Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі ғылым комитеті м. О.ӘУезов атындағЫ Әдебиет және өнер институты



бет32/50
Дата01.04.2023
өлшемі1,97 Mb.
#78283
1   ...   28   29   30   31   32   33   34   35   ...   50
ӘДЕБИЕТТАНУШЫ АСҚАР ЕГЕУБАЙ

А.Егеубай «Құлабыз: Поэтиканың тарихилығы»8 (2001) атты ғылыми зерттеуінде түркі әдеби мұраларының поэтикасын жүйелі зерделеп, ортақ құбылыстарды анықтаған. Аталған зерттеуде түркі әдебиеті тарихы мен теориясының көкейтесті мәселелері талданған. Әдебиетші ежелгі түркі дәстүріндегі әдебиеттің көркемдік жүйесін саралап, талдау арқылы қазіргі қазақ әдебиетінің поэтикалық заңдылықтарын анықтап береді. Нақты әдеби-мәтіндік салыстырулар арқылы поэтиканың тарихи эволюциясы сипатталған. Зерттеу келесі бөлімдерден тұрады: «Поэтиканың тарихилығы. Көркемдік таным тіні; Көркем сөздің тарихилығы; Көркем сөздің тарихилығы; Ежелгі түрік әдеби мұраларындағы мифологиялық, фольклорлық сарындар; Тарихи, опонимикалық аңыздар, атаулар; Түркі баласының болмыс-сымбаты, кісілік келбеті (ежелгі түркі әдеби мұраларындағы қисындар); Түркі этнологиясы сипатының ежелгі әдеби ескерткіштеріндегі көріністері мен кейбір шарттылықтары, ерекшеліктері; Көркемдік таным; Әдеби тіл құнары; Ежелгі түркі әдеби ескерткіштеріндегі дәстүрлі көркемдік заңдылықтар; Әдеби мұра табиғаты және көркемдік-эстетикалық таным. Құран және ежелгі түркі әдеби мұраларында ұшырасатын құран шарттары; Көркемдік-эстетикалық таным табиғаты; Парасат эстетикасы; Пайым эстетикасы; Қазақ тарихының қадым заманғы әдеби деректері; Көркемдік тыныс табиғаты. Әдеби-эстетикалық тағылым; Ұлттық әдебиет: тарихи сабақтастық. Рухани өркениет немесе ежелгі түркі әдебиетінің қазақ сөз өнеріндегі жаңғырту үрдісі және кейбір түркі тектес халықтар әдебиетімен байланыстылық, үндестік белгілері; Кейбір түркі тектес халықтар әдебиетімен байланыстылық, үндестік белгілері; Ежелгі түркі әдеби мұралары поэтикасының классикалық қазақ әдебиетінде (трансформациялануы) түлеп-түрленуі; Тарихи шындық пен көркемдік шындық. Әдеби әдеп. Түр мен мазмұн». Тәуелсіз кезде ғана іске асқан бұл зерттеудің негізгі теориялық тұжырымдары келесідей: «Кейінгі кезде қазақ әдебиетшілері де ежелгі түркі дәуіріндегі әдеби мұраларды қазіргі қазақ әдебиетінің де ертеректегі кезеңінің көрінісі ретінде атап, дәстүр мен жаңашылдық мәселесінде ықылымнан тартқан талдаулар жасай бастады.


Түркі дүниесінің тұтас елдік тарихы, түркі тектес, тілдес ұлыстар мен ұлттардың мәдениеті мен әдебиетінің жалпы тарихы мен теориясы адамзат тарихынын үлкен шындығын ашары ақиқат.
Ежелгі түркі әдебиеті мен ұлттық қазақ әдебиетінің классикалық дәуірінің бірлігі мен даралық қасиеттерін зерделеп, зерттеу сол ортақ мүдденің көп қырлы тармақтарының бірі. Көне түркі рухани мұраларының поэтикасы мен қазақ ұлттық әдебиетінің арасындағы айырмашылықтар мен жалғастық һәм тұтастық, дәстүр мен жаңашылдық мәселелері де осы орайда өзектес желіде көрінеді.
Қазақ әдебиетінің тарихы мен теориясында терең талданып қалыптаса қоймаған ғылыми тұжырымдардың бір парасы поэтиканың көркемдік мерзім санатындағы ерекшеліктеріне қатысты. Уақыт, мерзім, көркемдік мерзім ыңғайына көп бара бермейтініміз, солардың көбінесе философиялық ұғым санатында саналатындығынан болуы мүмкін. Әдебиеттің ежелгі дәуірі мен жаңа ағымдары арасындағы бірлік пен жаңашылдық мәселесінде көркемдік уақыт категориясының ерекше орны бар.
Ежелгі дәуір шығармаларында да осы айтулы тарихи оқиғалар мен құбылыстар басым көрінеді. Адамдардың іс-әрекеттері мен мінез-құлқы, құрал-жабдық, қару-жарақтары мен ой-толғамдары осы тарихи кұбылыстар үстінде ашылып жатады. Психологиялық, көркемдік талдаулар мен толғаныстар осы тарихи оқиғалар ортасында танылады».
... Поэтика – шығарманың, тұтас бір әдеби кезеңдер мен құбылыстардың заңдылық шарттарын саралайтын кең ұғым. Ежелгі түркі әдебиеті кейінгі қырық тармақты түркі тектес ұлттық әдебиеттердің өсіп-өнген топырағы.
Зерттеу жұмысында көне түркі мұралары мен классикалық қазақ әдебиеті арасындағы шығармашылық жалғастықтың табиғаты поэтиканың дәстүрлі заңдылықтары тұрғысынан қарастырылды. Шығармалардың көркемдік зандылықтарын талдап, саралап зерделеу тарихи болмысымызға тұтастай эстетикалық таным мен талғам таразысынан қарап, тарихи шындықтардың терең сырларын пайымдауға көмектеседі.
Ғылыми зерттеу жұмысында ежелгі түркі әдеби мұраларының тарихи ерекшеліктері талданды. Олардың пайда болуының тарихи алғышарттарына болжам жасалып, эстетикалық мұраттары туралы талдауларға арнайы назар аударылды. Бірқатар ежелгі ірі мұралардың тарихи орыны мен мән-мағынасы, рухани даму жолындағы кызметі, көркемдік бітімдері сарапталды.
Сондай-ақ, ол шығармалардың тек өз дәуірі ғана емес, өзіне дейінгі һәм өзінен кейінгі тарихи кезеңдер аясындағы эстетикалық, шығармашылық, поэтикалық байланыстары нақтырақ талданды. Поэтиканың жаратылысы тарихи аспектіде қарастырылып, сонымен бірге, қазақ ұлттық әдебиетінің заңдылықтарымен астастырыла отырып зерттелді. Бұл сипаттағы талдаулар ана тілімізде алғаш рет қарастырылып отыр. Зерттеу жұмыстарының нәтижелері осы еңбек аясында ғана шектеліп қалмайды. Ғылыми талдау жұмыстарымен бірге Жүсіп Баласағұнның «Кұтадғу білік», Махмұт Қашқаридың «Диуани-лұғат-ит-түрк» атты ежелгі түркі әдеби мұраларының толық мәтіндері біздің тарапымыздан тұңғыш рет қазақ тіліне аударылып, зерттелді. Монографиялар, талдау енбектер жазумен қатар, басқа да әдеби мұралармен салыстырулар жасалды.
Жалпы түркі өркениаты аясында әдебиеттің даму ерекшеліктеріне, өзіндік зандылықтарына назар аударылды. Ежелгі түркі ренессансы орайында (Әл-Фараби, Ж.Баласағұн, М.Қашкари, т.б.) талдаулармен қатар, түркі әдебиеті мен мәдениеті ұлттық әдебиеттерге жіктеле бастаған тұстағы классикалық қазақ әдеби туындыларына салыстырмалы түрде талдау жасалды.
Қазақ әдебиетінің тарихындағы «жыраулар поэзиясы» деген атпен мәлім ХІV-ХVІІ ғасырлар аралығындағы ақын-жыраулар шығармалары арқылы басымырақ байқалған рухани жігерлі, кұбылысты кезең қайта жаңғыру алдындағы кезең ретінде қарастырылды. Бұл әдеби-көркемдік құбылыс тек жыраулар поэзиясымен шектеліп қалмағаны белгілі. Сол тұстағы жыр, дастандар, назирашылдық дәстүрінің қалыптаса бастауы, басқа да толып жатқан нақтылы зерттеу тақырыбының ауқымына кірмейтін көркемдік, рухани даму үрдістерінің түйінді құбылыстары назарда болатыны анық. Исі түркі әдебиеттерінде байқалған, ал соның бір күретамыры қазақ әдебиетінде тегеуірінді ағындылық танытқан жыраулар поэзиясы шынында да қайта рухани жаңғыру зандылықтарын жеткілікті көрсете алды.
Рухани дамудың бүл іргелі үрдісі ХVІІІ-ХІХ-ХХ ғасырлар табалдырығында кенет үзілді де, дамудың өрлеу бағыты көлбеу сызыққа ауысты. Бұдан кейінгі тарихи кезеңдер шындығы қазақ ұлттық әдебиеті мен рухани дүниесінің, сонымен бірге, Ресей ықпалына шырмалған басқа да ұсақ ұлттар әдебиетінің даму бағытын өзгеше арналарға бұрды. Ол кезеңнің жақсылығы мен кемшілігі басқа әңгіме желісі.
Екіншіден, Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқари, тағы басқа бірнеше ежелгі дәуір ойшылдарының шығармашылық келбеттері сараланып, шығармаларына салыстырмалы талдаулар жасалды. Қазақ әдебиетінің көркемдік-рухани бастау арналары түркі, шығыс мифологияларынан тамыр тартады. Ғұндар заманының тарихи шындықтарынан туындаған ержүректілік рухы басым ежелгі тарихи дастандар мен аңыздардың рухының да бертінгі түркітілдес ұлттық әдебиеттің батырлық эпостарында жаңғырып оянғандығын, оның өзі тұтас та кең ауқымдағы құбылыс болғандығын поэтикалық заңдылықтың диалектикалық шарты ретінде алдық.
Үшіншіден, поэтиканың тарихилығы мәселесінде қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірлеріндегі, кейінгі ұлттық әдеби үрдістер кезіндегі көркемдік-эстетикалық зандылықтарды тереңдете, өзіміз аударып зерттеген мұралар мәтініне сүйеніп нақтылық сипатта айқындай түстік. Поэтикалық айшықтардың, троптар мен метафора секілді көркемдік тәсілдердің ежелгі мұралардағы үлгілері мен жаңа қазақ әдебиеті нұсқаларындағы құбылуы (трансформациялануы) үрдісіне арнайы тоқталдық. Ежелгі әдеби мұраларда байқалған көркемдік, жанрлық бітімдердің даму, өрбу табиғатын саралау, немесе кейінгі әдебиеттерде жоғалып, я жаңғырып соны қырынан көрініс беруі барынша күрделі де қызғылықты мәселе.
Төртіншіден, көне түркі тіліндегі мұраларды қазіргі түбі бір тектес тілдерге аударудың өзіндік ерекшеліктері жайында тәжірибеден түйген ғылыми тұжырымдарды ортаға салдық. Сонымен аударманың осындай өзгеше түрінің ішкі қалтарыстары мен ғылыми-әдістемелік құпияларына қатысты көзқарасымызды жүйелеп ұсындық.
Бесіншіден, ежелгі түркі әдебиетіндегі поэтикалық күретамырдың қазақ әдебиетінің классикалық дәуірі, жыраулар поэзиясы арасындағы дәстүр жалғастығы мен жаңашылдығына қатысты асыл арқау екендігіне талдаулар жасалды. Аталмыш мәселені 1989 жылы Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білік (XI ғ.)» дастанының идеялық-көркемдік ерекшеліктері және оның классикалық қазақ әдебиетінің қалыптасуына ықпалы (Дәстүр, поэтика және аударма мәселелері)» деген тақырыпта жазып, қорғаған кандидаттық диссертациямызда да арнайы зерделеген едік. Бұл жолы сол пайымдауларды байыптап, ғылыми мәселені ауқымы жағынан тереңдетіп, жаңа байламдармен байыта түстік.
Алтыншыдан, әдебиетіміздің ежелгі дәуірлерінен бері қалыптасып, белгілі бір жанрлық түзілімдерге айналған ақылман-дидактикалық шығармалардың қазіргі заманға дейін жалғасқан дәстүрлі арналары түрлі шығармаларды талдай отырып сипатталды. Сол секілді батырлық, тарихи жырлар мен ғылыми-білімдарлық туындылар табиғаты да назардан тыс қалған жоқ.
Мақал-мәтелдер, даналық сөздер, қанатты сөздер, идиомдар өздерінің тұрақты құрылымдарымен ұзақ сақталып, табиғи бітімін жоғалтпайтынын танытады. Ондай даналық сөздер мен мақал-мәтелдер Х-ХІ ғасырларға дейін кеңінен мәлім болған. Жүсіп Баласағұн мен Махмұт Қашқаридың ел ішіндегі даналық сөздерді, мақал-мәтелдерді молынан пайдаланғанын ашық жазуынын өзі-ақ олардың ықылым замандардан өшпей сақталып келе жатқандығын білдіреді.
Сонымен, қорыта келгенде, айтарымыз, ежелгі көне түркі әдеби мұралары кейінгі, ортағасырдың соңын ала тарамдалып тамыр тартқан түркі тілдес ұлттық әдебиеттердің өсіп-өнген құнарлы топырағы. Әсіресе, Ж.Баласағұн мен Махмұт Қашқари мұраларының орны ерекше маңызды» [195-200].
Аталған зерттеуде әдебиетші А.Егеубаев А.Байтұрсынұлының теориясын орынды қолданған. Ежелгі әдеби мұраға қатысты келтірілген келесі теориялық тұжырым қазіргі әдебиеттануға қосылған қомақты үлес болып табылады: «Тіл (лұғат) әуезділігі, өлең ағындары (А.Байтұрсыновтың термин танымы) орайында да ежелгі мұралар мен классикалық қазақ әдеби шығармаларының арасындағы ұластықты аңғару қиын емес. Нақтырақ үңілсек, сөз әуезділігі, сөйлеу әуезділігі деп қарау дұрысырақ. Бертін келе бұл қара сөзде недәуір бұзылып, өлеңді сөзде көбірек сақталып қалған. Әлгі «өлеңді сөйлем интонациясы» деп бөле-жара атап-түстейтіндігіміз де сондықтан.
Мәселен: «Ақыл көркі – тіл, тілдің көркі – сөз, Кісі көркі – жүз, жүздің көркі – көз (Ж.Баласұғын «Құтты білік», 274-бәйіт).
Қазіргі қазақ өлеңінен айырмасы жоқ. Түпнұсқада да – осы рет, осы синтаксистік құрылым, поэтикалық бітім. «Қыз ләззәті – неке қиған түндері, Ер ләззәті – жау қайырған күндері!.. (2380-бәйіт).
Немесе: «Қарысқанда керек ірбіз білегі, Жауласканда – арыстаннын жүрегі! (2310-бәйіт).
Бұлар түпнұсқасында да, аудармасында да өлеңді әуезін бұзбаған бәйіттер.
Шендестіру («Әдебиет танытқыш») ұғымын көпке дейін қазақ әдебиетшілері біресе «контраст» деп, біресе қарама-қайшы баламалар арқылы көркемдік әсерді үдету деп, тағысын-тағы мағыналық жағынан түсіндіре қолданып жүрді. Осы шендестіру жалпы ежелгі түркі әдебиетінің дәстүрлі көрінісі. «Құтадғу білікте» ұғымдар мен ой, өмір, таным бәрі-бәрі осы шендестіру жолымен ширатылып, толымды шыққан. Ол дүние мен бұл дүние, күн мен түн, қылыш пен қалам, надандық пен парасат, жақсылық пен жамандық, қыс пен жаз, ер мен ез, бай мен шығай, зұлымдық пен адалдық... Ежелгі замандарда да, қазір де тұрмыс-тіршілікте кездесетін сипаттар. Зандылықтар. Соның бәрі де дастанның тұла бойында шендестіру арқылы көзге ілініп, көңілден кетпестей түйінделген.
Ұғымдарды, суреттерді, теңеулерді шендестіре, кейде тіпті шарпыстыра қолдану Жүсіп Баласағұнның шебер қолданатын машықты көркемдік әдісі: «Жақсы атты ер, білсең алғыс алады. Жаман атты өлсе, қарғыс табады (246-бәйіт). «Ақылды-есті –кісілердің кісісі, Білімділер – кісілердің кішісі (2873-бәйіт). «Көп сөйлесең, «Езбесің» деп, жек көрер. Сөйлемесен, «Мылқау екен» деп, сөгер (174-бәйіт).
Кейде шендестіру казіргі поэзиямызда көрінгендей сипатта кездеспегенмен мағыналық шарпыстыру жиі.
Мәселен: «Қыс пенен Жаз жанасты. Қыңыр көзбен қарасты, Ұстасқалы тақасты. Ұтыспаққа беттесті... (12, 202 б.).
Шендестіруге мысалдың бірінде Ахмет Байтұрсынов: «Ер Тарғындағы» Ақжүністің Қартқожаққа әуелі жастықтағы күйін айтып келіп, сонан соң барып қартайғандағы күйін айтуын ақындықтың әдісі ретінде келтірген. «Бес жасында, Қортқожақ, Жас шыбықтай жай тарттың» – деп басталатын бұл толғауда Ақжүніс Қартқожақтың «Жиырма беске...» «Отыз беске...», «Қырық бес жасқа...», «Елу беске...», «Алпыс беске...» келгендегі жай-күйін термелейді. Орхон-Енисей жазбаларындағы, Жүсіп Баласағұн дастанындағы, қазақ ақын-жазушыларының шығармаларындағы дәстүрлі қисындар.
Бейнелеу тәсілдеріне келгенде дәстүрлі теңеу, баламалау, алмастыру секілді үлгілер жиі. «Алып ЕрТоңға», «Жаман дүние», «Ұзақ шөл, ұлы қыр», «Көркем тон», «Тәтті ас» (М.Қашқари) сынды түзілімдер түрі күні бүгінге дейін әдеби шығармалардан бастап ауызекі сөзге дейін жиі кездеседі. Күрделі теңеу, өрнектілік (троптар) түйдек-түйдегімен үдете қолданылады. Мысалы: «Тартар мені құмар көз, Қара меңді қызыл жүз. Одан түгел нұр тамар, Арбар, қайта қашар ол».
Немесе: «Құман басы қаздайын, Сағадан толы көздейін, Қайғыны терең көмейін, Сүйінейін күні-түн» (12,6.88,130).
«Құмар көз», «Қара меңді қызыл жүз» де дәстүрлі поэтикалық өрнектерден тыс, жеке адамның көркемдік көзқарас, талғамынан туған суреттер. Құманның мойнын қазға теңеу, әрі сол құманның мөлтілдеп жас толған көз секілді екендігін білдіру, қайғыны көму, күні-түні сүйіну таза поэзия нәштері. Бұл мысалдар ежелгі түркі жазба мұраларының үлгі, канондарының ортасынан өзгеше көрініп, жеке адам жан-дүниесін жеткізуге бейім тұрған жаңа әдебиеттің қайсыбір ілкі сәттегі деректері.
Тегі бір әдебиеттер, тамыры тұтас мәдениеттер десек те, әр кезеңнін өз сипаты да болатыны сөзсіз. Мақал-мәтелдер, тұрақты тіркестер мен идиомдар, метафора, теңеулердің өзінен байқалатын екі-үш түрлі ерекшелікті атап айтар едік. Олардың ішінде ежелгі замандарда да қолданылған, қазіргі жаңа ұлттық әдебиетте де орнын, қолданылу аясын жоғалтпағандары бар. Шығарма авторының жеке шығармашылық қабілетінен туындағандары бар. Ұтқыр, тұрақты метафора, теңеулердің ғасырлар бойына қолданыла-қолданыла семиотикалық таңбаға айналып кеткендері де кездеседі. Жанрлық жаратылысы, жалпы поэтикасы дегенге келсек, «Құтадғу білік», «Диуани-лұғат-ит-түрк», «Диуани хикмет», «Хибатул-хакайық», «Бабырнама» белгілі бір әдеби канондарды ұстанады. Кей-кейде, жазушы адамның жеке-дара қабілет-қарымының сол әдеби-танымдық дәстүрге, кітап жазудың белгілі бір шарттарына бағыныштылығы да байқалатындай. Қай кітапта да міндетті дәстүрлі тақырыптардың қозғалмай қалмайтыны, кісілік, біліктілік һәм ақлиқат орайында ғадатты толғамдардың әртүрлі деңгейде болса да қайталанып келіп отыруы, сөз өрнектілігі мен теңеулердегі көркемдік шарттылықтар осыны мегзейді. Әсіресе, Абай тұсында бетін айқындай түскен жаңа ұлттық қазақ әдебиеті осы сипаттармен бірге жеке қаламгер, данагөй жазушы тұлғасының жеке-дара шығармашылық, дарын қасиеттерін қосты.
Қарахандар дәуірінде сақталып, бізге жеткен мұралардың қаншама жоғары жазу мәдениетін білдірсе де, сол замандағы өркениет мәуесі ретінде өзгеше үздік бітімді болса да кітабилықтың, дәстүрліліктің, әлдебір әмбебап «академиялықтың» жақсы белгілерін танытады. Орхон-Енисей жазуларындағы, ХІҮ-ХҮІІІ ғасырлар жырауларындағы, фольклордағы тегеурінді тебіреністерден де осы сипаттары даралап тұр. Бұл жерде, әдеби жаратылысы мен поэтикасындағы ішкі тектестікті де мансұқ ету мүмкін емес.
Ежелгі түркі әдеби мұралары мен жаңа ұлттық әдебиеттердегі поэтикалық ортақ заңдылықтары, поэтиканың тарихилығы жаратылысының біртектілігінен туындайтыны күмән туғызбаса керек. Поэтиканың тарихилығы, генезисі мен трансформациясы мәселелері оны барынша айқын білдірді. Ежелгі дәуір мұраларының поэтикасындағы шарттылықтар, ерекшеліктер ұлттық әдебиетте көрініс тауып, белгілі бір дәрежеде өрбіп, дамып жатса ол да бірді-екілі шығармалар арасындағы байланыстылық емес, тұтас бір әдебиеттің әр кезеңдердегі шығармашылық ерекшеліктері» [182-185].
.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   28   29   30   31   32   33   34   35   ...   50




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет