Кеуденің меншікті бұлшықеттері
Қабырға аралық бұлшықеттер, mm.intercostales, қысқалау және жалпақтау келіп, атқаратын қызметіне және орналасуына қарай сыртқы, ішкі қабырғаралық және ең ішкі қабырғаралық бұлшықеттерге бөлінеді.
Қабырға аралық сыртқы бұлшықеттер, mm.intercostales externi, жоғарыда орналасқан қабырғалардың төменгі қырынан басталып, қиғаш бағытта төменгі қабырғаның жоғарғы жиегіне барып бекиді. Қызметі: қабырғалардың аралығын алшақтатып, кеуде қуысын кеңейтіп, терең тыныс алу қызметін атқарады.
Қабырға аралық ішкі бұлшықеттер, mm.intercostales interni, төменгі қабырғалардың жоғарғы жиегінен басталып, жоғары және алға қарай өтіп, жоғарғы қабырғалардың төменгі жиегіне және қабырға астылық жүлгенің, sulcus subcostalis, ішкі қапталына барып бекиді. Қызметі: кеуде қуысын тарылтып, демді сыртқа шығару қызметін атқарады.
Аса ішкі қабырғаралық бұлшықет, mm.intercostalis intimi, ішкі қабырға қапталында, бағыттас болып орналасқан. Қызметі: кеуде қуысын тарылтып, ауаны сыртқа шығару қызметін атқарады.
Қабырға астылық бұлшықеттер, mm.subcostales, төменгі VIII-XII қабырғалардың омыртқалық ұшының ішкі бетінде қиғаш бағытта орналасқан 4-жұп бұлшықеттерден тұрады. Ұзындау келіп, 1-2 немесе 3 қабырғаны асып барып, жоғарғы қабырғаның төменгі жиегіне барып бекиді.
Кеуденің көлденең бұлшықеті,m.transversus thoracis, жалпақ желпуіштәрізді, кеуде қуысыныңалдыңғы қабырғасының ішкі бетінде орналасқан.Төс сүйегі денесінің төменгі бөлігінен және оның семсерлік ұшынан, processus xiphoideus, басталып, жоғарғы жәнелатеральды бағытта өтіп, III-IV қабырғалардың шеміршектік бөлігінің ішкі бетіне барып бекиді. Қызметі: кеуде қуысын тарылтып, демді сыртқа шығару қызметін атқарады.
Қабырғаларды көтеруші бұлшықеттер, mm.levatores costarum, омыртқа бағанасының кеуде аралық бетінде, кеуде маңында айқын байқалады. Бұл бұлшықеттер арқаны жазып тік ұстаушы бұлшықеттің, m.erectorspinae, астында орналасқан. Ол жоғарғы II-кеуде омыртқалардың көлденең өсінділерінен басталып, төмен және латеральды бағытта төменгі қабырғалардың бұрыштарына қарай өтіп, бір немесе екі қабырғаны аттап барып бекиді. Бұлшықетгердің талшықтары ұзын және қысқа бұлшықеттерге бөлінеді. Қабырғаларды көтеруші ұзын бұлшықет, mm.levatores costarum longi бір қабырғаны аттап барып қабырғалардың бұрышына барып бекісе, қабырғаларды көтеруші қысқа бұлшықеттер, mm.levatores costarum breves қысқалау келіп, көршілес қабырғалардың бұрышына барып бекиді. Қызметі: қабырғаларды көтеріп, тыныс алуға қатысу.
Достарыңызбен бөлісу: |