6-дәріс. Шығармашылық есептер және оларды шығару жолдары


Эксперименттік есептерді шығару әдістемесі



бет2/2
Дата08.11.2022
өлшемі22,51 Kb.
#48529
1   2
Эксперименттік есептерді шығару әдістемесі

Білімді игерудің нәтижелігі таным процесіне адамның әртүрлі сезім мүшелерінің іске қосылуы және нақты заттар мен құбылыстарға бетпе-бет келгенде оны сезіну, көре білу және қабылдау арқылы артады. Бұл жағдайда физикалық эксперименттің маңызы зор.
Физика сабақтарында оқушылардың эксперименттік жұмыс дағдысын, шығармашылық қабілетін дамыту тұрғысын арттыруға болады.
Қабілеттілік дегеніміз дамудың нәтижесі болғандықтан, оның туа бітуі мүмкін емес. Оқушы қабілеті дегеніміз оның педагогикалық ықпал аясындағы білім алу әрекеті. Жеке тұлғаны дамыту, оқыту оның шығармашылық қабілетінің дамуына әсер етеді. Әрбір оқушы оқу материалын шығармашылық деңгейде игере алады, яғни шығармашылық қабілетін дамытады. Бұл үшін оның шығармашылық ойын дамыту негізінде оқуға, яғни өздігінен білім алуға үйрету қажет. Сондықтан, ең алдымен оқушы даяр білімді мұғалімнің түсіндіруімен алатын дәстүрлі оқыту практикасынан бас тарту керек. Бізде әлі күнге мектепте сабақтағы белсенді бірде-бір тұлға – оқу материалын түсіндіруші мұғалім, ал оқушының рөлі тыңдаумен, оқумен және оны білімді тексеру кезінде қайта айтып берумен шектеледі. Шығармашылық үрдістегі басты мәселе – есептің шартынан оның шешіміне барар жолдағы логикалық алшақтықты түйсік арқылы жеңу. Толғандыратын мәселе (есеп, зертханалық жұмыс, эксперименттік тапсырма, т.б.) оны толық билеп, күші мен назары соған ауады. Адам басқа жұмыстармен шұғылданса да, оның сана түкпірінде осы мәселенің шешімі қарастырылып жатады. Оның ұзақтығы шығармашылық қызметтің тәжірибесіне байланысты. Бастапқыда оқушы есепті бір апта немесе одан да көп уақытта шығаруы мүмкін. Ол оның сана түкпірінде жүреді. Ол есепті міндетті түрде шығарады, тек ешкімнен көмек сұрамауы маңызды. Шығармашылық қызметтен тәжірибе жинақталған сайын есеп бұрынғыдан да тез шығарылатын болады. Шығармашылық қабілеттерін арттыруда эксперименттік тапсырмаларды үйге берудің маңызы ерекше. Экспериментті жүргізудің дидактикалық құрылымы төмендегідей болуы мүмкін: демонстрациялық тәжірибелер, фронтальды зертханалық жұмыстар, физикалық практикум, үй жағдайындағы тәжірибелер.
Мұғалімнің үйге эксперименттік тапсырмалар беруі сирек кездеседі. Дегенмен, оқу процесінде дәл осы тәсілді қолданудың ерекше маңыздылығы, біріншіден, үй жұмысының формасын түрлендіреді (кітапты оқыту, есеп шығару), екінші оқушының алдына тек қана өздігінен эксперименттік тәжірибе жасау арқылы ғана шешілетін мәселені қояды.
Үй тапсырмасына эксперименттік тапсырмалар беру оқушының мынадай қабілеттерін және шеберліктерін дамытады.

  • Интеллектуалдық (салыстыру қабілеті, негізгіні ажырата білу, зерттеу, эксперимент нәтижелерін жазу және қорытындылау).

  • Пәндік (теорияны тәжірибемен ұштастыру шеберлігі, физикалық білімдерін құбылыстарға талдау жасауға қолдану, көптеген үй аспаптары мен құралдарының жұмыс істеу принципін түсіндіру).

  • Ұйымдастыру-танымдық (құрал-жабдықтардың функционалдық міндеттерін анықтай білу, техникалық құрылғылармен жұмыс істегенде техника қауыпсіздігі мен пайдалану ережелерін сақтау).

  • Еңбек ету (қол құралдарымен жұмыс істеуді үйрену дағдысы, ұсталық, т.б.).

Физикалық эксперименттік тапсырмаларды үйге беру осы пәнге ерекше қызығушылықты тудырады. Өйткені мұндай жергілікті табиғи және тұрмыстық (техникалық) жағдайлар ескеріледі. Үйге берілетін эксперименттік тапсырмалар жүйесі құрылған. Бұл жүйе төмендегідей бірқатар мәселелерді шешуге бағытталған:
- Тәжірибелерді физикалық тұрғыдан қарастыру;
- Физикалық шамаларды өлшеу арқылы физикалық заңдар мен заңдылықтардағы функционалдық тәуелділікті анықтау;
- Физикалық процестерді тұрмыстық техника көмегімен басқару мүмкіндігін түсіндіру (тігін машинасындағы реостаттың және потенциометр – дыбыс реттегіштің телевизордағы, магнитофондағы, радиоқабылдағыштағы міндетін анықтау);
- Тұрмысқа қажетті техникалық құрылғылардың параметрлерін өлшеу және есептеулер жүргізу (электр құрылғыларының – үтіктің, электрплита-сының қуатын электр энергиясын есептегіш пен секундтық тілі бар сағат арқылы анықтау және оны осы құралдың құжаттық көрсеткіштерімен салыстыру; егер олар сәйкес келмесе себептерін түсіндіру);
- Техникалық білімдерін күнделікті еңбек тәжірибесінде қолдану (май қабатымен жабылған суда картоп тезірек піседі. Мұны тәжірибе тексеріп, құбылысты түсіндіру керек).
Физикалық құбылыстардың негізін ұғыну, түсініктерді, теорияны игеру процесі әр оқушыда бірдей жүрмейді. Оқыған материалды біреулер тез игереді, енді біреулеріне ой қорытуына және есіне сақтауына көп уақыт қажет. Үйде оқушылар әрқайсысы өз қарқынымен жұмыс істейді. Үй тапсырмасы дұрыс ұйымдастырылса, сабақ кезіндегі алған білімдерін бекітуге және тереңдетуге көмектеседі.
Үйге берілген бақылаулар мен тәжірибелердің қорытындылары, есептердің шешімі, шығармашылық тапсырмалардың орындалуы оқушылардың үй жұмыстарына арналған дәптерлеріне жазылады. Үй жұмысының қорытындылары туралы мәліметтер жазу оқушыларды өз ойын сауатты және қысқаша жеткізуге үйретеді. Сонымен қатар жазу мәдениеті, яғни белгілі жүйе, нақтылық және реттілік қалыптасады. Үйдегі тәжірибелерді және бақылауларды баяндау оқушыға көргенін терең ойлауға, негізгіні ажырата білуге үйретеді.
Эксперименттік есептерді шешу тәсілдері оларды шешудегі эксперименттік жұмыстың қойылуына тәуелді. Мысалы, есепті шешу үшін барлық тексеру қажет болса, онда есептің шешуін нұсқауларға сәйкес жазады.
Эксперименттік есептердің басқа түрлерінде есепті шешу және баяндау қажет болады. Егер есепті шешу үшін қажетті шамалар тәжірибе нәтижесінде алынса, онда экспериментті қою және өлшеулер жүргізу маңызды.
Есеп түріндегі эксперименттік тапсырмаларды шешу және жазу келесі элементтерден тұрады: есептің қойылуы, шарттарды талдау, өлшеулер жүргізу, есептеулер, тәжірибеден тексеру.
Мысалы көрсетейік.

  • Есептің қойылуы. Керекті құрал-жабдықтар: тік бұрышты қаңылтыр банка, таразы, масштабты сызғыш, суы бар ыдыс, құм. Банканың вертикаль қалыпта суда жүзуі үшін ішіне құм салады. Банканың суға батқандағы тереңдігін анықтау керек. Берілген есептің шартын сурет салып, астына сұрағын қою арқылы жазса да болады. Сосын талдау жасайды, есепті шешу үшін қандай өлшеулер жүргізу керектігін анықтайды.

  • Талдау. Банкаға әсер ететін ауырлық күші және астынан әсер ететін кері итеруші күш теңескенше банка суға бата береді. Бұл жағдайда Fa=P. Бірақ Архимед күші денемен итерілген сұйықтық салмағына тең болғандықтан, Fa=9,8Н/кг*p*V, мұндағы V- Банканың батқан бөлігінің көлемі, p – судың тығыздығы. Батқан бөлігінің көлемі табан ауданы мен бату тереңдігінің көбейтіндісіне тең. Fa=9,8Н/кг*p*h*S. Осыдан h=F/9,8Н/кг*p*h*S (1.) (1) формуладағы құмы бар банканың салмағын білу керек. Судың тығыздығы мен банканың табанының ауданын білу керек.

  • Өлшеулер. Динамометрмен салмағын, ұзындығы мен енін сызғышпен өлшейміз. Ауданын анықтаймыз. S=I*a. рсу=1 r/см3.

  • Есептеулер. Тығыздықтың салмақтың және ауданның мәндерін формулаға қойып, бату тереңдігінің биіктігін (һ) анықтайды.

  • Тәжірибелік тексеру. Банканың вертикаль қабырғасына түсті сызықпен бату тереңдігін белгілейді. Тәжірибе көрсеткедей, табылған мәнімен есептелген биіктіктің мәні сәйкес келеді.

Эксперименттік есептерде тәжірибені қажет болғанда ғана қояды, кейбір есептерді фронтальды тәжірибе қойылуы мүмкін.
Мысалы:
Сызғыштың көмегімен судың стакан түбіне түсіретін қысымын өлшеу.
Электр лампасының тұтынған тогының қуатын анықтау.
Үй тәжірибелерін орындау оқушылардың теориялық білімдерін күнделікті өмірмен логикалық түрде байланыстырады.Техникалық ойлау және елестету қабілеттерін қалыптастырады, білімнің қолданылу аясын кеңейтеді. Оқушылардың талпынғыштығын, тапқырлығын арттырады. Еңбексүйгіштікке және қойылған мақсатқа жету жолындағы табандылыққа үйретеді. Эксперименттік есептердің бағалы жері – ол оқушылардың алған білімін тәжірибеде қолдана білуін тексеруге жол ашады.
Екіншіден тіпті оңай деген эксперименттік тапсырманың өзі зерттеушілік қабілеті бар оқушыларды табуға жағдай жасайды.
Студенттердің өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтары:

  1. Физикалық сапалық есептер дегеніміз қандай есептер?

  2. Физикалық сапалық есептерге мысал келтіріңіздер.

  3. Физикалық сапалық есептердің шығару жолдарын түсіндіріңіздер.

  4. Физикалық сандық есептер дегеніміз қандай есептер?

  5. Физикадан эксперименттік есептердің рөлі қандай?


Достарыңызбен бөлісу:
1   2




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет