Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі ғылым комитеті м. О.ӘУезов атындағЫ Әдебиет және өнер институты



бет1/50
Дата01.04.2023
өлшемі1,97 Mb.
#78283
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   50
Байланысты:
treatise41326


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
ҒЫЛЫМ КОМИТЕТІ
М.О.ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ ӘДЕБИЕТ ЖӘНЕ ӨНЕР ИНСТИТУТЫ
А.С.ІСІМАҚОВА


ҚАЗІРГІ ӘДЕБИЕТТАНУДЫҢ ТЕОРИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ


Алматы 2015
АҢДАТПА

Ұлттық әдебиеттану ғылымының тәуелсіздік кезеңі деп 1991 жылдан бергі уақытты атаймыз. Тәуелсіздікке қол жеткізіп, руханиятымыздың зерттеу аясы кеңейе түскен сайын ұлттық сөз өнері құндылықтарын жаңаша зерттеудің ғылыми қажеттілігі артып отыр. Сол себепті аталған кезеңде әдебиетті танудың теориясы, тарихы мен сыны жаңаша тұрғыдан зерттелді.


1980 жылдар соңында совет әдебиеттануындағы еркіндік пен қайта құру серпілісі қазақ әдебиеттануында да орын алды.
«Тәуелсіздік кезеңіндегі әдебиеттану» атты монографияда қазақ әдебиеттану ғылымының тәуелсіздік кезеңдегі жетістіктері теориялық тұрғыдан талдауға алынған. Бұл тарауда әдебиетті танудағы жеке әдеби-тәсілдік бағыттардан бастап, көркемсөз үлгілерін жүйелеу, дәуірлеуге дейінгі аралық арнайы зерттеу нысанына айналып, тәуелсіздік кезеңдегі әдістемелік жаңа бағыттардың ерешеліктері айқындалған. 1931-1937 жылдар аралығындағы репрессияға ұшыраған ұлттық ғылыми мұра мен әдеби жәдігерлер халыққа қайтарылды. Сонымен бұған дейін тек орыс әдебиетімен салыстырмалы түрде зерттеліп келген ұлттық сөз өнері тікелей өз контексінде зерттелу мүмкіндігіне ие болды. Совет
әдебиеттануы тұсында «младописьменный» деп аталып келген қазақ әдебиеті ұлттық сөз өнері үлгілерін қайта зерттеуге енді ғана толық мүмкіншілік алды.
Тәуелсіздік тұсында қазақ әдебиеттану ғылымы ұлттық сөз өнері тарихын, Кеңес кезінде саяси репрессияға ұшыраған қайта оралған ақтаңдақтарды – Алаш әдебиеттанушыларының өмірі мен шығармашылық мұраларын зерттеу ісін қолға алды. Кеңестік кезеңде айтуға тыйым салынған әдеби-мәдени мұра, ұмытылған әдеби жәдігерлерді жариялау ісі алға қойылды. Абайға дейінгі қазақ әдебиеті нақтылана түсті. Ортағасырлық әдеби мұра, оның алдындағы XI-XV ғасыр аралығындағы сөз өнері зерттеу нысанасына айналды. Бұған дейін жалпы «фольклор» деп қана шектеліп келген ұғым арнайы ғылыми тұрғыдан нақтыланып ол контекстен «ауызша әдебиет», «ежелгі әдебиет» деген түсініктер анықталып алынды.
Қазақ әдебиеттану ғылымында ұлттық әдебиетті дәуірлеу мәселесі тұңғыш рет А.Байтұрсынұлының “Әдебиет танытқыш” атты еңбегінде айқындалған. Кеңес әдебиеттануы бұл мәселені батыл көтере алмады. Қазіргі Орта Азия, Қазан жерінде қандай тайпалар тұрған, олардан қандай көркемсөз мұрасы қалды деген сауалға сонау социализм билеп тұрған кезде батыл ғылыми мәселе көтерген ғалым Бейсембай Кенжебаев болды.
Кеңес әдебиеттануы қазақ әдебиеті негізінен кеңес кезінен басталады деген пікірді ұстанды. Б.Кенжебаев шәкірттері – М.Мағауин, М.Жолдасбекұлы, А.Қыраубаевалар нақты зерттеуді жалғастырып, ежелгі қазақ әдебиеті және оның арналары деген ұғымды қалыптастыруды іске асырды. Аталған ғалымдардың ғылыми еңбектерінде ежелгі қазақ әдебиеті қашан басталады, қандай жәдігерлерден тұрады деген ұғым қалыптасты.
Б.Кенжебаев ұстанған басты мәселе: XIII-XIV ғасырлардағы қазіргі Қазақстан, Орта Азия, Еділ бойында түркі тілінде сөйлейтін көптеген ежелгі тайпалар аралас өмір сүрді. Бұл кезде түркі тайпалары әлі де жеке-жеке халық болып қалыптаспағандықтан, сол кездегі олардан қалған әдеби ескерткіштер қазіргі түркі тілдес халықтардың ортақ мұрасы болып есептелінді.
Алтын Орда дәуіріндегі әдебиет, оған дейінгі ежелгі әдеби жәдігерлер қалай зерттелді деген сауалға Алма Қыраубаева нақты жауап іздеді. Ғалымның «Ғасырлар мұрасы» (1988) атты еңбегінде ежелгі әдебиеттің нұсқалары төмендегіше жіктелген: XIII-XIV ғасырлардағы түркі тайпаларының тарихи-әлеуметтік жағдайы; Аударма нәзира әдебиет “Рабғұзи қиссалары”; Тыңтума әдебиет “Махаббатнама”; Ежелгі әдебиет дәстүрі.
Тәуелсіздік кездің әдебиеттанушысы Ә.Дербісәлі «Түркиядағы жазба жәдігерліктеріміз» (2009) Отырар, Сығанақ, Женд, Түркістан, Тараз, Баласағұннан шыққан ғұламалардың мұрасын анықтап берді. Біз білетін Әбу Насыр әл-Фараби болса, әдебиеттанушы 30-ға жуық Фараб қаласынан шыққан нақты ғылыми еңбектері бар тұлғаларды анықтады. Ғалым «Кердері тарландары» еңбегінде 10 ғылыми мұра, «Түркістан перзенттерінде» – 13 ғылыми еңбектер мен олардың авторлары туралы мағлұмат берілген. «Сығанақ ұландары», «Женд даналары», «Баласағұн перзенттері», «Қазақ руханиятындағы Кердерілер» атты тарауларда осы тақырыптың мәнін тереңдеп ашады. Аталған зерттеу алдымен қазақтың әдеби жәдігерлер саны бұрын айтылмаған есімдер мен олардың ғылыми мұрасымен толықтырылғанымен құнды.
«Ислам жауһарлары мен жәдігерліктері» атты зерттеуінде әдебиетші Ә.Дербісәлі Ислам өркениетінің жауһарлары – қасиетті Құран мен адамзаттың соңғы елшісі хазіреті Мұхаммед (с.а.с.) Пайғамбарымыздың ғибратты ғұмыры, ортаазиялық Ислам ғұламалары әл-Бухари, имам ағзам Әбу Ханифаның өмірі, қызметі сараланған. IX-XIII ғғ. өмір сүрген қазақ даласының асыл перзенттері – Фарабилер, Исфиджаб, Сайрами, Түркістани, Икани, Женди, Тарази, Баласағұнилер туралы ғылыми деректердің жүйесі жан-жақты талданған.
XIII-XIV ғасырлардағы түркі әдебиеті – әл-Фараби, Сағди, Фирдоуси, Низами, Юсуф Хас Хаджип, Ахмет Яссауи еңбектері қайта өрлеу – ренессанс тұрғысынан қарастырылды. Шығыс ренессансы Орта Азияда Х ғасырда басталғаны анықталып, әл-Фараби, Әбу Әли ибн Сина, әл-Бируни, әл-Хорезми еңбектері сараланады.
Әдебиетші Алма Қыраубаева былай дейді: “Бұл дәуірдегі көркем әдебиет, негізінен 2 түрлі: Біріншісі – аударма нәзиралық шығармалар: Құтбаның “Хұсрау уа Шырыны”, Сәйф Сараидың “Гүлстан”, Әлидің “Қисса Жүсібі”, Рабғузидің “Қисса – и – Рабғузи кітабы”, Махмуд ибн Алидің “Неһдж ул Фарадис” (“Жұмаққа апаратын жол”), Хусам Қатибтің “Жұм-жұма” кітабы, т.б. Екіншісі – тыңтума әдебиет: “Махаббатнама”. “Аударма нәзира әдебиет” тарауы “Қисса-и-Рабғузи” (“Рабғузи қиссалары”) атты туындының теориялық талдауына арналған. Зерттеуде М.О.Әуезовтің назира туралы тұжырымы басты қағида ретінде алынған “тақырыптың әр ақын жырында қайталануы еш уақытта аударма деп танылуы керек емес. Өз өзінше бір қайта жырлау, тыңнан толғау немесе ақындық шабыт-шалым санасын, жырмен жарысу есепті бір салт еді. Шығыс поэзиясы бұл салтты заңды деп біліп, осы дәуірде “Нәзира”, “Нәзирагөйлік” деп атау да берген”3.
А.Қыраубаеваның құрастыруымен 1991 жылы шыққан “Ежелгі дәуір әдебиеті” (хрестоматия) кітабында алғаш рет аталған ұғымды құрайтын мағлұмат берілген. Кітаптың негізгі бөлімі: “Көне түркі әдебиеті (6-9 ғғ.)” тарауында; Орхон ескерткіштернің мәтіні. (М.Жолдасбеков аудармасы); “Қорқыт ата кітабы” (аударған Ш.Ибраев); Оғызнама (аударған Құлмат Өмірәлиев) мәтіндері берілген.
“Ислам дәуіріндегі әдебиет” (Х-ХІІ ғғ.) атты екінші тарауға енгендер: Әл-Фараби Өлең өнерінің қағидалары туралы трактат (А.Нысаналин); Махмұт Қашқари “Түркі тілдерінің жинағы” (Х.Сүйіншәлиев); Жүсіп Баласағұни “Құтты білік” (Б.Сағындықов); Ахмет Яссауи “Даналық кітабы” (Б.Сағындықов); Ахмет Иігүнеки “Ақиқат сыйы” (Б.Сағындықов); Сүлеймен Бақырғани “Бақырғани кітабы” (Б.Сағындықов). “Алтын Орда – Қыпшақ дәуіріндегі әдебиет (ХІІІ-ХІV ғғ.)” атты тарауы келесі мәтіндерден құралған: Қыпшақтың жазба кітабы (Кодекс Куманикус) (Ә.Құрышжанов) Рабғұзи. “Рабғұзи қиссалары” (Н.Сағындықов); Құтып “Хұсрау – Шырын” (Ә.Ибатов); Хорезми “Махаббатнама” (А.Қыраубаева); Хұсам Кәтиб “Жұм-жұма Сұлтан” (А.Қыраубаева); Сәиф Сараи “Жәдігернама”, “Түркіше Гүлістан” (А.Қыраубаева). Аталған аудармаларға мәтіндердің транскрипциясы қоса берілген.
Аталған ғылыми тұжырым ежелгі дәуір әдебиетін жүйелеудің жаңаша тәсілдерін аңғартады, сондықтан біз әдеби жәдігерлердің теориялық сипаттамасына ғана тоқталдық. Асылында ұлттық әдебиеттің ежелгі нұсқаларын әдебиеттанулық тұрғыдан талдап, зерттеу, жүйелеу – тәуелсіздік кезеңіндегі әдебиеттанудың ең басты міндеті болып табылуда.
Тәуелсіздік кезеңінде алаш абайтануы да арнайы зерттеу нысанына айналды. Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, М.Жұмабайұлы, Ж.Аймауытұлы, І.Жансүгіров, Р.Мәрсеков, Ы.Мұстамбаев, т.б. зерттеулері қазіргі абайтануға жаңаша серпіліс бергендігі және кеңес кезінде айтылмай келген абайтанулық мәселелер сараланады. Осы тұрғыдан «Абайды оқы, таңырқа» ғылыми жинағы мен тәуелсіздік кезеңіндегі абайтанулық зерттеулердің әдеби-теориялық ерекшеліктері қарастырылды.
Тәуелсіз кездегі әдебиеттанудың бірден‑бір жаңалығы ретінде М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты дайындап шығарған «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты 10 томдық еңбекті атауға болады. Ұжымдық көптомдықтың қамтыған мерзімі – ежелгі дәуір әдебиетінен 2001 жылға дейінгі яғни тәуелсіздік тұсындағы әдебиет. Еңбектің басты міндеті – сөз өнерін зерттеуде, көркем шығармаларды талдауда мүмкіндігінше саяси‑идеологиялық ұстанымдарды басшылыққа алмай, ұлттық әдебиеттің жанрлық даму барысын жүйелі зерттеу, оның сөз өнері ретіндегі қасиеттерін айқындау болып табылады. Көптомдық монографияның кіріспе сөзінде де осы міндет алға тартылған: «біздің бүгінгі әдебиетіміздің қайнар көзі қандай еді, оның жанрлары өз бастауын қайдан алды, олар әр дәуірде қандай түрде болды, қандай өзгерістерді бастан кешірді, бүгінгі жағдайы, дамуы қалай? Міне, 10 томнан тұратын еңбек осы мәселелерді қарастырады. Әр томның өзінің міндеті мен аспектісі бар, олар жеке‑жеке томдардың кіріспесінде айтылған»1.
Еңбекте ежелгі сақ, ғұн, үйсіндердің танымдық мұрасын айғақтайтын әдеби жәдігерлер, түркілердің тасқа қашап жазылған мәтіндері жекелеген томдарда арнайы қарастырылған. Барша түркі жұртына ортақ Қазақ хандығына дейінгі көркемсөз үлгілері де бұл еңбекте жүйелі зерделенеді.
«Жаңа дәуірдегі әдебиетіміз Кеңес үкіметі тұсында ең көп жапа шеккені белгілі. XIX ғасырда жасаған Дулат Бабатайұлының, Шортанбай Қанайұлының, Мұрат Мөңкеұлының, Шәңгерей Бөкеевтің шығармашылығы жаңа тұрғыда қаралып, жаңаша бағамдалды. Сондай‑ақ XIX‑ХХ ғасырлар аралығында өмір сүріп, тарихтан шығарылып тастаған Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Ғұмар Қарашев, Нарманбет Орманбетұлының, т.б. ақын‑жазушыларымыздың шығармалары бұл еңбекте арнайы талданып, лайықты бағасын алды. Және қисынсыз дауға ұшыраған «Абай мектебі» өкілдерінің де шығармашылығы қамтылды. ХХ ғасырда ұлттық әдебиетімізді биікке көтеріп, әлемдік аренаға шығарған аса талантты қаламгерлеріміздің шығармашылығы кең әрі объективті түрде, жаңа көзқарас негізінде талданды»2.
Еңбектің құрылымдық жүйесіне келсек: бірінші том – ұлттық әдебиеттің фольклорлық кезеңін, екінші том – ежелгі дәуір мен орта ғасыр әдебиетін қамтиды. Үшінші томда – Алтын Орда дәуірі мен Қазақ хандығы тұсындағы әдебиет сараланса, еңбектің төртінші, бесінші томдары – толықтай XIX ғасыр әдебиетіне арналған. Алтыншы том – ХХ ғасырдың бас кезі (1900-1917). Жетінші, сегізінші, тоғызыншы томдар – түгелімен Кеңес дәуіріндегі (1917-1990) әдебиетті қарастырады. Соңғы оныншы том – ұлттық әдебиеттің тәуелсіздік кезеңіндегі (1991‑2001) туындыларын саралайды. Әлбетте, қазақ әдебиеттану ғылымының тарихында бұл ұжымдық еңбектің өзіндік әдеби‑тарихнамалық, танымдық, ең бастысы жүйелі дерекнамалық орны бар екендігі айқын.
Тәуелсіз кездегі әдебиет теориясының мәселелерін сөз еткенде академиктер З.Ахметов пен З.Қабдоловтың соңғы теориялық зерттеулері арнайы талданады. Қос ғалымның 1991 жылдан бері шыққан теориялық зерттеулерінің сөз өнеріне қатысты басты теориялық тұжырымдары сараланады. Ғалымдардың «Әдебиет танытқышқа» қатысты соны пікірлері жүйеленіп берілді.
Қазақ тәуелсіз әдебиеттануының жаңаша көзқарастарының қалыптасуына келесі басылымдар тікелей әсер етті. Олар: А.Байтұрсынұлы «Әдебиет танытқыш» (1926, 1989), Х.Досмұхаммедұлы «Аламан» «Казахская народная литература» (1927,1991), М.Әуезов «Әдебиет тарихы» (1927, 1991), Әбілғазы «Түрік шежіресі» (1992), Бабыр «Бабырнамасы» (1993), «Билер сөзі» (1992), «Батырлық дастандар» (1995), Л.Гумилевтің «Көне түріктер» (1994), «Ел қазынасы – ескі сөз» (1994), «Қазақ тарихынан» (1997), т.б.
Әдебиеттанушы Ә.Дербісәлінің қазақтың тұңғыш тарихшысы атанған М.Х.Дулатидің зиратын тауып, эпитафиясын оқып, оның «Хақ жолындағылар тарихын» (Тарих-и-Рашиди) (XVI ғ.) қазақ ғылыми айналымға енгізген зерттеулері, А.Қыраубаеваның «Ежелгі әдебиет» сериясы еңбектері, М.Жолдасбекұлының тәуелсіздік тұсындағы зерттеу еңбектері, Н.Келімбетовтің «Ежелгі әдебиет» оқулықтары әдеби-теориялық тың зерттеулерге жол ашты.
Аталған тарауда қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымының теориялық жетістіктері әлемдік әдеби бағыттармен бірлікте арнайы талданады.
Бүгінгі әдебиеттану ғылым саласына қазіргі жаңа интеллектуалдық ой-санаға сай идеялар мен пікірлер қажет екені айқындалған. Кеңес әдебиеттануы ресейлік, оның ішінде формалистер мен марксистік түсініктерімен ғана шектеліп келді. Әдебиет тарихы, оның дәуірлеу кезеңі тікелей саяси, идеологиялық әрекеттермен байланыста қарастырылып, бүкіл ұлттың әдебиет тарихы қасірет шекті. Ұлттық әдеби мұра тар шеңберге салынып, тоталитарлық әдебиетке сай бөлімі ғана мойындалып, насихатталып келді.
Бұл тарауда дүниежүзілік әдебиеттанудың классикалық филология мен постмодернистік (постсруктуралистік) зерттеулер әдісі бүгінгі әдебиетті тану тәсілдерінің айырмашылығы мен ерекшелігі ретінде нақты талдаулар негізінде айқындалған. Бүгінгі Ресей әдебиеттануында үш бағыт екені ескерілді: біріншісі – М.М.Бахтин теориясы негізінде оның ғылыми ойын дамытушылар Ю.М.Лотман, Г.С.Кнабе, Н.И.Конрад, В.Н.Топоров, А.С.Аверинцев, А.Я.Гуревич еңбектері дүниежүзілік әдебиет пен әлемдік мәдениет төңірегінде болғандықтан кең көлемдегі сұранысқа ие. Екіншісі – Д.С.Лихачев, В.В.Кожинов, Б.Г.Гончаров, М.Л.Гаспаров, В.Д.Сквозинков, т.б. тек орыс әдебиетінің ұлттық мүддесін зерттеушілер. Бұлар М.М.Бахтиннің әдісін қолданғанымен орыс әдебиетінің үлгісін, оның ұлттық мүддесін алға тартуымен ерекшеленетіндігі дәлелденген. Үшіншісі – діни әдебиеттанулық (религиозная литературоведение) бағыт. Мұны Н.Бердяев, С.Г.Бочаров, В.Вейдле, В.С.Непомнящий, Т.А.Касаткина, А.Жақсылықов, т.б. нақты теориялық зерттеулерінде іске асыруда.
Сонымен қатар, қазіргі дүниежүзілік әдеби ілім постмодернизм, постструктурализм және деконструктивизм теориясына сүйенетіндігі мен осы ағымның басты өкілдері француз Ж.Ф.Лиотар, америкалық И.Хассан, Ф.Джеймсон, голландтық Д.В.Фоккем, Т.Дан, ағылшындар Дж.Батлер мен Дж. Лодж тағы басқаларының негізгі ұстанымдары сарапталады.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   50




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет