БІРІНШІ АҚАБА КЕЛІСІМІ Біздің эрамыздың 621 жылы…
Хазіреті Мұхаммедке (с.а.у.)пайғамбарлық міндеті берілгелі он екі жыл өткен.
Бір жыл бұрын Мекке маңында – Ақабада пайғамбары-мызбен кездесіп, иман шәрбатын татқан мәдиналық алты мұсылман келер жылы дәл осы күні, сол жерде бас қосамыз деп Аллаh Расулымен сөз байласты.
Күн артынан күн, ай артынан ай жылжып келісілген мерзім де келді. Мәдиналықтар уәде бойынша қастарына тағы да алты адам ертіп, бас-аяғы он екі кісілік топ Меккеге келеді. Келісілген жерде – Пайғамбарлар Сұлтанымен (с.а.у.)жүздеседі.
Осы жүздесудің соңында:
1. Аллаhқа ешнәрсені ортақ қоспау;
2. Ұрлық жасамау;
3. Зинақорлық жасамау;
4. Балаларын өлтірмеу;
5. Ешкімге жала жаппау;
6. Қайырлы істерге қарсылық білдірмеу жөнінде пайғамбарымыздың алдында келісімге келіп, серт береді.
Осы келісімнен соң Мұхаммед (с.а.у.)былай дейді:
“Сіздердің берген уәдеде тұрғандарыңның қайтарымын Аллаh береді. Ол серттен таймағандар үшін жәннат сыйын дайындаған.
Кімде-кім пендешілікпен берген сертін бұзса және осы дүниеде соған сай жазаланар болса, істеген күнәсінің қайтарымы сол.
Ал егер кімде-кім пендешілікпен берген сөзінің біреуінен тайқып, оны Аллаh жазаламай, жұрттан жасырар болса, оның ақыры Аллаhқа ғана мәлім, тілесе кешірер, болмаса азапқа душар етер”.
Мұсылмандар Мұхаммедпен (с.а.у.) төмендегі жайттар турасында да мәмілеге келді:
“Қиыншылықта да, қуанышта да басшының айтқанын тыңдау, оған мойынсұну. Пайғамбарға зәредей наразылық көрсетпеу”.
Алғашқы Ақаба келісімі деген атпен тарихта қалған бұл мәміледе айтылғандар нағыз ауызбіршіліктің іргетасын қалыптастыратын принциптер еді. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығармаған жағдайда қандай қоғам болмасын, сен салар да мен салардың кебін киері хақ.
Күллі адамзатты бақытқа бөлеп, бейбітшілік, өзара келісім принциптеріне негізделген Ислам дінінің алғашқы маңызды көрінісі еді бұл.
Алғашқы Ақаба келісіміне қатысқандар:
1) Әсад ибн Зурара;
2) Ауф ибн Харис;
3) Муаз ибн Харис;
4) Рафи’ ибн Малик;
5) Зәкуан ибн Қайс;
6) Убада ибн Самид;
7) Язид ибн Салаба;
8) Аббас ибн Убада;
9) Қутба ибн Амир;
10) Уқба ибн Амир;
11) Уәйм ибн Саида;
12) Әбул Хәйсам Малик ибн Тәййіхан
Мәдиналық мұсылмандар Ақабадағы мәміледен соң туған жеріне қайтып, Исламның көкжиегін кеңейтуге бар күштерін салды…
Арадан біраз уақыт өткенде мәдиналық мұсылмандар Расулаллаһқа қолқа салып, Исламның қағидаларын жан-жақты үйрететін Құран тағылымын жүргізетін тәлімгер ұстаз жіберуін өтінеді… Аллаh Расулы олардың бұл өтініштерін сол заматта орындайды. Мәдиналықтарды иман нәрімен сусындату үшін құрайыштан шыққан жаратылысынан нәзік, жоғары мәдениетті, парасаты мен көркі үйлескен жас сахаба Мусаб ибн Умайр лайық деп табылады.
Мәдиналық мұсылмандардың жетекшісі Әсад ибн Зурара Меккеден ат арытып ақиқат жолын үйретуге келген Мусаб ибн Умайрды өз үйіне орналастырады. Сол күннен бастап Әсадтың үйі Құран шәкірттерінің білім ордасына айналады.
Расулаллаhтан тікелей дәріс алған Хазіреті Мусаб уақытты, шарттарды өте ыждағатты пайдалана білетін, кез келген мүмкіндікті қалт жібермейтін аса ұқыпты жігіт еді. Бар қажыр-қайратын Мәдинада мұсылмандықтың кең өрістеуі үшін жұмсаған. Ел ағаларымен кеңесіп, жиі кездесіп жұмсақ тілімен жылы лебізін білдіріп Исламды түсіндіруге тырысатын.