КӨРКЕМ МӘТІНДЕГІ КОММУНИКАТИВТІК ҚЫЗМЕТТІҢ ПРАГМАТИКАЛЫҚ СИПАТЫ
Лингвистикадағы прагматика саласының семиотикалық, коммуникативтік алғышарттары
Адамдар арасында қарым-қатынас құралы қызметін атқаратын тілдің ақпаратты жеткізу, хабарлау, әсер ету функцияларынан бөлек, кумулятивтік қызметіне соңғы жылдардағы зерттеулерде ерекше мән беріліп келеді.
«Адам баласының ғұмыры сөзбен өріледі, өмір бойы сөйлейді, ойын сөзбен жеткізеді. Кейде дыбысын шығармай-ақ, үнсіз армандайды, қиялдайды, ойланады, толғанады. Өзімен өзі сырласады, жүрек үнін тыңдайды, толқиды... Тыңдайды, оқиды, қызмет істейді, жазады, тыңдатады, оқытады, жазғызады. Қалай болғанда да, әртүрлі жолдармен сөйлеседі. Сөзсіз адамның күні бар ма?!... Қалай десек те, табиғатпен бірге берілген, әлмисақтан бері бірге жасасып келе жатқан Сөзсіз адам баласының күні жоқ. Адам баласын өзге жаратылыстан ерекшелендіретін – тілі, бұл да қарапайым ақиқат. В. фон Гумбольдт тек сөйлейтін адам ғана шын адам деген» [64, 11 б]. Бұл сөздер – Абайдың лингвопоэтикасын түсіндіру барысындағы ғалым А.Салқынбайдың шынайы сөздері. Сәби өмірге келгеннен бастап, гуілдеп ата-анасымен өзінше тілдесіп жатады. Уақыт өте келе бұл гуілдер буындарға айналады. Белгілі бір уақыт аралығында бала тілі анықтала бастайды. Бұл қатынас қаншалықты мазмұнды немесе қарапайым болғанымен, ол – өзін қоршаған дүниемен, баланың анасымен алғашқы коммуникациясы. Қазіргі таңда тіл ғылымы адамдар арасындағы қарым-қатынас кезіндегі тілдік қатынастың сөйлеу үдерісін жан- жақты зерттейтін прагмалингвистика деген саланы бөліп шығарды. Бұл арадағы прагматика – гректің πράγμα («ілік септігі») және πράγματος («әрекет») деген сөздерінен құралған термин. Тіл білімінде прагматиканың үш түрлі сипаттамасы анықталған:
таңбалық жүйе арасындағы қатынасты зерттейтін семиотика деген саланың бір бөлімі;
тілдік таңбаны пайдалануды жүйелейтін шарттар жиынтығы;
тілдік таңбаларды айтушының тілін зерттейтін тіл білімінің саласы [65].
Осындай үш сипатқа ие прагматика ұғымын ғылымға термин ретінде енгізген – американдық ғалым, семиотиканың негізін салушылардың бірі Ч. Моррис. Ғалым таңбаны нысанмен, тұлғамен және т.б. тілдік таңбалармен байланыстыра отырып, семиотиканың семантика (жаратылыстану), синтаксис (лингвистика, логика) және прагматика (психология) деген түрлерін ажыратып көрсетеді. Көптеген зерттеу жұмыстарында бұл үш терминге «семиотикалық триада» деген атау берілген. Прагматиканы лингвистиканың жеке бір саласы ретінде бөліп, оны қалыптастыру үшін үлес қосқандар қатарында Ч. Пирс, Дж. Остин, Дж. Р.Серль, З. Вендлер, П. Грайс, П. Стросон, Ф. де Соссюр және т.б. ғалымдар бар. Аталған ғалымдар прагматиканың теориялық негіздеріне тоқталып, коммуникация, сөйлеу актілері, тілдік жағдаят тақырыптарын зерттеулеріне арқау еткен.
Ф. де Соссюрдің тіл мен сөйлеуді қарама-қарсы қою дихотомиясын Н.Ф. Алефиренко үш түрлі аспектіде – гносеологиялық, прагматикалық және онтологиялық қырынан қарастыруды ұсынады [66, 12 б.].
Прагматикалық аспектіде барлығы санадағы оймен, мидағы астарланған кодпен байланысты. Ой көптеген ғылым саласына қатысты болса, ал, код – ұлтқа, тілге, ділге тікелей қатысты құрылымдалатын ұғым. Мысалы, қазақтың өзіне тән тарихы, салт-санасы, ешкімге ұқсамас ділі, тілдік ерекшеліктері тілімізде сақталып, қазақ болмысын танытады. Қазақтың атадан балаға мұра болып келе жатқан салт-дәстүрі, халық ауыз әдебиеті және діні мен ділінен бөлек өзіне тән сөйлеу әдебі бар. Мәселен, назар бөлу және назарды өзіне аудару, амандасу, танысу, шақыру, өтініш, кеңес беру, ұсыныс жасау, келісу, қарсы болу, кешірім сұрау, көңіл айту, қошемет сөз айту, құттықтау, қоштасу және т.б. түрдегі сөйлеу әдебінің жағдаяттарынан адамның жалпы әдептілігі мен мәдениеттілігі көрініп қана қоймай, сол рқылы ұлттық әдеби қорды меңгеру деңгейі де айқындалады. Адамдардың өзара қарым-қатынасындағы адамгершілік қасиеттері, бір-біріне деген ізгі ниеттері сөйлеу барысында байқалады. Тіл арқылы адресаттың адресантқа деген құрметі ғана емес, заттар мен құбылыстарға деген жалпы көзқарастары мен дүниетанымы аңғарылады. Адамның сөйлеу әдебін зерттеу арқылы ұлтының ділін, діни көзқарастарын, салт-санасын, жалпы айтқанда ұлттық мәдениетін аңғаруға болады. Сол себепті де антропология саласында адамның сөйлеу әдебі міндетті түрде қарастырылады [67, 336 б.].
Сөйлеушінің өзіндік тілі, сөйлеуші мен тыңдаушы арасындағы байланысы соңғы кезде ғалымдарды ерекше қызықтыруда. Дәстүрлі лингвистикада тілдің құрылымдық сипатын зерттеген ғалымдар ендігі кезекте сөздің қатып қалған қалыпты жүйеден ғана құралмағанын түсініп, сөзді жандандырған адам қызметі екеніне баса назар аудара бастады. Ал сөз қашан да пікір алмасу, әңгімелесу, сұхбаттасу кезінде құбылатынын орыс ғалымы Г. Колшанский «Прагматика языка» еңбегінде тілдің коммуникативтік аядағы қызметімен байланыстырады:
«Прагматика языка» еңбегінде тілдің коммуникативтік аядағы қызметімен байланыстырады: «Қарым-қатынас барысында коммуниканттардың өзара әсер ету жоспарындағы интегралдық сипаттама сияқты түпкі нәтиже – тілдік коммуникацияның әсерін зерттеуге бағытталған тілдің коммуникативтік аспектісі тілдің прагматикасы деп аталуы мүмкін» [68, 122 б.]. Нақтылай түссек, сөйлеу үдерісіндегі коммуниканттардың қолданысы мен қызметі, яғни тілдік бірліктерді қандай формада, қандай реңкте, қандай мақсатпен қолданылуы, қандай мағынада жұмсалуы тілдің прагматикалық сипатын белгілейді. Ал И. Сусов сөйлеу және сөйлеу әрекетіне қатысты психологиялық, әлеуметтік уәжі бар тілдік құралдарды да прагмалингвистикаға қатысты анықтайды. Ғалымның пікірінше, адам қандай да бір тілдік таңбаны қолданса, оның өзіндік уәжі болуы – шарттылық. Ол санада туындаған ойдың да себебі мен салдарын бейнелейді.
Осы тұста ғылымда прагматиканың негізгі белгілерін атап көрсеткен П.Грайстың коммуникациялық постулаттарын (талаптарын) атап өткен жөн: пікірді толық ақпараттандыру, қашанда шындықты айту, тақырыпқа сай сөйлеу,
нақты әрі дәл сөйлеу [69]. Оған қоса ғалым коммуниканттарға қатысты мынадай жіктемені ұсынады:
Сан. Субьекті қаншалық затты қажет етсе, оған соншалық нәрсе беру керек;
Сапа. Әрбір айтылған ой сапалы, яғни шынайы болғаны абзал;
Қарым-қатынас. Әрбір әрекетке лайықты әрекетпен жауап беру керек;
Амал. Белгілі әрекетті жасаудағы мақсатты ұғынып алу керек.
П. Грайс бұл категорияларды коммуникация кезінде ұстанудағы қажетті қағидаттар ретінде көрсетеді. Себебі қандай да бір қатынас жасауда адамның санасында белгілі бір мақсат болады. Сол мақсатты орындау кезінде соған лайықты тілдік бірліктер қолданылады.
Ал Дж. Личтің еңбектерінде бұл талаптарға сыпайы болу, жан- жағындағыларға ыңғайсыздық танытпау, сөйлесуші адаммен дұрыс қарым- қатынасты сақтап қалу талаптары қосылған. Бұл талаптарды, адресат-адресант (айтушы мен тыңдаушы) орындап, айтушы мен тыңдаушы арасындағы қатынас арқылы коммуникативтік акт пайда болады. Демек, коммуникация бар жерде ғана прагматика бар. Прагматика коммуникациясыз жүзеге аспайды, олай болса прагматика сөздің сөйлеу әрекеті, коммуникативтік қызметі барысындағы сөйлеушінің тілін зерттейтін ілім.
Р. Якобсон ең алғаш қарым-қатынасты сипаттау үшін коммуникация
терминін қолданған. Коммуникация латын тілінен аударғанда «ортақ атқару»,
«хабарлама» деген мағына беретінін атап көрсетеді: «Кез келген коммуникацияның екі қыры болады. Мәселен, хабар таратушы – хабар алушы, жазушы – оқушы, сөйлеуші – тыңдаушы, продуциент – реципиент, адресант – адресат. Сөйлеу қатысымындағы коммуникация адресант пен адресат деп бөлінсе, мәтін коммуникациясы автор мен оқырман арасында болады. Өйткені адресант пен адресат сөйлеу коммуникациясы арқылы ауызша қарым- қатынасқа түссе, жазбаша формасы – мәтін арқылы автор мен оқырман арасындағы қарым-қатынасты көрсетеді» [70].
Коммуникацияның ауызша және жазбаша түрлерін зерттеген Р. Якобсон көпшілікке коммуникацияның қызметтік моделін ұсынады. Ол бойынша:
«Адресант – Хабарлама /мәтін/ Адресат» тізбегін қамтитын контекст референттік қызмет атқарады. Мұнда Адресант арқылы – эмотивтік функция, Хабарлама /көркем мәтін/ арқылы – поэтикалық функция, ал Адресат арқылы конативтік функция жүзеге асырылады. Байланыс орнату үшін жұмсалатын Хабарлама фатикалық қызмет атқарса, сонымен байланысты Код метакоммуникативтік функцияны орындайды екен.
Ғалым коммуникация қызметін былайша түсіндіреді:
адресант (addresser) – ақпарат жіберуші субьект;
адресат (addressee) – ақпаратты қабылдаушы субьект;
ақпарат (сообщение) – адресатқа жіберілген мәлімет;
мәтін (context). Адресат бұл мәтінді дұрыс қабылдауы керек;
код (code). Код адресатқа да, адресантқа да түсінікті болуы керек;
байланыс (contact) – адресат пен адресант арасында физикалық немесе психологиялық байланыс болуы керек [70].
Ғалымның бұл жіктемесі бүгінде тілдің прагматикалық ерекшеліктерін танытуда аса маңызды болып табылады. Олай дейтініміз, кез келген коммуникация кезінде оны айтушы, қабылдаушы, айтушы мен қабылдаушы арасындағы мәтін, сол коммуникацияны жасаудағы мақсат болады. Ал айтушының сол мақсатты жүзеге асыру амалдары оның мәениетіне, білімі мен танымына байланысты.
Коммуникацияның айтушысы мен тыңдаушысы сөз арқылы ақпарат алмасқандықтан, бұл вербалды қарым-қатынас деп аталады. Вербалды қарым- қатынас тіл арқылы, яғни сөз арқылы жүзеге асады. Бұл ұғымға қарама-қарсы ұғым – вербалды емес қарым-қатынас. Вербалды емес қарым-қатынас - «дене тілі», «ым-ишара тілі» деген ұғымдармен байланысты. Вербалды емес қарым- қатынас құралына – ым-ишара, мимика, визуалды қатынас, тұлға аралық дистанция жатады. Ғалымдар вербалды емес қарым-қатынастың бірнеше белгілерін ажыратып көрсетеді. «Біріншіден, сөздер арқылы тек фактілі білімді айта аламыз, ал сезімдерді жеткізу үшін сөздер аз болып жатады. Кейде біз
«қалай жеткізсем екен...» деп өзіміздегі сезімнің тереңдігі мен күрделілігін сипаттау үшін сөз таба алмай жатамыз. Қалай болғанда да кейбір сезімдер сөздік сипатта берілмей, вербалды емес құралдар арқылы жеткізіледі. Екіншіден, осы вербалды емес тілдерді (язык тела) білу арқылы өз-өзімізді ұстауға үйренеміз. Егер әңгімелесуші өзінің ашуын басқара алмаса, ол айқайлайды, бұрылады немесе одан асар жарасымсыз қылықтарды жасайды. Сонымен қатар вербалды емес әрекеттер арқылы адамдардың біз жайлы не ойлайтынын түсінуге болады» [71].
Бүгінгі тіл ғылымында ғалымдар көбіне көп вербалды қарым-қатынасты зерттеу нысаны етеді. Оның басты себебі вербалды қатынастың негізгі бірлігі – тіл.
Қазіргі заманауи қоғамдағы мұндай белсенді коммуникативтік үдерістің прагматикалық айқын көрінісі – жан-жақты дамыған медиакеңістік. Қазақ баспасөзінің медиа-мәтіндері арқылы адресат пен адресант қос тағанын арнайы зерттеген ғалымдардың бірі – Қ. Есенова. Ол газет мәтінін адресанттың прагматикалық ұстанымын жеткізуші күрделі прагматикалық бірлікке теңесе, ал адресатты қоғамдық қарым-қатынастағы әлеуметтің мінез-құлқын реттеуге қатысатын социум мүшесі ретінде қарастырады [72]. Ал Ф. Жақсыбаева «Газет мәтінінің прагматикалық функциясы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаған. Б. Момынова «Газет лексикасы (жүйесі мен құрылымы)» атты еңбегінде бұқаралық ақпарат құралдарының ақпараттық қызметіне, ағартушылық-танымдық қызметіне және қоғам мүшелерінің дүниетанымына әсер ету функциясы қызметтеріне тоқталады. Бұл мәселе де бүгінгі антропоөзектік парадигманың аясында зерттеле бастаған мәселе. Себебі газет- журнал ақпаратты жеткізіп, жұртшылыққа үгіт-насихат тарататын құрал. Соған сәйкес оның мазмұны мен қызметі ұлттық танымнан алыстамағаны жөн. Қандай да бір ақпарат газет бетіне түскенде оның ар жағында ұлт мәселесі тұруы керек. Бүгінде сәнге айналған түрлі варваризмдер, сленгтер мен жаргондар, Ж. Жақыповтың сөзімен айтсақ, қоқыс сөздер газет бетінен орын алмауы тиіс. Халық арасында «газет – өмір айнасы» деп бекер айтылмаған. Ә.
Бөкейханның «Бірінші: газет – халықтың көзі, құлағы, тілі. Екінші: газет – жұртқа қызмет ететін нәрсе. Үшінші: газет – халыққа білім таратушы. Төртінші: газет – халықтың жоқтаушысы» деген сөздері газеттің, жалпы бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін нақтылай түскендей. Осы төрт мәселе БАҚ саласындағы адамдардың санасында өмір сүрсе, бүгінгі тілден алыстап кеткен, яғни жазбаша сөйлеу түгілі ауызша сөйлеудің бірліктерін оңды-солды қолданып жүрген журналисттердің тілдік нормадан ауытқушылықтары біршама ретке келтірер еді.
Сөйлеу үдерісінің зерттелу нысандарының түрлі сипатта болуына байланысты Г. Матвеева, И. Самарина, Л. Селиверстова сынды ғалымдар қазіргі прагмалингвистиканың екі түрлі: функционалды және жасырын бағытын бөліп көрсеткен [73, 51 б].
Прагмалингвистикасы саласы адамның комммуникативтік іс-әрекетінің ауызша (дискурс) және жазбаша (мәтін) болып келетін екі формасын қарастырады. Дискурс теориясы мен мәтін теориясы прагмалингвистикалық зерттеудің негізгі мақсатын айқындайды. Дискурс сөйлесу арқылы берілетін ойдың әлеуметтік астарына талдау беретін ұғым болса, мәтін бұл жалпы (бір) тақырып төңірігіндегі біріккен, ақпаратты сабақтастықта және тұтастықта жеткізетін мазмұнды (мәнді) сөйлемдердің тізбегі. Дискурс та, мәтін де коммуникацияның негізгі категориялары болғандықтан, прагмалингвистика мен тілдік коммуникация өзара тығыз байланысты.
Қорыта айтқанда, көркем мәтіндегі коммуникативтік қызметті зерттеу арқылы шығармадағы адресант пен адресаттың аялық және тілдік білімі, ұлттық мәдениеті, тәрбиесі, өскен ортасынан ақпарат алуға болады. Бұл сала көркем шығарма оқиғалар желісінен ғана тұрмайтының, онда тілдік категориялардың түрлі қатынастары, яғни адресант пен адресат арасындағы тілдік қатынастың, кейіпкерлердің ұлттық мәдениетінің, автор мен кейіпкерлер байланысының болатынын түсіндіреді [67, 338 б.].
Ал көркем мәтіннің прагматикалық әлеуетін зерделеу барысында міндетті түрде оның дискурстық сипаты көрініс табады. Яғни адам қандай да бір әрекетті жүзеге асыру үшін өзіндік мақсатты көздейді. Сол сияқты айтарман да сөйлеу кезінде тілдік бірлікті бір мақсатқа негіздеп, белгілі бір уәжге жүгініп қолданады. Демек, айтарман қолданған бірліктердің белгілі мағынасы, қызметі болады. Ал жоғарыда көрсетілген кестедегі функционалды және жасырын прагмалингвистика деген пікірімен толықтай келісу қиын. Себебі ойын жасырын білдіру үшін қолданған әрекеті немесе бейвербалды қимылдарды қолдану кезінде де адресанттың белгілі бір мақсаты болады. Сондықтан тіл білімінің басты нысаны тілдің коммуникативті қызметі болғандықтан, қарым- қатынас құралы ретіндегі тілдің вербалды және бейвербалды сипатына назар аударылуының антропоөзектік парадигмада маңызды екенін соңғы зерттеулер көрсетуде. Осымен байланысты жалпы тіл біліміндегі К.У. Геворкянның
«Кинесический язык» [74], А.А. Акишина мен Х. Каноның «Жесты и мимика в русской речевой коммуникации» [75], Г.Е. Крейдлиннің «Мужчины и женщины в невербальной коммуникации» [76], Аллан Пиздің «Язык телодвижений» [77], Е.Я. Кедрованың «Вербальное обозначение жестов персонажей при передаче
прямой речи в художественном тексте» [78] және қазақ тіл біліміндегі Б. Момынованың «Қазақ ым-ишараттары: сөйлеу этикеті мен қатысым мәдениетінде» [79], Ш. Зекенованың «Коммуникациядағы бейвербалды қатынас және бейвербалды амалдардың омонимділігі, синонимділігі» [80], С. Бейсембаеваның «Невербальные компоненты коммуникации в казахском языке» [81], М. Ешимовтың «Қазақ ым-ишараттары» [82], С. Мағжанның
«Қазақ тіліндегі бейвербалды элементтердің көпмағыналылығы» [83], т.б. еңбектері назар аударарлық.
Б. Момынованың «Қазақ ым-ишараттары: сөйлеу этикеті мен қатысым мәдениетінде» атты монографиясында ғалым бейвербалды амалдарды әр қырынан талдап, зерттейді. Соның ішінде халықтың тұрмысы мен мәдениетіне қатысты әдет-ғұрып ишараларына айрықша назар аударылып, олардың лингвомәдени қырларын ашып көрсеткен.
Автор әдет-ғұрып ым-ишараттарын мынадай лексика-семантикалық топтарға жіктейді: күнделікті тұрмыста қолданылатын ым-ишараттар; амандасу, қоштасу ишараттары; кешірім ишараттары; тыйым, тоқтау салу ишараттары; өлім-қазаға байланысты орындалатын дәстүрлі ишараттар; тұрмыстық заттармен, құралдармен орындалатын дәстүрлі ишараттар. Сонымен бірге бейвербалды амалдардың танымдық сипатының когнитивтік тұрғыда қарастырылуы еңбектің антропоөзектік бағыттан алшақ еместігін танытады [79].
Прагмалингвистиканың көптеген мәселелері бүгінгі күнге дейін біршама өзгерістерге ұшырап жеткен. Мысалы, Ю. Степанов «Язык и метод» атты еңбегінде тарихи тұрғыдан прагматика ұғымының «тиімділік: пайдалылық» мәнін көрсетеді: «Қазірдің өзінде Шеллингтің «Система трансцендентального идеализма» (1800) деген еңбегінде терминнің ығысуы (бұрын анықталған) тіркелген: «Жалпыға бірдей сипатты қабылдамайтын кез келген басқа тарих тек прагматикалық болуы мүмкін, яғни белгілі бір практикалық мақсатты көздейтін бұрынғы ұғымға сәйкес келеді. Керісінше, дүниежүзілік тарихтың прагматикалығы өзіне қарама-қайшы ұғым болып табылады». Мұнда
«Прагматикалық» «қоғамда қандай да бір мақсатқа қол жеткізу үшін пайдалы, қолайлы» деген мағынаға жақындайды [15].
Оған қоса, ғалым еңбегінде Канттың прагматика жөнінде тұжырымын көрсетеді: «Прагматикалық тұрғыдан алғандағы антропология» мынадай анықтама береді: «Адамның мәніне қатысты және жүйелі түрде жазылған ілім (антропология), физиологиялық немесе прагматикалық тұрғыдан ұсынылуы мүмкін. Физиологиялық адамтануда табиғаттың адамға жасайтын іс-әрекеттері зерттеледі, ал прагматикалық адамтануда оның еркін қозғалатын тіршілік иесі ретінде не істейтіні немесе не істей алатыны, өздігінен не істеу керектігі зерттеледі... Адамды әлемнің азаматы ретінде зерттеген кезде ғана прагматикалық болады. Сондықтан да тіпті, табиғат күшімен жаратылған адам нәсілдерінің маңызы прагматикалық емес, тек теориялық әлемтану болып саналады» [15, 373 б.]. Демек, бұл пікірге сәйкес өзін өзі дамытушы, танытушы адамның тілі прагматика деген атауға лайық.
Ғалым Ю. Степанов прагматика деген атау сөйлеуші тілінің барлық қырын аша алмайтынын айта келіп, оны дектика деп атауды ұсынады. Ю.Степановтың ойынша, дектика прагматикаға қарағанда сөйлеушінің тілдік мүмкіндіктерін толық қамти алады [15]. Қазіргі таңда прагматика мен дектика терминдерін қатар қолданып жүрген ғалымдар да бар.
Бүгінгі таңда қазақ тіл білімі үшін де прагматикалық зерттеулер өзекті мәселеге айналып отыр. Ғалым Н. Уәлидің «Қазақ сөз мәдениетінің теориялық негіздері» атты докторлық диссертациясының мақсаты сөз мәдениетіне қатысты прагматиканы анықтауға бағытталған. Аталмыш зерттеудің жаңалығы мен маңыздылығы сөзді тек нормативті аспектіде ғана қарастырмай, тілдік және тілдік емес бірліктерді функционалдық, коммуникативтік-прагматикалық, когнитивтік, лингвомәдени аспектіде зерттеудің тіл білімі үшін тың идеялар мен жаңалықтар әкелетінін дәлелдеуінде. Жоғарыда көрсетілгендей, прагматикалық коммуникацияның өзіндік ережелері болатыны белгілі. Осымен байланысты Н. Уәли тілдік және тілдік емес нормадан прагматикалық мақсаттағы ауытқудың түрлері мен типтеріне тоқталып, мынадай тұжырым ұсынады: «тілдік қарым-қатынас кезінде «іріктелген», «тұрақталған», «уақыт сынынан өткен» қолданыстағы жүйелер белгілі бір себептен «бұзылып» жатады. Сөз субьектісі реципиентке әсер, ықпал етудің тілдік, риторикалық, стильдік тәсілі мен амалы ретінде сөзді тіркеспейтін сөздермен тіркестіруі, сөзді әдеттегі, үйреншікті мағынасынан өзгеше мәнде жұмсайды, фразеологизм, паремологизмдердің тұрақты құрылымын «бұзып» қолданады, сөзді түрленбейтін қосымшалармен түрлендіреді, орфографиялық, орфоэпиялық тәртіптен ауытқиды. Сөйтіп автор реципиенттің мәтінді қабылдау үрдісіндегі (процесіндегі) автоматизмді «әлсіретуге» тырысады. Белгілі бір мақсатты көздеп, нормадан осылай ауытқуды прагматикалық ауытқу деп атайды» [32, 28 б.]. Соның негізінде Н. Уәли прагматикалық ауытқудың тілдік нормадан прагматикалық ауытқу, мәтін нормасы/сөз нормасынан (сөйлеу нормасы) прагматикалық ауытқу, логикалық нормадан прагматикалық ауытқу, онтологиялық нормадан прагматикалық ауытқу, этологиялық нормадан прагматикалық ауытқу деген бес түрін көрсеткен. Бұл мақсатты ауытқулардың барлығы прагматикалық коммуникацияның ережелеріне сай жүзеге асырылғанда ғана сөйлеуші өз мақсатына жететінін ғалым атап көрсетеді.
Сонымен бірге қазіргі таңда көркем мәтін тілін прагматикалық аспектіде қарастыру да өзекті мәселелердің біріне айналды. Бұл арада көркем мәтінді зерттеу арқылы тілдің зерттелмеген қабатын ашу мүмкіндігі бұл бағыттағы зерттеу үрдісінің өзектілік мәнін толық ашып бере алмайды. Құрылымдық лингвистиканың аясында орыс тіл біліміндегі академик В.В. Виноградовтың еңбегі өте зор. Ал қазақ тіл біліміндегі академик Р. Сыздық пен профессор Б. Шалабаев көп еңбек сіңірді.
Р. Сыздық қазақ ғалымдарының ішінде жазушы тілін, оның көркемдік әлеміне терең зерттеулер жүргізген ғалымдардың бірі. Ғалым ұлы Абайдың сөз қолдану, сөз таңдау, сөз құбылту, сөз үйлестіру, сөз үндестіру тәсілдері мен тәжірибесін талдайды. Сонымен қатар Р. Сыздық «Әдебиет – тілмен әдебиет». Бұл – Мұхтар Әуезовтің өз сөзі. Демек, жазушы мен ақын есімі аталған
тұстарда, олардың суреткерлік келбеті, шығармашылық қызметі сөз болған сәттерде оның тілі туралы да әңгіме қозғалуы заңды да қажет. Оның үстіне суреткерлік еңбегін ұлттық тілдің тарихына байланыстыра сөз ететін қалам иелері болады. Олар – тілдің белгілі бір кезеңдерінің негізін қалаушы, көшбасшысы немесе сол тілдің белгілі бір тарамдарының (стильдерінің) іргетасын бекітуші, тілдегі сапалық өзгерістерге мұрындық болушы деп танылатындар» [60] дей келе, көркем проза, драматургия, публицистика, ғылыми әдебиет стильдері салаларының іргетасын қалаушылардың ірі болып табылатын М. Әуезовтің суреткер ретіндегі шеберлігіне, көркемдік әдістеріне зерттеулер жүргізеді. Ал Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе», «Жүрекке әжім түспейді» шығармаларына лингвистикалық стилистика талаптары бойынша талдау жасаған ғалым. Яғни тілші жазушының стилін танытатын тілдік бірліктерге лингвистикалық зерттеулер жүргізген. Бұндай талдаулар тарихи романдар қатарына жататын Ә. Кекілбаевтың «Үркер» және «Елең-алаң» атты тарихи дилогиясы, М. Мағауиннің «Аласапыран» атты тарихи романы, Қ. Жұмаділовтің «Дарабоз» романы арқылы жалғасын тапты. Ғалым бұл үш романды жазуда жазушылардың өткен тарихты суреттеу үшін қолданған тілдік бірліктерін, олардың тарихи стиль тезіне түсуін, тарихи реалийлерді суреттеуін назарға алған. Сол арқылы авторға тән шеберлік үлгілерін, авторлық ерекшеліктерін көрсеткен.
Белгілі ғалым Б. Шалабаев «Көркем проза тілін зерттеудің ғылыми- теориялық негіздері» атты докторлық диссертациясында «Мәтіннің көмегімен тілдің өмір сүруін, оның заңдылықтарын тануға болады» деп тіл білімі саласында мәтіннің алатын орнының ерекше екендігін айтады.
Профессор Д. Әлкебаева «автор бейнесі» теориясына сәйкес қаламгер тілін, стилін, тілдік қорын, сөз қолданысын ерекшелеп көрсететін лингвистикалық талдауларға арқау болғаны белгілі. Д. Әлкебаева мен Л.Ж. Ахметқалиеваның «Прагматика негіздері: ойлау мен сөйлеу» атты ғылыми мақаласында жеке адамның сөзі арқылы оның болмысын, ойын, интеллектісін және ниетін, пиғылын айқындап, өмірінен хабардар алуға болатыны айтылады. «Антропоөзектілік парадигмасы бойынша адам басқы орынға шығып, тіл оның ары қарай өмір сүруіне арналған қажеттілігі болып саналады. Тіл білімінің дамуына антропоөзектілік парадигмалары, атап айтқанда сөйлеу мен адамның ойлану процестерінің байланысы мәселелері ықпал ете бастайды». Аталған ғалымдар адамның ойлауы мен сөйлеуіне эксперимент жасай келе мынадай қорытындыға келеді:
прагматика адам мен тіл арасындағы қатынас, демек адамның сөйлеу процесіне дейін ойлауда да прагматика өтеді;
ойлау туралы психологиялық, филологиялық, философиялық еңбектер негізіне сүйене отырып сөзде ойлау мақсаты, яғни прагматика болатыны анықталды;
адам сөзі ойлау арқылы сүзгіден өтеді, прагматиканың ойлауда негізі қаланады;
ойлау – тек адам баласына тән күрделі процес. Қазақ тілінде
«маймылдың басы ойнауға жеткенмен, ойлауға жетпейді» деген жалпақ тілмен
айтылған мақалы мен «ойлай берсең дана боларсың, ойнай берсең бала боларсың» сөздері соған дәлел;
сана, ақыл, ой ұғымдары қандай тілде болса да жарыспалы, жуық мағынасында қолданылады, ал психология мен философиялық еңбектерде әрқайсысы бөлек деңгейлі процес ретінде сипатталады [84].
Адамның сөйлеу тілі прагматикасының негізінде ойлау прагматикасы тұрғанын назардан шығармаған жөн. Себебі сөз – ойдың жемісі.
Ал С. Үсенбаева «Көркем мәтіндегі сөйлеу тілінің лингвостилистикалық қызметі (Т. Нұрмағанбетов шығармалары негізінде)» [85] атты кандидаттық диссертациясында Т. Нұрмағанбетовтің «Туған ауыл түтіні», «Дарияның арғы беті», «Балалық шақтың әндері», «Жер иісі», «Айқай», «Ескі үймен қоштасу»,
«Бөрібайдың тымағын ит алып қашқан қыс» сияқты романдары мен пьесаларындағы сөздік қорға, лексика-семантикалық қабаттарына, кірме сөздерге, мақал-мәтелдер мен тұрақты сөз тіркестеріне, күрделі сөздерге лингвостилистикалық тұрғыдан жүргізілген зерттеуде сөйлеу тілінің ерекшеліктеріне басымдық берілген. Яғни автор кейіпкердің болмысына тән сөздері арқылы «автор бейнесіне» тән прагматикасын анықтайтын жазушының өзіндік стилін қалыптастырған. «Автор бейнесін» тілдегі зерттеудің кейінгі кезеңіндегі «тілдік тұлға» қағидасымен сабақтас қарайтын болсақ, Т. Нұрмағамбетов шығармашылығының прагматикалық қазығын белгілейтін қазақ аулының төл болмысының антропоөзектік сипаты кейіпкерлер тілінің болмысымен айқындалады.
Бұл мәселенің байыбына тереңдеп, автор прагматикасын түсіну көркем аударма тәжірибесінде де маңызды екенін ағылшын тіліндегі мәтіндердің прагматикасын анықтау мақсатында жазылған З. Досмурзаеваның еңбегінен көрінеді. Осы мақсатқа жету үшін ғалым көркем мәтіннің прагматикалық құрылымын барлық деңгейде, атап айтқанда, лексикалық, синтаксистік деңгейлерде талдап, соның нәтижесінде көркем мәтіннен мәдени- прагматикалық аспектісін зерттеу жұмысының өзегіне айналдырған [86]. Ш. Зукай неміс-қазақ тілдеріндегі еліктеуіш және бейнелеуіш сөздердің көркем шығармадағы қолданысын айта келіп, кейіпкерді, іс-әрекетті, әртүрлі оқиғаларды суреттеуде олардың таптырмас лексика-семантикалық, коммуникативтік-прагматикалық құрал екенін айқындайды [87].
Жазушының көркемдік әлемін зерттеу арқылы ең алдымен қазақ тілінің түрлі мүмкіндіктерін ашуға әрі жазушының тілдік ерекшеліктерін даралап көрсетуге болады. Жазушы көркем тілімен, көркем идеясымен жазушылық биігіне жетеді.
Көркем мәтін прагматикасына қатысты мәселе қозғағанда дискурс мәселесі міндетті түрде негізге алынады. Мәтін сөзінің негізінде қалыптасқан дискурс термині, нақты айтар болсақ, сөйлеу кезінде пайда болатын мәтін.
Р.О. Якобсон ойдың сөз арқылы адресатқа жеткізілуін дискурс деп атайды. Осы бағыттағы еңбектер негізінде шешендік дискурс туралы еңбегінде Г. Смағұлова қазіргі кезде ғылыми сипат алған дискурстың бірнеше түрін көрсетеді: 1) әскери дискурс; 2) газеттік дискурс; 3) саяси дискурс; 4) бала дискурсы; 5) өнертану дискурсы; 6) магиялық дискурс; 7) бұқаралық ақпарат
құралдары дискурсы; 8) ғылыми (академиялық) дискурс; 9) парфюмерлік дискурс; 10) педагогикалық дискурс; 11) поэтикалық дискурс;
публицистикалық дискурс; 13) жарнамалық дискурс; 14) спорттық дискурс;
15) техникалық дискурс; 16) террористік дискурс; 17) феминистік дискурс;
18) көркем дискурс; 19) экономикалық дискурс; 20) электрондық дискурс;
этикалық дискурс; 22) заңи дискурс және т.б. [88, 232 б.]. Ғалымның пікірінше, қарапайым тілмен айтқанда, қандай да бір саланың, ортаның өз тілі бар. Кішкентай балаға барып, ғылыми тілде сөйлемейтініміз анық. Демек, дискурс туралы айтқанда, жалпы дүниетаным, оның ішінде ұлттық таным мәселесі, ғылыми терминдер, жастар тілінде кездесетін әртүрлі сленгтер немесе белгілі бір кәсіп саласындағы және т.б. сөздердің әртүрлі лексикалық қабаттары қарастырылады.
Осы бағытта тұрақты зерттеу жүргізген ғалымдардың бірі – К. Садирова
«Қазақ тіліндегі көп пропозициялы дискурстың құрылымдық негіздері» атты монографиясында дискурстағы ментальді құрылымдардың рөлі мен қызметін зерттейді. Автор ментальді құрылымдар дискурста, соның ішінде қазақы дискурста қалай көрініс табады, оған не әсер етеді деген сұрақтарға жауап іздей отырып, мынадай қорытындыға келеді: «тіл өз иесі халықтың рухын тасымалдайтын болса, яғни ментальділігі сол тілде көрінсе, тілді пайдаланып қарым-қатынасқа түсушілердің өз бойындағы қалыптасқан ой-бейнелері, ментальділігі болатын болса, коммуникативтік жағдайда олар да өзара ықпалдасып, көрініс табады да, дискурстың өтуіне, оның нәтижесі мәтінге, коммуникацияның нәтижелі орындалуында елеулі қызмет атқарады [89].
Мұндай дискурстағы қарым-қатынас қатысушыларының ментальді бірліктерді жаппай түсінуі, ол туралы білім базасы, өмірлік тәжірибесі болуы – дискурстың сәтті өтуіне қажетті негізгі шарт, ал бұл шарт орындалмай қалған жағдайда қарым-қатынас шиеленісіп, оң нәтиже бермеуі, адресант пен адресаттың келіспеушілігін тудыруы мүмкін.
Ғалым ментальді құрылымдардың дискурс барысындағы көрінісінің мынадай үш сипатын көрсетеді:
дискурсқа қатысушылардың әрқайсысы – белгілі бір дәрежеде аталған ментальді құрылымдардың иесі, демек олардың тілдесу сәтінде бұл құрылымдар тілдік бірліктер құрылымынан көрініс табады;
ментальді құрылымдардың өзара сәйкестілігі мен сәйкессіздігі дискурс нәтижесі өнімінің дұрыс не бұрыс құрылып бағалануынан, коммуникацияның, сәттілік не сәтсіздігінен көрінеді;
дискурс белгілі бір дәрежеде осы құрылымдардың дамуына, сақталуына ықпал етіп отырады [90].
Сонымен әр сөздің өз орны мен қызметі болуына байланысты көркем шығарманы талдауда дискурсты айналып өту мүмкін емес.
«Дискурс (фр.discours) – тілдік коммуникация түрі. Кең шеңберде, дискурс дегеніміз – уақыттың мәдени тілдік контексті. Оған рухани-идеологиялық мұра, көзқарас, дүниетаным кіреді. Тар мағынада, дискурс деп қандай да болмасын мағыналы, құнды іс-әрекеттің (актінің) нақты тілдік шындығын айтады».
Бірақ тіл мен дискурстың ара қатынасы тең емес, яғни дискурс – тілдегі бұрыннан қалыптасқан әр түрлі бірліктердің сөйлеуде (лебізде) көрініс табуы. Бұл сөзімізді көркем мәтіндегі дискурс табиғатын қарастырған ғалым А.Ж. Шайкенованың мына пікірі дәлелдей түседі: «Тіл мәтінде орналасып, дискурста жанданады, туындайды» деген пікірге сүйенсек, мәтін мен дискурс қатынасы дискурстың динамикалық, ал мәтіннің статикалық (тұрақты, қозғалыссыз) сипаттары арқылы танылады деп түсінеміз. Мәселен, қандай да бір автордың көркем шығармасы біз қолға алып оқығанға дейін «тыныш күйінде» тұрып, мәтін ретінде танылса, оқырман қолына тиіп, коммуникациядағы тілдік құрылым – мәтіннің динамикалық күйіндегі сипатын дискурс деп тануымызға болады. Бұл жерде де, тікелей болмаса да, автор мен оқырман арасында «хабар алысу» жүреді [91, 23 б.]. Біздіңше, көркем шығарманың өзі – дискурс, өйткені мұнда автордың оқырманмен қарым- қатынасы оның когнитивті, танымдық, эстетикалық ақпараттарды беруі, қоғамдағы түрлі келеңсіз жайттарды жеткізуі, сол арқылы жеке тұлғаның рухани әлеміне ықпал етуімен жүзеге асады. «Көркем мәтін оқырманға жол тартқанда оқырман мен автор арасындағы қарым-қатынас әрекетінің сипаты түрліше өрбиді. Автор көркем шығармадағы бейнелеулермен оқырманның дүниетанымын кеңейтеді, оны тың қарым-қатынасқа жетелейді. Сондықтан көркем шығарма барысында жазушы оқырманмен өзара қарым-қатынас орнатып, қатысымдық байланысқа түседі. осыдан келіп, оқырман мен автор арасында іштей пікірлесу орнайды» [92, 11 б.].
Демек, көркем шығарма немесе кез келген мәтін қатысымдық негізде құрылып, оқырманға, қабылдаушыға түрліше әсер етеді. Бір сөзбен айтқанда, көркем шығарма жазуда жазушы өз танымына сай құрылған дискурстың заңдылықтарын ұстанбаса, шығарма шындыққа жанаспай, оқырман ықыласына бөлене алмайды. Д. Исабековтің «Социализм зәулімі» әңгімесінде осы заңдылық дұрыс сақталған. Мысалы: Жетісаз ауданына қарасты «Коммунизм» колхозы партияның алға қойған «Қала мен деревняның арасындағы айырмашылықты жою» жөніндегі саясатын қызу қолдап, «Социализм» бөлімшесіне бес қабатты екі үй тұрғызуды жоспарлаған еді. Құрылыс объектілерін пайдалануға беру үшін бір жыл мерзім бекітілген болатын. Бөлімше еңбеккерлері мен сырттан шақырылған жұмысшылардың жанқиярлық еңбектерінің нәтижесінде әрқайсысы 64 пәтерлік, яғни 128 пәтерлік (жүз жиырма сегіз) екі үй мерзімінен 7 (жеті) ай бұрын орындалды. Кеше, 1981 жылдың 21 сентябрі күні жаңа үйлерге жаппай қоныстану аяқталды. Үкімет пен партияның алға қойған жаңа міндеттерін бұдан былай да бұлжытпай орындай береміз деп уәде береміз.
Достарыңызбен бөлісу: |