Адамзаттың асыл тәжі мұхаммед (с а. у.) пайғамбардың өмірі


Жаңбыр дұғасы. Оның нәтижесі



бет21/107
Дата21.12.2023
өлшемі1,26 Mb.
#142185
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   107
Байланысты:
Adamzatty 1187 asyl t 1241 zhi 1

Жаңбыр дұғасы. Оның нәтижесі.
Саадтар бүкіл ауыл болып құрғақшылықтан ауыр жапа шекті. Халық жиі-жиі тасаттыққа шығып, әрқайсысы өзі иланатын пұтына жалбарынып жаңбыр сұрайды. Аптаптың беті қайтар түрі көрінбейді, қайта күн өткен сайын шыжғырып, мал мен жанның қауқары азайған. Қанша рет пұттарына жалынып, дұға жасап, құрбан шалса да нәтижесіз.
Осылай дәрменсіздіктен қалжыраған халық әдеттегідей бір жұма күні ең биік төбенің басына шығып, көкке қол жайып жаңбыр тілеген. Бір тамшыға зар көңілдер мұңды. Көпшілік арасында болашақ пайғамбардың сүтанасы Халима да бар. Тіл-сұқтан қызғыштай қоритын берекелі бүлдіршінді үйінде, емшектес бауыры Абдуллаһпен бірге қалдырып кеткен.
Дұғалар аяқталуға таяған. Үмітсіз, шаршаңқы, жүдеу жандар қайтуға әзірленген тұста, Халимамен көрші тұратын бір әйел дұғасын енді жасап бола берген дінбасының қасына таяу барып:
“Мырзеке, қанша уақыттан бері талмай дұға жасаумен әлекпіз. Біз шаршамаспыз-ау, бірақ нәтижесі осы уаққа дейін болар еді ғой. Арамызда ең болмаса біреуміз қайырлы болғанда жаңбыр әлдеқашан жауар ма еді, кім білсін?”, – деді.
Алғашқыда әйелдің сөзін ұнатыңқырамай, тіксініп қалған дінбасы:
“Айтқаның жөн-ақ делік. Бірақ біздің міндетіміз – сұрау, тілеу ғана. Ненің қайырлы боларын Тәңірден артық ешкім білмейді”, – деді.
Бұл жолы әйел айтпақ ойын бүкпесіз жайып салды:
“Дұрыс, дұрыс. Алайда менің айтпағым мүлде басқа нәрсе. Көршім Халиманың үйінде меккелік бір нәресте бар. Сол бала келгелі қоңсымыздың үйі берекенің бесігіне айналды. Аңдағанымыз – сәбидің аяғы құтты сияқты. Періште ғой, қанша дегенмен, соны осында алдырсақ қайтеді? Бәлкім, тілегіміз қабыл болар”.
Дінбасы күмәндана қарады. Әйел қайта-қайта бастырмалатып өтініп қоймаған соң келісуге мәжбүр.
Кейуана сүрініп-қабынып жүріп көптің ішінен Халиманы әзер тапты-ау. Болған жайды асығып-аптығып баяндап берді. Халима келісе кетті. Өйткені, нұр жүзді балдырғанның берекенің бастауы екендігіне бірнеше мәрте куә болған. Жүгірген бойы үйлеріне барды. Хазіреті Мұхаммедті (с.а.у.) құндақтаған күйі далаға алып шығып, төбеге қарай аяңдады. Күннің қызуынан қорғау үшін анасы баланың бетін шүберекпен көлегейлеген. Ми қайнатар ыстық тәні нәзік бала түгіл, ересек адамды қуырып барады. Үйден бірнеше қадам шыққанда екі әйел тағы да таңғажайыптың куәсі болды.
Тура үстерінде бір шөкім ғана бұлт оларды, құдды қолшатыр сынды қорғап келеді екен. Алдымен екеуі де мән бермегенсіді, бірақ таңданыстарын жасырып қала алмады. Сәбидің бетін көлегейлеген шүберектің де қажеті болмай қалды. Қуаныштарында шек жоқ. Шарана да мұны сезгендей тәтті жымиып қойды. Сөйтіп көпшілікке қалай жеткендерін де аңдамай қалды.
Баста наразы болған дінбасы да оларды күлімсірей қарсы алды. Себебі, үйден шыққаннан бері қарай ерекше ақ шаңқан бұлттың бұларға күн түсірмей келгенін бақылап тұрған.
Дінбасы Мұхаммедті (с.а.у.) қолына алып, халыққа қарап жар салды:
“Уа, жиналған қауым! Менің қолымдағы бала келген үйіне береке әкелген меккелік сәби. Осы пәк нәрестенің құрметіне жаңбыр жауғыза гөр деп рақымы мол Раббымызға тағы да жалбарынайық!”
Халық қол жайып, күбірлесіп дұғаларын айта бастады. Топ басшысы да қолындағы сәбидің отты жанарынан көзін айыра алмай, көп қарады. Жан-тәнімен “Осы сүйкімді сәби үшін бізге де рақым ет” деп тұрғандай…
Көпшіліктің бірнеше айдан бергі тілегі енді қабыл болғандай. Сәбиді көлеңкелеген бұлт бірте-бірте ұлғайды да, әлден уақытта жаңбыр сіркірей бастады. Адамдар әуелде сенер-сенбесін білмей дағдарып қалған. Тамшылар жиілей бастағанда:
“Жаңбыр! Рахмет жауды! Нұр жауды!”, – деген қуанышты дауыстар айдай әлемге жар салды.
Әбден сусаған қара жер жауын суын тойымсыздана сіңіріп, құмарлана қанып жатты. Жауынның қызығына берілген халық рахмет нұрының нақ бүгін жауу себебіне үңілген де жоқ. Бұл әзірше сыр күйінде қалуға тиіс еді. Өйткені, рахметке себеп болған қасиетті тұлға әлі бірнеше айлық қана сәби. Әрине, былайғы адамдардың көзінде ол – нәресте, ал Аллаhтың назарында ол – ең сүйікті құл, пайғамбарлар пайғамбары, екі дүниенің нұры - Хазіреті Мұхаммед (с.а.у.) еді.
Саад әулеті суға қарық болды. Жер көгеріп, ағаштар бүршік жарды. Мал тойып, сүт молайды. Жаңбырдың себебін білгендер саусақпен санарлық қана, олар:
“Бұл сәби - жақсылықтың жаршысы, берекенің белгісі”- деп қайталаумен болды.
Даланың таза ауасы баланың сау-саламат өсіп-жетілуіне ыңғайлы-тын. Сүйікті пайғамбарымыз қай жағынан болсын, жылдам жетіліп, өз құрдастарынан оқ бойы озық тұрды. Сегіз айлығында тілі шыққан ол, бір айдан кейін-ақ таза сөйлеп кетеді. Он айлығында өзінен бірнеше жас үлкен балалармен бірдей бойы, ойы жетілген-ді. Оқ атып ойнап, күш сынасатындай еді. Екі жасқа толғанда емшектен шықты. Соған дейін Халиманың отбасы былай тұрсын, бүкіл ру мол несібеге, ырзыққа кенелді. Небары екі жасар бола тұра Хазіреті Мұхаммед(с.а.у.) басқа балалардан байсалдылығымен, салмақтылығымен, ойлылығымен ерекшеленетін. Сымбат пен сұлулықта да одан озар жан жоқ.
Сөйтіп жүргенде сәбиді анасына қайтаратын мезгіл де келіп жетті. Мұхаммедті (с.а.у.) өз балаларынан артық көретін Халима мұңайып, тасалау жерде көзінің жасын сығып та алды. Шарасыз еді. Нұр Мұхаммедтің (с.а.у.) жұпар иісінен мақрұм қалу ол үшін дүниенің ең ауыр азабына тең. Бірақ амал не? Сүтбаласын құшақтаған күйі Меккеге келді.
Сондағы Хазіреті Әминаның мәз-мейрам болғанын көрсеңіз. Бірінің – алпыс екі тамырын идіріп емізген ананың көңілі пәс, шерлі болса, екіншісінің-тоғыз ай толғатып туған ананың қуанышы шексіз. Қоштасар сәт те келді.
Дәл осы мезетте Халиманың ойына маңызды бір нәрсе түскендей іркіліп, біраздан соң жалынышты үнмен:
“Ұлымды тағы біраз уақыт маған бере алмайсыз ба? Меккені жайлаған оба індеті жұғып кете ме деп қатты уайымдап тұрмын” – деді.
Шын көңілден шыққан өтінішке, қанша қиын болса да, әзіз ана Әмина қарсы келмеді. Сөйтіп Мұхаммед тағы да сүт емген мекеніне – Саадтардың ортасына қайтып оралды. Бұл кезде Мұхаммед екі жаста болса да үй тірлігіне көмектесуден жалықпайды. Емшектес бауыры Абдуллаһпен бірге қозы бағуға шығатын. Қошақандармен асыр салып ойнағанды ұнататын, мал екеш мал да оның жанынан үйіріліп шықпайды. Дүниенің болашақ сұлтаны мал жайлап жүріп көкжүзінен көзін айырмайтын. Өзіне беймәлім сырды ашуға асыққандай, аспаннан ерекше хабар күткендей кейіпте.
Көптің көзінен таса қалмаған тағы бір нәрсе, Мұхаммедтің (с.а.у.) төбесінде бір шөкім бұлт бейне бір оның қорғаушысындай қалмайтын. Баланың әдемілігі, сүйкімді қылықтары, тәрбиелілігі ауыздан-ауызға жыр боп тарай бастаған. Құрбы-құрдастары да оған ұқсауға, одан үйренуге талпынды.
Пайғамбарымыз Саадтардың арасында өмірінің ең тыныш, ең тәтті күндерін өткізіп жатты.
Көктемнің жайма шуақ күндерінің бірінде Мұхаммед (с.а.у.) бауыры Абдуллаһпен бірге өрісте қозы бағып жүреді. Қошақандарын шүйгін жерге оттатып қойып екеуі әңгіме қызығына беріліп кетеді. Бұл олардың күнделікті әдеті еді. Біраздан соң Абдуллаһ отырған жерінде қалғып кетеді. Бала Мұхаммед болса айналасына барлай қарап, оны Жаратушының құдіретіне тамсанып ойға шомады. Әлден уақытта қозылардың алыстап кеткенін байқап, қайтармақ боп жүгіре жөнеледі.
Екпіндей жүгіріп келе жатқан оның алдынан кенет ақ киімді екі адам шыға келеді. Олар күлімсірей түсіп нұр жүзді балаға жақындайды. Біреуі Мұхаммедті (с.а.у.) қапсыра құшақтап көк шалғынға абайлап жатқызады. Бір қызығы, Мұхаммед (с.а.у.) еш қорықпайды. Неге екенін кім білсін, осынау жылы жүзді адамдардан жамандық келмейтінін іштей сезінеді.
Дәл осы тұста сонадай жерде ағаш көлеңкесінде ұйықтап жатқан Абдуллаһ оянып кетеді де, алыстағы бұларды көріп қалады. Шошып кеткен ол жанұшыра үйіне қарай жүгіре жөнеледі. Келе салысымен әке-шешесіне көрген-білгенін асыға баяндайды.
Халима күйеуімен екеуі өре түрегеліп, Абдуллаһ айтқан жерге келеді, бірақ ештеңе көре алмайды. Өйткені, Аллаh тарапынан жіберілгендер өз міндеттерін бұлжытпай орындап, қас қағым сәтте көзден ғайып болған-ды. Халима мен Харис ентіктерін баса алмаған күйі әлі де болған оқиғаның әсерінен айыға алмай тұрған сүтбалалары Мұхаммедтен (с.а.у.):
“Не болды, жаным? Өңің қашып тұр ғой, неден қорықтың?” – деп сұрайды. Болашақ пайғамбарлар сардары:
“Қасыма екі ақ киімді адам келді. Біреуінің қолында қар толы алтын тостағаны бар. Мені ұстап жерге жатқызды да, көкірек тұсымды жарып жүрегімді суырып алды. Жүректі де көзімше жарып ішіндегі қанын ағызып тастады. Кеудемді, жүрегімді әлгі қармен ысқылап тазалап, қайта орнына салып, өздері жоқ боп кетті” – деп жауап берді.
Иә, арадан көп жыл өтіп, пайғамбарлық тізгінін қолына алғанда сахабалары:
“Уа, Расулаллаһ, өзіңіз жайында кеңірек әңгімелеп берсеңіз” – деп өтінгенде пайғамбарлар патшасы Хазіреті Мұхаммед оларға:
“Мен – бабам Ибраһимнің дұғасымын. Бауырым Иса пайғамбардан жеткен сүйіншімін. Анамның түсімін, ол маған аяғы ауыр кезінде Шам сарайларын сәулелендірген нұрдың өзінің айналасынан тарағанын көрген екен. ” – деп бастап жоғарыдағы басынан өткен оқиғаны баяндап берген.
“Мен Саад ибн Бәкір руынан бір отбасында сүт еміп, ер жеткенмін. Бір күні сүтбауырыммен бірге қозы бағып жүргенбіз. Қасыма екі ақ киімді адам келіп, мені жерге жатқызып қойып, кеудемді тілді де, жүрегімді алып жарып жіберді. Ішіндегі қаны аққан соң өздерімен ала келген қармен қанды тазалап кете бар-ды”.
Осыдан кейін Пайғамбарымыздың жүрегі илаһи нұрға толып, өзге еш пендеде жоқ ерекшеліктерге Аллаh тарапынан ие болған. Мұнан былай нұрға толы жүректе пендеге тән пасық пиғыл, соқыр сенім атаулы болуы мүмкін емес еді.
Жүрек – денедегі бар физикалық процесті реттейтін, басқаратын кесек ет күйіндегі ағза ғана емес, оның негізгі қызметі - руханиятты реттеуші. Иман, иба мен ізгіліктің орны- жүректе, шапағат пен мейірім де жүрекке ұялайды. “Ақ жүректі”, “жылы жүректі”, “жүрекке жол табатын” деп келетін тіркестердің халық тілінде кең қолданылуы да бекер емес. Ал жүрегі қарайған, қатыгездерді рухани жүдеуліктің салдары емес деп кім айта алады?


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   107




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет