Байланысты: 1.« аза стан тарихы» курсыны п ні, ма саты мен міндеттері
29.Қазақ хандығының көтерілуі. Қасым хан тұсындағы хандық территориясының кеңеюі. Қасым хан (шамамен 1445 – 1521 жылдары) – Қазақ хандығының ханы (1511 – 1521), Жәнібек ханның ұлы. Тарихта Қасым ханның есімі Қазақ хандығының күшеюі және нығаюымен тікелей байланысты. Жазба деректерде Қасым хан 15 ғасырдың 70 – 90 жылдары Қазақ хандығының Сыр бойындағы қалалар мен өңірлер үшін жүргізген күрестерге белсене қатысады, басшылық етеді. Бұл кезде қазақ ханы Керейдің ұлы Бұрындық, қазақ әскерінің қолбасшысы Қасым хан болды. Осы кезеңдегі оқиғаларды баяндайтын деректер Қасым ханды «белгілі сұлтан және атақты баһадүр» деп атайды. Ширек ғасырға созылған Сыр бойы үшін күресте Қасым хан және Жәнібек ханның басқа да ұлдары Сығанақ, Сауран, Отырар, Сайрам түбінде бірнеше рет Шайбани хан әскерін тас-талқан етіп жеңеді. 15 ғасырдың 90 жылдары жасалған бейбіт келісім бойынша Қазақ хандығына Сығанақ пен Сауран өтеді. Бұл қалаларда Жәнібек хан ұлдары билік жүргізеді. 15 ғасыр басында Мауераннахрды бағындырып, үлкен күшке ие болған Мұхаммед Шайбани хан 1506 – 10 жылдары үздіксіз төрт рет қазақтарға жорық ұйымдастырады. Бұрындық хан Шайбани ханның алғашқы үш жорығына тойтарыс ұйымдастыра алмайды. Оның беделі төмендейді. Ал жазба деректерде «бұл кезде Қасым хандық билікте болмаса да, оның беделі ханнан күшті болды» және «өзін дербес ұстау үшін Бұрындық ханнан алыста көшіп-қонып жүрді» делінеді. 1510 жылы Шайбани ханның соңғы, төртінші жорығы Ұлытау өңіріндегі Қасым ханның ұлысына бағытталады. Қасым хан әскері Шайбани хан әскерін тас-талқан етеді де, жауды Сыр бойынан қуып шығады. Осы жеңістен соң, ешкім де Бұрындық хан туралы ойламай, Қасым хан билігін мойындайды. Бұрындық болса Самарқан жаққа кетуге мәжбүр болады. 1511 – 13 жылдары Қасым хан Шайбанилар ісімен айналысады. 1512 – 13 жылы ерте көктемде Қараталдағы Қасым ханға Сайрам қаласының әкімі Қаттабектен адам келіп, Қасым хан билігін алуын сұрайды. Қасым хан Қаттабектің ұсынысын қабыл алып, ол жаққа бір әмірін жібереді де, өзі Тараз жаққа бағыт ұстайды. Қаттабектің ұсынысымен Қасым хан Ташкентке жорық жасайды. Бірақ жорық сәтсіз болып, Қасым хан Сайрам маңына қайта оралады. 1513 жылы жазында Шу бойындағы Қасым хан Ордасына Әндіжаннан моғол ханы Сұлтан Сайд хан елшілікпен келеді. Оның мақсаты – Ташкенттегі Сүйініш ханға, жалпы Мауераннахрдағы шайбанилар әулетіне қарсы бірігіп күрес ұйымдастыру еді. Қасым хан бұл ұсынысқа дипломат. жолмен жауап береді. Сұлтан Сайд хан мақсатына жетпесе де, Қасым ханның көрсеткен құрметіне өте риза боп қайтады. 1517 – 21 жылдары Қасым хан Қазақ хандығының батысында белсенді саясат жүргізеді. Ноғайлардың бір бөлігі қазақтарға қосылып, шекара Еділге дейін жетеді. Орыс деректері бойынша Қасым хан 1521 жылы қыста қайтыс болады. Денесі Сарайшықта жерленеді. Қасым хан тұсында қазақ әскерінің саны 200 мың, халқының саны 1 млн-ға жетеді. Шекара батыста – Еділге, оңтүстікте Ташкентке дейінгі жерлерді қамтыды. Қасым хан өз тұсында берік және адал хандардың бірі болды.
Қасым хан туралы сөз қозғасақ, бірден ойымызға ешбір жазба деректерде кездеспейтін, тек қана халық ауыз әдебиеті арқылы күні бүгінге дейін жеткен «Қасым ханның қасқа жолы» деген сөз тіркесі оралады. Бұл сөз тіркесі осыдан жарты мың жылдан астам уақыт бұрын өмір сүрген ірі тарихи тұлғаның халық санасында терең де тұрақты орын алғандығын көрсетеді. Ортағасырлық жазба деректерде Қасым ханның жеке өмірбаянын толық баяндайтын мәліметтер жоқ, тек оның сұлтандық және хандық кезеңдеріндегі өмірінен қысқа-қысқа мәліметтер кездеседі. Олардың қатарына Әбілғазының, Қадырғали Жалайырдың, Бабырдың, Бинай мен Шәдидің, Махмуд бен Уәлидің, Хайдар Разидың, Гаффаридың, Абдаллах Балхидың, Мұхаммед Хайдар мырза Дулатидың еңбектері жатады.
Қасым хан – ХІV ғасырдағы Ақ Орданың ханы Орыс(Арыс) ханның тікелей ұрпағы. «Орыс ханның жеті ұлының бірі – Қойыршақ. Қойыршақтан Барақ хан, Барақтан – үш ұл: Мір-Сайд, Мір-Қасым және Әбу Сайд дүниеге келеді». «Әбу Сайдты – Жәнібек хан деп атайды» деп жазылады дерек мәліметінде. «Жәнібек ханнан – Иренші(Жиренше), Махмуд, Қасым, Әдік, Жаныш, Қамбар, Таныш, Өснак (Осак,Ұзақ), Жадық атты тоғыз ұл таралады».
Қасым ханның аталарының бәрі өздері өмір сүрген жылдарында Дешті Қыпшақта хандық билік құрған. Орыс хан 1361-1376/1377 жылдары Ақ Ордада хан болғаны белгілі. Оның ұлы Қойыршақ ХІV ғасыр соңында аз уақыт Жошы ұлысында хан болады. Ол туралы Хайдар Рази: «Қойыршақ оғлан – Орыс ханның ұлы. Ол да Темірдің көмегімен ұлысы мен елін биледі. Біршама уақыттан кейін қайтыс болды» деп құнды мәлімет береді. Гаффарида Қойыршақ оғланның Ақсақ Темірдің Тоқтамысқа қарсы жасаған екінші жорығына қатысқаны, Тоқтамыс хан жеңілгеннен кейін, Ақсақ Темір оған Жошы ұлысының билігін тапсырғаны және оны Еділ бойынан Дештіге жібергені туралы айтылады. Қадырғали Жалайыр еңбегінде Қойыршақ «хан» деген лауазыммен кездеседі.
Қасым ханның атасы «Барақ хан 1420/1421 жылы Мауереннахр билеушісі Ұлығбектен көмек алып, Алтын Орда тағы үшін күреседі. 1424/1425 жылы ол Ұлығ-Мұхаммедті жеңіп, Алтын Орда тағына келеді. 1428 жылы қайтыс болған». Замандастары Барақ ханды «жеңімпаз батыр, алып болған» десе, Алтын Орда тағына үміткерлер ішіндегі «күшті бура» деп санаған.
Қасым ханның әкесі Жәнібек хан – оны «Кіші Жәнібек хан» деп атаған. Жәнібек ханның ХV ғасыр ортасында Қазақ хандығының негізін қалаушыларының бірі болғанын және Керей ханнан кейін Қазақ хандығын билегенін дерек мәліметтері дәлелдейді.
Жәнібек ханның 9 ұлының екеуі: Қасым хан мен Қамбар сұлтан бір анадан, Жаған бикеден туады. Қасым ханның туған жылы анық белгілі емес. Бірақ оның туған жылын шамалап көрсетуге Мұхаммед Хайдар мырза Дулати мәліметі мүмкіндік береді. Ол 1513 жылы Сұлтан Сайд ханның Шу бойындағы Қасым хан ордасына келгенін айта келе, «бұл кезде Қасым ханның жасы алпыстан асып, жетпіске жақындап қалған болатын» деп жазады. Осыған сүйене отырып, 1513 жылы Қасым ханның жасы 67-68-де болған деп есептесек, онда ол 1445-1446 жылдары дүниеге келген болады. Т.И.Сұлтанов Қасым ханды 1445 жылдар шамасында туған деп санайды. Біз осы мәліметті негізге ала отыра, биыл, яғни 2021 жылы Қасым ханға 575 жыл толып отыр деп санаймыз.
Қасым ханның өміріне байланысты мәліметтер 1470-ші жылдарға дейін, яғни Қазақ хандығының күшею кезеңіне дейін ешбір дерек мәліметтерінде кездеспейді. ХV ғасырдың 70-ші жылдарының бірінші жартысында Шайбани ханның маңғыт мырзаларымен одақтасып, Қазақ хандығына қарсы күресін баяндайтын деректерде алғаш рет Қасым сұлтан есімі аталады. «Шайбани-нама» авторы осы жылдардағы Қасым ханның өмірі туралы: «Бұрындық хан әскері ішіндегі атақты баһадүр және белгілі сұлтанның бірі» деп сипаттама береді.
Қасым хан өмірінің сұлтандық дәуірі – 1511 жылға дейін Қазақ хандығының күшеюі мен Сыр бойы үшін жүргізілген күрестер жылдарында өтеді. Бұл кездердегі оқиғаларға Қасым сұлтан тікелей қатынасып, үлкен рөл атқарады. Күрестің алғашқы кезеңдерінде ол қазақ әскерлерінің қолбасшысы болып, үнемі Бұрындық хан қасында болады, «Бұрындық ханға бағынып, оны тыңдайды». Осыған байланысты Қазақ хандығының XV ғасырдың соңғы 30 жыл ішіндегі Түркістан аймағы үшін жүргізген күрестеріне қысқаша тоқтала кетсек. Өйткені қазақ әскерінің осы жылдардағы жеңістерінде Қасым сұлтанның тікелей қатысы бар.
Қасым ханның атақ-даңқының өсуі ХVІ ғасыр басында, Мұхаммед Шайбани ханның 1505-1510 жылдары Қазақ хандығына жасаған жорықтары кезінде көрінеді. Шайбани ханның соңғы жорығы қарсаңында Қасым хан ресми түрде хан болмаса да «оның күшінің өскендігі соншалық, Бұрындық хан туралы ешкім ойламайды» және «хандықты басқару мен хандықтағы бүкіл билікті өз қолына алады».
Бір жарым ғасырдай Орта Азияны билеген Ақсақ Темір ұрпақтарынан саяси билікті аз уақыт ішінде тартып алған Мұхаммед Шайбани хан әскерін 1510 жылы Қасым ханның тас-талқан етіп жеңуі, оның беделін бүкіл Дешті Қыпшақта өсіре түседі. 1511 жылы Бұрындық хан Мауереннахрға кеткеннен кейін, Қасым хандық билікке жеке өзі отырады.
Қасым ханның билікке келуі Қазақ хандығының оңтүстіктегі негізгі қарсыласы Мауереннахрдың саяси өмірінде күрт өзгерістермен қатар жүреді. Ол өзгерістерге – Шайбани ханның 1510 жылдың күзінде қаза табуы, Бабырдың Ирандағы сефевилік әулеттің негізін қалаушы Исмайл шахтың көмегімен Самарқанды алып, Мауереннахрда 6-7 ай билік құруы және 1512 жылдың көктемінде шибанилық сұлтандардың бірігіп Мауереннахр аумағынан Бабырды қууы мен шибанилық сұлтандар билігінің Мауереннахрда қайта орнауы жатты. Сондай-ақ Қазақ хандығының оңтүстік-шығысында шағатайлық Сұлтан Сайд хан осы жылдары Мауереннахрдағы саяси жағдайды пайдаланып, Моғолстанда шағатайлық әулеттің билігін қайта орнатуға ұмтылады. Осындай қалыптасқан күрделі саяси жағдайда Қазақ хандығын басқарып отырған Қасым ханға ұтымды сыртқы саясат жүргізуге тура келеді. Қасым ханның шебер дипломатиялық қасиеті осы тұста байқалады. Бәрі түсінікті болуы үшін Мауереннахрдағы саяси жағдайдан бастайық.
1510 жылдың қысыңда Қасым ханның Шайбани хан әскерін талқандауының бір салдары Шайбани ханның 1510 жылдың күзінде қаза табуына алып келді. Шайбани хан өлімінен кейін шибанилық сұлтандар арасында бірден бірлік орнай қоймады. Мұндай жағдайды тез түсінген Бабыр Кабулдан шығып, Мауереннахрға аттанады. Исмаил шахтың көмегімен ол 1511 жылдың күзінде Мауереннахрда 6-7 айға созылған билігін орнатады. Мауереннахр қалалары мен оған тәуелді аймақтарға Бабыр өз адамдарын әкім етіп тағайындайды. Мысалы, Мауереннахрдың Түркістандағы иелігі Сайрам қаласында Қатта бекті, ал Ташкентке оның ағасы Мір-Ахмед Қасымды отырғызады.
1512 жылдың көктемінде шибанилық сұлтандар біріге отырып, Бабырды Мауереннахрдан қуады. Ол Хисарға кетіп, сол жақта Үнді жерін жаулауға кіріседі. Бабырдың Мауереннахр қалалары мен аймақтарындағы тағайындаған әкімдерінің бірі билеушімен бірге кетсе, бірі шибанилықтарға беріледі, ал кейбіреулері шибанилықтарға қарсылық көрсетеді. Ташкент пен Сайрамдағы билеушілер үшіншілер қатарына жатады. Шибанилар әскері Ташкентті қоршауға алғанда, қала әкімі Мір-Ахмед Қасым бір түнде қоршауды бұзып өтіп, Бабырға барып қосылады. Ал оның Сайрамдағы інісі Қатта бек 1512-1513 жылдың ерте көктемінде Жетісудағы Қара-Тал деген қыстауынан жайлауға көшуге дайындалып жатқан Қасым ханға адамдар жіберіп, оның қалаға келуін өтінеді және қала кілтін ұсынады. Қасым хан бұл өтінішті қабыл алып, Ианги қаласы бағытында жүреді де, Сайрамға келеді.
Сайрам әкімі қаланы Қасым ханға бере отырып, оны Ташкентке жорыққа шығуға көндіреді. Бұл кезде Ташкент шибанилық Сүйініш қожа ханның қолына көшкен еді. Мұхаммед Хайдар мырза Дулати «Қасым хан көп әскермен Ташкентке аттанды» деп баяндайды.
Қасым ханның Ташкентке жорыққа шығуына Қатта бек ұсынысы тек түрткі ғана болады, ал оның арғы жағында бірнеше себебі бар. Қасым хан Ташкентті алу арқылы, біріншіден, Қазақ хандығының билігін Моғолстанның отырықшы аймағына таратпақ болды. Екіншіден, қайтадан күшейе бастаған шибанилық сұлтандардың күшін әлсіретуді ойластырады. Үшінші себепке, Ташкентті алу арқылы алғаш рет толығымен қосылып отырған Түркістан аймағының оңтүстік шекарасын нығайту керек болды. Осындай себептермен Қазақ ханының әскері Ташкентке аттанды. Бірақ Қасым хан Ташкентті ала алмай, Сайрам өңіріне қайта оралады.
Қасым ханның 1513 жылғы көктем айындағы Ташкентке жорығы сәтсіз болғанымен, оның Қазақ хандығының саяси жағдайына тигізген әсері онша болмады. Осы жылдары Қазақ хандығы Дешті Қыпшақ пен Мауереннахрдағы бірден бір күшті мемлекеттердің бірі болып қала берді. Мұхаммед Хайдар мырза Дулати «дәл осы жылдары Қасым ханда 300 мың әскері болды» деп жазады.
Ташкент түбіндегі оқиғадан кейін, арада 3-4 ай өткенде шибанилық сұлтандарға қарсы бірігіп күресу үшін Қасым хан ордасына Сұлтан Сайд хан келеді. Бұл туралы «Тарих-и Рашидиде» өте жақсы баяндалады. Автордың осы баяндауындағы мәліметтерден Қасым ханның Қазақ хандығындағы беделінің зор болғандығы көрінеді. «Қасым хан жасының ұлғаюына байланысты ханды қарсы алуға шыға алмады. Қалған сұлтандарға, ішінде бірнешеуі: Жаныш хан, Таныш хан (деректе Биниш хан – автор), Мамаш хан, Жан Хайдар сұлтан, Қарыш сұлтан және басқалары 50-60 жаста болды, жалпы саны Жошы ұрпағының 30-40 сұлтанына ханды қарсы алуға бұйырды» деп жазады «Тарих-и Рашиди» авторы.
Қасым ханның төңірегінде осыншама сұлтанның жиналып, оның бұйрығына көнуі, біріншіден, басқа да авторлардың айтқанындай, оның билігінің Дешті Қыпшаққа кең тарағанын көрсетсе, екіншіден, Қасым хан тұсында Қазақ хандығының ішкі саяси жағдайы тұрақты болғандығын көрсетеді.
Қазақ хандығы өзінің Сыр бойындағы иеліктерін сақтай отыра, оңтүстікте Мауереннахрмен Ташкент өңірінде шектеседі. Түркістан аймағы XVI ғасырдың бірінші ширегінің соңына дейін Дешті Қыпшақпен бірге біртұтас саяси, экономикалық, этникалық, мәдени кеңістік құрайды. Жетісудың, Сырдария өзенінің орта ағысы бойының Қазақ хандығы құрамына енуі қазақ халқының этникалық аумағын біріктірудегі үлкен жеңіс болды.
XVI ғасырдың 20-шы жылдарына таман Қасым хан басқарып отырған Қазақ хандығы батыс бағытта да нәтижелі сыртқы саясат жүргізеді. Орыс тіліндегі дерек мәліметтерінде және қазақ халқының тарихи жырларында 1519 жылы Қазақ хандығы Еділдің сол жағалауындағы өңірлерге де билігін таратқандығы, Еділ-Жайық аралығы қазақ тайпаларының көшіп-қонатын жеріне айналғандығы туралы айтылады. Осы кездерде Қазақ хандығы Қырым, Астрахан хандықтарымен қарым-қатынастар орнатады. Қасым хан Сарайшық қаласын саяси орталық етеді. Осылайша, Қазақ хандығы XVI ғасырдың бірінші ширегінде Қасым ханның билігі тұсында бұрынғы Жошы және Шағатай ұлыстары аумағындағы ең күшті мемлекетке айналады. Қазақ хандығының күшеюі барысындағы Қасым ханның рөлін сол кездегі тарихшылардың өздері де түсініп, ол туралы әртүрлі мәліметтер береді.
Қасым хан туралы Бабыр: «Жұрттың айтуына қарағанда, қазақ хандары мен сұлтандарының бірде бірі бұл халықты дәл осы Қасым хан сияқты бағындыра алмаса керек. Оның әскерінде 300 мыңға жуық адам бар еді» деп жазса, Мұхаммед Хайдар мырза Дулати: «Ол Дешті Қыпшаққа билігін таратты. Оның әскерінде миллионнан аса адам болды. Жошы ханнан кейін бұл жұртта дәл осындай күшті хан болған жоқ» деп мәлімет береді. Қадырғали Жалайыр: «Олардың арасында (Жәнібек хан ұлдары арасында – автор) аса белгілі болғаны Қасым хан еді. Ұзақ уақыт атасының ұлысында патшалық етті. Төңірегіндегі уәлаяттарды өзіне қаратты. Оның хикаялары әр жерде кездеседі, көпке мәлім-мәшһүр» дейді. Махмуд бен Уәли болса, «Қасым хан Дешті Қыпшақ аймақтарында өз билігін күшейткені соншалық, оның әскерінде 200 мыңнан аса адам болды» деп баяндайды. «1515/1516 жылы Қасым хан Жошы ұлысын тәртіпке келтіргендігі сондай, бұдан артықты көз алдыңызға елестету мүмкін емес, оның әскерінің саны миллионға дейін жетті», дейді сефевилік шығарма авторы Хайдари Рази. Ал Гаффари болса, «Қасым хан ....Дештінің ханы болды. Онымен және Шейбак хан (Шайбани хан –автор) арасында қақтығыстар болып, 1509/1510 жылы Шейбак хан оған қарсы аттанады, бірақ жеңіліс тапты» деп жазады.
Қасым хан тұсындағы Қазақ хандығының күшеюі шығыс авторларынан басқа Мәскеу патшалығына және сол арқылы Батыс Еуропа елдеріне белгілі болады. XVI ғасырдың 70-ші жылдарында құрастырылған патша архивінің тізімінде былай делінеді: «38-ші жәшік. Онда Қасым хан тұсындағы қазақтар туралы кітаптар мен қағаздар бар». Өкінішке қарай, бұл қағаздар бізге дейін жеткен жоқ.
XVI ғасырдың 20-шы жылдарында Қазақ хандығы батыста Астрахань хандығымен шектесіп, Қырым хандығына елшіліктер жібереді. Бұрынғы Жошы ұлысының аумағында Қазақ хандығының күшеюі, Алтын Орда езгісінен енді-енді құтылған, бірақ оның салдары әлі де болса Мәскеу билеушілерінің жадында сақталғандықтан өте қорқынышты еді. Сондықтан да Мәскеуде Қасым хан туралы, Қазақ хандығы және қазақтар туралы мәліметтер арнайы жинақтала бастаса керек.
Итальяндық әдебиетші Иовий 1525 жылы Орыс мемлекеті туралы кітап жазған. (Ол мәліметтерді Рим папасы VII Климентке келген Мәскеу князі Василий Ивановичтің елшісі Дмитрий Герасимовтен алады) Московияның шығысындағы көршілерді жалпылама атаумен «татарлар» деп, «олардың аумағы Қытайға дейін созылып жатыр» деп жазады. Ал 1519 және 1526 жылдары Мәскеуде екі рет болған Аустрия елшісі Сигизмунд Герберштейн: «Волга бойындағы бұл патшалық / Қазан хандығын айтып отыр. – автор/ оңтүстікте және шығыста далалық аймақпен шектеседі. Шығыста олар шайбанилық және қазақ деп аталатын татарлармен араласып тұрады», деп мәлімдейді.
Қазақ хандығының Қасым хан тұсында Мауереннахрмен саяси қарым-қатынасының табысты болуы хандықтың оңтүстік және оңтүстік-шығыс бағыттарындағы аумағын кеңейтіп қана қоймай, сонымен қатар батыс бағытта да жемісті саяси қарым-қатынастар жүргізуіне мүмкіндіктер береді.
Қасым ханның қай жылы қайтыс болғандығын шығыс жазба деректері әр түрлі көрсетеді. Мұхаммед Хайдар мырза Дулати мен Хайдар Рази 1518/1519 жылды көрсетсе, Гаффари, Мунаджим-баши және тағы басқа авторлар 1523/1524 жылы қайтыс болған деп жазады. Қасым ханның нақты қай жылы және қай айда қайтыс болғандығын анықтауға орыс тіліндегі дерек мәліметтері көп жәрдем береді.
1519 жылы Қазақ хандығының шекарасы Еділге дейін жетіп, Астрахань хандығымен шектескенде, осы хандықта Занко Зудов деген рязаньдық 1520/1521 жылдың қыс айларында 3-4 ай тұтқында болады. Қазақ хандығындағы оқиғалардың бірталайын З.Зудов тұтқында жүріп естиді. 1521 жылдың сәуірінде оның III Василийге жіберген хабарламасында «осы жылы қыста қазақ патшасы қайтыс болды» деп жазады.
Осы келтірілген дерек мәліметтерінен көріп отырғанымыздай, Қасым хан 1518 жылы, не 1523 жылы емес, нақты 1521 жылы қыс айында, шамамен қаңтар айында қайтыс болады.
Қадырғали Жалайыр Қасым ханды Сарайшықта жерленген деп жазады. Ол түсінікті де, өйткені Қасым ханның соңғы 3-4 жыл өмірі Еділ-Жайық өзендері аумағында өтеді. Қайтыс болғанда ұлы хан 75-76 жастар шамасында болады.
Осылайша, XVI ғасырдың бірінші ширегінде Қазақ хандығын күшейтіп, қазақ халқының атауын алыс-жақын елдерге таратқан Қасым хан есімі қазақ халқының тарихқа жадында жарты мың жылдан уақыт бойы сақталып келе жатыр. Ол туралы қазақ халқының ауыз әдебиетінде «Қасым ханның қасқа жолы» деген сөз тіркесі сақталған. «Қасқа жол» –
қазақ арасында бұрыннан қалыптасқан әдеп-ғұрып ережелері негізінде жасалған және көшпелі қазақ өміріне үйлесімді заң болды». Кез келген қоғам өз дамуының белгілі бір сатысына көтерілгенде жаңадан пайда болған қоғамдық қатынастарды реттейтін заңдарын шығарады. Қазақ хандығы да XVI ғасырдың бірінші ширегінде бұған дейінгі кезеңдермен салыстырғанда аумағы, халқының саны, хандықтың күші мен қуаты жағынан анағұрлым жаңа биікке көтеріледі. Біздің пікірімізше, «Қасым ханның қасқа жолы» осы жаңа жағдайға сай жасалған, жаңа қатынастарды реттейтін заң болып табылады.
Қорыта келе, Қасым хан Қазақ хандығының күшею кезеңі деп аталатын 50 жылдай уақытқа созылған кезеңінің алғашқы сатыларында қазақ әскерінің бас қолбасшысы ретінде үлкен жеңістерге қол жеткізіп, темірлік әулеттен Сыр бойындағы қалалар мен қысқы жайылымдық жерлерді қайтарады, қазақ халқының этникалық аумағын қалыптастыруда үлкен еңбек сіңіреді. Хан тағын иеленген соң Қазақ хандығының батысында да жемісті саясат жүргізіп, Еділ өзеніне дейін шекараны кеңейтеді. Ішкі қатынастарды реттеу үшін «Қасқа жолды» өмірге әкеледі. Бұл жағдай хандықтың күшеюі мен нығаюына тікелей әсер етеді.
Биыл Қасым ханның туғанына 575 жыл, ал өмірден озғанына 500 жыл толып отыр. 2021 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы Қасым хан туралы (режиссері Ақан Сатаев) көркем туынды түсіруді аяқтады. Өз заманында халқының абыройын асқақтатқан Қасым ханды қазақ халқы ешқашан ұмытпақ емес.
30.Жоңғар хандығының пайда болуы және XVII-XVIII ғасырлардағы қазақжоңғар қатынастары. Қазақ халқының жоңғар жаулаушыларына қарсы азаттық күресі. Қазақ халқының азаттық күрес тарихындағы батырлардың ролі. Ол түсінікті де: жоңғарлар халқымыздың тарихындағы ең бір қайғылы парақтардың себепшісі болған. Сонымен қатар, жоңғар халқы - XVIII ғасырда өткен ең кең көлемді геноцид құрбандары. Qazaqstan Tarihy порталы Жоңғар хандығының тарихи жолы туралы қысқаша айтып бермек.
Бірқатар тарихшылардың пікірінше, Жоңғар хандығы ойрат-моңғолдардан шыққан. Өзінің ең керемет өркендеп-гүлденген шағында бұл мемлекет солтүстігінде Оңтүстік Сібірден бастап оңтүстігінде қазіргі Қырғызстанға дейінгі, шығысында Ұлы Қытай қорғанынан бастап батысындағы қазіргі Қазақстанға дейінгі аумақты алып жатқан. Қытайдың солтүстік батысындағы Жоңғария өлкесі Жоңғар хандығының орталығы болып саналады. XVII ғасырдың алғашқы ширегінде ойрат деген атпен танымал батыс моңғолдар Жоңғарияға келеді. 1678 жылы Галдан Далай Ламадан Бошогту Хан атағын алады да, ойраттар құрамындағы жоңғарлар жетекші тайпа болып шыға келеді. Жоңғар билеушілерінің өздері бұрын Шыңғысхан ұрпағы иеленіп келген Қоңтайшы атағын қолданған. 1680-1688 жылдары жоңғарлар оңтүстік Шыңжаңдағы Қашқар жазығын басып алып, шығысында халха моңғолдарды жеңеді. 1696 жылы Галдан Цин Империясынан жеңіліп, Сыртқы Моңғолия жерінен айырылып қалады. 1717 жылы жоңғарлар Тибетті жаулап алады, алайда бір жылдан кейін оларды ол жерден Цин әулеті қуып шығады. Жоңғарияның билеуші элитасының ішіндегі өзара алауыздықты пайдаланған манчжурлар 1755 жылы хандықты жойып жібереді. Жоңғар хандығының жойылуы Цин империясының Моңғолия мен Тибетті жаулауына және Шыңжаңның жаңа әкімшілік бірлік ретінде құрылуына алып келді.