Ќан жїйесі физиологиясы



бет45/128
Дата31.12.2021
өлшемі6,9 Mb.
#23273
түріОқулық
1   ...   41   42   43   44   45   46   47   48   ...   128
Байланысты:
Ќан жїйесі физиологиясы

Мыс – барлық органдар құрамында кездеседі, бірақ оның ең көп мөлшері бауырда жинақталады. Мыс гемокупреин түрінде эритроциттердің құрамында болады, кейбір тотығу-тотықсыздандыру ферменттерінің құрамына кіретіндіктен ол ұлпалық тыныс процестерінде маңызды рөл атқарады. Мыс меланин атты бояғышты түзу үшін қажет. Ол цитохромоксидазаның белсенділігін күшейтіп, қан түзу процесін жақсартады. Гипофиздің алдыңғы бөлігінің гормондары мен А, В, С, Е, РР дәрмендәрілерінің белсенділігін арттыра отырып, мыс құстың өсіп-өнуіне жағымды ықпал етеді.

Мыс темірдің гемоглобинмен құрамына қосылуын синтездейді; ретикулоциттердің жетілген эритроциттерге айналуын қамтамасыз етеді; сүйектің қалыпты дамуына әсер етеді; пепсин, уреаза ферменттерінің әсерін тежейді; организмнің инфекцияға төзімділігін арттырады, бактериостатистикалық әсер көрсетеді; В12 дәрмендәрісі мен аскорбин қышқылының бауырдағы мөлшерін арттырады.

Мыс аш ішекте сіңіріледі. Оның сіңірілуін кальций, мырыш карбонаттары мен күкіртқышқылды темір мөлшерінің көбеюі бәсеңдетеді. Мыс организмнен негізінен ас қорыту жолы арқылы бөлінеді, ол зәрмен мардымсыз мөлшерде экскрецияланады.

Мыстың алмасуына бүйрек үсті, жыныс, қалқанша бездердің гормогдары әсер етеді. Қалқанша бездің гиперфункциясы қан плазмасындағы мыс мөлшерін жоғарылатады, ал гипофункциясы - төмендетеді. Адреналин мен жыныс гормондары қандағы мыстың мөлшерін арттырады.

Тауықтың мысқа қажеттілігі 1 кг азыққа шаққанда бар болғаны 2 мг, сондықтан мыс тапшылығы байқалмайды. Мыс жетіспеген жағдайда анемия туындап, қауырсынның пигментациясы бұзылады, буындар деформацияланады, өсу процесі тежеледі, ішкі мүшелерге қан құйылады.

Мырыш – барлық ұлпаларда кездеседі, карбоангидраза мен алкогольдегидразаның, инсулиннің құрамына енеді, белоктар мен көмірсулар алмасуын жандандырады. Мырыш тұздары гипофиз, ұйқы және жыныс бездері гормондарының белсенділігін арттырып, зат алмасу процесіне әсер етеді. Мырыш жетіспесе организмнің өсуі тоқтап, жыныс бездерінің қызметі бұзылады.

Мырыш сүйек түзу процесі үшін қажет; ол аминопептидаза және қышқылды фосфатаза ферменттерінің белсендіргіші болып табылады, инсулинді тұрақтандырады; қан түзу процесін, жыныс ағзаларының функцияларын жандандырады. Құс организміндегі мырыштың көп мөлшері (80-85 %) бұлшық етте, сүйекте, теріде, бауырда, ал қалған 15-20 % басқа ұлпаларда жинақталады. Сүйектің майсыздандырылған құрғақ затында бұл элемент мөлшері 10-15 мг %, тауық қанының құрамында 0,6-0,8 мг %, эритроциттерде 1-1,2 мг %, плазмада 0,15-0,25 мг %.

Мырыш ішектің барлық бөлімдерінде сіңіріледі. оның сіңірілуіне фитинді қышқыл, кальций мен фосфаттардың көп болуы кедергі жасайды. Цинктің көп мөлшері организмнен аш ішек арқылы, аз мөлшері зәрмен бөлінеді. Оның қабылданған мөлшерінің 15-20%-ы нәжіспен, ал 0,2-0,3%-ы зәрмен шығарылады. Цинктің сүйекте жиналуын Д3 дәрмендәрісі реттейді.

Мырыш жетіспесе өсу процесі тежеледі, қауырсын түседі және оның реңденуі бұзылады, қауырсын опырылғыш болады, аяқтардан әл кетеді, гиперкератозды дерматит байқалады, жұмыртқалағыштық төмендейді, жұмыртқа қабығының түзілуі нашарлайды.

Суда мырыш көп болса құстар оны аз ішеді, соның салдарынан жұмыртқалағыштық нашарлайды.

Құстардың мырышқа қажеттілігі (1 кг азыққа шаққанда, мг): жұмыртқалайтын ересек тауықтарда 50-70, балапандарда 20-80, күрке тауықтарда 50-70, бөденелерде 90 болады.



Кобальт – В12 дәрмендәрісінің құрамына енетіндіктен қан түзу процесінде маңызды рөл атқарады: эритропоэзді реттейді, гемоглобин синтезіне темірдің қатысуын жақсартады. Кобальт организмдегі ферменттік процестерге, зат алмасу қарқынына, өсу, даму процестеріне жағымды әсер етеді, каталаза, аргиназа, фосфатаза ферменттерінің белсенділігін арттырады, жүректің, ас қорыту ағзаларының, жүйке жүйесінің, ішкі секреция бездерінің, сүйек кемігінің қызметін жақсартады. Ол құстың салмақ қосуын арттырады, бұлшық ет белоктарының синтезін жақсартады. Кобальт В12 дәрмендәрісінің түзілуі, А, Е, С дәрмендәрілерінің сіңімділігін арттыру үшін қажет. Ол аталық құстардың жыныстық белсенділігін жоғарылатады.

Кобальттың организмнің тірі массасының әр кг шаққандағы мөлшері 50-80 мкг құрайды. Кобальттың концентрациясына байланысты құстың әр түрлі ұлпалары келесі ретпен орналасады: бауыр, бүйрек, бүйрек үсті бездер, ұйқы безі, қалқанша без, көк бауыр, айырша без, қан, бұлшық ет, ми. Организмдегі кобальттың негізгі депосы - бауыр. Тауық бауырында 100 г құрғақ затқа шаққанда 40-252 мкг кобальт болуы мүмкін.

Құстың кобальтке деген сұранысы табиғи азықпен толық қамтамасыз етіледі.

Марганец – дененің барлық органдары мен ұлпаларының құрамында кездеседі, бірақ сүйекте, бауырда, бүйректе, ұйқы безінде, гипофизде ол көбірек жинақталады. Бұл элемент белоктарды ыдырататын ферменттердің құрамына енеді, кейбір тотығу-тотықсыздану ферменттерінің (карбоксилаза, тиоэстераза, карбозиназа, пролидаза, сілтілі фосфатаза) белсенділігіне ықпал етеді, белоктың, көмірсудың, майдың алмасуын жандандырады. Ол организмнің өсіп-дамуына, қанның түзілуіне, сүйектің жетілуіне жағымды ықпал жасайды. Марганец бұлшық еттің қалыпты қызметі үшін қажет. Ол жыныстық жетілуге, көбею процесіне жағымды әсер етеді, В, Е, С дәрмендәрілірінің және минералды заттардың (темір, кальций, фосфор) әсерін күшейтеді.

Құс организмінде сүт қоректілермен салыстырғанда марганец көбірек. Оның құс организміндегі жалпы мөлшері 0,4-0,5 мг/кг. Марганец концентрациясы деңгейіне байланысты құс органдары мына ретпен орналасады: бауыр, сүйек, гипофиз, ұйқы безі, бүйрек, қауырсын, аталық без, тері, ми, бұлшық ет.

Марганец ішекте нашар сіңіріледі. Ол ас қорыту жолы арқылы шығарылады. Зәрде ол жоқ десе болады.

Марганец жетіспегеннен өсіп келе жатқан құстарда перозис дерті немесе сіңір ойнақылығы байқалады да, балапандар жүре алмай қалады. Буындар ісініп, тілерсек сіңірі (ахилловы сухожилие) қалыпты орнынан сырғып кете береді, тілерсек сүйектер сыртқа қарай майыса шығады. Ауру зат алмасу мен қан түзілу процестерінің бұзылуымен асқынады. Ересек тауықтардың жұмыртқалағыштығы нашарлап, балапан шығаруы төмендейді.



Йод - зат алмасу мен өсу процестерін, жылудың түзілуін күшейтетін, орталық нерв жүйесінің, көбею мүшелерінің қызметіне, түлеу процесіне әсері бар қалқанша без гормондарының құрамында болады.

Құс организмінде дене массасының әр кг шаққанда 0,3-0,7 мг йод болады. Оның негізгі бөлігі қалқанша безде жиналады. Оның концентрациясының деңгейіне байланысты органдар мен ұлпалар мына ретпен орналасады: қалқанша без (50-200 мг %), аналық без фолликуласы (0,7 мг %), көк бауыр және лимфа түйіндері (0,5 мг %), тері (0,4 мг %), өкпе (0,3 мг %), бауыр (0,06 мг %), бүйрек (0,05 мг %), бұлшық ет (0,03 мг %), сүйек (0,025 мг %), қан (0,007 мг %) (В.И. Георгиевский деректері бойынша, 1970).

Ас қорыту жолына йод азықпен, сумен, минералды қоспалармен енеді. Ол қарында және ішектің барлық бөлімінде сіңіріледі. Йод организмнен зәрмен және аздап нәжіспен шығарылады. Йодтың жетіспеуінен эмбриондық даму процесі тежеледі. Йод мөлшерінің организмде көбеюі кезектен тыс түлеу процесін тудырып, фолликулалардың жетілуін тежейді.

Селен бұлшық еттің қалыпты қоректенуіне әсер етеді; тиолды ферменттердің белсенділігін реттейді; биологиялық тотығу және фосфорлану поцестерін күшейтеді; Е дәрмендәрісі сияқты әсер етеді; бауырда сутегінің асқын тотығының түзілуін төмендетеді, көздің көргіштігін жақсартады; балапандарды экссудатты диатезге шалдығудан сақтайды. Құс организмінде селеннің ең көп мөлшері бүйректе, аталық және аналық бездерде, бауырда байқалған. Бұл элементтің жетіспеуінен көп жағдайда экссудатты диатез, тері домбығуы туындап, аяқ буындары ісінеді.

Ересек тауықтарда селен жетіспегенде жұмыртқалау және балапан шығару нашарлайды. Организмде селен мөлшерінің көбеюі улануға әкеп соғады.

Құс организмінде кездесетін басқа микроэлементтердің рөлі әлі толығымен зерттелмеген. Олардың кейбіреулерінің жануар организмінде маңызды рөл атқаратыны анықталған. Мысалы: бром нерв жүйесі әрекетін тежейді, фтор құстың тірек аппараты үшін аса қажет, хром кейбір ферменттер (трипсин) белсенділігін арттырады, молибден органдардың ксантиоксидазалық белсенділігін сақтау және қалыпты зәр бөліну үшін қажет.

Құс өсірушілердің тәжірибесі, азыққа макро- және микроэлементтерді қосу арқылы құстың өсімталдылығын, жұмыртқалағыштығын және жалпы күйін жақсартуға болатындығын дәлелдеді. Алайда бұл қоспаларды белгілі бір мөлшермен қосу керек, олардың көп мөлшері қатты улануға әкеп соғады.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   41   42   43   44   45   46   47   48   ...   128




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет