А. О. Тымболова драмалық шығармалардың лингвистикалық поэтикасы Алматы, 2013 А. О. Тымболова драмалық шығармаларды лингвистикалық поэтикасы



бет1/95
Дата06.10.2023
өлшемі1,66 Mb.
#113256
түріМонография
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   95

А.О. ТЫМБОЛОВА
Драмалық шығармалардың
лингвистикалық поэтикасы

Алматы, 2013




А.О. ТЫМБОЛОВА


Драмалық шығармаларды
лингвистикалық поэтикасы


(М.Әуезов пен Ғ.Мүсірепов шығармаларының негізінде)

(монография)

Алматы – 2013

Баспаға Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті


Ғылыми кеңесі ұсынған
Жалпы редакциясын басқарған:
филология ғылымдарының докторы, профессор Г.Н. Смағұлова

Пікір жазғандар:


Филология ғылымдарының докторы, профессор Б. Қалиев


Филология ғылымдарының докторы, профессор С. Сәтенова

Монографияда драмалық шығармалар тілі жанрлық тұтастығы, эстетикалық қырлары, поэтикалық құрылымының ерекшеліктері, дискурс ретінде қалыптасуы, коммуникативтік, прагматикалық, интеграциялық түзілісі аспектілерінде жан-жақты қарастырылады.


Зерттеуді жоғары оқу орындарының филология факультеттерінің студенттеріне, магистранттарына және сахна тілінің мамандары мен жас актерлерге, радио және телевизия дикторларына мамандану пәндерінен дәріс оқуда пайдалануға болады.


Кіріспе

Қазақ тіл білімі ғылымында тілді тұтынушы тұлға арқылы зерттеуге жіті көңіл бөлініп отырған бүгінгі таңда, көркем шығармалардың тілі мейлінше қарастырылып келеді дегенмен, әдебиеттің негізгі үш тегінің (поэзия, проза, драма) бірі – драмалық туындылардың тілін зерттеу мәселесі толық шешімін тапты деп айта алмаймыз. Өлең сөзбен қара сөздің шендесуінен тұратын драмалық туынды біріншіден, поэзия мен прозаға қойылатын талаптарды қамтыса, екіншіден ықшамдылық тұрғысынан ерекшеленетін айрықша жанр. Екі жанрдың күрделі ұғымдарын қатар қамтитын драманың бүгінге дейін зерттеушілер назарынан тыс қалып келгендігі де, оның табиғатының осыншалықты күрделілігінен туындаса керек.


Драмалық шығармалар тілінің композициялық құрылысы айтарлықтай ерекше. Драма – шындықты шиеленіскен тартыстар үстінде айрықша тәсілдермен жинақтап көрсететін, оқиғаға қатысқан адамдардың сөзі мен ісі арқылы көрерменнің көз алдында қолма-қол жүзеге асырылатын күрделі жанр. Яғни, пьесаның күші де, әлсіздігі де тілінде. Драма тілі тұжырымды, қысқа, түйінді болуы шарт. Олай болса, драма тілі өзіндік ерекшелігімен маңызды, ал оның құрылымын, функционалдық, эстетикалық қырларын құрылымдық- семантикалық, когнитивтік, прагматикалық аспектіде қарастыру антропоөзектік зерттеулердің өлшемдеріне сай келеді.
Драмалық шығармалардың тілі, біріншіден, автордың өзіндік идиостилі арқылы ерекшеленсе, екіншіден, сахнада актерлердің ойнау шеберліктері арқылы қайта жанданады. Сондықтан, драмалық шығармалар тілін автор – актер – көрермен бірлігінде талдау, ғаламның тілдік бейнесі мен тілдік тұлға ретіндегі кейіпкердің болмысын ашу, тіл мен мәдениет сабақтастығын дәйектейтін өзекті мәселелердің санатындағы қажеттіліктен де туып отыр.
Қазақ драматургиясының бастау кезеңі болып табылатын XX ғасырдың 20-50 жылдарындағы өзіндік арнайы құрылымымен ерекшеленетін классикалық драмалық шығармалар тілін қарастырған себебіміз, біріншіден, сол кезеңде қазақтың көркем әдебиет кеңістігіне ұлттың біртуар суреткерлері
Ж. Аймауытов, Б. Майлин, М. Әуезов, Ғ. Мүсіреповтер келді. Екіншіден, тілдің эстетикалық бірліктер мен категориялардан тұратын құрылымын жекелеп талдау, бір жағынан, драмалық шығармалардың тілдік-стилистикалық ерекшеліктерін анықтауға көмектессе, екіншіден, сол кезеңдегі тілдің коммуникативтік-тілдік жағдайының көрінісін айқындап, бағалауға негіз береді. Үшіншіден, көркем сөз өнеріндегі бүгінгі қазақ драматургиясы композициялық-тілдік және жанрлық-стилистикалық толысу жағынан сол кезең шығармаларынан бастау алады деуге де толық негіз бар. Сондықтан, көркем әдебиет стилінің бұл саласын кезең-кезеңге бөліп зерделеудің қажеттігі айқын.
20-50 жылдардағы драматургтер тілі – қазақ әдебиетіндегі драматургия жанрының көркемдік қасиетін танытатын, халықтың орасан тіл байлығын шашау шығармай орынды қолдана білген, тілдегі көріктеуіш стильдік тәсілдер арқылы бай образдар галереясын жасаған, драматургия жанрына көркемдік, стильдік жаңалықтар қосқандығымен ерекшеленеді. Бұл туындылар сол кездегі қазақ көркем әдебиетіндегі дара тұлғалар шығармашылығының бір кезеңі болуымен қатар, ұлттық тілдік санадағы сол кезеңге тән ғалам бейнесінің бір үзігін танытуымен де құнды.
Сондай-ақ, XX ғасырдың бас кезіндегі драмалық шығармалар тілін қарастыруымызға, бүгінгі драматургия тілінің құрылымдық деңгейінің көп өзгеріске ұшырауы себеп болды. Себебі бүгінгі қолданыстағы тіл (көркем тіл емес) түрлі экстралингвистикалық құбылыстардың әсерінен көп өзгерді. Бұл өзгерістер көркем әдебиет тіліне, оның ішінде, драмалық шығармалар тіліне де әсер етпей қоймады. Ал, біз қарастырып отырған XX ғасырдың бас кезіндегі қазақтың классикалық драмалық шығармалар тілі өзіндік идеялық-көркемдік және жанрлық-стилистикалық жаңалықтарымен ерекшеленетін ұлттық тілдің қаймағы іспеттес шығармалар болып табылады, сондықтан оның тілін ұлттық дүниетаным тұрғысынан зерттеп, бүгінгідей тәуелсіз ғылым шеңберінде бағамдау қажет.
20-50 жылдар аралығындағы драмалық шығармалардың тілін зерттеу дегенде, біз ұлы суреткерлер М. Әуезов пен Ғ. Мүсіреповтің пьесаларының тілін арнайы бөліп қарастырдық. «Абай қазақтың жазба әдеби тілінің ұлттық кезеңінің бастаушысы болса, М. Әуезов сол тілдің көркем проза, драматургия, публицистика, ғылыми әдебиет стильдері деп танылатын тарамдарының іргетасын қалаушылардың ірілерінің бірі, көш бастаушыларының зоры»,-дейді академик Р. Сыздық. Яғни, қазақ драматургиялық жанрының негізін алғаш салғандардың бірі – М. Әуезов.
Ғ. Мүсірепов те қазақ драматургиясында өзіндік қолтаңбасын қалдырған суреткер. Ғ. Мүсірепов туралы да Р. Сыздықтың: «Көркем әдебиет ақылды ойдың әсем құндақталған көрінісі болса, сол әсемдікті тіл арқылы, сөйлем құру арқылы қалайша берудің жалпы үлгісін көрсеткен Ғабит Мүсіреповтің қазақтың көркем сөзіндегі орнын, қызметін таныту да, өз қаламына тән, тіліндегі әсемдік қырларын, ғылыми терминмен айтсақ, идиостилін тану да – зерттеушілердің әлі де алдында тұрған борышы деуге тура келеді»,-деуі де шындық. Себебі, Ғ. Мүсіреповтің көркем шығармаларының тілі зерттеліп жүрсе де, драмалық шығармаларының тілі қарастырылды деп айта алмаймыз.
Осы ретте ғалымның тағы да мына пікіріне жүгінуге тура келеді: «... ұлы қаламгер қаламынан туған көркем дүниелердің әрқайсысы қай реттте, қалайша көркем? Сол көркемдікті жасауда жазушы қандай амал-тәсілдерге барды? Тілдік тұлға-тәсілдерді көріктеуіш-бейнелеуіш қызметте қалай жұмсады? Олардың жалпы ұлттық әдеби тіл нормаларымен іліктестігі қандай?» [1, 96 б.]
(М. Әуезовті айтып отыр – А.Т.),-дейтін пікірін суреткердің драмалық шығармаларына да қатысты деп есептейміз.
Сондықтан екі ұлы суреткердің классикалық драмалық шығармаларының тілі бір зерттеудің аясында, сол кезеңдегі басқа драмалық туындылардан арнайы жеке талданып, зияткерлікке, шешендікке, философиялық ойға жетелеген құбылыс, тіліміздің байлығын танытатын құндылық ретінде қарастырылды.
Бүгінгі таңда драмалық шығармалар поэтикасын зерттеу мәселесі театр әлемін лингвостилистикалық тұрғыдан қайта қарастырудың, жаңғыртудың да басы болмақ. Бұл драмалық шығармалар поэтикасын театр теориясымен байланыстыра зерттеу қажет дегенді білдіреді.
«Дух века требует важных перемен и на сцене драматической»,-деп жазды кезінде А. Пушкин. Сахнадағы актердің сөзі табиғи сипат алуы қажет. Алайда драмадағы табиғилық күнделікті өмірдегідей қарапайым сөздер тізбегінен тұрмайды, сахнадағы сөз – өнер табиғатына сай өзекті жарып шығып, адамның ішкі табиғатымен қабысып жатады. К.С. Станиславскийдің «мы ненавидим театральность в театре, но любим сценическое на сцене. Это огромное разница» [2, 37 б.] деуі де сондықтан.
Тіл ұлттың бүтін бір құндылығы екендігі, онда халықтың эстетикалық идеалы да жататындығы анық. Театр – көрерменге әдеби тілдің көркем үлгісін ұсынады, көрерменді жанды тілдің ғажаптығын жүрегімен сезініп, құлағымен естуге мүмкіндік береді. Сахнадағы сөз тек қарым-қатынас құралы ғана емес, көрерменді эстетикалық тәрбиелеудің де құралы болып табылады.
Осыған орай, зерттеуде драмалық шығармалардың тілін лингвистикалық сипат, жанрлық тұтастық, поэтикалық құрылымының ерекшеліктері, дискурс ретінде қалыптасуы, коммуникативтік, прагматикалық, интеграциялық түзілісі аспектілерінде қарастыру барысында мынадай мәселелер айқындалды:
- драмалық шығармалар тілі автор – актер – көрермен бірлігінде талданды;
- драмалық шығармалар тілі макро және микропоэтика аясында зерттелді;
- драмалық шығармалардағы монологтар мен диалогтардың, полилогтардың құрылымдық-семантикалық жүйесі қарастырылды;
- драмалық шығармалардағы ремаркалар мен репликалардың қызметі көрсетілді;
- драматургиялық дискурстың сипаты және ондағы тілдік тұлғаның сөйлеу ерекшеліктері айқындалды;
- сахна тіліндегі билер дискурсының прагматикалық әлеуеті бағамдалды;
- драмалық мәтіндердің «энергиялылығы» көрсетілді;
- қазақ классикалық драмалық шығармаларындағы тілдік-бейнелеуіштік құралдардың поэтикалық қолданысын зерттеу аясында, сол кезеңдегі драматургтердің өзгеше идиостильдері айқындалды;
- образ жасауда қолданылатын көркем сөздердің ерекше эстетикалық құрылымға ие екендігі, кейіпкер тілінің стильдік қызметі сараланды;
- сахна тілінің ұлттық концептілердің семантикалық өрісін кеңейткендігі көрсетілді.
Еңбекте қазақтың классикалық драмалық шығармалары лингвистикалық поэтика тұрғысынан алғаш рет зерттелгендіктен, сахна тілінің жалпы теориялық мәселелері қарастырылып, негізі жасалды. Соның нәтижесінде төмендегідей тұжырымдар ұсынылды:
- драма тілі – тіл мен мәдениеттің сабақтастығын поэтикалық жүйеде көркемдеуге, рухани мәдениеттің тілдік көріністері арқылы ұлттық мәдени код қалыптастыруға үлес қосқандығы анықталды.
- драма тілі тұжырымдылықты, нақтылықты қажет етеді. Драма тіліне дәлдік пен айқындылық тән. Драмалық шығармаларда басы артық сөз болмайды. Драманың тілі қысқа да нұсқа болуы шарт.
- драма тілі ырғақты, памфезді. Қазақтың классикалық драмалық шығармалары ақ өлең өлшемімен жазылғандықтан, онда ұлттық тілдік нақыш айрықша көрініс табады. Ақ өлең – ұлттық нақышты танытатын көркем тіл үлгісі.
- аталмыш кезеңдегі драмалық шығармалар тілі құбылыс болып есептеліп, ұлттың тілдік-мәдени құзіреттілігін арттыруға үлес қосты.
- қарастырылып отырған кезеңдегі классикалық драмалық шығармалар тілі поэтикалық драматизм талаптарына толық жауап береді. Демек, сахна тілі арқылы құрғақ патетикадан адам жанының нәзік қалтарысына дейін аффектілік жолмен көрсетуге болады.
- сол кезеңдегі драмалық шығармалар тілі ұлттың рухани құндылығы – тілдің әлеуметтік, психологиялық, философиялық әлеуетін арттыруға орасан ықпал етті.
- М. Әуезов пен Ғ. Мүсірепов тілін полифондық стильге жатқызуға болады. Өйткені полифониялық диалогтың тұжырымдамасы бойынша, адам философиясында, яғни адамның өмірі, оның ақыл-ойы және айналамен қарым-қатынасы диалогтық табиғатқа ие.
- сахна тілі актерлер мен режиссерлер характерлеріндегі түрлі образдар жасаудағы негізгі құрал болып табылатындықтан, орфоэпиялық, интонациялық нормаларды жүзеге асырады.
- сахна тілі ұлттық көркем тілдің бейнесін менталдық болмыс тұрғысынан дәйектеуге негіз қалады;
- сахна – қазіргі тілдік тұлғаның сөз мәдениеті деңгейін көрсететін шынайы орта. Яғни, сахна тілінің эстетикалық қызметі – тіл мәдениетінің қайнар көзі, тіл ұстартудың ұстаханасы – сахнада көрініс табады.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   95




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет