Қазақ халқының отаршылдықҚА Қарсы халық-азаттық КҮресі



Дата15.11.2023
өлшемі35,08 Kb.
#122576
Байланысты:
сро 6 история


ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ОТАРШЫЛДЫҚҚА ҚАРСЫ ХАЛЫҚ-АЗАТТЫҚ КҮРЕСІ
1867—1868 жылдары Қазақстан үш генерал-губернаторлыққа бағынды. Орынбор генерал-губернаторлығына — Орал, Торғай облыстары; Батыс Сібір генерал-губернаторлығына — Семей, Ақмола облыстары; Туркістан генерал-губернаторлығына — Жетісу, Сырдария облыстары мен Орал және Сібір казак-орыс әскери округтерінің кейбір аудандары кірді. Әрбір облыстың басында әскери губернатор мен оған бағынышты облыстық басқарма болды.
Жалпы, әскери билік пен азаматтық билік бір адамның қолына жинақталды. Сот жүйесінде әскери-сот комиссиялары мен уездік соттар құрылды. Олар жалпы империялық заңдар негізінде жұмыс істеді. Облыс → уезд → болыс → ауыл → түтін (шаңырақ) әкімшілік бөлінісі ру бөлінісімен санаспай, аумактық принцип бойынша құрылды. Сол арқылы ру ақсақалдары мен билерінің ықпалын кеміту көзделді.
Қазақстандағы әкімшілік-сот реформалары Ресейдің экономикалық даму талаптарына сәйкес, Қазақстандағы өздерінің өктемдігін баянды ету үшін ел басқарудың жүйесін түбірінен қайта құруға кірісті. 1868 жылғы «Уақытша Ереже» бойынша түтін салығы жылына әрбір шаңыраққа салынатын бұрынғы 1 сом 50 тиын орнына 3 сом мөлшерінде көбейді. Салықтың бүкіл ауыртпалығы еңбекші қазақтардың мойнына түсті. Оның үстіне старшындар мен болыс басқарушылар өздерінің билігін пайдаланып, кейде салықты бірнеше рет жинайтын болды. Болыс бастықтарына түрлі қоғамдық қажеттіліктер мен «игілікті мақсаттар» үшін салық белгілеуге құқық берілді, халық бұл салықты «қарашығын» деп атады, өйткені мұны жинағанда болыстар мен ауыл старшындары халықты әбден тонайтын. Халық земстволық салық төлеуге міндетті болды. Яғни, ауылдық-болыстық әкімшілікті асырау, көпір, жол, пошта бекеттерін ұстау мен жөндеуге қажетті қаражат, көліктермен қамтамасыз етуге тиіс болды.
Кіші жүз қазақтары 1868—1869 жылғы «Уақытша Ережені» енгізуден көп бұрын табиғат байлықтарынан: жерден, орманнан, өзен-көлдерінен айырылған болатын. Тұз кендері, аң аулайтын жер Орал, Орынбор казак әскерлері және генерал-губернаторлық меншігінде болды.
Қатал қанау көшпелілер мен жартылай көшпелілерді жоқшылыққа ұшыратты. Қазақ кедейлері жұмыс іздеп казак шептеріне шұбырды. 40—50-жылдары Орал, Орынбор шептерінде, орыс-казак билеушілері топтарында, саудагерлерде, балық және тұз кәсіпшіліктерінде жалданып жұмыс істейтін қазақ жұмысшыларының саны 40 мыңнан асты. Бірақ 1868 жылғы «Уақытша Ережені» енгізу қарсаңында шептің ішкі жағындағы жерде еңбек етуге ерік беретін билет ақылы (10—12 сом) етіліп, оларға егіншілікпен айналысуға, тұрақты мекендеп қалуға шектеу қойды.
Қазақтардың бүкіл азаттық үшін күресінің негізгі көкейкесті мәселесі — жер. 1868 жылғы «Уақытша Ереже» бойынша қазақтардың ата-қонысы мемлекет меншігі деп жарияланды. Жер қауымдық пайдалануға берілді. 
Кіші жүз қазақтары мен Жайық казактары арасындағы жер жөніндегі қатынастар бұрынғыдан да шиеленісе түсті. Малдың тебінде болғаны үшін әскер атаманының пайдасына қой басы — 15 тиын, ірі қара мал — 18 тиын, жылқы — 23 тиын, түйеге — 38 тиыннан ақы алынды. Бұдан басқа станицалық қоғамдар «өздерінің жеріне» көшіп Келген әрбір үй үшін қазақтардан 4 сомнан ақша алып отырды.
Жерге зәруліктің, жайылым жетіспеуінің салдарынан XIX ғасырдың 60-жылдарында рулар арасында, жартылай отырықшы және көшпелі қазақтар арасында күрес күшейді. Жер дауы көшпелі қоғам бірлігіне нұқсан келтірді. Оны дағдарысқа ұшыратты.
Қазақстанның оңтүстігінің Ресейге түпкілікті қосылуы 1867—1868 жылдардағы «Уақытша Ереженің» жасалуына тікелей байланысты. Бұл заң Ресейдің империялық пиғылының арта түскендігінің көрінісі. «Уақытша Ереженің» түпкі астары—қазақтардың әлеуметтік-мәдени және этностың тұтастығынан айыру еді. Көшпелі қоғамның тірегі — рулық құрылымды бұзып, әкімшілік басқаруды оларға түсініксіз, сан алуан сатылы билік иерархиясымен ауыстырды. Орал облысы қазақтарының жері Орал казак әскерлері жерімен біріктіріліп, оны басқару казак атаманының қолына берілуі де қазақтардың наразылығын туғызды. Қазақтар дүниетанымы мен көшпелі өмір салтына қайшы келетін сырттан күшпен таңылған жаңа реформаны қабылдамады.
Қазақтар 1868 жылғы «Уақытша Ережені» «жаңа штат» деп атаған. Міне, осы «жаңа штат» туралы алып қашты хабар оны жариялаудан көп бұрын және ұйымдастыру комиссиясы елге шықпай тұрып-ақ тарады.
Ұйымдастыру комиссиясы, ең алдымен, үй есебін алуға, онбасы, елубасылардың сайлауын өткізуге, олардың арасынан ауыл старшындарын, болыс билеушілерін сайлауға, елді ауыл-ауылға бөлуге, жаңа мөлшерде үй басы салығын жинауға тиіс болды. Бірақ бұл комиссиялар ауылдардың табанды қарсылығына кездесті. Қазақ еңбекшілері «Уақытша Ереженің» негізгі мәнін дұрыс ұғынып, оны қабылдаудан үзілді-кесілді бас тартты.
Жаңа әкімшілікке бөлу жайылымдарды пайдаланудың ғасырлар бойы келе жатқан тәртібіне үйлеспеді: бір рудың жайлауы, қыстауы басқа уездер мен болыстардың қарамағына ауысып кетті.
«Уақытша Ережені» жүзеге асыру үшін шыққан комиссия 1868 жылдың қаңтарында жұмысын тоқтатып, шеп бойына қайтуға мәжбүр болды.
Орал облысында 1869 жылы 12 қаңтарға дейін 11 болыс шеп бойындағы қазақтардан ғана құрылды. Торғай облысында 1 ақпанға дейін 9 болыс құрылды. Алайда көп ұзамай ұйымдастыру комиссиясы өз жұмысын бірінші Орал облысында, кейіннен Торғай облысында тоқтатып, шепке кейін қайтуға мәжбүр болды. Комиссия сөзіне қарағанда, «Уақытша Ережені» қабылдамауды қазақтардың барлығы бірігіп шешкенге ұқсайды. Ал комиссияның бетін қайтарған қазақтардың қатары толыға түсті. Өздеріне орыс бастықтарының тағайындалуына, түтінге санақ жүргізуге наразылардың қатары өрши берді.
1869 жылы ақпанда комиссия күзетші жасақ пен бұрынғы сұлтандарды ертіп қайта шықты. «Уақытша Ережені» қабылдамай қайсарлық көрсетушілерге қарсы әрі Елек комиссиясына көмекке Ембі постындағы күшке қоса екі зеңбірегі бар 200 казак жіберілді. Орынбор генерал-губернаторы Н.А.Крыжановский мен Орал облысы әскери губернаторы Н.А.Веревкин қарсылық көрсетушілер Жем өзені бойындағы жайлаудан айырылатындығын ескертіп, қорқытумен болды.
Комиссия Елек өзенінің бастауы тұсындағы 30-дистанцияға қарасты қазақтардың күштірек қарсылығына кезікті. Бұған басқа да дистанцияларға қарасты халықтың көтеріліске шыққан бөлігі қосылды. Комиссия қоршауға түсіп, оның төрағасы Плотниковты «енді қайтып келмеймін» деген тілхатын алғаннан кейін ғана босатады.
Бірінші кақтығыс 1869 жылы 21 қаңтарда Гурьев уезін ұйымдастыру комиссиясына қарсы болды. Адайлардың, 400 ысық руы қазақтарының Тентек, Сағыз өзендері бойында көрсеткен қарсылығынан Жемнен әрі қарай өте алмаған комиссия мүшелері Каспийдің қатқан мұзы үстімен кейін қайтты.
1869 жылдың көктемінде жекелеген ауылдардың ашынуы көтеріліске ұласты. Қазақ ұлықтарына жалданған бақташылар, батырақтар және басқа еңбеккерлер қырға жиылып, 600—700-ден бөлініп, жасақтар құра бастады.
Қазақтар топ-топ болып бірігіп, жасақ ұйымдастырды. Олар күндіз-түні жан-жақтан комиссияны мазалаумен болды. Шеп бойындағы казак-орыстардың малдарын айдап әкетіп, әскери жасақтарға шабуыл жасады.
Торғай облысы Ырғыз, Елек уезі осылайша көтерілістің бір ошағына айналса, екінші ошағы Орал облысының Орал, Калмыков уезінде қалыптасты. Калмыков уезінде Тайпақ деген жердегі Азнабай елді мекенінде алаша, байбақты рулары көп топтасты. 1869 жылғы наурыздан бастап стихиялы түрде шыққан наразылықтар белгілі формаға ие болып, ұйымдасқан сипат алды. Тіпті комиссия мүшелерімен келіссөз жүргізілді. Олар тұрақты жасақ құрып, алдыңғы шепке күзет қойды, ұсақ топқа бөлініп, үздіксіз шабуыл жасады. Өз іштерінен хан, әмір сайлап, дербес билік жүйесін құрды.
Халық арасында беделді азаматтар мен ақсақалдар бас қосып, «Уақытша Ережеге» байланысты кеңес өткізді. Торғай облысы Елек уезіндегі Қобда бойында Белқопа деген жерде Мұңайтпас Бөтенбеков деген бидің ауылына 500-дей ру ақсақалдары жиналады.
Наурыздың соңы мен сәуірдің басында белгілі ақын Шәңгерей Бөкеев Орал облысына келіп, «Уақытша Ереженің» күмәнді тұстарына тоқталып, жер сатуға рұқсат берудің зиянды жақтарын түсіндіреді.
Елек, Қобда бойындағы көтеріліс ошағында 6 мың отбасы қарсылық көрсетті. Көтерілісшілерге бұрын сұлтан-басқарушының көмекшісі болған Ханғали Арыстанұлы басшылық етті. Олар Ырғыз уезінде Орал-Ор пошта бекеттерін тонады.
Шекті руы қазақтары «комиссияны қабылдамаймыз, одан Хиуаға кеткеніміз артық» деп мәлімдейді. Бір бөлігі Сырдария облысына қарай қоныс аударуға бел буады. Патша үкіметі дистанциядағыларды жазалауға әскери жасақ шығаруға шешім қабылдайды. Ембі постына шыққан Новокрещенов жасағына 18 наурызда Бестамақ деген жерде 700 адам шабуыл жасайды. Жеңілген қазақтар жаппай Жем бағытына қоныс аударды.
Орал мен Торғай облысында комиссиялар өз міндеттерін орындай алмады. «Уақытша Ереже», негізінен, қыстаулары мен жайлаулары шеп аудандарының ішінде қалған, казак әскерлерінің іргесіне орналасқан, көші-қон жөнінен оларға түгелдей тәуелді қазақтарға ғана енгізілді. Бірақ бұл Кіші жүздегі үй санының ⅓ бөлігінен де аз еді.
1869 жылғы наурызда толқу бүкіл Орал облысын, Торғай облысының батысы мен оңтүстігін түгел қамтыды. Шалқар көлінің маңайына Ханкөл, Азнабай, Тайпақ, Өлеңті, Құрайлы, Шідерті, т.б. өңірлерін мекендеген рулардың көтерілісін Сейіл Түркебаев пен Беркін Оспанов басқарды. Көтерілісшілер найза, қылыш соғып, қару-жарақ, оқ-дәрілер іздестірді. Ең маңызды жерлерге салт атты шолғыншылар қойылды.
Қазақ арасындағы күрестің қайсысын болсын, әдетте, барымтаға әкеліп саятын патша әкімшілігінің өзі де бұл жолғы күрестің саяси мәні бар екенін мойындауға мәжбүр болды. Орынбор генерал-губернаторы Н. Крыжановский үкіметке ресми түрде хабар берді. 27 наурызда соғыс министрі Милютин оған патшаның көтерілісшілерге қарсы шараларды құптағанын, Бас штаб тарапынан барлық шаралар қолданылатындығын жазады. Көтерілісті қарулы күшпен басып-жаншу үшін өкімет орындары үш айдай дайындалды.
Көктем түскен соң комиссия жеткілікті қаруымен екінші рет қырға аттанды. Көтерілісшілерге қарсы Торғай облысында Ақтөбе бекінісін, Орал облысында Ойыл бекіністерін салу көзделді. Көтерілісті біржола басу үшін олардың негізгі күші шоғырланған жер — Ойыл өңіріне соққы беруге Орал облысының әскери губернаторы Веревкин 400 солдат, 4 зеңбіректі бір рота, т.б. күштермен Ойыл бойына аттанды.
Торғай облысындағы Ойыл, Сағыз, Жем өзендерінің өңірінде орналасқан көтерілісшілер фон Штемпель жасағына қарсы шықты. Ойыл өзенінен 20 шақырым жердегі қақтығыста 20 мың көтерілісшілер 7 күн шабуылдап, фон Штемпельді Калмыков қамалына кетуге мәжбүр етеді. Ал Орал облысына екінші рет шыққан комиссия қайта қайтып кетті.
Көтерілісшілердің фон Штемпель жасағына жасаған шабуылы 1869 жылы Орал, Торғай облыстарындағы көтерілістің ең бір шарықтау кезі болды.
Шабуыл сәтсіз аяқталғанымен, көтерілісшілер көлге баратын жолды кесіп өтіп, фон Штемпель жасағын сусыз қалдырады.
Орыс әскери мамандары қазақ даласындағы бұл шабуылды ең күштісі деп бағалады. Шынында, саны жағынан 20 мыңдай қалың қолдың жиналуы бұрын соңды болмаса керек.
Патша үкіметі негізгі күштердің басын қосып көтеріліс ошағына бағыттау үшін біріктіруді ұсынды. Маусым айында Орал казак әскери атаманының өзі келе жатыр деген хабар, сондай-ақ патша үкіметінің барлық күштерді бір бағытқа көшіруі, қарулы отрядты жеңуге деген үмітті су сепкендей басты.
7 шілдеде 8 мың отбасы «Уақытша Ережені» мойындауға мәжбүр болды. 25 шілдеде байбақты Беркін Оспанов бастаған 1 мыңдық қол талқандалды. 31 шілдеде көтерілістің тағы бір басшысы Сейіл Түркебаев тұтқындалды. Қалған көтеріліс басшылары Хиуа жеріне өтіп кетті.
Көтерілістің жеңілуіне феодалдардың опасыздығы ғана емес, сонымен бірге кейбір рулардың арасында ауызбірліктің жоқтығы да себеп болды. Олардың ынтымақтаса қимылдауына жер дауы да бөгет болған еді. Казак шептері маңындағы ауылдар отаршылдарға қарсы белсене күреске шыға алмады. Майдан мен тыл бір жерде болып, көтерілісшілер қимылын өте-мөте қиындатты.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет