Латын таңбасы
|
Дыбысталуы
|
Транскрипциясы
|
Мысалы
|
1
|
Aе/ aе
|
Ә ә
|
[ ә]
|
aelem-әлем
|
2
|
Ое/oe
|
Ө ө
|
[ ө]
|
oerkeniet-өркен
|
3
|
Ue/ue
|
Ү ү
|
[ ү]
|
uekimet-үкімет
|
4
|
Ng / ng
|
Ң ң
|
[ың]
|
tangba-таңба
|
5
|
Gh/ gh
|
Ғ ғ
|
[ ғы]
|
ghylym-ғылым
|
6
|
Ch/ch
|
Ч ч
|
[ чы]
|
chempion -чемпион
|
7
|
Sh/sh
|
Ш ш
|
[ шы]
|
shyndyq -шындық
|
8
|
Zh/zh
|
Ж ж
|
[ жы]
|
zhazw -жазу
|
Бұл әліпбидің бір жетістігі компьютер пернетақтасына орналастыруға келетіндігі мен классикалық латын әліпбиіне сай жасалғандығы болып табылады. Ал қазақ тіліндегі кейбір дыбыстардың, әсіресе, төл дыбыстарымыздың, қосарланған әріптермен (диграфпен) берілуі «бір әріп - бір дыбыс» деген ұстанымға келмей, көңілге қонбады.
Қазақ жазуы тарихында әр түрлі графикадағы әліпбилер қолданылса да, оның барлығында да «бір əріп бір дыбысты таңбалау керек» деген ұстаным болған. Сондықтан қазақ халқының санасында ғасырлар бойы қалыптасқан «бір әріп – бір дыбыс» ұғымын бірден өзгерте салу дұрыс емес деп ойлаймыз. Бір дыбысты екі әріптің тіркесімен беру, яғни диграф қолдануды ағылшын жазуының жетістігі не кемшілігі деп біржақты қарауға болмайды. Егер бүгінгі күні жазу заңдылығын өзгерту мүмкіндігі болса, ағылшындардың өзі де қазіргіден басқаша қарастырар еді. Себебі, «бір әріп – бір дыбыс» ұстанымындағы жазулармен салыстырғанда, диграф оқу-жазу әрекетіне көп салмақ түсіреді деп ойлаймыз. Қазақ жазуы тарихында болмағандықтан, бір дыбысты қос таңбамен, диграфпен, белгілеу жазуда біздің қалыптасқан әдетімізге де біршама қолайсыздықтар туғызатын еді. Себебі европа тілдерінен өзгешелігі қазақ(түркі) тілдері құрылымы жағынан жалғамалы (агглютинативті) тілдерге жататындықтан түбір сөзден кейін жалғанатын қосымшалары да көп болады, соған байланысты қосымшалары арқылы сөз мағынасы да, сөздің тұрқы да ұзара түседі. Ал бір дыбысты екі әріппен(диграфпен) таңбаласақ, онда сөз құрылымындағы әріп саны өсе түседі. Бұл жағдай жазуға да қосымша ауыртпалық түсірер еді. Ал европадағы роман, герман, славян сияқты тілдерді бір сөзбен флективті тіл, яғни сөздерінің сыртқы тұрқы қысқа келетін тіл, болып саналады. Олардың сөздері қанша өзгеріп құбылса да, тұрқы қысқа күйінде қалады. Сондықтан оларға , «бір дыбыс-екі таңба, диграф» ұстанымы оңтайлы, сондықтан бұл тілдер қосар әріпті пайдалана алады. Осыған байланысты тегі басқа ағылшын тілі мен оның жазуындағы «ерекшеліктерді» туыстығы жоқ, өзге тілдерге үлгі етуге болмайды.
Қазіргі таңда мемлекеттік тілге деген сұраныс артып, керегесін кеңге жайып, егеменді елімізбен қатар дамып келеді. Қазақстан сияқты бүкіл әлемге танылған елдің мемлекеттік тілінің жазуы да заман талабына сай мінсіз болып келуін күнделікті өмірдің өзі талап етіп отырғаны баршаға аян. Сондықтан осы мәселеге байланысты өткізілген шараларда түрлі кәсіп мамандары латын негізді қазақ тілі әліпбиіне алынатын әріптердің тіліміздегі дыбысқа сай келуін және қосымша белгілер алғанда ерекше мұқият болу туралы ұсыныстар көп айтылды. Олар қазақ әліпбиінің «бір әріп-бір дыбыс» ұстанымға сай жасалуын жақтап отырды. Мүмкіндігінше, «бір әріп - бір дыбыс» деген ұстанымда тұрсақ, оқу-жазуға жеңіл болатыны, цифрлық технология деп компьютер пернетақтасының жағдайын алға ұстап, тілдің оқу-жазу мәселелерін одан кейін қоюға болмайтыны туралы әр түрлі басқосуларда мамандар тарапынан айтылды.
Дәйекшіні қолдану жазу тарихындағы өткен кезең, сондықтан дәйекшіні қолданудың басқа жолын табу керек. Әліпбиге диграфтарды алмауға қалай қарсы болсақ, дәйекшіні қолдану да өткен кезең үшін жетістік болғанмен, қазіргі графикалық лингвистика жетістіктері «бір әріп – бір дыбыс» ұстанымын жақтайтынын тағы да баса айтамыз. Бүгінгі таңда әліпбиде әр дыбыстың өз таңбасы болмаса, олар жаһандану екпініне қарсы тұра алмай қалады. Жазу тарихына зер салсақ, диграф(қосарланған таңба) қолданатын ағылшын әліпбиі жазудың алғашқы кезеңіндегі түрі болса, одан кейін жазу жетілген кезеңде жазуын жетілдірген елдер диграфтан бас тартып, диакритикамен жазуға көшті. Себебі, екі әріппен бір дыбысты таңбалау оқу-жазуға салмақ түсірді, ал оған қарағанда түрлі қосымша белгілермен (диакритикамен) өзгертіп алынған әріптер тиімді болды. Ал кейбір жерлерде әліпбиде апостроф пайдаланылды. Бірақ бұның әріптен тыс белгі ретінде ұмыт қалатын кездері көп еді. Одан кейін «бір әріп-бір дыбыс» графикасын ұстанған нағыз жетілген әліпбилер дүниеге келді. Бұл жетістікке ие болғандар қатарында орыстың қазіргі кирилл әліпбиін айтуға болды. Кирилл таңбалары арқылы алынған біздің де төл дыбыстардың таңбаларындағы қосымша белгілері сол әріптермен жалғасып жатқандықтан олар бір бүтін ретінде танылды. Мысалы, «ө» дыбысына алынған «о» таңбасының ортасы сызылып, бүтін бір әріп болып тұр. Бүгінгі күні компьютерде жоқ таңбаны алмаймыз деп, төл дыбыстарымызды таңбалауды қиындатып жіберуіміз мүмкін. Бас-басына таңбасы болмағандықтан күнделікті жазылымда адамдар апострофты бірде жазып, бірде қалдырып жазуға жол беруі мүмкін. Осылай болса, әрі тартсақ, компьютер пернетақтасына сыймаймыз, бері тартсақ, «бір әріп - бір дыбысқа» келмей қалады. Қалай болғанда да апострофты алудан басқа шара жоқ, сондықтан ендігі жұмыс, шама келгенше, дәйекшіні азайтуға көңіл бөлінуі керек.
Қазақ тілі әліпбиінің «Латын графикасындағы қазақ әліпбиінің біркелкі стандарты жобасы» деп аталған екінші нұсқасы 2017 жылдың 9 қазанында халық талқылауына ұсынылды[6]. Қазақ тіліндегі барлық дыбысқа латын әліпбиіндегі 26 таңба жетіспегендіктен бұл жолы апостроф(дәйекші) қолданылды. Халық талқылауына ұсынылған бұл екінші әліпби жобасында 32 әріп болды. Оның ішінде латынның «H» әрпі біздегі [х], [h] дыбыстарын, апострофпен(дәйекші) берілген латын «I’» әрпі [и], [й] дыбыстарын, яғни бір әріппен екі дыбысты таңбалап, «бір әріп – екі дыбыс» ұстанымына сай алынған еді. Бұған қоса, тағы да 7 дыбыс, Ә,Ң, Ө,Ш, Ч,Ү, У, апострофпен берілді. Әліпбидегі 32 әріптің осылай алынуына байланысты олар 34 дыбысты таңбалап, бұрынғы 42 әріптің ішінен 8 әріп (ё, ц, щ, ь, ъ, э, ю, я) қысқартылды. Латын графикасына негізделген қазақ тілінің әліпбиінің екінші жобасында 9 дыбыс дәйекші(апостроф) арқылы таңбаланды, яғни қазақ тіліне тән 5 төл дыбыс (ә, ө, ү, ғ, ң) , 1 кірме дыбыс(ч) және екі тілге де ортақ 3 дыбыс(и/й, ш , у) апострофпен таңбаланды. Бұл жағдайлар қазақ тіліндегі барлық дыбысқа латын әліпбиіндегі 26 таңба жетіспейтіндігіне тағы да көз жеткіздіртіп, сондықтан бұл жолы апостроф(дәйекші) қолданылғаны айтылды. Мамандар арасында біраз талқылаулар болып, бұл жолғы әліпбидің жақсы жақтары көрсетіліп, мүмкіндігінше әлі де жетілдіре түсуге болатыны айтылды.
Қазақ тілі әліпбиін латынға көшіру бағытындағы талқылау жұмыстары ғылыми қауым, жалпы жұртшылықтың белсене қолдауымен жүргізілді. Қазақ жазуын латын әліпбиіне ауыстыру жөніндегі жұмыстардың барысын өзі тікелей бақылап отырған Президент: «Әлемдегі ешқандай ел дәл біз тәрізді жаңа әліпбиді талқыламаған. Бізге әр адамның пікірі маңызды. Латын әліпбиіне ауысуға қатысты президент әкімшілігіне 300-ден астам үндеу жолданды. Жастардың бұл процеске қолдау көрсеткені қуантарлық жағдай»,-деп жастарға да ерекше ризалығын білдірді[6]. Сондықтан Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 26 қазандағы №569 Жарлығымен «Қазақ тілінің латын графикасына негізделген әліпбиі» бекітілді.
Елбасы Жарлығымен бекітілген латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиінде 32 әріп бар. Оның ішінде қазақ тілі дыбыс жүйесіндегі 28 фонема (9 дауысты, 19 дауыссыз) және кірме сөздердегі 6 фонема (и, в, ф, һ, х, ч), барлығы 34 дыбыс таңбаланған. Сонымен бірге бір әріппен екі дыбысты таңбалап тұрған екі әріп бар, олар Hh-[х], [h] және I’-[и], [й]. Әліпбиде 9 дыбыс дәйекші(апостроф) арқылы, яғни қазақ тіліне тән 5 төл дыбыс (ә, ө, ү, ғ, ң) , 1 кірме дыбыс(ч) және екі тілге де ортақ 3 дыбыс(и/й, ш , у) таңбаланған еді [6]. Бұрынғы әліпбиімізде 42 әріп болса, бұл нұсқадан 8 әріп( ё, ц, щ, ь, ъ, э, ю, я) қысқарып қалды. Әліпбиде «ң» дыбысының жазылуы екі түрлі (N’ n’-[ң], [ng]) таңбаланып берілуі оның әлі нақтылау қажеттігін танытты.
Бұрынғы әліпбиімізде қазақ тілінің қазіргі артикуляциялық базасында жоқ дыбыстардың көп болуы тіліміздің өзіндік фонологиялық заңдылықтарын бұзып келген еді. Мысалы, жаңа әліпбиіміздегі бір таңбаға матап қойылған Hh - [х] мен [h] дыбыстары өзіміздің төл «Қ» дыбысымен қапталдаса жарысып, қазақ жазуында «Қ» арқылы айтылатын кейбір сөздер орыстың «Х» және арабтың «Һ» дыбыстарымен жазылып келді. Мысалы, қабар-хабар, қош келдің-хош келдің, қат жазу-хат жазу(қазақ тіліндегі сөздерде); Хадиша-Қадиша; Хакім-Кәкім, әкім, Хамит-Қамит-Әмит; Хорлан-Қорлан (араб тілінен келіп, қазақша игерілген сөздер); «Һ» - қаһарман- қаһарман, мәшһр- мәшқұр, шаһар - шақар, жиһаз- жиқаз; (аһ, оһ, аһыла-үһіле- одағай сөздер); Енді шама келгенше, әліпбидегі апостроф арқылы берілетін әріптер аз болса деген ұсыныс айтылған еді. Себебі апостроф қазіргі таңдағы жазуға деген сұраныстың артып отырған кезеңнің талабын толық қанағаттандырмайтыны мамандарға белгілі жай.
Бұл әліпбиде латын әріптерін барынша қазақ тілі дыбыстарына сәйкес таңбалауға, қазақ тілінің үндесім талаптарына бейімдеуге, «бір әріп – бір дыбыс» ұстанымын сақтауға назар аударылған. Дәйекші қолдану нәтижесінде тіліміздегі барлық дыбыстарды да қалдырмай таңбалау мүмкін болған. Әліпбидің бұл нұсқасын талқылау барысында оның жетілдіре түсер тұсы ретінде, мүмкін болғанша, апостроф санын қысқарта түсу керек, қазақтың төл дыбыстарын шама келгенше дәйекшесіз берілетін әріптермен таңбалауға назар аударған жөн деген ой білдірген едік. Себебі жазуымыздың өткен тарихында дәйекші ұтымды жол болса, қазіргі жаһандану заманында, көптілділік бәсекесінде, адамның тез жазуға сұранысы өскен қазіргі кезеңде, қауіпті аумақта қалғандай дәйекшімен берілген дыбыстар шеттеп қалуы мүмкін. Сондықтан дәйекшімен берілетін әріптерді әлі де қарап, жетілдіре түсуге уақыт та, мүмкіндік те бар екенін айтқанбыз.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2018 жылғы 19 ақпандағы № 637 Жарлығы бойынша «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 26 қазандағы №569 Жарлығына өзгеріс енгізілді. Әліпбидің бұл нұсқасының ерекшелігі-апостроф орнына бір ноқат(акут) алынуы. Әріпүсті ноқат жазуға, қабылданымға оңтайлы екені байқалады. Бұл әліпбиіміздің жетістігі деп білеміз. Әліпбиде бұрынғысынша 32 әріп алынған. Оның ішінде қазақ тілі дыбыс жүйесіндегі 28 фонема (9 дауысты, 19 дауыссыз) және кірме сөздердегі 6 фонема (и, в, ф, һ, х, ч), және бір әріппен екі дыбысты таңбалап тұрған екі әріп бар, олар Hh-[х], [h] және I-[и], [й], сонда барлығы 34 дыбыс таңбаланған. Әліпбидегі 6 дыбыс әріпүсті ноқат арқылы (ә, ө, ү, ғ, ң, у) және екі дыбыс қос әріппен (диграф) таңбаланған (Ch- [Ч] , Sh[ Ш]). Бұл жолы алдыңғы бекітілген әліпбиден екі дыбыстың әріптері өзгертіліп, диграфпен таңбаланған(Ch/ch- [Ч] және Sh/sh-[ Ш]). Кезінде профессор Қ.Жұбанов өзі ұсынған әліпбиінде «Ш» дыбысын таңбалау үшін латынның «С» әрпін қолданған еді. Әліпбидің бұрынғы нұсқасында I i -[и], [й] апострофпен берілсе, енді бұл жолы ешқандай белгісіз таңбаланған екен. Сонда әліпбиде 10-11 қатарда тұрған «і»және «и,й» әріптері ұқсас таңбаланған деуге болады. Бұл жағдай жазуда қиындық келтіруі мүмкін. Сондай-ақ, ең алғашқы талқылауларда сынға алынған диграф тағы да екі дыбысты таңбалау үшін қайта алынып тұр. «Ш» дыбысы жазуда көп қолданылатындықтан бұл жағдай жазуымызды қиындата түсуі мүмкін деп ойлаймыз.
Жалпы алғанда, әліпбидің соңғы нұсқасы талапқа сай, көңілге қонымды жасалғанмен әлі де жетілдіре түсуді қажет етеді. Сондықтан бұл әліпбиді жетілдіре түсу үшін төмендегідей ұсыныс айтқым келеді. Әліпбидегі әріптер дыбыстардың өзіндік фонетикалық ерекшеліктеріне сай жүйелі таңбалануы тиіс. Әліпбиде өздерінің жуан-жіңішкелігімен бір-біріне қарама-қарсы қойылатын дауысты дыбыстар «А» мен «Ә», «О» мен «Ө», «Ұ» мен «Ү» тек әріпүсті белгілермен ажыратылып, бірдей әріптермен берілуі өте дұрыс жасалған деп есептейміз. Бірақ жуан-жіңішкелі «Ы» мен «І» дауыстыларының I i -[і], Y y- [ы] болып екі түрлі таңбамен берілуі осы жүйеге сай келмей тұр. Сондықтан бұл екі туыс дауысты да Y y- [ы], Y`y`-[і] болып, бірдей әріппен таңбаланып, басқа дауыстылар сияқты жүйемен, тек әріпүсті белгілермен ажыратылуы тиіс. Егер осылай алсақ, қазақ тіліндегі барлық тоғыз дауысты да жүйелі таңбаланар еді: A а - [а], A`а`- [ә]; O o - [о], O`o` - [ө]; U u- [ұ], U`u`-[ү]; Y y- [ы], Y`y`-[і], Ее-[е]; Сонымен қатар дауыссыз дыбыстар жүйесінде бір-біріне жақын дыбыстар да бірдей әріптермен таңбаланып, тек әріпүсті белгілермен ажыратылуы тиіс. Бұл талапқа сай N n - [н], N`n`- [ ң] және G g-[г], G` g` -[ғ] әріптері де дұрыс алынған деп есептейміз. Ал дауыссыз «й», «у», «ш», «ғ», «х», «ч», «Һ» дыбыстарын таңбалауға төмендегі графемаларды қолдануды ұсынамын: I i - [й]; W w- [у]; C c- [ш], C`c`- [ч]; H h- [h]; X x - [x ]; Латын әліпбиіндегі барлық әріптердің қызметі барлық елде бірдей емес, әр ел әріптерді өз тілдерінің дыбыс жүйесіне қарай бейімдеп таңбалаған. Сондықтан латынның «с» әрпін қазақ сөзіндегі «ш» дыбысы үшін алу керек, оны «це» немесе «к» деп оқып кетеді деп қорқуға негіз жоқ.
Қазақ жазуын латын әліпбиіне ауыстыру жұмыстары әліпби қабылдаумен аяқталмайды, ол осы әліпби арқылы жазу емлелерін қалыптастыру ісімен жалғасады. Белгілі ғалым, профессор Әлімхан Жүнісбек: «Бүгінгі қазақ жазуына тек әліпби ауыстыру ғана емес, түбегейлі реформа керек болып тұр. Реформа бір ғана әліпби ауыстырумен тынбайды. Дыбыс, әліпби және емле-ереже реформасы керек», – деп, «әліпби ауыстыруды жазу реформасына айналдыру керек» деген пікір айтқан еді.
Қазіргі кезде қазақ тілі әліпбиінің латын графикасына көшірілуі кезеңінде жазу емлесіне ерекше назар аударудың маңыздылығы туралы айтып, осы «ы», «і» дауыстылары үстемеленіп жазылған сөздерді көрсетіп, емле мәселелерін сөз етіп жүрген ғалымдардың бірі С.Бизақов жазуда жарыспа тұлғалар мен әдеби норма арасын да дұрыс түсінуге, жазудағы бірізділікті сақтауға, сондықтан емлені ескеруге шақырады. Жазу емлесіндегі қиын мәселелердің бірі сөздерді бірге не бөлек жазудың басты ұстанымдарын айқындау десек, ғалым Қ.Күдеринова зерттеуінде сөздің тұрпат межесі мен мазмұн межесін назарға ала отырып, құрама сөздің сыңарларының тура мағынасы мен ауыспалы мағынадағы қолданыстары арқылы оларды бірге не бөлек таңбалаудың тиімді жолдары көрсетілді .
Латыннегізді қазақ әліпбиі бекітілгеннен кейін тіл жанашырлары жаңадан ұсынылған қазақ орфографиясының Ережелері жобасына талқылауға кірісті. Жаңа мазмұнды Қазақ емлесінің негізгі ережелерін дайындау барысында біртуар ғалымдар А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбановтың, латын графикасына ауысу идеясының көшбасында болған академик Ә.Қайдар, қазіргі қазақ жазуының ғылыми ортологиялық негізін қалаған аса көрнекті ғалым академик Р. Сыздықтың ұлағатты тұжырым-пікірлері басшылыққа алынғаны құптарлық жай. Сонымен қатар қазақ жазуының тарихындағы ғылыми қисындары мен жазу практикасы, латыннегізді әліпбиді қолданған және қолдана бастаған түркітектес халықтардың тәжірибесі, қазақстандық қоғамдағы қазіргі жазуға қатысты шешімін күткен мәселелер жан-жақты зерделенген. Ережелер жобасында емле ұлттық тіліміздің ерекшеліктері мен заңдылықтарына сәйкес болуына, тіліміздің дыбыстық қорының мүмкіншілігін толық қамтуға, тілдің ұлттық сипатының сақталуына және қазіргі таңдағы қолданыс ерекшеліктерін ескеруге ерекше назар аударылған. Сонымен қатар қазақ тілінің құрылымдық сипаты, тіл дыбыстарының фонологиялық үндесу заңдылықтары, дауысты және дауыссыз дыбыстардың айтылым-жазылым ерекшеліктері, үндесу және дыбыстардың өзара үйлесу заңы, қосымшалардың жалғануы, сөздердің тұрпаты мен мазмұнына қатысты ерекшеліктері, түбір сөз, бірге, бөлек жазылатын сөздер мен қосарлы сөздердің жазылуы, бас әріптің қолданылуы, сөздердің тасымалдануы, сияқты емле мәселелері дұрыс және қазіргі ғылым жетістіктеріне сәйкес ғылыми тұрғыда оң шешімін тапқан. Тілдің қолданысындағы әріптердің әрбір көрінісі назардан тыс қалмай, ереже қағида түрінде нақты, түсінікті тілде берілген. Сондақтан Ереженің тілі мен стилі ғылыми тұрғыда нақты тұжырымдалып, жалпы қарапайым жұртқа түсінікті тілде жазылуымен де ерекшеленетінін атап көрсетпекпіз.
Талқылау барысында тіл жанашырлары тарапынан айтылған ұсыныстар да Ережеде ескерілгенін байқауға болады. Ережеде бұрынғыдай ұу/үу, ый/ій қосар дыбыстардың бір ғана «у», «и» дара әріппен таңбаланатыны, бұл қосар дыбыстар тек сый/тый сөздерінде және осы сөздерге қосымша жалғанғанда ғана жазылатынын дұрыс заңдастырған деп білеміз. Бұрынғы Емлемізде шеттілдік сөздердің түп нұсқасы сақталуы басты орфографиялық талап болса, енді оларды қазақ тілінің ішкі табиғи ерекшеліктеріне бейімдеуге ерекше көңіл бөлінген. Сонымен бірге халықтың қазіргі жоғары сауаттылығына байланысты шеттілдік сөздерді көп өзгеріске түсірмей, халықаралық терминдер мен атаулардың тұрпатын сақтау арқылы жазу заңдылықтарын тым күрделендіріп жібермей, сол арқылы шетел тілдерін оқып- үйренуге де оңтайлы болу жағы ескерілгені байқалады. Мысалы, rejısor, valy`ta, dızaın, y`chılıshe, pıesa, fılm, sement, pa`rol, pitsa, komersıa, moderator;
Ағылшын тіліндегі сөздің нұсқасында келген «w» әрпін қазақ жазуында «y`» әрпімен жазуды ұсынған: y`eb-saıt, y`atsap, y`ıkeıpedıa; Шетел тіліндегі танымал бренд, марка, тауар, т.б. атаулар түпнұсқа тұрпатында да, сондай-ақ қазақша игерілген түрінде де таңбаланатыны көрсетілген. Мысалы, Coca – cola / Koka – kola, Air astana /Eirastana;
Өз ана тіліміздің табиғатына сай жазу емлесін қалыптастыруды мақсат еткен бұл ережелер жобасындағы шеттілдік сөздер мен кейбір кирилл әріптерінің емлесі туралы жазылған қағидалар да жұртшылық көңілінен шығады деп ойлаймыз. Себебі шығыс тілдерінен енген сөздердегі «х», «һ» әріптерінің жазылуы, орыс тіліндегі сөздерде келетін «ё, ц, щ, э, ю, я, ь, ъ » әріптерінің орнына жазылатын баламалары ғылыми тұрғыда дұрыс берілген. Әліпбиден шығарылып тасталған өзге тіл әріптерінің таңбалану ерекшеліктері дұрыс, қазақ тілінің табиғатына сай айтылған.
Қорыта айтқанда, Қазақ емлесінің негізгі ережелері Жобасы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ғалымдарының тынымсыз еңбегі мен ғылыми дұрыс бағыттағы зерттеулерінің жемісі деп білеміз. Қазақ емлесінің негізгі Ережелерінің жобасын толығымен қолдай отырып, қазақ жазуында қолдануға, оны бекітуге болады деп есептейміз. Латын әріптері - әлемдік талаптарға сай жазу, латын әліпбиі өркениеттің жазуы ретінде өмірдің өзі талап етіп отырған басты қажеттіліктердің бірі деп білеміз. Сондықтан Президентіміз бастап, халықтың қолдауымен қазақ жазуына латын графикалы әліпбиді таңдап отырмыз. Қазіргі кезде талқылау нәтижесінде әліпбиіміз бен жазу емлеміз ғылыми дұрыс құрастырылды деп айта аламыз. Енді латын графикасы арқылы таңбаланған қазақ әліпбиі мен жазуы қазақ елін жаңа биіктерге бастайтынына кәміл сенеміз. Жаңа ғасырда жаңа әліпбиімізді меңгеріп, жазуымызды түзесек, тіліміздің де болашағы жарқын болады деп білеміз.
Достарыңызбен бөлісу: |