А. О. Тымболова драмалық шығармалардың лингвистикалық поэтикасы Алматы, 2013 А. О. Тымболова драмалық шығармаларды лингвистикалық поэтикасы



бет21/95
Дата06.10.2023
өлшемі1,66 Mb.
#113256
түріМонография
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   95
Науан. Асссалаумағалейкум.
Күн өткізбей, жұрт даурықпай,
Із суытпай, жақсы келіпсің шалым...
Кәрі көзің көре қалған екен!
Әлдебіреу сыбыр етіп қалды ма?
Балта. Мысықтан басқаның қылығы жататын ба еді, жетті де жаманат!
Науан. Қалай аузың бүтін бе еді?
Хазіреттің қызылы қатаң болатын.
Балта. Қатыгез хазірет атанғаның рас.
Қасқа тіс сынға түссе көреміз де!
Науан. Жоқ, бұл жолы биялайдаймын... Мені бір құрық әкеткен деп пе ең? Айтар дауым жоқ, лайығын тап та, кесе бер кесіміңді.
Жылгелді. Дауың болмаса жазығы не еді Мәрзияның, оны да өзің айтарсың?
Күнәсіне көз жетсе,
Кесім сұрар мен де жоқ.
Науан. Сен қоя тұр Жылгелді.
Сүйек сенікі екені рас,
Дау сенікі бола алмайды, бірақ.
Жалмұқан. Тоқта, Жылгелді.
Қарашыны қайтсын хазірет.
Қарауылдың қара ордасын тосайық алдыңа!
Уа, менмін жоқтаушы!
Науан. Жөніме көшсем, сен үшін көшкем, сөйле!
Жалмұқан. Сөйлесем, әуелі асқақтамайық.
Менің сендей, сенің мендей күніміз,
Кеше ғана емес пе еді?
Қашан кесіп өтіп ең алдымнан?
Науан. Бұл да бір тосу шығар, сен де көн! (70 б.) («Ақан сері – Ақтоқты»)
2 мысал:
Драманың бірінші көрінісі танысу, «сіз-біз» десіп пікір алысумен өтті. Жазушылар бірін-бірі көзбен ішіп жеді, шиеленіскен тартыс бықсып өшіп дамымады. Күлген кезде жүзінен күн шығып келе жатқандай мөлдір нәзік қыз жеңіл ығысып келіп шұбат, қымыздан босаған ыдысты лып-лып көтеріп алып кетті. Әлгідегі қыш құмыра, сырлы аяқ орнын жылқы майындай шикіл сары коньяк, жұпар шашып мөлдіреген қызыл, жасыл шарап шөлмектері жаулап ала бастады. Бейне майдан даласына алғы саптағы жәукем қолды дүркіретіп атқа қондырып андағайлатып жібергендей сезілді, жүрегі құрғыр ат дүбіріне желігіп аблыға дүрлікті, алғашқы кезде ақыл сәулесі бұлдыр тартып қан қызуы құтырып басқа шапқан секілді еді. Шошақ бөрікті қыл қобызын тізесіне қондырды, қыл керген ұзын ысқышын жауырынын бүлкілдетіп қос ішекке жанып-жанып жіберді. Қыңсылаған бебеу үн азынап қоя берді. (20 б.)
(Д. Досжанов. «Мұхтар жолы»)
Мәтін энергиясын анықтау үшін жоғарыдағы драмалық шығармадан келтірілген №1 мысалды қызыл сызықпен, көркем шығармадан салыстыру үшін келтірілген №2 мысалды көк сызықпен белгілеп салыстырайық.
Енді екі мысалдың мәтініне назар аударыңыз. Драмалық шығармадан келтірген үзіндіде түгелдей дерлік тыныс белгілері бар. Поэзияға тән құрылым бар. Ол мәтіннің серпінді қуатын білдіреді. Яғни, диалог арқылы бүкіл шығармадағы ширыққан тартыс бірден байқалып тұр. Пьеса тіліндегі тыныс белгілерінің рөлі зор. Олардың өздеріне тән «үні» болады. Мысалдағы нүкте, үтір, сызықша, сұрау белгісі, леп белгісі, көп нүкте сол үндік белгілеріне сай әуездік және мағыналық қызмет атқарып тұр. Тыныс белгілері өзгерген сайын дауыс толқыны жоғарылап, кейіпкерлер сөздерінің шекарасына жиі пауза түсіп отырады. Дауыс бірде жоғарылап, бірде төмендеп, сөйлеу интонациясы түрленіп, жағымды кейіпкерлердің (Балта, Жылгелді) сөзінде нәзік реңк пайда болады. Қысқа-қысқа, үзік-үзік, мірдің оғындай сөйлемдер актерлердің образды ашудағы еселенген дауыс толқыны арқылы санаға ерекше әсер етеді. Сондықтан, көрерменнің не оқырманның көңіл-күйі де кейіпкерлер тартысымен ширыға астасып, біртұтас қабылдауды бастан кешеді. Мәтін сөзіне арбалады.
Мәтіннің энергиясын анықтауда тыныс белгілерінің рөлі зор дедік. Тыныс белгілерінің сөйлеу тілі мен жазу тілін тікелей байланыстыратын құрал екендігі белгілі. Тыныс белгілерінің рөлі, әсіресе сахналық шығармаларда айқын байқалады. Тыныс белгілері барлық уақытта сөйлеуші тұлғаның дауыс сазына, диапазонына, сөйлеу күшіне байланысты болады.
Науан. Жөніме көшсем, сен үшін көшкем, сөйле!
Бұл да бір тосу шығар, сен де көн!,- деген жолдар құбылған көңіл-күйді көрсетіп, леп белгісіне аяқталып тұрып та, бұйрықты сөйлемнің сан түрлі функциясына араласады.
Көп нүктелер аяқталмаған ойды білдіру үшін қойылған. Ойдың аяқталмауы кісінің көңіл-күйіне байланысты болса, мысалдағы көп нүктемен келген сөйлемдердің көпшілігіне эллиптикалық қасиет тән.
Сонымен, сахналық шығармаларда ырғақтың, интонацияның әсерімен сөздің мағыналық салмақ жүгі артады.
Ал екінші мысалда тартыс бар екенін (шиеленіскен тартыс бықсып өшіп дамымады) автордың өзінің құрғақ баяндауы арқылы білеміз. Көлемді абзацта лепті, сұраулы сөйлемдер жоқтың қасы. Автор алғашқы сөйлемінде жазушылардың іштей арбасып, бір-бірін бағып отырғанын, одан кейін кесе жинаған қыз туралы, шараптан кейінгі туатын сезімді, шошақ бөрікті қобызшы туралы ақпараттың барлығын ешбір абзацсыз, жүйесіз, эмоциясыз бір хабарламаның аясында береді.
Демек, кейде оқырмандар абзацтарсыз, тұтас жолдарды толтыра берілетін сөйлемдердің жағымсыз кері әсерін байқайды. Бұдан шығарманың эмоционалды депрессияға, агрессияға, үмітсіздікке толы екендігін байқауға болады. Мұндай эмоционалды бағыт керісінше, оқырманның энергиясын сорып алады. Мұны «энергетикалық қақпан» деуге болады. Ал энергетикалық қақпанға түскен оқырман бойындағы энергетикалық ресурстарынан айрылып, көңіл-күйі төмендеп, өзіне деген сенімсіздік пайда болып, созылмалы ауруы өршуі де мүмкін. Міне, мәтін энергиясының қуаты деген осы.
Сонымен, мәтіндерде кездесетін көсемшелі, есімшелі формаларды салыстыра есептеу, ондағы лепті сөйлемдер, стилистикалық реңктегі нормативті емес лексика, тілдік бірліктердің семантикалық категориялылығы, мәтіннің нағыз «энергиялылығын» анықтайтын құралдар болып табылады.
Мәтіннің кинетикалық энергиясы теориялық тұрғыдан белгілі бір көлемді (мәтіннің ұзақтығын, ондағы сөздердің санын, т.б.) қамтыса, потенциалдық энергиясы тәжірибелік тұрғыдан айтарлықтай шексіз болады.
Әрбір әдеби шығармаларда бізді қоршаған әлем әр қырынан көрініс табады. Әдеби шығармаларда шындықты суреттеу ғана емес, белгілі бір дәрежеде оны бұрмалау да кездеседі. Ол автордың шығарманы тудырғанында бір, оқырманның оны қабылдағанында екі бұрмаланады. Сондықтан мәтіннің потенциалды энергиясы оқырманның әрекетті нақты шындық тұрғысынан сезінгенінде ғана туады. Демек, оқырман мәтінді, оқиғаны қабылдау барысында оны өз ой елегінен өткізіп, алған ақпаратының шынайылығын әлеуметтік жағдаймен салыстырады.
Ал осы қабылдаудың бірнеше деңгейі бар:
1) фактологиялық. Мұнда шығарма фактілердің жиынтығы (персонаждар, олардың әрекеттері, қарым-қатынасы, қоршаған жағдай) ретінде қабылданады;
2) екінші деңгей, шартты түрде мәдени-әлеуметтік деп аталады. Бұл жерде оқырман шығармадағы оқиғалар мен персонаждар арасындағы зор байланысты байқап, өз түйсігі арқылы әлемді тұтас күйінде қабылдайды;
3) шығарманы философиялық қабылдау деңгейі нақты элементтер (персонаждар, олардың қарым-қатынасы, т.б.) идея, концепция негізінде іске асады. Оқырман бұл идеяларды өзінің жеке әлемге деген көзқарасымен салыстырады;
4) мәтінді қабылдаудың төртінші деңгейі, оқырман ақырында мәтіннің «сұлулығын» немесе «нашарлығын» жеке көзқарасы арқылы салыстыра отырып айқындайды. Әрине, бұлардың барлығы мәтінді оқу процесінде саналы түрде ескерілместен, оқырман санасында бірден төрт деңгейде жүзеге асады.
Сондай-ақ, мәтіннің оқырманға тигізетін магиялық әсері де болады. Адам көз арқылы мәтінді оқиды, талдайды, санадан тыс әсерін сезінеді.
Магия – (грек тіліне парсы тілінен сіңген сөз) әр түрлі құбылыстарға табиғаттан тыс күштер арқылы әсер етуге болады дейтін наным-сенімнен туған сиқырлау, дуалау мақсатымен айтылатын сөздің күші.
Сөз магиясына сену, әсіресе, қазақтың алғыстары мен қарғыстарында көбірек байқалады. Мәселен, «Қозы Көршеш – Баян сұлу» пьесасында Козыны өлтіргеннен кейін ел Қодарды өлтіреміз дейді. Сонда Баян, бұған жазаның ең ауыры, бар күнәсін арқалап тірі жүрсін, тірінің есебінде жүрген өліктей болсын деген кесім айтады. Екі жастың қос анасы да Қодарды қарғайды. Қодар қарғыс арқалайды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   95




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет