Әке қабірі басында Болашақ пайғамбарлар сардары алты жасқа аяқ басқан. Жаздың шуақты күндерінің бірінде Әмина Мәдинаны зиярат ету қажеттігін ойлайды. Көптен көкейінде жүрген мақсаты – нағашы жағынан бірнеше атадан туысатын Нәжжарлардың амандық-саулығын білу және сонда жерленген асыл жары Абдуллаһтың қабірін зиярат ету. Жан дегенде жалғызы Мұхаммед пен қызметшісі Үммү Әйменді ертіп жолға шығады. Сапарға шығарда Әминаның көңілі алабұртып, енді қайтып оралмастай көрші-көлеммен жылап-сықтап қоштасады. Тіпті жолға шыққан соң да ұзап кеткенше артына қарайлай береді.
Шаршап-шалдығып Мәдинаға да жетті-ау. Тікелей нағашылары Нәбиғаның үйіне түседі. Нәбиғаның ауласына кірер-кірместе күйеуінің мазарын құшақтай құлаған Әмина көпке дейін солығын баса алмай, өкси жылайды.
Хазіреті Мұхаммед (с.а.у.) алғаш рет жетімдік зарын сонда сезінеді, бала көңіл бір көруге зар боп кеткен әкесін жоқтап, езіледі.
ХАЗІРЕТІ ӘМИНАНЫҢ МӘҢГІЛІК САПАРҒА АТТАНУЫ Пайғамбар анасы Әмина ұлымен бірге Мәдинада бір айдай болып, сағынышы мен шерін тарқатқан соң туған-туыстарымен қоштасып, Меккеге қайтуға бет түзейді.
Ұшы-қиырсыз шөлде үш жолаушы: Болашақ пайғамбар анасы Әмина, сүйікті ұлы және қызметшісі. Үшеуі де үнсіз, мінген көліктері де олардың көңіл түкпіріндегі ауыр қайғыны бөліскендей аяңдап келеді. Әзіз ана мен ойлы баланың жүрегіндегі қасірет, қимас жанмен қоштасу бойларына зіл-батпан ауырлық жүктегендей. Қыршынынан қиылған қимасы еске түскен сайын көз жасын көлдеткен Әминаның көңіліндегі уайымды бөліскендей баласы да өксіп-өксіп қояды.
Өгіз аяңмен үнсіз ұғынысып жолдың жартысына келгенде аяулы ана Әмина сырқаттанып қалады. Үммү Әймен науқастың үдеп бара жатқанын көріп қатты қорқады. Жеткен жерлері – Мекке мен Мәдина арасындағы Әбуа ауылының шеті еді.
Бір ағаштың көлеңкесіне тоқтап, Әминаны қолтығынан демеп жатқызайын дегенде, кесел меңдеген ол, әлі кетіп құлап түседі. Қызметшісі оны дұрыстап жатқызып, жан-жағын қымтайды. Жан тері шыққан анасының басын сүйеп отырған алты жасар Мұхаммедтің сондағы егіліп жылағанын көрсеңіз.
Айнала сүттей ұйыған тыныштық. Қанша уақыт өткенін кім білсін, Әмина көзін ашты. Сол сәтті зарыға күткендей ұлы:
“Қалайсың, анашым?” – деді.
Ауруы жанына батса да сездіргісі келмеген ана:
“Жақсымын, ботам, жақсымын”, – деді ернін әзер қимылдатып.
Сөйтті де тағы да ес-түссіз қалды. Біраздан соң “су-у-у” деді сұлық жатқан күйі.
Бала орнынан атып тұрып анасының сұрағанын жеткізді. Хазіреті Әмина бір-екі ұрттады, сүйікті ұлына мейірлене қарап ұзақ жатты, қолынан сипады. Ішіндегі аласапыран сезімді білдірмеуге тырысты. Күйеуінен айрылып бір жыласа, енді жалғызымен қалай қоштаспақ? Жо-жоқ!. . Өмір мен өлім айқасып жатты. Не де болса жазмыштан озмыш жоқ, маңдайға жазғанды көреді-дағы.
Бойын әбден дендеген аурудан айықпасын білген қымбатты ана соңғы рет бар күшін жинап баласының қолынан емірене өпті де:
“Ей, азулы ажал оғынан Жаратқанның құдіретімен жүз түйе құрбан етіп құтылған Абдуллаһтың ұлы!
Аллаh алдыңнан жарылқасын. Егер түсімде көргенім рас болса, сен ұлы Аллаh Тағала тарапынан адамзат баласына адал мен арамның айырмасын үйрететін пайғамбар боласың. Сен бабаң Ибраһимнің шын мойынсұнабілушілік қабілетін паш етіп, соның дінін тәмамдайсың. Аллаh сені әрдайым қолдап, пұттардан, пұтқа табынушылардың зорлық-зомбылығынан аман сақтайды.
Өмірге келген әрбір мақұлық түбінде өледі, жаңа нәрсе ескірмей тұрмайды. Бұл дүниеде бәрі фәни, өткінші. Мен де өлемін, бірақ атым мәңгі жасайтын болады. Себебі артымда пәк періште сынды ұрпағымды қалдырып барам” – деп үздіге сөйледі де, мәңгілікке көз жұмды.
Бұл милади 576 жыл болатын.
Арадан ұзақ жылдар өткенде пайғамбарлар патшасы бір умра сапары тұсында Әбуа ауылының үстінен өтеді. Сонда анасының қабіріне барып дұға оқып, көзіне жас алады. Оның жас балаша жылағанын көрген сахабалар:
“Неге мұнша мұңайдыңыз, уа, Расулаллаh?” – деп сұрайды. Сонда пайғамбарымыз тұрып:
“Аяулы анамның мәңгілік сапарға аттанардағы халі көзіме елестеп, сондағы маған деген мейірімін дәл қазір сезінгендей болып тұрмын” – деп жауап береді.