«Коммунизм» колхозы басқармасының төрағасы – Б. Жалмұратов. Партия ұйымының секретары – С. Керейбаев.
«Социализм» бөлімшесінің меңгерушісі – П.Барақатов. 1981 жыл, 22 сентябрь» [93, 189 б.].
Көркем шығармалар тілін зерттеу бүгінгі күннің көптеген сұрақтарына жауап бере алады. Туындыдағы кейіпкер тілін, онда кездесетін көркемдеуіш құралдардың және ұлттық танымды көрсететін мақал-мәтелдердің қолданысы,
салт-дәстүрді дәріптейтін атаулар мен ұғымдардың, өзге авторларда кездеспейтін окказионалды сөздердің жұмсалымы арқылы жазушы стилін анықтауға болады. Мысалы, оған қоса автор мен кейіпкер, автор мен оқырман арасындағы байланыс үзілмеуі – шарттылық. Үш тағанның ажырамас байланысы – сәтті (көркем) жазылған көркем шығарма болмақ. Қандай да шығарманың ең негізгі бөлшегі – шығарманың авторы. Ең алдымен автордың дүниеге, әлемге деген танымы кең, тіл байлығы мол болғаны, тілдің ішкі даму заңдылықтарын терең білгені абзал. Одан кейін автор туындысын не үшін, кім үшін және қандай мақсатта жазылғанының негізінде автор кейіпкермен және оқырманмен байланысын үзбейді. Сондықтан автордың еркімен кейіпкерлерді суреттеуде, оларға мінездеме беруде әртүрлі тілдік бірліктерді қолданады, олар тура мағыналы сөзден ауыспалы мағынадағы тіркес түрінде де беріледі. Үш тағанды (автор – оқырман – мәтін) байланысты зерттеуіне арқау еткен Г. Әзімжанова көркем мәтіннің прагматикалық әлеуетіне қатысты өз еңбегінде автордың оқырманның қиындықсыз шығарманы түсінуіне көмектесуін
«автордың көздеген прагматикалық бағдары» деп атайды [94]. Ғалым көркем мәтінді коммуникация формасы дей келе, оған байланыс, белгі (код), меңгеру, тезаурус, дүниетаным, коммуниканттардың әлеуметтік, тарихи, ұлттық ерекшеліктері, интенцияның (мақсат, дәлел, себеп) коммуникативті прагматикалық қарым-қатынас талаптарына сәйкес келуін жатқызады. Ғалымның пікірінше, «көркем мәтіннің ақпараттық-мазмұндық және прагматикалық деңгейдегі экстралингвистикалық (когнитивті) аспектісі коммуниканттардың тілдік және әлеуметтік тәжірибесіне негізделеді, ақпараттық дүниетанымына және қатынасушылардың мақсатына сәйкес болады. Сөздің эстетикалық мәні оның сапасы ретінде сипатталады, ол мәтін жүйесінде лексикалық бірліктердің коммуникативті әлеует негізінде, тұтас бүтіннің бейнелі перспективасында, оның басқа элементтермен жан-жақты байланысында қалыптасады [94].
Ғалым З. Ерназарова қазақтың сөйлеу тіліне прагматикалық талдау жасаудың нәтижесінде сөйлесім прагматикасын коммуникативті бірлік ретінде және дискурс ішіндегі синтаксистік бірлік ретінде анықтаған. З. Ерназарованың зерттеуінде тілдің прагматикалық аспектісіне, прагмалингвистика саласының негізгі категорияларына тоқталып, негізгі категориялары ретінде сөйлеу актілерін, сөйлесімді, «пресуппозия» ұғымын, сөйлеу жағдаятын атап көрсеткен [95]. Ғалым зерттеуінде сөйлем мен сөйлесімнің ара-жігін ажыратып, оны тілдік деректермен дәйектеп шыққан. Сөйлесімнің пропозиция және модальділік деген екі семантикалық қабатын көрсетеді. Пропозиция – шындық өмірдің сөйлесім мазмұнында болуы, ал модальділік – сөйлеушінің берілген ойға қатысы. Себебі адам өзімен өзі сөйлесе алмайды. Ол белгілі бір мақсатты жүзеге асыру үшін қарым-қатынасқа түседі, яғни бұл үдеріс екі адамның арасындағы сөйлесу, яғни диалог арқылы жүзеге асады. Демек, сөз, субьект, диалог (коммуникация) бір-бірімен тығыз байланысты ұғымдар. Сонымен қатар ғалым осы зерттеу жұмысының өзегі болып табылатын автор – кейіпкер – оқырман үштағаны жөнінде зерттеулер жүргізген. Ғалымның өз сөзімен айтар болсақ: «Адам тілдік таңбаларды өзара түсінісу үшін ғана емес, қарсы жақ
тыңдаушының қызығушылығын оятып, оның реакциясын туғызу үшін де қолданады. Яғни хабарды жай жеткізу ғана емес белгілі бір түрде тыңдаушыны қабылдауға итеретін құралдарды пайдалана отырып жеткізу көзделеді. Сондықтан тілдің прагматикалық аспектісін зерттеу ықпал етуші тіл бірліктерін тілдің әр деңгейінде анықталуын қажет етеді» [95]. Демек, жазушы - көркем шығармаларда түрлі тілдік бірліктерді қолдану арқылы автор – кейіпкер – оқырман арасындағы прагматикалық байланысты орнататын тұлға.
Ұлттың танымдық деңгейін танытушы көркем тілдік құралдардың бірі – мақал-мәтелдер. Б. Динаеваның «Қазақ мақал-мәтелдерінің прагма-когнитивтік аспектісі» монографиясында қазақ мақал-мәтелдерінің когнитивтік мәні қарастырылған. Ғалым мақал-мәтелдің бойында ұлттық танымға тән мазмұнның таңбалануы, ең алдымен, тілдің қоғамдық құбылыс ретіндегі қоғамда қалыптасқан үш түрлі қызметін жүзеге асыратынын атап көрсетеді. Олар: қатысымдық (қоғам мүшелерінің өзара түсінісуі, пікір алысуы үшін қажетті қызметі), эстетикалық (көркем шығарма тіліне тән, адам баласына образ арқылы әсер ететін эстетикалық қызмет), кумулятивтік (тілдің ғасырлар бойы жиып, сақтап, оны келешек ұрпаққа асыл мұра ретінде түгел жеткізіп отыратын игілікті қасиеті) қызметі [96, 9 б.].
Көркем мәтінге талдау жұмысын жүргізгенде осылардың ішіндегі эстетикалық қызмет негізге алынады. Жазушының сөздік қолданысындағы қазақ халқына тән мақал-мәтелдер, нақыл сөздер, тұрақты тіркестер, еркелету, жекіру сөздері сөздерді, ұйқастыра сөйлеу арқылы, соған сәйкес грамматикалық категорияларды қолдануы оның дискурсын қалыптастырып, соның негізінде ақын-жазушының шығармаларында белгілі бір мақсатты орындау үшін мақал-мәтелді ұтымды қолдану шығарманың көркемдігін арттырып, оқырманмен, зерттеушімен байланысын нығайтады. Осыған орай жазушы қашанда сөз саптауда, ойын жүйелі жеткізуде оқырманның ойын, қабылдауын ескереді. Демек, көркем мәтінде қазақтың өзіне ғана тән танымымен ұштас ұлттық ділі, ғасырлар бойы елдің тұрмыс-тіршілігіне, табиғатына, тарихи жағдайларына байланысты қазақ халқының дамып, қалыптасқан ұлттық мінезі, түсінігін айшықтайтын мақал-мәтелдерді қолдану шығарманың прагматикалық діттеміне қызмет етеді.
Баспасөз, жарнама, т.б. тіліндегі прагмалингвистикалық сипат тәуелсіздік кезеңінде жаңғырып, дамыған, ұлттың қоғамдық-әлеуметтік өмірінің айнасы ұлттық баспасөз екені белгілі. Тарихы тереңде жатқан қазақ баспасөзінің тілін зерттеу қазақ үшін жаңалық емес. Десек те, қазіргі қазақ баспасөзін прагмалингвистикалық аспектіде қарастыру қазіргі таңда аса өзекті. Мысалы, Н. Дәулеткереева қазақ баспасөзіндегі қайталамалардың прагматикасын тану үшін, біріншіден, қазіргі қазақ тіл біліміндегі прагмалингвистика бағытының даму, қалыптасу тарихына тоқталған. Екіншіден, тілдегі қайталамалардың көмегімен баспасөз тілінің нақты деректері негізінде адресант пен адресат факторларына прагматикалық талдау жасаған, қазақ баспасөзі мен көркем шығармалар мәтіндеріне салыстыру жүргізген. «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш» сияқты орталық басылымдармен қатар, аймақтық деңгейдегі «Орал
өңірі», «Ана тілі», «Түркістан» сияқты газеттердің тілін бір-бірімен салыстыру жасап, олардың ерекшеліктеріне прагмалингвистикалық баға берген [97].
Бүгінгі ақпарат пен телекоммуникация дамыған заманда кино саласын, яғни кино тілін зерттеушілер де бар. Мәселен, Ш. Нұрмышева «Кинодискурс аудармасының коммуникативтік-прагматикалық сипаты» (2010) атты кандидаттық диссертациясында аударма теориясындағы «түпнұсқа шығарма – аудармашы – оқырман – әсер» жүйесіне негізделген «түпнұсқа фильм – аудармашы – дыбыстаушы – уақыт – көрермен – әсер» сынды жаңа жүйені ғылымға ұсынды. Кино әлемі де – көркем шығарма сияқты үлкен бір жүйе негізінде жасалатын дүние. Ғалымның пайымынша, «кино жанрларының көздеген мақсаты мен тілдік жеткізілуінің өзіндік ерекшеліктері мен айырмашылықтары оның коммуникативтік қызметін сипаттайды. Яғни прагматикалық әлеует – ақпараттың мазмұны мен оны жеткізудегі тілдік құралдарды таңдай білуге байланысты» [98]. Шынында да, қандай да бір терең мазмұнды немесе жеңіл мазмұнды киноның берер тәлімі, көрерменге ықпалы, әсері болуы керек. Ал сол терең мазмұн мен тәлім қандай бірліктер арқылы оқырманға жететіні сол кино тілі немесе кешенді сипаттағы дискурсы прагматиканың өзекті мәселесі болмақ.
Қорыта келгенде, көркем мәтінді прагматикалық аспектіде қарастыру арқылы тілдің қолданыстық жаңа қабаттарын, әлеуметтік жаңа қырларын ашуға мүмкіндік туады. Көркем мәтіндегі кейіпкердің тілін көркем шығармадағы автордың идеясы, автор қандай формада беріп, қандай таныммен жеткізуі шығарманың прагматикалық белгілерін танытады. Себебі көркем мәтіннің негізгі қазығы – автор, автор тұлғасы. Сондықтан автор – кейіпкер – оқырман үштағаны негізінде ғана көркем туынды адресатқа жетіп, антропоөзектік сипаттағы коммуникативтік қызмет атқарады.
Достарыңызбен бөлісу: |