атама
Ес білгеннен бері білетінім – ол кісіні біздің ауылдың
үлкені-кішісі Болыс ата дейтін. Жаңа түскен келіндер:
«Болыс ата» десе, әйелдер жағы «болыс қайнаға» деп
жататын.
Сол кезде Болыс атаның жасы сексенді алқымдап қалса
керек. «Шын аты – Нұрмұхамбет болса да, ол кісіні неге
бәрі «Болыс ата» дейді? Сол туралы ойланып көрмеппіз.
Ол кісінің бітім тұлғасы да, жаратылысы да ерекшелеу
еді. Нағашылары Арқа жағынан деп есітетінбіз. Ұзын
бойлы, ақсары жүзді, көзі көкшілдеу, ат жақты кісі еді.
Біздің Оңтүстіктің қараторы, қоңырқай жүзді адамдарына
онша ұқсай бермейді. Қатарластарының көбі кетіп қалған
соң, Болыс ата ауылымыздың жасы үлкен қариясы болып
қалған.
Әңгіме айтса, еңбек армиясында болған кезін жыр ғып
айтып беретін. Соғыс кезінде еңбекке жарамды азаматтар
еңбек армиясына шақырылған, халық шаруашылығы
үшін үлкен маңызы бар құрылыс нысандарын салу
үшін. Сондай үлкен құрылыс нысандарының бірі –
79
Мырзашөл аймағындағы Киров каналы еді. Ол шөл
және шөлейт аймақтағы жердерді игеруге, суландыруға
арналған болатын. Болыс ата сол каналды салуға бастан-
аяқ ат салысқан. Канал құрылысы соғыстың алдында
басталғанда, соғыс кезінде жалғасқан.
Ауылдастары ол әңгімені жатқа біледі десе де болғандай.
Білсе де: «Жас үлкен кісі ғой, айтса айта берсін», – деп
иба сақтап, бас изесіп отыра беретін. Ал, біздер баламыз
ғой, ұйып тыңдаймыз. Ол кезде Болыс атамыз тепсе темір
үзетіндей күшті, нар тұлғалы жігіт болса керек. Қайратты,
қарулы азамат канал құрылысындағы озаттардың бірі
болған. Сол еңбегі үшін Қызыл байрақ ордені өз айтуы
бойынша, яғни Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған.
Онша мақтау сүймейтін, еңбегін бұлдағанды жек көретін
жан. Сол ордені құрғырды да жөндеп тағып көрмепті.
Тағып көрмек түгілі, дұрыс сақтамапты да. Ордені де,
куәлігі де жоғалып кетіпті құнттамаған соң. Зейнеткерлікке
шығарда райсобездегілер еңбек кітапшасын ақтарғанда
ордені бар екенін біліпті. Білген соң куәлік кітапшасын
сұраған. Ол қайдан болсын. Жатқан жерін бір құдайдың
өзі білер. «Мүмкін сұрастырып, іздестіріп көрерсіз.
Зейнетақыңыз көптеу болады», – деген ондағыларға:
«Өткенім өтті, кетті. Қайта қазбалап енесіне
әуреленемін», – деп Болыс ата қолын бір-ақ сілтеген.
– Құдайға шүкір, ешкімнің қолына қарап қалған жайым
жоқ.
Қорасында екі-үш сиыры, отыз шақты ұқсақ малы, бау-
бақшалық жері бар, бір мәнісі болар.
Ауылдағы он шақты үй ұсақ малдарын кезектесіп
бағатын. Қой-ешкіні, бала да, шаға да, қыз да, келін де
бағады. Әсіресе, балалар азарда-безер. Сабақтан қалуға
тура келеді ол үшін.
Болыс ата зейнеткерлікке шығысымен ауылдастары:
«Ақысын төлейік, малымызды бақсаңыз», – деп қолқа
80
салқан.
– Бақсам бағайын. Үйде де алып бара жатқан шаруам
жоқ қой, – деп келісе кеткен.
Болыс ата затында ақша ұстап, тиын санағанды жек
көретін. Бар тапқанын кемпірінің алақанына салып, тыныш
отыратын, малды бағуын бақса да, ақшасын сұрауға жоқ-
тын. Кейбір қулары берер ақысын келесі айларға шегере-
шегере ақырында ұмыттырып та жіберетін. Кемпірі
байғұс айғай-шу көтеріп жүріп, ақшасын жинап алатын.
Ауыл үйде – мал сойылса болды, біздер «Болыс атаны
кешкі асқа шақырайық та», – деп тұрамыз әке-шешемізге.
Өйткені, ол кісі ауылдың үлкені. Ас үстінде алдына
қойылған бастың құлағын бізге кесіп береді, соңынан
өлген кісілердің рухтарына бағыштап құран оқиды.
Үйге кісі келсе алдымен бала қуанбайды ма. Шешеміз
сандықты ақтарып кәмпит-сәмпитін, өрік-мейізін
шығарады. Жеп-тойынған соң кетуге асығамыз. «Болыс
аталарыңның әңгімесін тыңдаңдар», – деп шешеміз
ұрсып, отырғызып қояды.
– Апыр-ау, «трудармияның» әңгімесін жатқа білеміз
ғой, – дейміз жыларман болып.
– Әй, сендер адам болмайсыңдар, үлкен кісіні
сыйламайсыңдар! – деп шешеміз кіжінетін. Есейген соң
ойлап қарасам шынында да Болыс ата біздің ауылдың
ешқандай сайлаусыз сайлап қойған болысы болған екен.
Содан екен ғой ол кісіні бәрінің Болыс ата дейтіні. Ауылдағы
көп тірліктің түйінін сол кісінің алдында шешімін тауып
жататын. Бұзық та, тентек те, кесір келін де, шайпау әйел
де Болыс ата десе аяқтарын тартатын. Ол кісі қатал болса
да әрбір істі әділ, шын шешетін. Келін мен бала арасында
кикілжін туа қалса, болыстың әңгімесінен соң татуласып,
табысып кететін. Баппен, байыппен ұзақ сөйлесіп,
шайқала жаздаған талай шаңырақты аман сақтап қалды.
Тентек бала, маскүнем күйеу, ұрлық-қарлық істегендер
81
ешқандай милиция, сотсыз-ақ болыс атанып «жазасын»
алып жататын. Кімнің не істеп жүргенін, ақыры немен
тынарын біліп отыратын. Ақылын айтып сақтандыратын.
Әттең, оқымай қалғаны болмаса. Оқымаса да өмірден
көріп-түйгені мол, табиғат берген пайымы бар, ақылгөй,
сұңғыла адам еді. Қандай дәрежедегі адам болсын ортақ
тіл табысып, сөйлесіп кететін.
– Болыс ата, Америкада, Қытайда не болып жатыр екен?
– десең, газет-журнал оқып, радиодан құлақ алмайтын
біздерден асып түседі, біз білмегенді біліп отырады.
Соның бәрін қайдан біліп алғанына таң қаласың.
Кемпірі марқұм өмірден ерте кетті. Қатарластары
үйленіп ал деп қаншама үгіттеген.
– Жасым алпыстан асты, жас емеспін ғой желкілдеген.
Біреудің әйелі біреуге әйел болып оңушы ма еді, – деп
көнбеген-ді. Оның үстіне қандай жан кез боларын бір
құдай біледі. Ертең үйге кіруін кіріп алып, ұл-қызын
жекіп, нұқып күн көрсетпей отырса, олардың көңіліне
қылау түсе ме, – деп ойлайды.
Міне, осы Болыс ата үлкен дәрежелі бастық, ас та төк
дүние жинаған бай болмаса да, өзінің асыл адамгершілік
болмысымен бүкіл ауылымыздың қадірлі, сыйлы Болыс
атасы күйінде өмірден өтті. Жақсы қария аспандағы
күндей баршаға жақсылық сәулесін шашып, көңілдерге
ізгілік нұрын құяды. «Ақылды қария – ағып жатқан дария»
деген рас екен-ау. Ол кісінің жаназасына қарақұрым
жұрт жиналды. Үлкен аулаға сыймаған көп адам сыртта
тұрды. Болыс атаның қазасы ауылдастардың қабырғасын
қатты қайыстырды. Қандай адамды жоғалтқандарын олар
енді білгендей еді. Болыс атаның орны бөлек екен. Күн
де батты. Қариясынан айырылған Арыс жағасындағы
кішкентай ауыл жетімсіреп қалғандай болды.
82
САПАРБЕК АТАНЫҢ
БАЛАЛЫҚ ШАҒЫ
Сапарбек ата – бізбен көрші тұратын Ерлан деген
баланың атасы. Ол кісі қалаға анда-санда келіп-кетіп
тұрады. Әр келген сайын аулада тұратын балалар ол
кісіні ортаға алып әңгімесін тыңдаймыз. Сапарбек ата
керемет әңгімешіл кісі. Әңгіме айтқанда құдды бір сол
оқиғалардың ортасында жұргендей сезінесін өзіңді.
– Ата, сіз де біз сияқты бала болдыңыз ба осы? – дейміз
біреуіміз.
– Е-е-ей, қарақтарым-ай. Осы шал күйімде аспаннан
түсе қалды деймісіңдер мені. Мен де өздерің сияқты бала
болғам. Бірақ бізде балалық шақ болды ма. Қу соғыс
әкемізді де, балалық шағымызды да жалмап кетті ғой, –
деп күрсініп қойып Сапарбек ата әңгімесін бастап кетті.
Әкем бес ағайынды еді. Әкем мен төрт ағам соғыстан
оралмады. Бір ағамыз аман келіп еді. Соғыстан алған
жарақатының әсерінен көп ұзамай қайтыс болды. Соғыс
басталған да бес-алты жастағы бала едім. Кішкентай
болсақ та, сонау батыста басталған алапат дауылдың легін
сезгендей болдық. Ер-азаматтар соғысқа аттанып жатты.
Ауылда жұмыс істейтін адам қалмады. Олардың орнын
қарттар, әйелдер, балалар басты. Көктемде егін егу, шөп
орудан қол босаса мектепке де барамыз. Суық бөлмеде
киіммен отырамыз. Жағатын отын қайдан болсын. Кітап
бірлі-жарым. Дәптеріміз газет беті. Табылмаса ол да жоқ.
Соған қарамастан жақсы оқуға тырысамыз. Жаман оқысақ
соғыста жүрген кісілеріміз ренжитіндей. Бірінші кластың
соңына таман мені мектептен шығарып жіберді. Бір
83
күні мектепке келсем, маған мұғалім: «Үйіңе қайта бер,
сен енді оқымайсың!» – деді. «Неге?», – деп едім, «Оны
білудің қажеті жоқ», – деді. Содан шығып шешеме келдім.
Шешем бәрін айтып түсіндірді. Менің үлкен атам би
болған кісі екен. Ол кезде би, болыс, бай дегендердің үрім-
бұтақтарын оқуға алмайтын. Болмайды дегенге қарамай
мектепке күнде келемін. Кейде жалынып-жалбарынып
отырып алам. Мұғалім – шал кісі еді, көңілімді қимай,
кейде, сабаққа кіргізеді. Бір күні былғары күрте киген
біреу келіп:
– Мынаны неге оқытып жатырсың? – деп мені көрсетіп
мұғалімге дүрсе қоя берді. – Жоқ, әлде сен Сталиннің,
коммунистік партияның шешіміне қарсысың ба?
Мұғалімнің түрі бұзылып сала берді. Мен ертеңіне сабаққа
келуді мүлдем қойдым. Сол кезде атамның би болғанына
қатты өкіндім. Ызам келіп биік жардан секіріп өлсем бе
деп ойладым. Бірақ шешемді аядым. Содан жұмысқа
кірісіп кеттім. Атшы да болдым, өгізге арба жегіп те
айдадым. Жұмысқа алданып бәрін ұмытқандай болдым.
Бір күні ауылда кеңеске шақыртып жатыр дегенді естідік.
Шешемнің үрейі ұшып кетті. Келсем, сол былғары күрте
киген отыр түксиіп. Сәлем алмастан қабағын шытып.
– Сен ФЗО-ға барасың, – деді.
ФЗО-ның не екенін мен қайдан білейін. «Е-е, ФЗО
деген соғыс болып жатқан жер шығар, мүмкін әкемді
көріп қалармын» – деген оймен:
– Барамын, барамын, – дедім қуанып. Былғары
күрте киген: «мынаның есі дұрыс па? Жұрттың баласы
бармаймын деп қиғылық салып жатқанда, – деді кекете
күліп. Соңынан білдім. ФЗО деген фабрика, заводта
жұмысқа дайындап оқыту екен. Барамын дегеніме қатты
өкіндім. Амал қанша, шешем жылап-сықтап жүріп, мені
жолға дайындады. Мойныма алақандай тұмар тағып
берді. Содан ауылдан бес-алты ұл-қызды машинаға
84
мінгізіп алып кетті. Машинаға бірінші рет мінгеміз
ғой. Алғашында қорқып едік, кейін етіміз үйренді. Екі
езуіміз құлағымызда. Ауылдан алыстап бара жатқанымыз
ойымызға кіріп-шықпайды. Бес-алты сағат жүріп, бір
жерге келіп тоқтадық. Үлкен төбенің асты үңгір сияқты
қазылған екен. Үңгірден шыққан адамдардың касы-көзі,
кірпігі, кап-кара. Біз таңданып қалдық.
– Бұлар шахтерлер. Жердің астынан көмір қазады, –
деді бізге біреу түсіндіріп.
Бір жігіт менен жөн сұрады. Маған:
– Жұмыс бөлгенде ат айдаушы боламын деп сұра, –деп
сыбырлады. Оған ішім жылып қалды. Бәріміз бір бөлмеге
кірдік. Ескі киімдерімізді шешіп алып,отқа тастады. Су
жаңа киімдер берді. Сабын ұстатып, моншаға кіргізді.
Моншаны бұрын көрген емеспін. Шыққан соң, асханаға
апарып тамақ берді. Үстел үсті самсап тұр. Содан төсекке
жаттық. Таң бозара бере «Подъем!» – деген шаңқ еткен
дауыстан оянып кеттім. Көзімді уқалап, жүре киініп,
асханаға беттей беріп ем:
– Сен не, жуынбайсың ба? – деп біреу білегімнен
ұстай алды. Таңғы асты ішіп болған соң жанағы біреудің
бригадир екенін білдім. Кімнің қай жұмысқа қабілеті бар
екенін сұрастырып жаттық.
Ал, мен:
– Атқа міне аламын. Ауылда өгіз арба айдадым, – дедім.
– Аттан қорықпайсың ба?
– Жоға, қорықпаймын.
«Шахтада ат не істеуші еді, тағы да барып кел, шауып
кел боламын ғой деп ойладым. Сөйтсем, нағыз жұмысты
аттар атқарады екен. Аттарды көріп аң-таң қалдым, құдды
бір ертегідегі Қобыландының Тайбурылы, Алпамыстың
Байшұбары сияқты алғашқы да жақындауға қорықтым,
сөйтсем нағыз жүк тартатын жылқылар екен. Ресей
жақтан әкелінген. Бригадир: – Сен олардан қорықпа, өте
85
ақылды. Барып-қайтуды, бұрылысты өздері біледі. Сен
тек жетектеп отырсаң болды. Жемін, суын беріп күтімге
аласың, – деді. Түскі ас болған кезде қоңырау соғылады.
Аттар да іле тоқтайды, мен оларды босатып алып, арнайы
жемдерді суға шылап, араластырып беремін. Бір-екі күннен
кейін үйреніп кеттім. Бір ай өтер-өтпестен жұмысымызға
ақша бере бастады. Бізге жатқан, ішкен-жегенімізден не
артылады деп ойлағам. Бізді де шақырады. Бір жерге келіп
терлеп-тепшіп памилемізді әрең жаздық. Маған бір бума
ақша берді. Осының бәрі маған ба дегендей шошынып
кеттім. Өмірімде мұндай ақша ұстап көрмегенмін.
Жүрегім дүрсілдеп кетті. Келдім де шапанымның астарын
тіліп, арасына ақшаны салып, қайтадан тігіп тастадым.
Екі-үш айда әжептеуір ақша жиналып қалды. Әйтсе де
қарын тоқ болғанмен, ауылдан шығып көрмеген басымыз,
туған үйімізді сағына бастадық. Алғашында жұмысымыз,
жатар орнымыз, ішер тамағымызға дейін қызық сияқты
көрінген. Дегенмен, туған жеріңе, туған ауылыңа ештеңе
жетпейді екен. Соны түсінгендей болдық. Сағынышымыз
ұлғая түскендей жиналып әңгіме айтамыз. Ауылды айтқан
сайын, онсыз да шыдамымыз таусылып жүрген біздер
«Ал, қайтыңдар!» десе, құс болып ұша жөнелердей күйде
едік. Бірақ біздерді кім жібере қойсын.
– .. Жібермесе, қашып кетейік, – деп шештік. Үш-
төрт күн бойы берген тамақты жеместен дорбаға салып
жинай бердік. Таң ата ерте жолға шықтық. Ешкім ештеңе
сезбейді. Бәрі ұйқыда.
Жолды жөнді білмейміз де. Әйтеуір жобалап жүріп
келеміз, жүріп келеміз. Жететін түріміз жоқ. Ымырт түсіп,
күн қараңғылана бастады. Тауда түн суық болады емес пе,
тоңазып, жаурай бастадық. Шақпақ алғанымыз қандай
жақсы болған. Отын жинап от бастық. Бұл жерлерде аю
да, қасқыр да бар деп естігенбіз. Қорықанымыздан отты
айнала отырып алдық. Содан таң атқанша міз бақпастан
86
отырдық. Күн көтеріле бере алдымыздағы кең жазықтан
тігулі тұрған киіз үйді көрдік. Қойшылардың қосы
сияқты. Төңіректе сиыр, қойы жайылып жүр. Қарнымыз
аш, шегіміз шұрылдап барады. Әуелі біріміз барып мән-
жайды біліп келмек болдық. Имене басып киіз үйге
жақындап келдім де:
– Ассалаумағалейкүм! – деп ішке ендім. Алдымда
қарт кісі отырғанын байқадым. Ой құшағында отырған
болуы керек. мені алғашында байқамады. Мен жөткірініп
қалдым. Ол кісі аң-таң күйімен:
– Қайдан жүрген баласың, бұл төңіректегіге ұқсамайсың
ғой, – деді.
– Иә, мен Қызылтаңнанмын. ФЗО-да оқып жүрмін. Әрі
шахтада жұмыс істеймін, – дедім күмілжіп.
– ФЗО-да оқитын болсаң, айдалада неғып қаңғып
жүрсің, әлде қашып кеттіңдер ме? – деді жүзін суытып.
Мен үндемей қалдым лажсыздан.
– Сен әуелі тамақ ішіп ал, сонан соң сөйлесеміз, – деді.
Мен тамақты не ішерімді, не ішпесімді білмей дағдарып
қалдым. Аналар аш отырғанда маған қалай тамақ батсың.
– Неге тамақ алмайсың? Әлде тоқпысың.
Мен шынымды айттым:
– Жалғыз емеспін, қасымда екі бала бар, – дедім.
– Қайда оларың?
– Анау қырқаның астында.
– Енді неге отырсың, шақырмайсың ба? Бар ертіп кел,
– деді.
Мен орнымнан атып тұрып, жүгіре жөнелдім.
Ет жеп, айран ішіп әл жиған соң ол кісі:
– Ауылды сағынғандарың дұрыс. Бірақ қасқырға жем
бола жаздапсыңдар. Қызылтас алыс емес. Жаяуға бір-екі
сағаттық жер. Мен сендерге жолды түсіндіремін, – деді.
Дорбамызға жолда жейтін оны-мұны салып берді.
Сонымен күн бата ауылға да жеттік. Шешем сырттағы
87
ошаққа от жағып жатыр екен.
– Апа-ау, – деп кемсеңдеп жылап жібердім де, құшақтай
алдым.
– Құлыным-ау, қайдан жүрсің? Оқуыңды бітіріп келдің
бе? – деп ол кісі де жылап қоя берді.
Апам екеуміз шайды ішіп бола берген кезде
қуғыншылар да кіріп келді.
Апам әлі ештеңе білмейтін. Қуғыншыларды көргенде
зәре құты қалмады. Қашып келгенімді естіп, жерден алып,
жерге салды. Іздеп келген кісілер ұрысқан жоқ. Қайта
бізді аман-есен тапқандарына қуанды.
– Біз сендер үшін басымызбен жауап береміз. Онсызда
жақын арада каникулға жібергелі жатқан едік, – деді
мосқалдау бір кісі. Шешеме шапанымды тастап кеттім.
Абайлап сөк, ішінде ақша бар, – дедім қоштасып жатып.
Шешем байғұс көз жасын сығып қала берді. Бізді қайта
алып кетті. Барған соң ФЗО директоры бізбен әңгімелесті.
Татар кісі екен. Қазақшаға судай. Ұрыспай-ақ, жаймен
сөйлесті. Бізді қатты ұялтты. Екі-үш күннен кейін жанағы
кісі мені шақырып алып:
– Маған бала боласың ба? – деді күлімсіреп. Жылы
жүзді кісі болған соң ба:
– . Болсам болайын, – дедім шын көңілімнен. Ол кісі
күліп жіберді де:
– Біздің шынымен баламыз жоқ. Әрі үйге қарайлайтын
адам керек. Мен де, апайың да күні бойы жұмыстамыз.
Біреулер телефон соққанда жауап бересің. Әрі ФЗО-дағы
оқуыңды да оқи бересің, – деді. «Әйелі бар болса неге
баласы жоқ, еркек пен әйел үйленген соң неге баласы
болмайды», – деп ойладым. Балалық қой, кейіннен білдім
әлдеқандай себептермен балалы бола алмай жүр екен.
Содан директордың әрі «баласы», әрі қызметшісі
болып шыға келдім. Ертемен тұрып алып, ауланы тап-
таза ғып сыпырып қоямын. Онан кейін апай жазып берген
88
тізіммен базардан, дүкеннен керекті нәрселерді сатып
алып келемін. Күнделікті, ай сайын ақша беріп тұрады.
Тамақты осы үйден ішемін. Тағы да шапанға ақша жинай
бастадым.
Бәрі жақсы-ау, бірақ шешем есіме түсе береді. Жалғыз
басты ғой. Оның үстіне күз түсе бастады. Отын жиып
алды ма, әлде алмады ма деп қоям. Қиналып жүргені есіме
түсіп кетсе, көзімнен жас та шығып кетеді. Ұнжұрғам
түскенін байқаған болу керек:
– Сен не, ауырып қалған жоқпысың? – деді директор
аға. Мен ол кісіні директор аға, ал әйелін Мәриям апай
дейтінмін.
– Күн суытып кетті. Шешемнің отыны жоқ еді. Өзінің
әлі келмейді, – дедім жыларман болып.
– Сол ма уайымың. Бір-екі күннен кейін отынды
машинамен өзің апарып келесің, – деді ол кісі жымиып.
Мен қуанып кетіп:
– Шын ба? – дедім өз құлағыма өзім сенбей.
Содан ертеңіне жолға жиналдық. Мариям апай бір
сөмкеге апама арнап неше түрлі кәмпит, шай, көйлектік
мата салды.
Көмір мен ағашты жүк машинасына тиедік те, Мариям
апай екеуміз директор ағаның қызмет машинасына мініп,
жолға шықтық. Ауылға жеткенше шыдамым таусылып,
дегбірім қалмады. Іңір болмай жеттік-ау әйтеуір. Екі
машина біздің үйдің алдына келіп тоқтай қалғанда ел-
жұрт лезде жиналып қалды. Шешем байғұстың есі
шығып кетті. Үйге не кірерін, не шығарын білмейді.
Ол кезде біздің ауылда көмір болмайтын. Бәрі көмірді
ұстап көріп аң-таң қалды. Пешке салып едік, пеш дұрыс
болмағандықтан ба от жанбады. Ертеңіне Мариям апай
екеуміз қайтатын болдық. Менің қайтқым келмейді. «Пеш
жөндейтін кісіні қасыңа қосып жіберем, өзің бірге келіп
кетесің», – дегенде мәз болып қалдым.
89
«Қайта келесің» дегеніне шешем де қуанып қалды.
Шешеме директор аға, Мариям апай туралы айттым.
«Иманды кісілер екен, жақсылықтары құдайдан қайтсын.
Айтам ғой жер беті жақсы адамдардан кенде емес» деп ол
кісі одан сайын риза боп қалды.
Мариям апай қайтар кезде шешем қатты састы: –
Қап, ұят болды-ау, келінді қалай құр қол жеберем, – деп.
Ақырында төрдегі сандығын ашып:
– Әжеңнен қалған көз еді, – деп алтын білезікті алып
шығып, Мариям апайға ұсынды. Ондай салтты біле
бермейтін болуы керек, әуелі шошып кетті. «Орамал
тон болмайды, жол болады, алмасаңыз ренжимін», – деп
шешем қоярда-қоймай алғызды.
– Менің жалғызыма бас-көз боп жүр екенсің, өмір
жасың ұзақ болсын, – деп батасын да берді.
– Әгәрда бұзықтық жасап, тыңдамаса сабап алсаңыз да
рұқсат.
– О, не дегеніңіз, балаңыз жақсы бала. Тыңдырымды,
ұқыпты, – деп жатыр Мариям апай.
Бір аптадан кейін, Мариям апай айтқандай пеш
жөндейтін кісіні алып келіп пешті жөндеттік. От жағып
едік, үй іші жылып қоя берді. Пеш үстіндегі шәугім түні
бойы сақылдап қайнаумен болды. шешем біресе жылайды,
біресе күледі.
– Апа, осы кісілермен бірге үлкен қалаға барып, оқу
оқысам қайтеді, – деп ақылдасып ем.
– Жо-жоқ, атай көрме. Маған сенің көз алдымда
жүргенің керек, – деп бой бермеді.
Бара салысымен директор аға бірер айдан кейін үлкен
қызметке ауысты. Маған: «Барсаң жүр, бірге ала кетейін,
оқу оқисың», – деді.
Мен бар ризашылығымды айтып, шешемнің ойын
білдірдім.
– Мейлі, өзің біл, – деп ол кісі мені аса қинамады.
90
Ертеңіне бар сәлем-сауқатымен директор аға мен
Мариям апай мені машиналарымен ауылға шығарып
салды.
Одан бері қаншама жаз, қыс, көктем, күз өтті. Шешем
өле-өлгенше сол кісілерді аузынан тастамай кетті...
Біз құдды бір ертегі тыңдап отырғандаймыз. Сапарбек
атаның сөздеріне не сенерімізді, не сенбесімізді білмейміз.
ЕСКІ ТАНДЫР
Әңгіме
Жазғы демалысым аяқталуға жақын. Азғантай қауын-
қарбызды суғарып түс әлетінде үйге оралдым. Кіре
бергенім сол еді, радиодан ән айтылып жатыр екен.
«Асыл әжем, ғасыр әжем аңсаған,
Сағынышым – сары ормандай самсаған...»
Мен аяқ киімімді шешпестен, тыңдап тұра қалдым.
Апам:
– Қауын қалай екен? – деп еді, мен саусағымды ерніме
тақап тоқтай тұрыңыз дегендей ишарат білдірдім. Неге
екенін білмеймін, осы бір ән ылғи мені баурап алады.
Шынында да: «Менің әжем қандай кісі болған екен»
– деп ойланам. Әйтеуір, тек мейірімді жан ғана болып
елестейді. Бар білетінім, мен екі жасқа толар-толмаста
қайтыс болған.
Апам үн-түнсіз дастархан жайды. Шай үстінде: – Әжем
туралы әңгіме айтыңызшы, – деп қиылдым. Бұл менің
көкейімде көптен жүрген болатын. Апам: «Сен де қай-
қайдағыны сұрайды екенсің?» – деп қояды. Онысында зіл
жоқ.
91
– Иә, жарықтық жақсы кісі еді ғой, – деді апам бір түрлі
мұңайып. Мен одан әрі қазбалай қойған жоқпын. Тек
апам: «Балам, бүгін ескі жұртқа барып қайтайықшы», –
дегенде елең ете түстім. Ескі жұрт бұрын біздің ауылдың
отырған жері. Ол жерге сонау алпысыншы жылдары
Өзбекстаннан көшіп келгенбіз. Алғашқы кезде жергілікті
адамдар біздің ауылды «өзбек ауылы» дейтін. Өйткені
олар өзбекше мен қазақша шатастырып сөйлейтін. Ауыл
Арыстың жағасында. Көктемде тасыған су кей үйдің
табалдырығына дейін келетін. Кей үйді алып та кететін.
Кейін совхоз өзеннен жырақтау жерге жаңа үйлер салды
да, ауыл түгелдей сол жаққа көшті. Ал әжем сол ескі
жұртта қайтыс болған. Бала кезде сол ескі жұртқа барып
ойнайтынбыз. Оған да жиырма жылдың жүзі болып
қалыпты. Апамның: «Барып қайтайық» деген тілегіне
қуана қосылдым. Балалық шақтың ескі іздерімен қайта
жүрудің өзі ғанибет қой. Қамдана бастадық. Апам
орталау табаққа ұн салды. Шай ішетін бір-екі кесе, тұз
алды. Оның бәрін өзі бір жаққа қыдырғанда ғана алатын
қызыл сөмкесіне салды. Мен іштей: «Ұнды не қылады?»
– дедім де үндемедім. Сонан соң ескі сандықты ашып,
ішінен ораулы бірдеңе алып шықты. Оның не нәрсе екенін
білемін. Сыртының күйесі екі елідей күйелеш-күйелеш
қара құман. Апам: «Әжелеріңнің шай қайнатып ішетін
құманы», 0 деп қастерлейтін.
Апам екеуміз ескі жұртқа қарай бет алдық. Мен
жеткенше асығып келемін. Күн ыстық екен, оны елеп
келе жатқан біз жоқ. Жаңбыр әбден мүжіген ескі дуалдар
көзге шалынысымен-ақ жүрегім дүрс-дүрс соқты. Апам
да қалың ойдың құшағында. Бір кезде апам:
– Анау шеткісі біздің үй, – деді. Танымағанда ше,
осы үйде дүниеге келіп, ес білгем, жылағам, ойнағам,
күлгем, қиялданғам. Біз жақындай бергенде дуалдардың
арасынан пыр етіп жабайы кептерлер ұша жөнелді. Үйдің
92
тек қауқиған қабырғалары ғана қалыпты. Менің назарым
сол қабырғаларда. Ал апам естілер-естілместей:
– Со бойы тұр екен ғой, – деді.
Мен:
– Не, не, – дедім.
– Мына тандырды айтам, нан пісіретін...
Тандыр сол қалпы екен. Айналасын шөп басып кеткені
болмаса. Мен ескі кетпен тауып алдым. Апам төрт-бес тал
жусан сындырып әкелді.
.– Сен шөбін тазала да, өзеннен су алып кел. Мен
сыпырып шығайын, – деді апам көңілді үнмен. Мен асқан
ыждақаттылықпен тандырдың айналасында бір тал шөп
қалдырмай қырнап шықтым да, суға кеттім. Келсем, апам
дуалдың көлеңкесіне кішкене алаша төсепті. Тандырдың
маңына біраз тезек, жыңғыл жинап қойыпты. Мен аң-таң
қалып тұрмын: «Апам тандырға нан пісірейін бе?» – деп.
Соны сезгендей апам:
– Қазір нан пісіреміз, – деді көйлегінің жеңін түріп
жатып.
– О, апа, пісіріңізші тандырдың нанын сағындым, –
дедім. Апам ұнды табаққа салып қамыр илеуге кірісті.
Мен жерден кішкентай шұңқыр қазып су құйылған қара
құманды қойдым да, айнала тезек қалап от жақтым. –
Тандырға да от жаға сал, – деді апам қамыр илеп жатып.
Әбден қурап кепкен тезек пен жыңғыл лап етіп жана
жөнелді. Қызған тандырдың ішкі беті біртіндеп ағара
бастады. Осы кезде шай да қайнап қалды.
– Сен шай демдей бер, мен нан жапсырайын, – деді
апам. Осы бір кәсібін сағынып қалғандай құлшына
кірісті. Тандырдан бетке ұрған ыстық лепті елер емес.
Қимылы ширақ. Нанды жапсырып болысымен: – Қазір
піседі, – деді маңдайының терін сүртіп жатып. Мен
шайды дайындап қойғам. Біраздан кейін апам тандырдан
біркелкі қызарған қызыл күрең күлшелерді алып жатты.
93
Маған біреуін ұсынып:
– Сен жей бер, қарның ашқан шығар, – деді.
Менде тандыр нанға деген тәбеттен гөрі әуестік,
сағыныш басым еді.
– Апа, тамаша пісіпті, дәмді екен, – дедім. Апам
тандырдағы бар нанды алды да шайға отырды. Наннан
«бісмиллә» деп бір үзіп алды да: – Бұл наннан қол үзгелі
де біраз уақыт болыпты-ау, – деді. Менің сүйсіне жеп
отырғанымды көріп, қуана күлімдеп қойды. Шайдан
ұрттап қойып әңгіме айтып отыр.
– Мына тандырды жасаған әжең еді.
– Қалай сонда, одан бері біраз уақыт өтсе де бұзылмай
сақталған, – дедім таңдана.
Апам әңгімесін ары қарай жалғастырды.
– Мен келін болып түскенде бұл ауылдың әйелдерінің
бәрі нанды тандырға пісіреді екен. Ал, біздің ауылда табаға
жабатын. Алғашқы кезде нанды көрші үйдің тандырына
пісіріп жүрдім. Бұрын тандырға нан пісіріп көрмегенмін,
әбден әбігерге түстім. Оның үстіне көрші әйел нан пісіріп
алғанша тосып отыратынмын. Бұл қиналысымды сезген
әжең бір күні азанғы шай үстінде:
– Келін, жинал, бүгін суы тартылған ескі көлдің
табанынан тандырға саз әкелеміз, – деді.
– Ене-ау, неғыласыз әуре болып, табаға пісіре бермеймін
бе, – дедім.
– Қой, шырағым, қашанғы біреудің тандырына
пісіресің. Бәрібір керек болады, – деді менің сөзіме құлақ
аспай.
Ол кезде аздап ауырып жүрген болатын. Қайратты кісі
еді, онысын сездірмейтін. Содан саз алып келдік. Бір-екі
күн суда тұрып жұмсарған соң, үлкен тулақтың үстіне
салып әжеңнің өзі балақ-жеңін түріп алып иелеуге кірісті.
– Ене-ау, үсті-басыңызды былғап қайтесіз, ауырып
қаларсыз, – дедім.
94
– Мені ауру-мауру дегендерді қойыңдар, – деп кейіп
тастады. Ешкінің қылын қосты ма, тағы бірдемелер қосты.
Оларының не екенін білмей қалдым. Қуаныштан көз
алдыма жаңадан тұрғызылған тандыр елестей береді. Түс
әлетінде жұмыстан оралған әкеме тандырдың аумағындай
шұңқыр қаздырды. Әжем сазды илеуді сәске түсте
бастап намаздігерде аяқтады. Мен жәрдемдесейін десем
жолатпайды. «Онан да байқап тұр, ұнамаса кейін өзің жасап
аларсың», – деп жымиып қояды, шаршағанын білдірмейін
дегендей. Содан соң илеуі қанған саз балшықты тандырға
шақтап қазылған шұңқырдың табаны мен қабырғаларына
жұқартып жапсырып шықты. Ішкі бетіне қайта-қайта су
сеуіп, теп-тегіс етіп алақанымен сылады.
– Міне, құдай қаласа, бір аптадан кейін дайын болады,
– деді маңдай терін сүртіп. Шілденің күні қойсын ба,
тандыр әп-сәтте даңғырап кеуіп шыға келді. Оған дейін
қоятын орын дайындап қойғанбыз. Әжең қояр кезде де
басы-қасында жүрді. Дайын болғанда:
– Ал, шырағым, бүгін нан пісіріп көр қалай болар
екен, – деді. Нан піскенше жанымнан шықпады. Онша
жақсы шықпағанын сезсем де ол кісі:
– Жақсы пісіпті. Әлі-ақ үйреніп кетесің, – деп жұбатып
қояды.
Содан көп ұзамай-ақ үйреніп кеттім. Анда-санда:
– Табаға жауып қиналып жүр едің мына тандыр жақсы
болды-ау, – деп қояды көңілденіп.
– Шіркін, жыңғылдың шоғына піскен тандыр нанға не
жетеді.
– . Ал, мен болсам іштей риза болып жүрдім. Содан
күзге салым әжең төсек тартып жатып қалды да көп
ұзамай көз жұмды. Ол кезде сен екі жасқа толып қалған
едің, – деді апам. Алғашында шай ішкеннен терлеп отыра
ма десем, көзіне жас алып отыр екен.
– Апа, қойыңызшы, мұнда мүлде бекер келген екенбіз,
95
– дедім әдейі.
Ал өзім мұнда келгеніме қуаныштымын.
– Жоқ, балам, келгеніміз дұрыс болды. Әжеңді ұмыта
бастаған екенбіз аруағы кешіре гөрсін, – деді апам.
Жарықтық мені өз қызындай көруші еді, ал мен ол кісіні
өз анама балаушы едім. Мен анамның жастайынан жетім
қалып, аға-жеңгесінің қолында өскенін білуші едім. Кейде
апам сол жеңгесінен көрген қорлығын есіне алып, жылап
алатын.
– Келін боп түсердің алдында, әжеңнін мінезінен
шошып қалғанмын, – деді апам әңгімесін жалғастырып.
Әкеңмен біздің ауылда болған бір тойда таныстым.
Ұнатып қалсам да, көп кездесе алмай жүрдім. Отырсам
опақ, тұрсам сопақ дейтін қаһарлы жеңгем үйден бір қадам
шығармайтын. Не істерімді білмей дал болдым. Жеңгеме
сездірсем, бұрынғы күніме зар боларымды түсіндім. Қол
ұстасып қашып кетуге қорықтық. Бұл әңгіме әкең арқылы
әжеңе жетіпті. Бір күні кешкі асқа отыра қалғанымыз сол
еді, жол үстінде аттылы арба, атқа мінген әйел көрінді.
Жақындап келе бергенде байқадық, атта отырған кемпір
екен.
Жеңгем:
– Ана кемпірдің атқа отырысының мығымын-ай, –
деді. Сөй дегенше болмады, біздің үйдің алдынан бір-ақ
шықты. Арбадан бір жігіт, бір-екі шал түсті. Ағам әжеңді
аттан түсіріп, атын байламақшы болып еді, ол аттаң
шапшаң түсіп:
– Өзім, өзім, – деді жолатпай. Шәуілдеп үрген итке
назар аудармастан ширақ басып үйге беттеді.
Дастархан жайылып, шай жасалды. Осы кезде әжең
келген шаруасын айтты:
– Екі бала бірін-бірі ұнатып қалған екен. Оған қалай
қарайсыңдар? – деді бірден.
Жеңгем: – Үй-бай құдағи-ау, қызымыз әлі жас қой, –
96
деді мүләйімсініп.
Әжең:
– Тәйт, әрі. Он сезіздегі қыз жас бола ма өзі. Ұнатса
бетін қайтарма.
Ағам тумысында бос болатын.
– Қайдам, – деді ештеңе білмей.
Әжең осы үнсіздікті пайдаланып, бұрышқа тығылып
отырған мені шақырып, мейірлі үнмен:
– Кел, шырағым, – деді. Мен имене, тартыншақтана
қасына келдім. – Ұялма, қалқам, келе ғой, – деді. Мұндай
жылы сөз естімеген менің көңілім босап кетті. Мұнымды
байқап қалған болуы керек әжең:
– Онда сөзді несіне көбейтеміз. Іс бітті, – деді.
– Сен қарсы болмасаң, шырағым, – деді әжең маған
күлімсірей қарап. – Өзіңді қазір алып кетеміз. Несіне
ырғалып-жырғаламыз. Алыс-беріс, киіт-пиіттеріңді ел
қатарлы береміз, – деді аға-жеңгеме қарап.
Мен таң болып отырмын. Аға-жеңгем бірдеңе деп
міңгірлеген болып еді, оны ол кісі құлағына да ілген жоқ.
Жеңгем мені қимаған боп жылап жүріп киімдерімді жинап
жүр. Мен қай киім бар дейсің, бар болғаны бір түйіншек
қана болатын. Үйден шыға бере ауыл қыздарының
әдетінше сыңси жөнелдім. Бірақ ауылдан шыға бере
көзіме бәрі ыстық көрініп кетті. Тіпті жеңгемді де аяп
кеттім. Әжең екеуміз арбада отырмыз. Кіп-кішкентаймын
ғой. Әжең бауырына қысып алды. Ағыл-тегіл жылап
келем. – Қарағым қоя қойшы, қоя қойшы, – деп емірене
кеп маңдайымнан иіскейді. Осыншама мейірімге бөленген
мен қуаныштан жылап келемін. Содан келін боп түстім.
Ауылда алғашында келінге бәрі сын көзбен қарайды
емес пе? Сөзің де оғаш, қылығың да – әңгіме. Ондай
әңгімелерді әже құлағына да ілген жоқ. Мен де ол кісінің
көңілінен шығуға тырыстым. Көзі тірісінде маған бірде-
бір рет дауыс көтерген жоқ. Көз жұмарында маңдайымнан
97
иіскеп: «Ризамын, келінжан, ризамын», – деді.
– Ол кісінің жоқтығына көпке дейін үйрене алмай,
тандырға жақындасам болды көзіме жас келетін, – деді
апам мұңды жүзбен.
Осы тандырды әжеңнің көзіндей көруші ем. Орталыққа
көшерде әкеңе тандырды өзімізбен бірге ала кетемін деп
ем:
– Онда нанды дүкеннен аламыз ғой, қажеті не, – деді.
Абысындарым да: «Үйбай-ау, оның не?» – десті. Менің
бұл ойымды олар түсінбеді, мен бәрін айта алмадым.
– Әжеңнің көзіндей болған бұл тандыр осы ескі жұртта
қала берді. Оған да біраз уақыт болыпты-ау, – деді апам
әңгімесін аяқтады. Біз шай ішіп болғанша, күн батуға
таяп қалды. Апам жинала бастады. Жиналып болысымен
қайтадан су сеуіп тандырды, айнала сыпырып шықты.
«Таза болып тұрса, періштелер келеді», – деп қояды.
Содан соң: – Ал, қайтайық, – деді.
Менің біртүрлі кеткім келмей тұрды. Апам екеуміз
ауылға қарай аяңдап келеміз. Мен ескі жұртқа қарайлай,
қарайлай берем. Қимастық сезім аяғымды тұсаулап
тастағандай, жүрісім өнбей кібіртіктеніп келем. Апам
тандырды толтыра тезек салып, от жаққан:
– Әжеңнің әруағы келіп жылынады, – дейді.
Ауылға жақындап қалдық. Ескі жұрттағы, ескі тандыр
шоқиып отырған әжем сияқтанады. Бықсыған жыңғылдың
түтіні тандырды айналып көлбең-көлбең етеді әжемнің
жаулығына ұқсап. «Қош, қош. Ұмытпай тағы да келіп
тұрыңдар» – деген бір үн еміс-еміс құлағыма шалынғандай
болды.
98
АҚТӨС
Достарыңызбен бөлісу: |