5-дәріс. Оқыту – тұтас педагогикалық процестің құрамдас бөлігі Дидактика - оқыту және білім беру теориясы. Дидактиканың негізгі категориялары. Дидактика - жеке әдістеменің негізі. Оқыту – тұтас педагогикалық үдерістің құрамды бөлігі. Оқыту үдерісінің мәні. Оқытудың әдіснамалық негізі. Таным теориясы. Оқытудағы интерактивті тәсілдер. Оқытудың мақсаты мен міндеттері. Оқытудың заңдылықтары және қағидалары. Оқыту үдерісінде педагогикалық үдерістің қызметтерін іске асыру - білімділік, тәрбиелік, дамытушылық. Оқыту үдерісінің құрылымы, негізгі кезеңдері.
Тұлғалық-бағдарлық оқытудың негіздері. Оқытудағы құзіреттілік тәсіл. Тұлғаның түйінді құзыреттіліктері - оқыту нәтижесі.
Оқытудың психологиялық негіздері. Оқытудың психологиялық теориялары: ассоциативтік-рефлекторлық, ақыл-ой әрекеттерін сатылап қалыптастыру және т.б. Оқыту мен білім берудің тәрбиелік мүмкіндіктері. 12-жылдық мектептегі оқытудың өзіндік ерекшеліктері. Оқушылардың танымдық іс-әрекетінің ерекшеліктері. Бағдарлы оқытудың мәні және оны ұйымдастырудың ерекшеліктері. Қазіргі мектептегі электронды (E-learning) оқыту жүйесі. Өздігінен білім алу – қазіргі кезеңде оқытудың маңызды шарты. Дидактикалық құзыреттілік – мұғалімнің кәсіби-педагогикалық құзіреттілігінің құрылымдық компоненті.
Дидактика – педагогикалық маңызды саласы. Дидактика (didaktikоc – оқытушы, didasko –оқушы) ұғымы грек тілінен алынған, оқыту немесе үйрету деген сөз. Бұл ұғымды ғылыми айналымға алғаш енгізген неміс педагогы Вольфганг Ратке (1571–1635). Сол мағынада бұл ұғымды чех педагогы Я.А. Коменский пайдаланып, 1657 жылы өзінің «Ұлы дидактика» еңбегін жарыққа шығарады. Оның ойы бойынша, дидактика “нені оқыту” және «қалай оқыту керек» деген сұрақтарға жауап береді. Заманауи ғалымдардың зерттейтін сұрақтары: кімді, қашан, қайда, неге оқыту.
Қазіргі түсінік бойынша, дидактика –білім беру мен оқыту мәселелерін зерттейтін ғылым саласы. Ол оқыту теориясы деп те аталады. Дидактиканың зерттеу пәні – оқыту мен оқудың себептері, барысы, нәтижелері.
Зерттеу пәні аясында жалпы және жеке дидактикалар айқындалады. Жалпы дидактика оқытудың жалпы заңдылықтарын, принциптерін қарастырады. Жеке дидактика жеке оқу пәнінің мазмұнын, барысын, түрі мен әдістерін зерттеуіне қарап оқыту әдістемесі деп аталады. Мысалы, математиканы оқыту әдістемесі, тарихты оқыту әдістемесі.
Дидактика әрі теориялық, әрі қолданбалы ғылым болғандықтан ғылыми – теориялық және қолданбалы қызметтер орындайды. Дидактиканың ғылыми – теориялық қызметі: білім беру мен оқыту процестерінің мәні мен заңдылықтарын, мазмұнын, принциптерін, ұйымдастыру формалары мен әдістерін зерттеу. Дидактиканың қолданбалы қызметі: білім мазмұнын оқыту мақсатына сәйкестендіру, оқыту принциптерін белгілеу, оқытудың тиімді әдістері мен ұйымдастыру формаларын анықтау, жаңа технологияларды жасап енгізу.
Дидактика (тәрбие, педагогтік іс –әрекет, білім беру) пайдаланылады. Сонымен қатар педагогиканың жалпы категорияларыннан, (міндеттері, мазмұны, түрлері, әдістері, құралдары, оқытудың нәтижесі) басќа дидактиканың өз категориялары да бар: білім беру, оқыту, оқу, оқыту принциптері, оқыту процесі, мақсаты. Кейбір категорияларға анықтама берейік.
Оқыту – оқушыны білімдендіру, тәрбиелеу, дамыту мақсатына бағытталған алдын–ала жоспарланған іс әрекет.
Оқыту мазмұны– өкімет арнайы таңдап анықтаған белгілі салада жұмыс істеу үшін қажетті адамзат тәжірибесінің бөлшегі. Ол – оқытудың нәтижесі болатын білім, білік, дағды, тұлғалық қасиеттер жиынтығы.