84. Сталиндік қуғын-сүргін, оның ауқымы және ауыр зардаптары Адамзат тарихының сан мың жылдық тарихында билік жүргізген сан алуан қанішерлер мен қанқұйлы жендеттер болған. Алайда ХХ ғасырда жүзеге асырылған тоталитаризм зұлматындай қасіретті адамзат тарихы білмейді. ХХ ғасырдың бейбіт кезеңдерінде әлемнің түрлі елдерінде 170 млн. адам қырылып-жойылыпты. Солардың 110 миллионы немесе үштен екісі, коммунистік бағдардағы елдердің үлесіне келеді. ХХ ғасырдың алғашқы жартысында билік жүргізген, коммунистік сипаттағы тоталитарлық мемлекеттің негізін қалаған В.И.Ленин мен тоталитарлық мемлекетті тікелей қалыптастырған И.В.Сталиннің тұсында 46,6 миллион жан құрбан болған. Осынау жазықсыз жандарды ажалға ұшыратып, қабірлер үстінде социализмді толық жеңіске жеткізіп, тоталитарлық мемлекет құрған Сталиннің тоталитарлық теорияны өзі ойлап таппағандығы белгілі. Тоталитаризм теориясының тамыры өте тереңде жатыр, ол ғасырлар қойнауынан бастау алады. Сталин - тоталитарлық теорияны шын мәнінде жүзеге асырған қанқұйлы практик, сонымен бір қатарда оны дамытушы да. Әрине, ол тоталитарлық мемлекетті қалыптастыруда өзінің ұстаздарынан асып түсті. Ленин мен Сталиннің билігі кезінде контрреволюциялық әрекетте айыпталып 3 777 380 адам сотталып, олардың ішінен 642980 адамға өлім жазасы қолданылды, 25 жылдан төмен мерзімге 2 369 220 адам түрмелер мен лагерь-колонияларға қамалды, 776 180 адам жер аударылып, сүргінге жіберілді. Контрреволюциялық әрекетте айыпталғандардан 2 900 380 адам соттан тыс жазаланып жапа шекті. Сталин шын мәнінде қара шекпенді Ресейге ауыстыра салынған Рим императоры іспетті еді: ол Ресейді өзіне бағындырып, Рим сияқты орасан зор империяны құрып алды, бірақ мұнда, оның өзімен қоса, еркін адамдар болған емес. Оның империясы түп-түгел маркстік-лениндік идеяның құлақкесті құлдарынан тұратын. Бухарин оны «Марксті оқыған Шыңғысхан» деуші еді, ал, шындығында, ол одан гөрі көңіл көтеруге, театрға, аярлыққа, кісі өлтірушілікке құмар Неронға көбірек ұқсайтын. 1929 жылы Сталиннің нұсқауымен КСРО аумағы бойынша еңбекпен түзеу лагерьлерін көбейту мақсатында арнайы жоспар жасалды. Бұл лагерьлер жөнінде 1930 жылы 7 сәуірде жоба қабылданды. 1920-30 жылдардан КСРО аумақтарында концентрациялық лагерьлер Колымада, Магаданда, Воркутада, Сібірде, Оралда, Қазақстанда және де басқа аймақтарда жаппай құрыла бастады. Қатал мақсаттағы Орталық Соловецк лагері «ұлы» көсеміміз В.И.Лениннің ұсынысымен 1918 жылы құрылғанын ескерер болсақ, онда АРХИПелаг ГУЛАГ-тың бастаушысы Ленин көкеміз болады да шығады. Соловки лагері 1918 жылдан бүкіл КСРО құрылымының ГУЛАГ-тік басқару жүйесінің үлгісін жасап берді. Соловки арал лагері айналасы теңіздермен қоршалса, КСРО-ның айналасы темір тормен қоршалды. Міне, Социалистік Республикалар Одағын құрмас бұрын лагерьлік басқару жүйесін оқып, тану жұмыстары осылайша қатаң жүргізілді. №1 чекист Ф.Э.Дзержинский болса, №1 әскери ревком Л.Троцкий болды. Ал бұл жүйелердің нөмірі бірінші саяси басшысы В.И.Ленин екені белгілі. Ал оның ұлттар арасындағы басшысы Лениннің сенімді серігі И.Сталин болды. Бұл орындардан белгілі дәрежеде үміті барлар Каменов, Рыков, Зиновьев, Бухариндер болды. Бұлардың бәрі кезінде патша түрмелерінде отырған, белгілі саяси көзқарасы, білім-жігері бар әккі революционерлер еді