Абай сыйлығына –«Абай» энциклопедиясы1



бет6/32
Дата06.01.2022
өлшемі255,83 Kb.
#12521
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   32
НҰРМАҒАМБЕТОВ Әбілбек

филология ғылымының докторы
Елеулі екі еңбек
Қазақ тіл ғылымының қазіргі көрнекті өкілдерінің бірі – Рәбиға Сыздыкова. Атақты ғалымның әр ғылыми зерттеуі ұлттық тіл ғылымының жаңа бір қалың қабаттарын қопарып сөйлегендей әсерге бөлейді. Соңғы бірер жыл ішінде оның «Қазақ әдеби тілінің тарихы (XV– XIX ғасырлар)»«Сөздер сойлейді» атты кітаптары жарық көрді.

Тіл біліміне тән басты-басты қағидалар мен ұғымдар дүниедегі тілдердің көпшілігіне ортақ екендігі, олардың көптен сөз болып келе жатқандығы мәлім. Сондықтан да Р. Сыздықова, ең алдымен, қазақ тіл білімінің қол жеткен табыстарын назардан тыс қалдырмай, негізгі қорытындыларын көрсете отырып, бұл ретте де өзінің тың тұжырымдарын ұсынған.

«Ана тілі» баспасынан 1993жылдың соңында жарық көріп, қолымызға өткен жылы тиген «Қазақ әдеби тілінің тарихы (XV– XIX ғасырлар)» атты монография – 1984 жылы университеттер мен пединституттардың филология факультеттеріне арналған оқулық ретінде ұсынылған еңбектің толықтырылып, өңделіп, көлемі ұлғайып екінші рет басылуы. Алғашқы басылымына кезінде баспасөз беттерінде жақсы пікірлер айтылып, оқырман жұртшылық, әсіресе жоғары оқу орындарының мұғалімдері мен студенттері қуана қабылдаған еді.

Кітап «Кіріспе тарауды» қоспағанда, негізі жеті тараудан тұрады. Бұл жағынан алғанда монография көп толықтырылған. «Кіріспе тарауда» әдеби тілдің статусы туралы әр кезде айтылған пікірлерді көрсете отырып, Сыздықова өзінің ғылыми анықтамасын айқын да анық етіп ұсынады. Осы тұста ғалым жалпы тіл біліміндегі «әдеби тіл теориясына» өз үлесін қосады: әр халықтың әлеуметтік-мәдени даму тарихында ерекшеліктер болатынын ескеріп, өзгелерде жоқ болса да, қазақ халқында «ауызша дамыған әдеби тіл» деген болды дейді де, оның ауыз әдебиеті (фольклор) тілі мен қазақ халқы ертеде пайдаланған жазба тіл дәстүрінен айырмашылықтары мен іліктес тұстарын нақты тілдік нұсқалармен дәлелдеп көрсетеді. Бұл тараудың екінші бабы қазақ әдеби тілінің даму барысын дәуірлеуге арналған. Сөз болып отырған монография авторы қазақ әдеби тілінің даму тарихын әуелі екі дәуірге бөліп қарастырады: қазақ халқының ұлттық кезеңге дейінгі әдеби тілі және ұлт болып қалыптасқан кезеңіндегі әдеби тілі. Одан әрі әр дәуірдің өзін бірнеше кезеңге бөлшектеп әр кезеңдегі әдебиет үлгілерін талдайды. Ұлттық кезеңге дейінгі бірінші дәуірде (XV ғасырдан XIX ғасырдың II жартысына дейінгі) қазақ әдеби тілін танытатын үлгілер деп ауыз әдебиеті нұсқаларын, ауызша тараған авторлы әдебиетті, жазба үлгілерді атайды.



Сондай-ақ, осы тарауда халықтың ауызекі сөйлеу тілі қазақ әдеби тілінің негізі есебінде саналып, оған қазақ халқын құраған ру-тайпалардың XIII– ХІV ғасырлардағы сөйлеу тілінің ескерткіштері болып табылатын «Кодекс Куманикус», «Тержуман түрки уа араби», Абу Хайанның «Китаб ал-идрак ли-лисан ал атрак», «Китаб ат-тухбат аз-закия фи-луғат ат-туркия» тәрізді сөздіктерде берілген сөздерді мысал ретінде келтіреді де, автор: «...біздің жыл санау дәуіріміздің басында өмір сүрген үйсін, қанды сияқты түркі тайпалары мен тайпалық одақтардың ауызекі сөйлеу тілі қазақ халқының ауызша, жазба әдеби тілдерінің негізгі көзі деп тануға болады деген қағиданы қостайды.

Р. Сыздықова әдеби тіліміздің қайнар көздеріне қазақтың ауыз әдебиетінің, Орхон-Енисей ескерткіштерінің, орта ғасырлық түркі жазба ескерткіштерінің тілдерін жатқызады да, әрқайсысының қазақ тіліне қатысын, жалғастығын әңгімелейді. Бұл орайда өзінің соны пікірлерін білдіреді. Біз мұныда өте орынды, дәлелді ізденістер деп танимыз.

Монография авторы XV– XVIII ғасырлардағы қазақ қауымына қызмет еткен тілдік үлгілерді зерттеудегі қиындықтарды, ауызша әдеби тілдің лексикалық қазынасын, оның қалыпқа түсу дәрежесін аша түседі. Сондай-ақ, бұл үлгілердегі көне сөздерді, грамматикалық ерекшеліктерді, сол дәуірлердегі қазақ поэзиясының стильдік-тілдік белгілерін ажыратып анықтайды. Әр ретте зерттеушінің тікелей өз ойлары мен талдау-тұжырымдары көзге түседі. Еңбектің құндылығы да осында.

Енді бірер сөз: жақында ғана жарық көрген екінші кітабы – «Сөздер сөйлейді» («Санат»баспасы) жайында болмақ. Мұнда қазақтың батырлар жырлары мен лирикалық эпостарында, XV– XIX ғасырларда ғұмыр сүрген ақын-жырауларының өлең-толғауларында, ежелгі заманнан келе жатқан мақал-мәтелдерде, көне замандарда қалыптасқан сөз тіркестерінде кездесетін, бірақ бүгінгі күндерде көп қолданылмайтын, мағынасы күңгірт, кейде мүлде түсініксіз сөздер талданады. Автордың алға қойған мақсаты – осы тәрізді сөздердің мағынасын ашып, түп-төркінін анықтау. Қазірде де жиі қолданылатын кейбір сөздердің тіпті ертеде немесе күні кеше басқаша мағынада жұмсалып келгендігін де осы кітаптан оқып біле аламыз.

Әдетте, сөз мағынасының құбылып отыруы – қоғам дамуына байланысты болып отыратын, қай халықтың да тіліне тән құбылыс. Мысалы, қазіргі орыс тіліндегі юмор сөзінің алғашқы мағынасы «сұйық, сұйықтық» болғандығын арнайы зерттеу жұмыстарынан оқымасақ, білмеген де болар едік. Дәл сол сияқты бұлкүнде мағынасы түсінікті көптеген сөздердің әуелгі ұғымдарын білмейтіндігімізді жасыра алмаймыз. Сондай сөздердің түпкі мағынасын анықтауға проф. Р. Сыздықованың осы кітабы көмектеседі. Мысалы, қазіргі кезде барша қазаққа мәлім алаш сөзінің әр заманда әрқилы мағынада жұмсалғандығын кітаптың 33-37-беттерін оқығанда ғана білеміз. Бұрынғы ақын-жыраулардың өлең-толғауларында бұл күнде біз мағынасын тап басып біле бермейтін бірқатар сөздер бар. Айталық, солардың бірі – симие сөзі. Оны «сөйлеткен»автор былайдейді:

«XIX ғасырдың екінші жартысында өткен Шәңгерей ақын Америка ғалымы Эдисон туралы өлеңінде: Пәндерден кимие-симие ғылымы, көп сырлар ашты хикмет дүниеден» дейді.

Мұндағы симие компонентін ат-мат, жігіт-мігітдегендердегі сияқты қос сөздердің мәнсіз сыңары болар деп ойлаймыз. Ал, шындығында кимие дегені «химия», симие – парсы тілінде «магия, көз бояушылық, керемет іс»деген мағынаны білдіретін сөз. Ол кимие (химия) сөзімен қатар айтылғанда «алхимия»ұғымын да береді.Демек, Шәңгерей Бөкеевтің кимие-симие деп отырғаны химиядан да, алхимиядан да, яғни барлық ғылымнан хабары бар ғалым» дегені.

«Сөздер сөйлейді» кітабында 270 шамасындағы сөздің тарихына талдау жасалып, алғашқы мағыналары мен түп-төркіні анықталған. Сонымен қатар, бұл еңбектегі талданған сөздер «Қазақ тілінің тарихи лексикологиясы» атты курсқа қажет материалдар екендігі даусыз. Мұны автордың кітап соңында қысқаша болса да ұсынылған «Тарихи лексикология» деген тақырыбы дәлелдей түседі. Бұл шағын очеркте тіл тарихшысы, этимолог ретінде Р. Сыздықова тіл білімінің диахрондық лексикология, тарихи семасиология деген бөлімдерінен мәлімет береді де, өз тұжырымын ұсынады. Мұны да біз ана тіліміздің тарихи лексикологиясынан жүйелі түрде ұсынылған тұңғыш жұмыс үлгісі дер едік.

Профессор Рәбиға Сыздықованың бұл екі кітабы қазақ тіл ғылымына қосылған елеулі үлес екенін қайта-қайта айта отыра, ұлтымыздың келешегі жас өспірімдеріміздің өз тілінің кешегісі мен бүгінін қаз қатар байыптауына зор көмегін тигізетін, көңіл сүйсіндіретін кітаптар екеніне өзіміз де иланып, өзгелерді илантуды азаматтық парыз деп білдік.
Егемен Қазақстан, 1995, 1 наурыз


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   32




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет