Тақырып: Радиациялық тепе-теңдік және оның құрамдары
Сабақтың мақсаты – радиациялық тепе-теңдікті анықтау
Сабаққа арналған материалдар мен оқу нұсқаулары
Радиациялық тепе-теңдіктің негізгі элементтерін анықтау және есептеу
Тапсырманы орындауға арналған әдістемелік нұсқаулар
1. Оқу құралы, анықтамалар.
Радиациялық тепе-теңдiк дегенiмiз жер бетiне түсетiн және жер бетiнен шығын болатын (қайтарылатын) радиациялар. Радиациялық тепе-теңдіктің негiзгi элементтерiне мыналар жатады:
а) Тура радиация, S1;
ә) Шашыранды радиация, D;
б) Шағылысқан радиация, R;
в) Тиiмдi радиация, Ет.
Осы келтiрiлген мәлiметтерге сүйене отырып радиациялық тепе-теңдiктiң формуласын келтiруге болады:
В= S1+ D – R – Ет, немесе
B=Q – R – Ет, кал/ см2/мин.
Тура күн радиациясы (S) – бұл жер бетiне тiк сәулелердiң параллелдiк түрiнде келiп түсетiн күн энергиясының бiр бөлiгi. Тура күн радиациясы мына формуламен анықталады:
S = S0 ∙ Рm, кал/ см2/мин,
бұл жерде:
S0 – күн сәулесiнiң тұрақты коэффициентi, оның мәнi 2,0 кал/см2/мин;
Р – атмосфераның тұнықтылығы, мәнi 0,6-0,7;
m – атмосфераның салмағы, мәнi күннiң биiктiгiне байланысты.
Көлбеу бетке (S1) түсетін тура күн радиациясының қарқындылығы төмендегi формуламен есептелiнедi:
S1 = S·sin h0, кал/ см2/мин
S – перпендикуляр орналасқан бетке түскен тура күн радиациясының қарқындылығы;
h0 – көкжиек үстiндегi күннiң биiктiгi.
Күн радиациясының атмосферамен және оның құрамындағы майда бөлшектерден, бұлттардан шашырап жер бетiне түскен бөлiгiн шашыраған радиация деп атайды (D).
Тура және шашыраған радиациялардың байланыстылығы:
1. Көкжиектен күннiң биiктiгiне – көкжиектен күннiң биiктiк бұрышы азайған сайын шашыраған радиация көбейедi де тiк радиация азаяды, өйткенi күн сәулесiнiң атмосфераның төменгi қабатынан (әр түрлi элементтер көп қабат) өтетiн қашықтығы көбейедi, сондықтан көп шашырайды.
2. Атмосфераның тұнықтылығына – атмосферада әртүрлi элементтер (бұлттар) аз болған сайын тiк радиация көп, шашыраған радиация аз болады.
3. Атмосфераның бұлттылығына – бұлт көбейген сайын шашыраған радиация көбейедi де, тiк радиация азаяды.
4. Жер бетiнiң түсіне – неғұрлым ақшыл болса жер бетiнен шағылысқан радиация көбейедi, соғұрлым шашыраған радиация көбейедi.
Тiк және шашыраған радиациялардың бiр-бiрiнен сапалық айырмашы-лықтары бар. Тiк радиация құрамында қызыл, сары, қызғылт, қызғылтсары жылулық әсер ететiн ұзын толқынды сәулелер көп, ал шашыраған радиация құрамында көк, күлгiн, ультрокүлгiн қысқа толқынды сәулелер көп.
Достарыңызбен бөлісу: |