Кеден сөзінің тіркесімділік қабілетінің артқанын мына мысалдардан байқаймыз: аралық кеден, арналым кедені, әуежайлардағы кеден, жөнелтім кедені т.б.
Жаңа мағынаға ие болған сөздердің бірі – «кеңес» сөзі. Бұл сөз соңғы жылдардағы баспасөз беттерінде ақыл сұрау, ақыл беру, ақылдасу сияқты байырғы тар мағынада емес, жаңа терминдік кеңейген мағынады (мәжіліс, жиналыс) жұмсалған.
Мысала келтірейік, Кеңесте сондай-ақ жұмысқа тартылған құрылыс ұжымдарының бәрі бірдей ортақ іске лайықты үлес қосып отырғаны туралы айтылды (Е.Қ. 1992. №76. 1 сәуір, -1б.). Бұл кеңесте өнеркәсібіміздің өркендеуіне әсері зор маңызды құжаттар қабылданды (Қ.Ә. 1993. №27. 2 шілде, - 3 б.).
«Кеңес» сөзінің терминденуі негізінде Ақсақалдар кеңесі, Ардагерлер кеңесі, байқау кеңесі, банкілер кеңесі, басқарушылар кеңесі, кәсіпорын кеңесі, өкілдер кеңесі, үйлестіру кеңесі т.б. тіркестер пайда болды.
Ал «кесене» сөзі бұрын үлкен күмбез дегенді білдіретін. Қазіргі терминдік мағынасы «мовзолей» дегенге келеді. Көне Отырардың жанына орналасқан Арыстан баб кесенесі 9-10 ғасырда салынды деген болжам бар, бірақ әлі күнге дейін осы ғасырдың басындағы Отырардан тасылған кірпіштен жөнделгеннен кейін әлі күнге қамқор қолға зәру (Қ.Ә. 1992. №35. 28 тамыз, - 4 б.). Түркістандағы Қожа Ахмет Иассауи кесенесі қазақтың көсемдері, би, батырлары жерленген халықтық пантеон еді (С.Қ. 1991. №113-114. 18 мамыр, - 5 б.).
«Көлік» сөзі де әуелде әр түрлі жұмыс пен жол қатынасына пайдаланылатын мал дегенді білдіретін. Бірақ бұл тар мағынада. Қазіргі кеңейген мағынасы: көлік -1) жүктер мен жолаушыларды тасымалдау құралы; 2) халық шаруашылығының тасымалмен айналысатын саласы. Жоғары жылдамдықпен жүретін бұл көліктер жайлы болумен қатар біздің жолдарымызға ерекше шыдас беретін көрінеді (Е.Қ.1998. №50.13 наурыз, -3б.).
Көліктің жабдықтары қат болып, босалқы бөлшектердің қысқаруына байланысты соңғы төрт жыл ішінде бір жарым мыңға тарта автомобиль жетпей отыр. (Е.Қ.1992. №68-69. 21 наурыз, -5б.).
Осы сөз арқылы бірнеше терминдік тіркес қатары қолданыла бастады. Мысалы, авиация көлігі, автомобиль көлігі, әуе көлігі, ведомстволық көлік, көпшілік көлік, қалааралық көлік, өзен көлігі, су көлігі, теміржол көлігі, теңіз көлігі т.б.
Газет беттерінде қолданысқа түсіп жүрген қаржы атауының да шығынға жаратылған ақша деген бұрынғы мағынасы кеңейді. Терминдік кеңейген мағынасы: қаржы – ақша қаражатының орталықтандырылған қорларын құру және пайдалану процесіндегі экономикалық қатынастардың жиынтығы. Мысалы, Үкімет мемлекеттік идеология, мәдениет үшін манызды деген тақырыптарға жыл сайын арнайы тапсырыс беріп, қаржы бөліп отырса – бұл жалпы кино өнерімізге деген қамқорлық екенін біз жақсы түсінеміз. (Қ.Ә. 1997. №27. 8 шілде, -5б.). Жоғары Кеңеске сайлау науқанын ойдағыдай өткізу үшін үкімет тарапынан 360 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінді. (Е.Қ.1994. №12. 18 қаңтар, -1б.).
«Қаржы» сөзі тіліміздің сөздік қорынан мықтап орын алып, көптеген сөздердің, сөз тіркестерінің пайда болуына негіз болды. Мәселен, Бірлестік қаржысы, жергілікті қаржы, кәсіпорын қаржысы, комбинат қаржысы, құрылыс қаржысы, сауда қаржысы, ұйым қаржысы, фирма қаржысы. Борыш, бересі, мағынасында қолданылып келген «қарыз» сөзінің де мағынасы кеңейді, экономикалық термин ретінде орнықты. Терминдік мәні: қарыз-бір жақ (қарыз беруші) екінші жаққа (қарыз алушыға) меншіктік немесе оперативті басқаруды, ақшаны немесе түр түсті белгіленген заттарды табыстайтын, ал қарыз алушы сол тектес және сапасы сондай затты немесе ақшаны қайтаруға міндеттенетін шарт [53,100].
Мысалы, Қарызды дер кезінде қайтармаған мекемелер мен іргелі ұйымдардың жауапсыздығынан келген залалдың бір ұшы бюджетке келіп тіреліп жатыр.(Қ.Ә.1997. №3. 21 қаңтар, -3б.).
Соңғы жылдардағы баспасөз беттерінде қолданысқа түсіп жүрген «қор» сөзінің мол болып жиналған қазына, дәулет деген негізгі мағынасы кенейе келе қазіргі кезде осыған жақын мәндес және бір нәрсенің жинақталған мөлшері, сомасы деген мағынада қоғамдық саяси өзгерістерге байланысты қалыптасып жатқан әр түрлі ұйымдарға қаржы-басқару институттарына және т.б. қатысты қолданысқа түсті. Мәселен, әлдебір кіші кәсіпорынның немесе серіктестіктің жарғылық қоры оған ақшалай, заттай немесе басқалай есеп айырысу түрінде енгізілетін салымдарды білдіреді.
Қор халықаралық қаржы мекемелерінің үкіметтік және үкіметтік емес құрылымдардың қатысуымен құрылады. (Қ.Ә.1997. №26. 1 шілде, -4б.). Қор, әсіресе, қаржы қызметі, энергетика, денсаулық сақтау және бұқаралық ақпарат құралдарын қолдау, бағытында белсенділік пен іскерліктің үлгісін көрсетуде. (Е.Қ.1998. №133. 9 шілде, -1б.).
Осы «қор» сөзінің терминденуі арқылы ашық қор, ақшалай қор, қаражат қоры, жабық қор, жарғылық қор, мекеме қоры, қор нарығы, қор мәмілесі, қор жасаушы, қорғаныс қоры, кепілдікті қор, экономикалық қор, ынталандыру қоры т.б. сияқты терминдік тіркес қатары пайда болғанын байқаймыз.
1990-2000 жыл аралығындағы газет беттерінде жиі қолданылып жүрген «құн» сөзі қазақ тілінің сөздік қорында өте ерте кезден бері қолданылатыны мәлім. Осы сөз бұрын адамның төлеуіне берілетін мал-мүлік дегенді білдіретін атау ретінде қолданылса, қазір саяси экономикалық терминге айналып отыр.
«Құн» сөзінің негізінде жасалған сөз тіркестері: атаулы құн, акция құны, ақщалай құн, ағымдағы құн, бағалау құны, биржалық құн, орнын толтыру құны, келтірінді құн, құрылыстық нақты құн, тұрмыс құны, сақтандыру құны т.б.
Сондай-ақ, бұрын абырой, адамгершілік мағынасында қолданылып келген «мәртебе» сөзінің мағынасы кеңейіп, бүгінде орыс тілінен енген статус сөзіне балама ретінде қолданысқа түсе бастады.
Мысалы, Бір көңілге медеу тұтатын нәрсе, 1997 жылы тамыздың 21-інен бастап Президент әкімшілігінен барлық министерліктерге, ведомстволарға, әкімшіліктерге, ұжымдарға Тіл туралы заңды орындауда, оның ішінде мемлекеттік мәртебе алған қазақ тілінің қолданылуын жеделдету, оны өмірге енгізуде шұғыл шаралар қабылдау жөнінде нұсқау құжат жіберілді. (А.Т.1998. №12. 15 қаңтар, -1б.).
Мәртебе сөзінің қалыптасуы негізінде әлеуметтік мәртебе, байқаушы мәртебе, заңды тұлға мәртебесі, кәсіпкер мәртебесі, құқықтық мәртебе, мемлекеттік мәртебе, пайдаланушы мәртебесі, ұйым мәртебесі сияқты тіркестер пайда болды.
Экономика саласында қолданылатын «нарық» сөзінің байырғы сатылатын заттардың тұрақты құнын білдіретін баға ретіндегі мағынасы қазіргі кезде әлдеқайда кеңейіп, терминдік мәнге ие болды. Бұл сөздердің қазіргі қолданыстағы терминдік мағынасы: нарық-экономика саласы, бұл салада тауардың ақшаға айналу және керісінше ақшаның тауарға айналу процесі жасалады. Экономиканың әр түрлі саласында өндірілген тауарларды сатып алу сатудың өзара байланысты өкілдерінің жиынтығы [53,235].
Мысалы, Нарыққа ерте араласып, аяғынан тік тұрып кеткен бизнесмендеріміздің табанының бұдыры болу керек, ол өндіріс (Қ.Ә.1995. №24. 3қазан, -10 б.). Өзіміз көріп отырмыз, нарыққа көшкен бірер жылдың ішінде халықтық, әлеуметтік жағдайы жөнделе қоймаса да біраз нәрсе істелді (Қ.Ә. 1994. №53. 19 сәуір, - 2 б.).
Қазіргі кезде нарық сөзінің тіркесімділік қабілеті артып, ол нарықтық ақпарат, нарықтық баға, нарықтық құн, нарықтық қатынас, нарықтық экономика, нарықтық информ-құрылым, нарық заңы, нарық тепе-теңдігі, сатушы нарығы, жабық нарық, банк аралық нарық т.б. сөз тіркестерінің құрамында кеңінен қолданылады.
Борыш, қарыз мағынасында жұмсалып келген «несие» сөзінің де мағынасы жаңарып, қазіргі уақытта экономика саласында қолданылатын терминге айналды. Термин ретінде: несие белгілі бір мерзімге процентімен қоса қайтару шартымен ақшалай қаржы беру, несие төлемі мерзімін ұзарту және борышқордың қарыз міндеттемесін (қысқа, ұзақ мерзімді несие) сатып алу түрінде берілуі мүмкін. Мысалы, Н.Назарбаев осы сапардың барысында Жапонияның экспорт-импорт банкісінің Қазақстанға 220 миллион доллар несие беретіні туралы келісімге қол қойылатындығын хабарлады (Е.Қ. 1994. №47. 5 сәуір, - 2 б.). Несиені дер кезінде өндіріп алу, несие үшін проценттер мен комиссиялық алымды толық өндіріп алу әрқашан да бірдей қамтамасыз етіле бермеген (Е.Қ. 1994. №63. 11 мамыр, - 4 б.).
Сөз болып отырған терминнің негізінде жасалған тіркес қатары: айналымдық несие, ақшалай несие, банк несиесі, валюталық несие, делдалдық несие, жер несиесі, өнімді несие, салық несиесі, сыртқы несие, тікелей несие, ұсақ несие, шектелмеген несие, шетелдік несие, ішкі несие т.б. болып келеді.
«Пайда» сөзі бұрын «олжа» деген мағынаны беретін еді. Ал қазіргі кеңейген терминдік мағынасы: пайда – кәсіпорынның шаруашылық қызметінің қаржы нәтижесін білдіретін экономикалық категория. Құрылыста сметалық құн мен құрылыс – монтаж жұмыстарының нақты өзіндік құны арасындағы айырма есептеледі, бұл орайда өтемақы, көрсетілген қызмет пен басқа да баптардың құны ескеріледі (баланстық пайда). Сондай-ақ, есеп айырысу, қалдықтық т.б. пайда түрлеріне бөлінеді [53,215]. Мысалы, Инвесторлар кез келген елге пайда табу үшін от басын тірейтіндіктен, қаржыландыру мәселесі ең негізгі проблемалар қатарынан табылады. Өткен жылдың өзінде акционерлік қоғам бір миллион жеті жүз мың сом таза пайда тауып, рентабельділігі 53,7 пайызға жетті (Е.Қ. 1992. №107-108. 9 мамыр, - 1 б.).
Бұл термин бағамдық пайда, базалық пайда, банк пайдасы, биржа пайдасы, есептік пайда, жоспарлы пайда, кәсіпорынның пайдасы, қаржы пайдасы, сақтандыру пайдасы, таза пайда, тұтынушының пайдасы т.б тіркестердің жасалуына негіз болып отыр.
Тілімізде жай ғана әңгімелесу түрінде жұмсалып келген «сұхбат» сөзі де баспасөз беттерінде жаңа мағынада жұмсалып жүр. Терминдік мағынасын нақтылай түссек: сұхбат – публицистика жанры. Журналисттің бір немесе бірнеше адаммен қатар өзекті мәселелер бойынша жүргізетін әңгімесі.
Шыққан тегі ескі француз тілінің «entrеvue» деген сөзіне байланысты. Бұл жерде: «entre» – «арада» (арасында) дегенді, ал «vue»- «көру» дегенді білдіреді. Терминнің өзі қазіргі ағылшын тілінің «interview» сөзінің мағынасын толығымен, ал жазылуына негіз етіп оқылу үлгісін қабылдаған көшірмесі болып табылады [82,35]. Мысалы, Мемлекеттік Дума Сайлауы алдында өзіне арзан ұпай жинағысы келген баяғы аты шулы «жерлесіміз» В.Жириновский «Караван» газетінің тілшісімен сұхбатында ашықтан-ашық Өскеменде тұтқындалған он екі ресейліктің бәрінің де өз жақтастары екенін мойындап, оларды босату үшін қолынан келгенінің бәрін жасайтынын мәлімдеді (Е.Қ. 1999. №282. 25 желтоқсан, -1 б.).
Сондай-ақ әдет, дағды мағынасында қолданылып келген «үрдіс» сөзі бүгінде орыс тілінен енген «тенденция» сөзіне балама ретінде қалыптасты. Мысалы, Қаражаттың жетіспеушілігі үйреншікті дағдыға айналды, іргелі кәсіпорындардың басшылары ә дегеннен нарық жағдайына бейімделіп, жаңа үрдісті жұмыс ырғағын іліп әкетудің орнына «әкесінен қалған мұраны» қайтсем өз меншігіне айналдырып аламын деп жанталасып бақты (Қ.Ә. 1997. №27. 8 шілде, -3 б).
Жалпы айтқанда семантикалық тәсіл арқылы қалыптасқан терминдердің осы айтылғандармен шектелмейтіндігі анық. Газет беттерінде қалыптасқан терминдерге шолу терминдердің жасалу тәсілдерінің ішінде семантикалық тәсілдің де өзіндік орны бар екендігін көрсетеді. Бұл тәсілден басқа терминдерді қалыптастырудың синтетикалық, аналитикалық тәсілдері бар екенін ескерсек аталған тәсілдің сөздік қорымыздағы негізгі төл немесе оған сіңісіп кеткен басқа тілдік элементтерге қатысты түбір терминдер екенін айтамыз.