«Алқа» - әдеби үйірмесі бағдарламасының фотокөшірмесінің негативі Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің архивіндегі тергеу ісінде айғақ ретінде тіркелген. Бұрын Т.Жұртбайдың алғысөзімен “Ақиқат” журналында (1992, №7), түсініктемесі “Талқы” кітабында (1997) және Д.Қамзабекұлының түсініктемесімен “Өркен” (1992, 13 маусым) газетінде, Х.Болғамбаевтің Шығармалар жинағында жарияланған нұсқалар осы жолы өзара мәтіндік тұрғыдан салыстырылып ұсынылып отыр. Тергеу ісіне сүйенетін болсақ «Алқа» әдеби үйірмесін ұйымдастырған және оның бағдарламасын жазған Мағжан. 1925 жылы күзде Мағжан бағыт-бағдарды көшіріп, бес-алты дана етіп Ташкентке, Семейге, Ленинградқа, Орынборға жіберген. С
«Ақ жол» - газеті туралы» -Ташкент қаласында қазақ тілінде шығып тұрған. Мұнда алаш қайраткерлерінің біразы қызмет істеген. Қазақ елі мен жерінің тағдыры туралы барынша батыл пікірлерге орын беріліп, кеңес өкіметінің «коммунистік- колонизаторлық» (С.Сәдуақасовтың термині – Т.Ж.) саясатын әшкерелейтін мақалалар жарияланған. Газеттегі материалдардың мазмұні И.Сталинге арнайы аударылып берілген. «Ақ жол» газеті туралы үш деректі баспасөз бетіне ұсынып, «Ақиқат» журналының 1991 жылғы №1 санында жариялаған ҚР ҰҒА-ның академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор С.Қасқабасов. Сталиннің осы хаты қазақ баспасөзіне жалпылай идеологиялық қысым жасап, қатаң бақылауға алуға ықпал жасағандықтан да жинаққа енгізіліп отыр. Мақаладағы түсініктерді жасаған С.Қасқабасов.
“Әдебиет мәселесі (Талқыға)” – “Ақ жол” газетінің 1925 жылғы 1 сәуірдегі санында жарияланған. Мұнда “Алқа” бағдарламасын оқығаннан кейін соған үн қосу ретінде жазылғаны жазу мәнерінен анық байқалады. Алғаш рет Ж.Аймауытовтың шығармаларын жинаушы арнайы топтың әзірлеуімен “Қазақ әдебиеті” газетінің 1992 жылѓы 10 шілде күнгі санында қазіргі әріппен басылды. Ж.Аймауытовтың 5 томдық шығармалар жинағының 5 томына енді. Жинақтағы әдебиет талқысы мәселесіне тікелей қатысы болғандықтан да енгізіліп отыр.
“Көркем әдебиетті саралау” –“Ақ жол” газетінің 1925 жылғы 21 сәуірдегі санында жарияланған. “Соңына «Ж» деп қол қойған. Содан кейін “Қазақ әдебиеті” газетінің 1992 жылғы 10 шілде күнгі санында жарияланған.
“Өз жайымнан мағлұмат” - Жиырмасыншы жылдардың аяғында Смағұл Садуақасов сол тұстағы қалам қайраткеріне бірнеше сұрақтар беріп (анкета түрінде), олардың өмірі мен еңбектері туралы мәліметтер жинауды мақсат етіпті. Солардың біразы Мұхтар Әуезовтің архивінде сақталған. Жүсіпбек Аймауытов, Ілияс Жансүгіров, Сәбит Мұқанов және Мұхтар Әуезовтің өзінің өмірбаяндық («Өз жайымнан мағлұмат») қолжазбаларын бір кезде С.Садуақасовтың жұбайы Д.Әлиханқызы кезінде М.Әуезовке табыс етіпті. Анкетаға жауап алғаш рет “Қазақ әдебиеті” газетінің 1988 жылѓы 23 желтоқсандағы санында филология ғылымдарының кандидаты Т.Әкімовтің ұсынуымен жарияланды.
“Көркем әдебиет туралы” – «Еңбекші қазақ» газетінің 1927 жылғы 8-9 тамыздағы сандарында “Екеу” деген бүркеншік атпен жарияланды. Кейін “Қазақ әдебиетінің” 1989 жылғы 3 қарашадағы санында басылды. Авторлары - Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов деп, екі жазушының “Екеу” деген бүркеншік атпен қол қойған ертеректегі мақалаларына сүйеніп жаңылыс көрсетілген. Әдебиет зерттеушілері де осы уақытқа дейін соған сүйеніп, қате пайымдаулар жасап келеді. Нағында бұл - белгілі алаш мәдениетінің қайраткерлері, әдебиет сыншылары, аудармашы Абдолла Байтасов пен Даниял Ысқақовтың мақаласы. Осы мақаласы үшін екеуі де 1930 жылы тергеуге алынып, түрмеге қамалған. Мақала авторы ретінде көрсетіліп отырған Ж.Аймауытовтың өзі түрме тергеушілеріне берген жауабында:
«Екеу» деген бүркеншiк атпен жазылған көркем әдебиет туралы мақаланы оқыдым. Оның иелерi – Байтасов Абдолла мен Ысқақов Даниал. Соңғы адам үйiрменiң бағдары талқыланған мәжiлiске қатысты ма, анық айта алмаймын, қатысқан болуы да мүмкiн. Мақаланы мен қолжазба түрiнде оқыдым, оны маған Ташкенттегi жоғары оқу орындарының не рабфактың бiрiнде оқып жүрген Шымкенттiк студенттердiң бiреуi әкеп бердi. Оған дейiн мен Ташкентке барғанмын, сонда А. Байтасовпен де, Ысқақовпен де кезiктiм, олар маған: «Еңбекшi қазақ» газетiнде көркем әдебиет туралы мақалалардың жариялануына байланысты бiз де мақала жазуды ойластырып жүрмiз, - дедi. Қашан дайын болған кезде оны маған көрсетiңдер, мүмкiн мен кей жерiн түзетiп берермiн дедiм. Сол уағадаластықтың желеуiмен ол мақаланы әлгi студенттер арқылы Шымкентке берiп жiберiптi. Бұл – 1927 жылдың алғашқы жартысындағы қыс айларының бiрi болатын. Мақалаға аздаған өзгерiс енгiзiп, мұны баспа бетiнде жариялауға болады деген тiлекпен өздерiне қайыра жолдадым. Мақала газетке жарияланған соң ондағы пiкiрлердi толық қостайтынын бiлдiрген Әуезовтiң пiкiрiн өз құлағыммен естiдiм. Мақаланы мен өңдеп бергеннен кейiн оны өзге қазақ жазушылары, мысалы, Дулатов қарап шықты ма жоқ па, ол жағын бiлмеймiн. Ол мақаланы «Алқаның» бағдарын толықтай қостаған дүние деп мен есептемеймiн. Аймауытов (қолы қойылған)»- деп анықтап тұрып көрсеткен. Осы мақала үшін екеуіне 1937 жылы: “Алқа” жасырын контрреволюциялық ұйымына қатысты, кеңес өкіметінің мәдениет туралы саясатына қарсы шығып мақала жазып, газет бетінде ашық пікір білдірді” – деген жалған айып тағылып, ату жазасына бұйырылды. Сондықтан да шындықты қалпына келтіру үшін алаштың екі азаматының басын бәйгеге тіккен бұл мақаланы нағыз иелері – А.Байтасов пен Д.Ысқақовтың атынан тұңғыш рет жариялап отырмыз.