3 Педагогикалық зерттеудің түрлері. Педагогика саласындағы зерттеулер деп педагогика үдерісінің заңдылықтары, оның құрылымы мен тетігі, оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыру теориясы және әдістемесі, оның мазмұны, ұстанымдары, әдістері және тәсілдері туралы жаңа білім алуға бағытталған ғылыми іс-әрекет үдерісін және нәтижесін айтуға болады. Педагогикадағы зерттеулер оқу-тәрбие үдерісінің құбылыстары мен деректерін түсіндіреді және болжайды. Ғылыми – педагогикалық зерттеу эмпирикалық тексеруге болатын нақты қойылған деректерге негізделеді, белгілі болған теорияларға сүйенеді, мақсатты бағытталған, жүйеленген, барлық элементтердің, әдістердің өзара байланысымен ерекшеленеді. Онда эмпирикалық, логикалық және теориялық танымдық міндеттер сараланып шешіледі.
Зерттеулерді жіктеуді талдау мәселесі педагогикалық әдебиеттерде біршама қарастырылған. Типология бойынша зерттеудің жіктелуі 60 – жылдары пайда болды. Сонымен, И.Т.Огородников жұмыстың үш түрін бөліп көрсетті: педагогика жетістігінің теориялық және практикалық қорытындысын шығаратын қорытынды зерттеу; көп қырлы тәжірибелік іс-әрекеттің заңдылықтарын ашатын, жеке жақтарын тереңдетіп зерделеуге бағытталған жұмыстар; оқу-тәрбие мекемесінің жеке типтеріндегі өскелең ұрпақтың тәрбиесі және оқыту тәжірибесіне тікелей жетекшілік ететін мақсатта құрылған нормативті және құрылымды – әдістемелік қайта өңдеулер (оқу бағдарламалары, оларға түсініктеме хат, әдістемелік құрал, оқулықта).
Педагогикалық зерттеудің әдіснамалық және теориялық негіздері. Педагогика әдіснамасы жалпы әдіснама ғылымы мен қоғам дамуының үдерісін талдаудан туындайды, теориялық талдау және жинақтау, сонымен қатар, педагогика, психология, әлеуметтану, кибернетика және басқару теориясының зерттеу нәтижелерін, қисынды жалпылау әдістерін қолданады. Педагогика әдіснамасы зерттеушінің ғылыми жұмысына бағытталған. Сонымен бірге, педагогика әдіснамасының басты міндеттерінің бірі зерттеу жұмысын әдіснамалық негіздеу болып табылады. ғылымда әдіснамалық негіздің келесі түрлерін бөліп қарастырады:
• ғылымның философиялық негізі (әлемнің философиялық бейнесі, философиялық – дүниетанымдық, логикалық – гносеологиялық, құндылықты – нормативті ұстанымдар, философияда құрастырылған теориялар мен категориялар);
• теориялық негіз (ғылымның белгілі бір саласының тұжырымдамалық идеялары);
• әдіснамалық негіз (зерттеудің әдіснамалық тұғырлары мен ұстанымдары, ғылымилық идеалы мен нормалары);
• логикалық негіз (формалды және диалектикалық логика заңдары, дәлел және аргумент ережесі);
• эмпирикалық негіз (ғылыми айғақтар, эксперимент нәтижелері, тәжірибелік – ізденушілік жұмыс).
Бұл негіздер біріккен түрде ғылыми зерттеудің теориялық – әдіснамалық базасын құрайды және оны негіздеу қызметін атқарады. Педагогика және білім беру саласында философиялық негіздердің маңызы зор. Философиялық негізге ғылыми ізденістің теориялық негіздері, педагогиканың тұжырымдамалық ойлары мен ұстанымдары сүйенеді.
Сонымен, әдіснамалық тұғырлар дегеніміз – қайсыбір педагогикалық мәселені зерттеудегі қолданылатын ұстанымдар, әдістер, тәсілдер жиынтығы. Әдіснамалық ұстанымдар деп педагогикалық жүйелерді зерттей отырып, өзгерткенде негізге алынатын қағидаларды айтады. Ғылыми-педагогикалық зерттеуді ұйымдастыру ұстанымдары – жүргізілетін ғылыми зерттеулерге қойылатын жалпы талаптар, жетекші идея, түпкі қағида. Ғылыми әдебиеттерде жалпы ғылымилық ұстанымдар қатарына объективтілікті, ғылымилықты, жүйелілікті, тарихилықты, сабақтастықты және т.б. жатқызады. Демек, тұғыр ұстанымға қарағанда кең ұғым. Бұл тұғырлар мен ұстанымдар барлық ғылымға тән. Сондықтан, педагогикада аталмыш тұғырлар мен ұстанымдарды зерттелетін нысандардың мәніне сай қолданып, ізденушілер өз зерттеулерін нысандардың мәніне сай қолданып, ізденушілер өз зерттеулерін нысандардың мәніне сай қолданып, ізденушілер өз зерттеулерін ұйымдастырады. Нақты тұғыр бірнеше ұстанымдар арқылы іске аспақ. Бұл ретте әдіснама негізінен ғылыми әрекеттің логикасына қатысты түсіндіріледі. Әдіснама – педагогика ғылымының жасалу зертханасы, сол әдіснама арқылы зерттеудің қазіргі талапқа сай екендігі көрсетіледі және ғылыми қызметкерлердің кәсіби деңгейі бағаланады.