Әміров Әбдібек Жетпісұлы Қазақ терминологиясы



бет15/25
Дата18.11.2023
өлшемі212,85 Kb.
#124363
түріМонография
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   25
Байланысты:
treatise64286

Өнімсіз жұрнақтар. Тіліміздегі кейбір қосымшалардың бір кездері термин жасамдық қабілеті өте жоғары болып, бертін келе ондай қасиетінен айырылып, өнімсіздік танытуы мүмкін. Олардың бұлайша құбылып отыруы әр кезеңге орай қоғамдағы болып жатқан өзгерістерге, ғылым мен техниканың даму деңгейіне байланысты болса керек.
Мұндай қосымшалар қатарына –ғы/-гі, -қы/-кі жұрнағын жатқызамыз.
А.Ибатов бұл жұрнақ туралы былай дейді: «Тарихи көне ескерткіштер тіліне назар қойып талдауға салсақ, бұл аффикстің бір замандарда өте актив қолданылғаны аңғарылады. Мысалы, XIV ғасырда жазылған «Хұсрау уа Шырын» атты поэманың тілінен осыны көруге болады».
«Хұсрау уа Шырын» поэмасында алпысқа жуық (58) сөз, ғу, гу // қы/кі, ғы/гі аффиксі арқылы жасалған. Ол кезде бұл аффикс түбір етістік сөздерден жаңа туынды сөз (қимыл атауларын) жасаушы қосымша дәрежесінде қызмет еткен. Мысалы, алғу (алу, алатын), барғу (бару, баратын), келгу (келу, келетін) т.б. [92,107-108].
Байқап отырғанымыздай бұл жұрнақ кезінде өнімді қосымшалар қатарында көрінсе, ал соңғы жылдары, аталмыш жұрнақтың сөзжасамдық қабілеті төмендеп, өнімсіздік танытып отыр.
-ғы/-гі, -қы/-кі жұрнағы арқылы етістіктен зат есім жасалады. Газет беттерінде бұл жұрнақ арқылы жасалған терминдер бірен-саран: құрылғы (устройство), сүзгі (фильтр).
1990-2000 жылдар аралығында термин жасауда өнімсіздік танытып отырған келесі бір жұрнақ –ша/-ше.
–ша/-ше жұрнақ қазақ тілінде сөзжасамдық та, тұлға өзгертімдік те қызмет атқарады. Сөзжасамдық қызметі оның шу бастағы негізгі тұлға өзгертімдік қызметінің негізінде кейін пайда болғанға ұқсайды. Әуелде ол кішірейту, еркелету, сый-құрмет ұғымын білдірген. Яғни –ша/-ше тұлғалығы жалғанғанмен көп түбірлердің мағынасысәл ғана жаңғырғаны болмаса, жаңармайды, сол бастапқы түп мәнінен ажырамайды [93,126].
Соңғы он жыл көлемінде газет беттерінде –ша/-ше қосымшасы арқылы жасалған терминдер: жасуша (клетка), тармақша (подпункт) сияқтылар ғана.
Мысалы, Темекі мен арақ, наркотиктік заттар да жасушаның жауы. Арақ ішкенде жасушадағы рецепторлардың миға ақпарат беруі нашарлайды (А.Т 1998. №44. 5 қараша, - 12 б.).
Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесіне 1999 жылғы 27 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Премьер – министрінің Қазақстан Республикасы Конституциясының 61-бабының 7- тармағын және 53-бабының 7-тармақшасын ресми түсіндіру туралы өтініш келіп түсті (Е.Қ. 1999.№223-224. 8 қазан, - 2 б.).
Тілімізде қолданылып жүрген ендігі бір өнімсіз жұрнақ –ақ/-ек, -ық/-ік, -қ/-к. Бұл жұрнақ етістікке жалғанып туынды зат есім жасайды.
Баспасөз беттерінде -ақ/-ек, -ық/-ік, -қ/-к жұрнағымен жасалған терминдер мыналар: бұйрық (приказ), тірек (опора), жасақ (отряд), ұшақ (самолет), ұшық (герпес).
Мысалы, Тіпті Германия мен Африка фирмаларының көпшілігі өз кісілеріне мұндай ұшақпен ұшуына тыйым салған арнайы нұсқау, не бұйрық жасап қойған (А.Т. 1998. №6. 12 ақпан, - 3 б.). Нарықтық қатынасқа дендеп енген отандастарымыз темір жолдан тірек тауып жатады (Е.Қ. 1998. №227. 13 қазан, - 2 б.). Бірімен бірі жиі соғыса берген елдер қарсы жақтың соғыс тәсілі, жасақ және дәреже атауларын да ала берген (Е.Қ. 1998. №15. 23 қаңтар, - 3 б.).
Сондай-ақ, газет беттерінде термин қалыптастыруда –ын, -ін, -н жұрнағы да өнімсіздік танытып отыр. –ын, -ін, -н жұрнағы баспасөзде бірді-екілі-ақ туынды зат есімнің құрамында кездеседі. Мысалы, жұлын (спинной мозг), түйін (резюме).
Сөз соңында айтарымыз, заман ағымына сай ғылыми-техникалық процестің үстемдік алып тұрған тұсында жаңа сөздердің, жаңа сөз қолданыстардың, терминдердің қажеттілігі күннен күнге арта түсетіндігі заңды құбылыс. Біз қарастырып отырған уақыт аралығы үшін жаңа сөз жасауда белсенділік танытатын жұрнақтардың дені осы қызметте бұған дейін де қолданылып келген жұрнақтар болып табылады. Оған қоса жаңа сөз тудыруда өнімсіз деп саналып келген бірқатар жұрнақтардың бүгінгі күннің талабына сай жаңа терминдерді дүниеге әкелуде қосымшалардың белсенді тобына ауысқаны байқалады. Жұрнақтар арқылы жаңа сөз тудыру тәсілінің бар мүмкіншілігін жан-жақты пайдалану жаңа атауларды сөздік қорымызға енгізуде қосымшалардың өнімді және өнімсіз топтарын мейлінше түгелдей қамтуды талап етеді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   25




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет