Қайнаға-ау, қайнаға, деп айғай салды әлгі әйел.
Уа, не мен мұндамын, деп Молдабай орнынан ұшып тұрып, солай қарай жүрді. Қасындағы Қарекеңді ұмытып кеткен секілді.
Қайнаға, сүйінші, сүйінші. Немерелі болдыңыз, ұл, ұл! деп оның алдынан ентіге шықты.
О жасаған, шүкір, шүкір мұныңа. Қатшайым, сүйіншіңе ана көгендегі бір тоқтыны ал, ол аз болса өзіңе тағы бір көйлек...
Қарекең сол орнында қимылсыз қатты да қалды. «Қайнаға немерелі болдыңыз» дегенді естіген кезде, оның буын-буыны қалтырап, денесінен дәрмен кете бастады. «Немере дейді! Құдай-ау немере дейді. Келінжан босанған ба? О тоба, о жасаған!».
Оның кезерген еріндері осы сөздерді тынымсыз қайталай берді. Содан соң есін жиып айналасына қарады. Қыбыр еткен жан жоқ. Молдабай да ішке кіріп кетіпті. Өзі келгенде оның далада жүрген себебін енді аңғарды. Ол екі аяғына бір-бір батпан тас байлағандай алға қарай ақырын қозғалды. Сол бойы қақпа алдына кеп тоқтады. Ашық қалған есіктен қуанышты адамдардың дабұр- дұбыр сөйлескен үндері естілді. Қарекең қақпаға сүйеніп тұрып ішке езіле, ентіге қарады.
Осы сәтте іштен шыр етіп жылаған жас нәрестенің даусы естілді. Қарекең басын көтеріп алып, қақпаның кедір-бұдыр тақтайларын сипалай берді. «Айналдым-ау, айналдым-ау үніңнен! Немере! Менің немерем, Қаражанның немересі. О құда... Айналдым-ау үніңнен!» [93].
Бұл мәтіннен қазақтың өзіндік мәдениетін танытушы салт-дәстүрлерінің, наным-сенімдерінің айқын белгілерін көруге болады. Қазақтың салт- дәстүріндегі жиі қолданылатын түрінің бірі – сүйінші сұрау. Яғни дүниеге жас нәресте келуін, келін түскенді, алыстағы сағынған адамның келгендігін, жалпы қандай да бір қуанышты хабарды жеткізуші адам басқаларынан сүйінші сұрайды. Сүйіншіге бағалы зат немесе ақша беріледі. Осындай ерекше дәстүрді дәріптеуші автор қазақ мәдениетін оқырман қауымға кейіпкер тілі арқылы жеткізеді. Бұл көркем шығарманың прагматикалық сипатын танытады. Сонымен қатар қазақ халқы қашанда есінен Жаратушының құдіретті күшін ұмытпауға тырысқан. Жоғарыда берілген үзіндіде автор немерелі болған қарттың қойнына қуанышы сыймай тұрған кейпін бейнелеуде кейіпкер тіліне Жаратушыға деген алғысын салады. Бұдан біз ең алдымен қазақ жұртының қандай қуанышқа бөленсе де, қиындыққа душар болса да, шешімін құдайдан сұрағанын, қайырын Алладан тілегенін көруге болады [126, 342 б.].
Мәдениетпен қатар жүретін ұғым – таным. Автордың танымы ұлттық танымымызбен тікелей байланысты. Ұлттық мәдениетіміз арқылы қалыптасатын ұлттық таным қорында ұлттың болмысымыз, дүниеге деген көзқарасымыз, рухани-мәдени құндылықтарымыз табылады. Сондай тамыры терең танымымызбен сусындап өскен адамның танымы қашанда «қазақша»
болады. Ғалым Ж. Манкееваның мына пікірі ойымызды толықтыра түскендей:
«Ұлттың дүниетанымымен сабақтас қалыптасқан материалдық өндіріс пен тұрмыс күйі де әркімнің жеке басының жағдайына байланысты күй емес. Ол – халықтың әлеуметтік-психологиялық, мәдени, тұрмыстық, дүниетанымдық негізін – ұлттық санасын қалыптастыратын құбылыс. Оның негізгі бір сипаты – оның тұрақтылығы. Ол оңайлықпен өзгере салмайды, тіл арқылы ол ұрпақтан-ұрпаққа беріледі. Сол арқылы ұлт өмірінің желісі үзілмей, ұрпақтан- ұрпаққа жеткізіледі» [34, 195 б.]. Демек, көркем шығармадағы ұлттық танымымызды танытушы қазақтың мақал-мәтелдері, тұрақты сөз тіркестері, көріктеу амалдарының түрлері, сөз оралымдары туындының мазмұнын ұлттық деңгейге жеткізеді. Жазушы Д.Исабековтің шығармалары да осындай қазақи танымның негізінде қалыптасқан көркем туындылар. Мысалы:
Достарыңызбен бөлісу: |