Т[С/Ш] – т,с,ш дыбыстарының қосындысынан тұратын күрделі африкат. Уақыт өте келе, алтай дәуірінде-ақ бұл күрделі африкат екіге жарылып, т, с дыбыстарынан тұратын ц африкаты мен т, ш дыбыстарынан тұратын ч африкатына өз орнын береді және сол дәуірде біртұтас болған алтай тілдерін екіге бөледі: солтүстік-шығыс тілдері ц африкатын пайдаланса, оңтүстік-батыс тілдері ч африкатын пайдаланады. Қазірдің өзінде тұңғыс-манчжур, моңғол тілдері сөз басында ц африкатын жұмсаса, түркі тілдері ч аффрикатын жұмсайды. Мысалы, тұңғыс-манчжур, моңғол тілдерінде цецек, түркі тілдерінде чечек, қазіргі қазақ тілінде шешек (гүл).
Түркі тілдерінде сөз басында қолданылатын ч африкаты одан әрі дамиды. Ч африкатының құрамындағы т,ш дыбыстарының бірі атап айтқанда, ш дыбысы оғыз және қарлұқ тілдерінде әлсіреп, редукцияға ұшырайды. Ақырында әлсірей-әлсірей өз орнын й сонорына босатады. Сөйтіп, тарихта тй қосар дыбысы пайда болады. Бұрын чол (жол), чети ( жеті) болып айтылған сөздер тйол, тйети болып айтыла бастайды. Кестеге түсірсек: тш (ч) > тй формасына түседі. Ал қыпшақ тілдерінде дыбыс алмасу процесінің орнына ұяңдану процесі жүріп өтеді. Қатаң тш (ч) африкаты ұяң дж африкатына айналады: тш (ч) > дж, яғни чол, чети сөздері қыпшақ тілдерінде джол, джети болып айтылады.
Бірте-бірте түркі тілдерінде екі дауыссыз сөз басында қатар айтылмау заңдылығы пайда болады. Осыған байланысты тс~дз, тш~дж африкаттарының, тй~дй қосар дыбыстарының алғашқы т,д дыбыстары элизияға ұшырап, жойылып кетеді. Орнына жалаң с, з, ж, ш дыбыстары және й соноры тілдік өмірге келеді. Сонда қыпшақ тілдерінде джол, джети тұлғалары жол, жеті тұлғаларына алмасса, оғыз, қарлұқ тілдерінде тйол, тйети тұлғалары йол, йети тұлғаларына алмасады. Қазақ тілінде жыл, жел, жылқы сияқты толып жатқан сөздер оғыз, қарлұқ тілдерінде йыл, йел, йылқы формасында айтылатындығы осы себептен. Міне, осылайша әр дыбыс сәйкестігінің өз тарихы бар. Дыбыс сәйкестіктеріне қазақ тілі тарихы фонетика бөлімінің бір тарауы арналып отыр.
Сөз тұлғасындағы өзгерістер, әлбетте, дыбыс сәйкестіктерімен шектеліп қалмайды. Сөз тұлғасын адам танымастай қалыпқа түсіретін сыртқы факторлар да, ішкі факторлар да көп. Мысалы, «заһар», «у» мағынасын беретін урағун формасы XI ғасыр ескерткіші Йүсіп Баласағунидің «Қутадғу билиг» (Бақыт әкелетін білім) атты дастанында архаизм ретінде пайдаланылған. Дәл осы сөз XIV ғасыр ескерткіштерінде – ағу, яғни алғашқы ур буыны, соңғы н дыбысы элизияға ұшырап, жойылып кеткен. Қазақ тілінде бұл сөз үнемдеу құбылысының әсерінен одан әрі жалғыз у дыбысына дейін қысқарған. «Заһар, у» лексикалық мағынасын арасы жер мен көктей урағун формасы да, у формасы да жеткізіп тұр. Егер ескерткіштердің материалдары болмаса, бұл сөздің түп-төркінін аша алмаған болар едік.
Тағы бір мысал. Қазақ тіліндегі көмектес септігі -мен, -пен, -бен жалғауларының мағынасын оғыз, қарлұқ тілдерінде бирла, била шылаулары береді. Оғыз тілдерінде бұл шылаулармен қатар - или, -ла формалары да бар. Бұл формалар қанша көп болғанымен, олардың түпкітегі біреу. Ол – Абай өз қарасөздерінде көбірек пайдаланған бирлан формасы. Осы форманың тарихи даму жолдарын кестеге түсіріп көрелік.
Оғыз тілдерінде: *бирлан >бирла> била> ила> ла.
Қыпшақ тілдерінде: *бирлан >билан>биән>би ен>бен.
Тілдердің екі тобында да жаңа форма ескі форма дыбыстарының үнемделуі арқылы пайда болған. Бірақ үнемделу сипаты екі топта екі басқа. Бірінші топта алдымен н соноры, кейін р соноры үнемделген. Сонан соң алғашқы дыбыстары элизияға ұшырай бастаған. Керісінше, қыпшақ тілдерінде бірінші дыбысы да, соңғы дыбысы да үнемделмейді, сөз ортасындағы р, л сонорлары түсіріліп айтылады. Дауысты е дыбысы и және ә дыбыстарының қосындысы екендігі ғылымға белгілі. Міне, осындай құбылыстардың әсерінен бір-біріне мүлде ұқсамайтын -ла және -бен формалары тілдік өмірге келген. Оғыз тілдерінде түнла «түнімен», «түн бойы» деген ұғымдарды береді. Мұндай өзгерістердің сырын ашу этимология ғылымының еншісіне тиеді.
Болашақта қазақ тілі тарихының этимология бөлімін жазып шығуды да жоспарлап отырмыз. Біздің алдымыздағы зерттеушілер әртүрлі себептермен, оның ішінде саяси жағдайларға байланысты да, қазақ тілі тарихын жазып шығуға ниеттенген жоқ. Рас, «Қазақ тілінің тарихи грамматикасы», «Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі» аталатын ғылыми-теориялық курстар жоғары оқу орындарында оқытылады. Бірақ бұл курстарда қазақ тілі тарихы жан-жақты қамтылмайды. Бұл ақтаңдақтың орнын бір ғана ұжымдық еңбекпен толтыру мүмкін емес. Ұсынылған зерттеуді біз алдағы ізгілікті жұмыстардың бастамасы ғана деп білеміз. Егер келешекте қазақ тілі тарихын тереңдетіп жазуға мұрындық болса, үмітіміздің ақталғаны деп есептейміз.
Достарыңызбен бөлісу: |