Ырысжан:
Әсаға, сыртыңыздан көп естуші ем,
Халық жалған айтпаса, неге естуші ем?
202
Қазақ өнерінің антологиясы
Бұтып-шатқан ақынның бірі ме деп,
Күнәңді бөле-жара, жеп естуші ем.
Жұмбағымның айтайын үшіншісін,
Сөзімді түгелдеп бер, жетсе, күшің.
Төрт сөз түгел болғанда, түймем – сіздік,
Жалғанда жауап сұрап, түскен ісім.
Арықтап, бір түйе өлді, жетіп ажал,
Алты батпан бұлы бар, безбенге сал.
Сүйегі жерден, көктен табылмайды,
Білдің бе, мұның өзі қайда өлген мал?
Артылған мәртебеңіз талай жұрттан,
Көрген жоқ сізді сөгіп біреу сырттан.
Алты батпан көтерген алып малдың,
Санасаң, әр батпаны жеті бұттан.
Жілігі жиырма төрт, топайы бес,
Шамалап, өлшеп байқа ерте мен кеш.
Осыны нажағайдай жарқылдатып,
Тегістеп бас-аяғын анықтап шеш.
Әсет:
Ырысжан, бұлбұл қызсың жаннан аса,
Сүйтсе де, бір сырың бар менен таса.
Менен өзге бір адам таба алмайды,
Мұны да бір күн, бір түн ойламаса.
Домбыра – саған ерген – бұлбұл екен,
Ырысжан қара сөзге қырғын екен.
Арықтап, оттай алмай, өлген түйең,
Ақылмен абайласам, бір жыл екен.
Ол түйең арық емес, семіз еді,
Халыққа түрлі нығмет жегізеді.
Жылды өлтіріп, өтірік арықтатып,
Осынша жалған сенің неңіз еді?
Болады осылайша сөздің жайы,
Ақынның жарамайды құр айқайы.
203
Айтыс II том
Әлгі бір алты батпан артқан малың,
Санаулы бір жылдағы жаздың айы.
Тамаша тапқан сөздің бар ма міні,
Болады осылайша сөздің шыны.
Әр батпаны жеті пұт деген сөзің,
Оралған бір жұманың жеті күні.
Жүрекке таппаған сөз жүда болар,
Бір үлкен жалған айтсаң, күнә болар.
Жілігі жиырма төрт деген сөзің,
Оралған алты айдағы жұма болар.
Жыл сүйегі жер менен көкте де жоқ,
Атын бар ғып жаратқан Құда болар.
Белгілі маған сол мен оңқайыңыз,
Таба алмасам, өкпелеп, томпайыңыз.
Бұл арадан намақұл болып жүрме,
Бес намаз – бесеу деген топайыңыз.
Достарыңызбен бөлісу: |