Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі м.ӨТемісов атындағЫ



Pdf көрінісі
бет10/27
Дата27.02.2017
өлшемі2,12 Mb.
#5011
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   27

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР 
1. Қазақ грамматикасы . - Астана,  2002, 494-544-бб.  
2. Ысқақов А . Қазіргі қазақ тілі. - А., 1991, 281-284бб.  
3. Оралбай Н. Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы. - А., 2007, 200-312-
бб. 
4.  Оразбаева  Ф.Ш.,  Сағидолда  Г.,  Қасым  Б.,Қобыланова  А  және  т.б. 
Қазіргі қазақ тілі. - А., 2005, 303-356-бб.  
5. Маманов Ы.Е . Қазіргі қазақ тілі. - А., 1966. 
6. Төлеуов Ә . Сөз таптары . - А., 2002. 
7. Қалыбаева А. Қазақ тіліндегі етіс категориясы. – А., 1957. 
8. Оралбаева Н. Қазақ тіліндегі етістіктің категориялары. – А., 1980. 

 
117 
9.Оразов М. Семантика казахского глагола. Д.д. автореф.–А., 1983. 
10. Оразов М. Қазақ тіліндегі қалып етістіктері. – А., 1980. 
11. Әбілқаев А. Де етістігінің мағыналары мен қызметтері. – А., 1958. 
12.  Қасымова  Б.  Қазақ  тіліндегі  күрделі  етістіктердің  тірек 
компоненттері. // Қазақстан мектебі. 1984. №5, 60-61 б. 
13. Әбдіғалиева Т. Қазіргі қазақ тіліндегі болымдылық, болымсыздық 
категориясы. Докт. дисс. автореф. – А., 1998.   
14. Ерғалиев Т. Қазақ тіліндегі есімше категориясы. – А., 1958. 
15.  Оралбаева  Н.  Қазіргі  қазақ  тіліндегі  етістіктің  аналитикалық 
форманттары. А., 1975. 
16. Оразов М. Семантика казахского глагола. Д.д.автореф.–А., 1983. 
17. Қордабаев Т. Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктің шақ категориясы.  – 
А., 1953.  
18. Жұмағұлова О. Көсемшенің қызметтері туралы. – А., 1998. 
19.Қасымова 
Б.  Қазақ  тіліндегі  күрделі  етістіктердің  тірек 
компоненттері. // Қазақстан мектебі. 1984. №5, 60-61 б. 
20.Омарова А. Осы шақтың Қ.Жұбановқа дейінгі грамматикалардағы 
көрінісі  //Проф.  Н.Оралбаева  және  қазақ  тілі  білімінің  мәселелері.  – 
А., 1998. 
21. Исаев С. Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты. 
А., 1998, 168-183бб. 
Бекіту тапсырмалары: 
1-тапсырма. 
Мәтіндегі  сөздерден  етістіктерді  тауып, 
тұлғасына, құрамына қарай талдаңыздар. Салт, сабақты, болымды, 
болымсыз етістіктерді ажыратыңыздар. 
Даланың  көңілсіз  ұзақ  жолында  қажып  келе  жатқан  керуенге 
Арқалық  алыстан  көрініп,  дәмелендіріп  тұрады.  С.  қаласының 
оңтүстігін жайлаған елдің қалаға қатынасатын қара жолының үстінде 
Арқалық  деген  тау  бар.  Бұл  жерді  мекен  қылған  ел  ерте  күннен 
аталарының қонысы болғандықтан және басқа ірге аударарлық жайлы 
жері жоқтықтан «құдайына жылап» отыра беретін. Бұлардың жалғыз-
ақ  медеу  ғылатыны  Арқалықтың  егіндігі  еді.  Уақпен  көршілес  үш-
төрт болыс елге белгілі болатын. Бұған себеп-Арқалықтың сырт елдер 
қалаға  қатынасатын  өзара  жолдың  үстінде  болғандығы.  Арқалықтың 
жолы  асатын  кезең  -  Күшікбай  кезеңі  деп  аталады.  Күшікбай  - 
Арқалықты  қыстайтын  бес-алты  ауылдың  атасы.  Оларға  білдіретін 
заманның  шежіресі  -  дәурені  өтіп  кедейлік  басқан,  көңілсіз  салқын 
өмірге  түскен  кәрілер  болатын.  Сол  кезде  үйінде  бірлі-жарым  көңлі 
сүйетін, сыйлайтын қонағы болуы керек. Ақсақал мал қоралап болып, 
жайланып  шайын  ішіп,  қазынаспаның  аузында  кейде  жылтылдап, 
кейде лапылдап жанып жатқан отты көріп, бұрқылдап қайнап жатқан 
еттің  иісі  мұрнына  келіп  отырғанда,  серпіліп  әңгіме  айтатын.  Суық 

 
118 
қарайтын  қисық  біткен  кішілеу  өткір  көзінде  және  түксиген 
қабағында  өзгеше  қаталдық  бар.  Қасындағы  Қалтай  -  ерте  күннен 
жанынан  тастамайтын  жолдасы.  Иесінің  дүниеге  келгенін  сездіретін 
ақырғы белгісі -томпиған бейіт аз уақытта жоғалмау, із бітпек. Қалтай 
мырзасының  не  ойлайтынын  білсе  де,  ерте  күннен  жалтаң  болып 
өскендіктен,  ашуланып  қалама  деп  қорғалақтап,  жанын  ауыртатын 
сөздерді бұндай күйде айтпайтын. (М.Әуезов) 
2-тапсырма.  Мына  сөйлемдердегі  етістіктерге  жалпы  талдау 
жасаңыздар. 
Есігі  түрулі,  түңлігін  еңкейтіп,  терісінен  ашқан  үлкен  үйлерге 
кіргенде  ғана,  денесі  аз  тыныштық  алғандай  болады.  Көз  ұшында, 
сары  даланың  шетінен  жотасы  көрініп,  иректеліп,  созылып  жатқан 
көк тау көрінеді. Өзен осы адырды кенерелеп, таумен бірге айырылып 
ағады.  Ыстық-суыққа  бірдей  шыдамы  жоқ  сиырлар  даладан  оқыра 
қуып  келсе,  ауылда  да  тыныштық  таба  алмай,  аласұрып  жүр. 
Күйеулермен  қыдырып  келген  жұртта  таңертеңнен  қозғалмай 
отырып,  әлденеше  тегене  қымызды  ішіп  алып,  қызысқан.  Бірін-бірі 
қағытып  қалжындасып,  мысқылдап,  күлісіп,  кейде  қызыл  кеңірдек 
болып,  болымсызға  дауласып  та  кетеді.  Ел  ішінде  аталы  ауылдың 
баласы  биылғы  жылы  партия  басы  болып,  елінде  атқа  мінген  жігіт. 
Өзі пәлендей батыр, өнерлі, өрелі жігіт болмаса да, «ата баласы ғой» 
деп,  атасының  «аруағын»  сыйлап,  ел  осыны  болыс  қойған:  аузы 
қисық  болса  да  -  байдың  ұлы  сөйлесінін  кері  болған.  Сайлаушы 
таңертеңгі  шайдан  соң  енді  біраз  «гулять»  жасау  керек  деп,  қыр 
кісілерінің бір жерде отыра беретін мінезін өзінше сөгіп, біраз жүріп 
келуге тысқа шыққан. (М.Әуезов) 
3-тапсырма. Бекіту сұрақтары 
1. Етістіктің лексика-семантикалық,  грамматикалық сипаты және  
негізгі және көмекші етістіктер дегеніміз не? 
2.Етістіктің 
лексика-грамматикалық 
категориялары 
мен 
сабақтылық-салттылық категориясы қандай?   
3. Етістіктің аналитикалық форманттары деген не?  
4. Сабақты, салт етістіктер. Болымды-болымсыздық категориясы. 
5.Етіс  категориясы.  Етіс  категориясының  салт  сабақтылық 
категориясына қатысы қандай? 
6.  Есімше,  түрлері,  мағынасы,  жасалуы.  Есімшенің  екі  жақты 
қызметі қандай? 
7. Көсемшенің мағынасы мен жасалуы қандай? 
8. Тұйық етістіктің көптелуі, септелуі, тәуелденуі дегеніміз не? 
9.  Рай  категориясы.  Рай  түрлері,  ерекшеліктері,  тұлғалық 
көріністері қандай? 

 
119 
10.  Шақ  –  етістіктің  негізгі  грамматикалық  категориясы.  Шақ 
түрлері, берілу  жолдары қандай? 
11.
 
Етістіктің жақ категориясы дегеніміз не? 
4-тапсырма. Бақылау тестісі 
1. Қимылдың,іс әрекеттің орындаушыға қимыл иесінің істелетін 
іске  қатысын  білдіру  үшін  белгілі  бір  қосымшалар  арқылы 
жасалатын етістік түрі. 
А) Етістік. Б) Етіс. С) Есімдік. Д) Тұйық етістік. 
2. III жақта көсемшеге қай жалғау жалғанады? 
А) -Ды,-ді,-ты,-ті. В) -Та,-те,-да,-де. С) -Тар,-тер,-дар,-дер. 
Д) -Тан,-тен,-дан,-ден  
3. Есімшенің жұрнақтары? 
А) -Ған,-ген,-қан,-кен,-ар,-ер,-р,-атын,-етін,-йтін,-йтын,-мақ,-мек,-
бақ,-бек,-пақ,-пек 
В) -Қалы,-ғалы,-келі,-гелі,-ар,-ер,-р 
С) -Мақ,-мек,-бақ,-бек,-пақ,-пек 
Д) -Са,-се,-ша,-ше,-ар,-ер,-р 
4. Мағынасы   жағынан қимылдың іс-әрекеттің атын білдіріп, 
шақ, жақпен байланысты болмайтын етістіктің ерекше түрі? 
А) Тұйық етістік. В) Рай. С) Шақ. Д) Көсемше. 
5. Нақ осы шақта қалып етістіктері неше түрлі мағынада 
жұмсалады? 
а) 2, в) 1, с) 4, д) 3 
6. Осы шақ қандай екі түрге бөлінеді? 
А) Нақ осы шақ, ауыспалы осы шақ 
В) Күрделі осы шақ, дара осы шақ 
С) Негізгі осы шақ, жанама осы шақ 
Д) Өзгермелі осы шақ, нақты ауыспалы осы шақ 
7. Келер шақ қандай үш түрге бөлінеді? 
А) Болжалды, мақсатты, ауыспалы 
В) Нақ, ауыспалы, болжалды 
С) Мақсатты, нақты 
Д) Болжалды, өзгермелі, ауыспалы 
8. Сөйлеушінің сөзі арқылы қимылдың шындыққа қатысын, 
айтушының пікірін, көзқарасын білдіріп, белгілі бір грамматикалық 
тұлғалар арқылы жасалатын етістік түрі не деп аталады? 
А) Рай. В) Шақ. С) Шырай. Д) Етіс 
9.Терезеден  қап  қара  болып  қала  көрінеді.  Етістік  қалай 
жасалған 
А) Есімшенің жұрнағы арқылы 
Б) Көсемшенің жұрнағы арқылы 
С) Болымсыз етістік арқылы 

 
120 
Д) Жай етістік 
10.Құнанбайға сыбаға деп арнаған семіз қойлар, жабағылар,арда 
емген тайлар болатын. Етістік неден жасалған? 
А) Көсемше. Б) Етіс. С) Есімше. Д) Өздік етіс 
 
4.6 Үстеу 
 
Үстеу – қазіргі қазақ тіліндегі басқа да сөз таптары сияқты дербес 
категория.  Үстеулер  мағынасы  жағынан  зат  қимылының,  іс-
әрекетінің,  сынының  әр  түрлі  белгілерін  білдіру  үшін қолданылатын 
сөздер  болып  табылады.  Яғни,  үстеу  етістіктің  әр  алуан  сындық, 
бейнелік,  мекендік,  мезгілдік,  шарттық,  мөлшерлік  күй-жайын  және 
сынның белгісін білдіретін сөз табы болып саналады. 
Бұл  көрсетілген  қасиеттің  бәрі  де  бір  сөйлем  мүшесіне  тән 
қызмет,  ол  мүше  –  пысықтауыш.  Бірақ,  пысықтауыш  болған  сөздің 
бәрі үстеу болуы шарт  емес. Пысықтауыш қызметін есім сөздер мен 
етістіктер де атқарады. Мысалы, Мен осы үйде тұрамын. Мен осында 
тұрамын.  Пысықтауыштар  саны  екі:  үйде,  осында.  Бірақ  бұл 
пысықтауыштар  арасында  елеулі  айырмашылықтар  бар.  Алғашқы 
пысықтауыш  мекен  мағынасын  айқын  білдірсе,  кейінгісі  мекен 
мағынасын тек жалпы түрде ғана хабарлап тұр. Екеуі де жатыс септігі 
жалғауын  қабылдап  тұр,  бірақ  соңғы  пысықтауыш  болып  тұрған 
сөздің  құрамындағы  жатыс  септік  жалғауы  оның  табиғи  бөлшегі 
тұрақталып,  көнеленіп  қалған.  Бұл  –  алғашқы  мағынасынан  бөлініп, 
лексикалық  мағынасы  жағынан  қимылдың  алуан  күй-жайын 
білдіретін сөз табына ауысқан. Бір сөзбен айтқанда – үстеу. Үстеулер 
шығу  төркіні,  қалыптасу,  құралу  тәсілі  жағынан  әр  қилы  болып 
келеді.  Егер  үстеулерге  морфологиялық  тұрғыдан  барлап  қарасақ, 
олардың  бірыңғай,  бір  жүйелі  болып  келмейтінін  анықтай  аламыз. 
Мысалы, бірге, әдейілеп, тура деген сөздерді алайық, осылардың бәрі 
де  үстеулер.  Ал  таза  морфологиялық  талдау  жасасақ,  1-шісі  сан 
есімнің  септелуі  деп  қарау  керек:  бір-ге,  2-шісін  етістіктің  көсемше 
тұлғасы  деп  түсінеміз.  Ал  3-шісі  кейде  етістіктердің  жетегінде 
болатын  үстеу  кейде  есімдермен  атрибуттық  қатынаста  болатын  сөз 
деп саналады /тура жол, тура сөз/. 
Үстеулердің  морфологиялық  құрылысының,  пішінінің  әр 
қилылығы  жалпы  үстеу  категориясының  өз  алдына  жеке 
грамматикалық топ ретінде біршама кейін оқшауланғанын байқатады. 
«Басқа сөз таптарының  қайсысымен салыстырсақ  та /әрине, көмекші 
сөздердің  басқасымен/,  үстеулер  біршама  «жас»  категория  болып 
табылады»,- деп тұжырымдайды белгілі тюрколог, проф. М.Томанов. 
Үстеулердің  көпшілігінің  құрама  бөлшектерге  жеңіл  талдануы  және 

 
121 
олардың көбінің негізі  басқа  сөз болып келуі  ғалымның жоғарыдағы 
пікірінің дұрыс екендігінің тағы бір дәлеліндей. 
Үстеулердің жасалу, қалыптасуының тарихы басты екі тәсілі бар 
шамалауға болады. Оларды М.Томанов шартты түрде былай береді: 
1.
 
Сөздердің синтаксистік жолмен үстеулерге ауысуы, 
2.
 
Белгілі  бір  формалардың  көнеріп,  бұрынғы  мағынасы  мен 
қызметінен ажырауы. 
Адвербиализация  немесе  синтаксистік  жолмен  үстеуге  ауысуы 
деген  құбылысты  былай  түсінуге  болады:  белгілі  бір  сөз  табына 
жататын  сөздер  түбір,  не  қосымшалы  күйінде,  сондай-ақ, 
синтаксистік тіркес түрінде де белгілі бір позицияда жиі әрі тұрақты 
қолданылуы  салдарынан  үстеулік  қызмет  пен  мәнге  ие  болады. 
Қазіргі  қазақ  тіліндегі  негізгі  үстеулер  немесе  түбір  үстеулер  деп 
аталатын  сөздер  тобының  үстеулік  қызметте  қалыптасуын  осылай 
түсінуге  болады.  Тіліміздегі  өте,  аса,  ең,  сол,  нақ,  дәл,  кеш  сияқты 
үстеу қызметінде қалыптасуы осы заңдылықтың себебі. Қазіргі қазақ 
тілінде екі түрлі функцияда қолданылып жүрген, соған орай, кейде екі 
сөз  табына  жатқызылып  жүрген  сөздер  бар.  Мысалы,  жақсы,  білгір 
деген  сөздерді  бірде  сын  есім  /жақсы  адам,  білгір  сөз/,  бірде  үстеу 
деп  /жақсы  айтты,  білгір  сөйледі/  қарауға  болады.  Бұл  жоғарыда 
айтқан  ауысу  процесі.  Осындай  процесс  ескі  түркі  жазбаларында  да 
кездеседі. 
Мезгіл,  мекенді,  сондай-ақ,  қимылдың  әр  түрлі  күйін  білдіруге 
икем сөздер тіркесі  де үстеулерге  ауысып отырған кездері кездеседі. 
Мысалы,  осы  кез,  осы  шақ,  бірқатар,  бір  қыдыру,  күні  ертең.  Күні 
бүгін, ала жаздай деген үстеулерді алып қарайық. Осы тіркестердегі 
әр сөздің өз дербес мағынасы сақталған. Ал, сөздердің енді бір тобы 
даму  барысында  кірігіп,  фонетикалық  өзгеріске  түсіп,  бір  ғана  сөз 
дәрежесіне жеткен. Мысалы, биыл – бұл жыл, бүгін – бұл күн т.б. Бұл 
тіркестер  әуелі  үстеулік  мән  мен  қызметке  ие  болып,  бір  позицияда, 
бір  мағынада  жиі  қолданылудың  нәтижесінде  бір  сөз  дәрежесіне 
жеткен деп түсіндіруге болады. 
Үстеулерге  айналған  тіркестердің  біразы  қос  сөздер  түрінде 
келеді.  Бірақ  қос  сөз  түрі  белгілі  бір  сөздер  топтарының  үстеуге 
айналу  тәсілі  деп  қарауға  болмайды.  Себебі,  қос  сөз  атаулының  бәрі 
бірдей үстеулік қызметте жұмсалып, үнемі үстеу мәнін бере бермейді. 
Үстеулердің  морфологиялық  сипаты  мен  жасалу  жолдары
Морфологиялық  құрылысы  мен  құрамы  жағынан  үстеулер  негізгі 
үстеулер немесе туынды үстеулер болып бөлінеді. 
Негізгі үстеулер деп бүгінгі тілімізде морфемаларға бөлшектеуге 
келмейтін,  тек  белгілі  бір  формада  қалыптасақан  сөздерді  айтамыз. 

 
122 
Мысалы, әрең, жорта, азар, қазір, енді, кеш,  ерте,  жоғары, төмен, 
бағана, әдейі, қасақана, ұдайы, үнемі, дереу, шапшаң т.б. 
Негізгі сөздер тобына жататын үстеулердің өзін шартты түрде екі 
топқа бөлуге болады: 
а) о баста мағынасы басқа, алайда бүгінгі таңда үстеулер тобына 
жататын түбір сөздер. Мысалы, әуелі, қазір, мүлде, орасан т.б. 
ә) бұл топқа жататын үстеулерді әлі де болса мүшелеп, басқа сөз 
табынан  шыққандығын  анықтауға  болады.  Мысалы,  ішкері, 
сыртқары,  ұшқары,  тысқары  сияқты  үстеулер  іш,  тыс,  сырт,  ұш 
секілді  түбірлер  мен  –қары,  -кері  қосымшаларының  бірігуі  арқылы 
қалыптасқан. 
Әрмен, бермен үстеулері әрі, бері сөздерімен тіркесуі арқылы әрі 
таман  -  әрмен,  бері  таман  –  бермен  тіркестерінің  ықшамдалуы 
арқылы қалыптасқан. 
Қазіргі  қазақ  тіліндегі  үстеулер  құрамы  жағынан  сан  алуан.  Ең 
жас сөз табы болғандықтан, үстеулер негізінен өзге сөз таптарынан әр 
түрлі тәсілдер арқылы келгендіктен, олардың құрамы ала-құла. 
Бұл  құбылыс  туынды  үстеулер  қабатында  да  анық  көрініп 
тұрады.  Туынды  үстеулер  деп  басқа  сөз  таптарынан  түрлі 
қосымшалар  арқылы,  сөздердің  бірігуі,  жіте  қосарлануы,  тіркесуі 
арқылы, сондай-ақ, кейбір сөз тіркестерінің үстеуге айналуы арқылы 
жасалған сөздерді айтамыз. 
Құрылысы  мен  құрамы  жағынан  туынды  үстеулер  екі  топқа 
бөлінеді: 
а) жалаң туынды үстеулер ә) күрделі туынды үстеулер. 
1.Жалаң туынды үстеулер. Қандай қосымша жалғанса да, сыртқы 
формасы  жағынан  бұл  үстеулер  бір  сөз  болып  келеді.  Ал  оған 
жалғанатын қосымшалар екі түрлі болып келеді: Жұрнақтар жалғану 
арқылы  үстеулер  жасалады,  ал  жалғаулар  арқылы  басқа  сөз 
таптарынан  үстеуге  ауысу  процесі  –  үстеудің  өзге  сөз  таптарынан 
өзгешелігін көрсететін басты белгілердің бірі. 
Енді  жұрнақтар  арқылы  жасалған  туынды  жалаң  үстеулерге 
тоқталайық: 
–Ша,  -ше.  Бұл  жұрнақ  –  үстеу  тудыратын  ең  негізгі  және  аса 
өнімді  жұрнақ.  Бұл  жұрнақты  үстеудің  төл  жұрнағы  деп  айтуға 
болады.  Аталған  жұрнақ  үстеуге  қимылдың,  амалдың  қалай 
істелетіндігін бейнесін жасайды. Тағы бір ерекшелік, бұл жұрнақтың 
ауқымы  өте  кең.  Ол  көптеген  сөз  таптарынан  үстеу  тудыра  алады. 
Мысалы, а) зат есімнен: адам-ша, орыс-ша, ой-ша т.б. ә) сын есімнен: 
ескі-ше,  жаңа-ша,  қысқа-ша  т.б.  б)  жіктеу  есімдіктерінен:  мен-ше, 
сен-ше,  менің-ше  т.б.  г)  өздік  есімдіктерінен:  өзім-ше,  өзін-ше, 
өздерін-ше  т.б.  д)  белгісіздік  есімдіктерінің  кейбірінен:  әркім-ше, 

 
123 
әлдекім-ше,  біреулер-ше  т.б.  е)  үстеулердің  жасалуына  бұл,  ол,  осы, 
сол деген сілтеу есімдіктеріне –ша, -ше жұрнақтары арқылы бірнеше 
үстеулер  қалыптасады:  мұн-ша,  сон-ша,  он-ша  т.б.  Бұл  туынды 
үстеулерге  –лық,  -ма  жұрнақтары  жалғануы  арқылы  екінші  рет 
туынды үстеулер жасалады. Мысалы, осын-ша-ма, осын-ша-лық, сон-
ша-ма, сон-ша-лық т.б. 
–Лай,  -лей,  -дай,  -дей,  -тай,  -тей  жұрнағы.  Бұл  жұрнақтар  да 
өнімді қызмет атқарады. Мысалы, тірі-лей, жаз-дай, күз-дей т.б. 
–Дайын,  -дейін,  -тайын,  -тейін  құранды  жұрнақтары.  Мысалы, 
түлкідейін түн қатып, бөрідейін жол қатып. 
–Лап,  -леп,  -дап,  -деп,  -тап,  -теп  жұрнағы.  Бұл  жұрнақ  етістік 
тудыратын  құранды  жұрнақ.  Алайда,  кейде  ол  қосымшалар  туынды 
үстеу де жасай алады. Бұл жұрнақтар, негізінен, сан есімдерден үстеу 
жасайды:  екеу-леп,  үшеу-леп,  мың-дап.  Басқа  да  сөз  табынан  үстеу 
жасайды: жаяу-лап, темір-леп, құрсау-лап т.б. 
–Шаң, -шең жұрнағы. Зат есімдерден үстеу жасайды: көйлек-шең, 
жейде-шең т.б. 
–Ын,  -ін,  -сын,  -сін  жұрнақтары.  Бұл  жұрнақтар  біраз  сөздерге 
жалғанып  үстеу  тудыра  алады:  астырт-ын,  үстірт-ін,  кеш-кі-сін, 
ертең-гі-сін т.б. 
Ескерту,  -ын,  -ін  қосымшасын  ғалымдар  қай  сөз  табына  тән 
екендігін  ажырата  алмайды.  Проф.  М.Томанов  бұл  қосымшаның 
семантикасы  белгісіз  деп  санайды.  Ал,  -сын,  -сін  қосымшасын 
құранды қосымша деп қарайтын ғалымдар оның құрамындағы –сы, -сі 
элементін  тәуелдік  жалғауының  3  жағы  деп,  -н  қосымшасын 
құралдық 
септік 
/көмектес 
септік/ 
түсіндіретін 
тюрколог-
ғалымдардың 
В.Котвич, 
А.Шербактың 
пікірін 
М.Томанов 
қостамайды.  Қалай  болғанда  да  –ын  қосымшасының  табиғатында 
үстеуге жақын бір құбылыс бар екені рас. Себебі, жақын деген негізгі 
үстеудің құрамында да көнеленген осы қосымша бар. Жақын сөзінің 
көне  түбірі  жақ  екенін  жағу,  жағыну  етістіктерімен  салыстыру 
арқылы байқауға болады. 
–Майынша,  -мейінше,  -пайынша,  -пейінше,  -дайынша,  -дейінше 
жұрнағы.  Бұл  құранды  жұрнақ  етістіктің  түбіріне  тікелей  жалғану 
арқылы үстеу тудыра алады: бар-майынша, кел-мейінше, көр-мейінше 
т.б.  Проф.  М.Томанов  бұл  құранды  жұрнақтың  құрамын  былайша 
ажыратады:  -ма  /болымсыз  етістік/,  -й  /көсемше/,  -ын  /белгісіз/,  -ша 
/үстеу/. 
Проф. М.Томанов бұл аталған қосымшалардан басқа –лы, -лі, -ды, 
-ді, -ты, -ті жұрнақтарын атайды. Алайда бір ерекшелік бұл жұрнақтар 
күрделі  үстеулердің,  әсіресе,  қос  сөзді  үстеулердің  ғана  құрамында 
келіп,  екі  есім  сөздің  байланысуына  себепкер  болып,  үстеулік  мән 

 
124 
беруіне көмекші қызмет атқаратын байқауға болады. Мысалы, ертелі-
кеш. әрлі-берлі, ілгері-кейінді, аттылы-жаяулы т.б. Егер бұл аффикс 
түсіріліп  берілсе,  екі  есім  бір-бірімен  байланыспай  да  қалатынын 
байқауға болады. –шылап, -шілеп жұрнағы. Мысалы, ит-шілеп, сиыр-
шылап т.б. 
–қары, -кері жұрнағы. Мысалы, іш-кері, сырт-қары, тыс-қары. 
Міне, осындай қосымшалар оқулықта және арнаулы зерттеулерде 
берілген.  Бірақ,  бір  мәселеге  ерекше  назар  аудару  керек.  Үстеу 
жасайтын  жұрнақ  тек  –ша,  -ше  ғана.  Қазақ  тілінде  бұдан  басқа 
арнаулы  үстеу  жасайтын  қосымша  жоқ.  Ал  үстеулердің  құрамында 
кездесетін  әр  түрлі  қосымшаларды  үнемі  жасайтын  қосымшалар  деп 
әсте  түсінуге  болмайды.  Үстеулер  жайлы  тақырыпта  әңгіме  ету 
барысында  бір  жайды  үнемі  естен  шығармау  керек.  Үстеуде 
адвербиализация  /үстеулену,  үстеуге  айналу/  процесі  басым.  Қазіргі 
үстеудің  құрамында  кездесетін  қосымшалар,  сөйтіп  А.Ысқақовтың 
оқулығында үстеу тудыратын қосымшалар деп айдар тағылып жүрген 
қосымшалар  о  баста  басқа  сөздер  жасаған.  Кейін  барлық  негіз,  яғни 
түбір  мен  қосымша  қолдану  процесі  барысында  үстеуге  айналған. 
Сондықтан мектепте қалай түсіндірсеңдер де еріктерің. Ал оқулықта 
үстеу тудыратын жұрнақтар деп беріліп жүрген қосымшалардың –ша, 
-ше-сінен  басқасын  шартты  нәрсе  деп  есептеген  әлде  қайда  дұрыс, 
әлде қайда ғылыми болып саналады. 
Көнеленген жалғаулар арқылы жасалған туынды жалаң үстеулер. 
Үстеулердің бұл тобына әр түрлі  сөздердің белгілі  бір септік жалғау 
формасында  әбден  қалыптасып,  бір-бірінен  бөлектенбейтіндей 
дәрежеге  жеткен  көнеленген  сөздер  түрі  жатады.  Бұл  көнеленген 
формалардың бірнеше түрі бар: 
а)  барыс  септіктің  көнеленуінен  туған  үстеулер:  ал-ға,  арт-қа, 
жат-қа, бекер-ге, бір-ге т.б. 
ә)  жатыс  септіктің  көнеленуінен  туған  үстеулер:  алд-да,  арт-та, 
әлгі-де, кейде, баяғы-да, күн-де, түн-де т.б. 
ә)  шығыс  септіктің  көнеленуінен  туған  үстеулер:  шалқасы-нан, 
етпеті-нен, жүресі-нен, төте-ден, кеңі-нен т.б. 
г)  көмектес  септіктің  көнеленуінен  туған  үстеулер:  кезек-пен, 
шыны-мен, қалпы-мен, жайы-мен, реті-мен т.б. 
Күрделі  туынды  үстеулер.  Күрделі  туынды  үстеулер  екі  сөзден 
бірігіп, қосарланып, сондай-ақ, екі не одан да көп сөздердің тіркесіп 
келуі  арқылы  жасалады.  Осыған  сәйкес  күрделі  туынды  үстеулерді 
үшке бөлеміз: 
а) басқа сөз таптарына тән сөздердің бірігуі нәтижесінде үстеуге 
айналған  туынды  күрделі  үстеулер.  Мысалы,  бүгін,  биыл,  таңертең, 
жаздыкүні, әрқашан, әрдайым, ендігәрі, әжептәуір т.б. 

 
125 
ә)  сөздердің  қосарлануы  арқылы  қалыптасқан  күрделі  туынды 
үстеулер.  Мысалы,  көзбе-көз,  бетпе-бет,  әрең-әрең,  үсті-үстіне, 
сөйлей-сөйлей, көре-көре т.б. 
б)  жазуда  бөлек  таңбаланып,  мағына  жағынан  бір  сөз  ретінде 
үстеу  мағынасын  беретін  күрделі  тіркесті  туынды  үстеулер.  Оларды 
екіге бөлеміз: 
1) Жай тіркестер: күні кеше, күні бүгін, ала жаздай, оқи келе? Ала 
сала, алдын ала т.б. 
2) Идиомаланған тұрақты тіркестер: қас пен көздің арасында, аяқ 
астынан, түн баласында, елден ала бөтен, құлан таза т.б. 
Үстеулердің  мағыналық  топтары.  Қазақ  тіліндегі  сөз 
таптарының  бірі  саналып,  сөз  табы  ретінде  бір  категорияға 
топтастырылып 
келгенімен, 
үстеулер 
өз 
ішінен 
көптеген 
ерекшеліктерге  бөлінеді.  Олар  шығу  тегі  жағынан  да  бір  текті  емес. 
Үстеулердің  баста  белгісі  болып  семантикалық  бірыңғайлығы, 
мағыналық ерекшелігі алынады. 
Үстеулердің  мағыналары  түрлі-түрлі  болып  келеді.  Кейбір 
үстеулер  контексте  келуіне  орай  бірнеше  мағынаны  да  бере  алады. 
Мысалы,  мына  екі  сөйлемді  алайық:  Ол  сонда  ғана  әнін  тоқтатып, 
көпке қарады. Сен сонда барып қон. Осы екі сөйлемде бір ғана үстеу 
сөз  қолданылған.  Ол  сөз  -  сонда.  Ал  осы  сөз  1-сөйлемде  қашан 
сұрауына  жауап  беріп,  мезгілдік  мағынаны,  ал  2-сөйлемде  қайда 
сұрауына  жауап  беріп,  мекендік  мағынаны  білдіріп  тұр.  Немесе:  Ол 
өлең  былай  шығарылды.  Сен  ана  ағашты  былай  лақтырып  таста. 
Деген сөйлемде де  былай деген үстеу екі түрлі мағынада қолданылып 
тұр. 
Бұл  мысалдар  үстеудің  мағына  жағынан  да  әр  тектілігін 
көрсетеді.  Дегенмен  үстеулерді  топтаудағы  негізгі  принцип  болып 
олардың мағыналық ерекшеліктері алынады. 
Мағыналарына  қарай  үстеулер  8  топқа  бөлінеді:  1.  Мезгіл 
үстеулері.  2.Мекен  үстеулері.  3.Мөлшер  үстеулері.  4.Сын  (бейне) 
үстеулері.  5.Күшейту  үстеулері.  6.Мақсат  үстеулері.  7.Себеп-салдар 
үстеулері. 8.Топтау үстеулері. 
1.  Мезгіл  үстеулері.  Қазіргі  қазақ  тіліндегі  мезгіл  үстеулері 
қимыл-амалдың  қашан,  қай  кезде  жасалғанын  білдіріп,  қашан, 
қашаннан деген сұрақтарға жауап береді. 
Мезгіл үстеулерінің саны өзге үстеу түрлеріне қарағанда өте көп. 
Оларға мына сөздер жатады: бүгін, былтыр, ертең, таңертең, кешке, 
қазір,  енді,  әлі,  ендігәрі,  бұрын,  әуел  баста,  ерте,  кеш,  күндіз, 
бүрсігүні, әсте, күнімен, ертеден, күні, бүгін, күні кеше, бүгін таңда, 
күні-түні,  оқта-текте,  анда-санда,  кей-кейде,  әлгінде,  әрқашан, 

 
126 
әлдеқашан,  апақ-сапақта,  әуелден,  қазірде,  таң  сәріде,  ұдайы,  әзір, 
жаңа, мана т.б. 
Мезгіл  үстеулері  морфологиялық  құрылысы  мен  жасалу  жүйесі 
жағынан  сан  алуан  болып  келеді.  Олардың  кейбірі  негізгі  үстеулер 
болса  (мысалы,  әуелі,  әмсе,  әлі,  былтыр,  ерте  т.б.),  енді  бір  тобы 
туынды мезгіл үстеулер болып келеді. 
Туынды  үстеулері  синтетикалық  және  аналитикалық  тәсіл 
арқылы жасалады. 
1. Синтетикалық тәсіл арқылы жасалған мезгіл үстеулері: 
–ша,  -ше  формасы  арқылы  жасалған  мезгіл  үстеулері:  әзір-ше, 
биыл-ша, уақыт-ша, бүгін-ше т.б. 
–дай, -дей, -тай, -тей формасы арқылы жасалған мезгіл үстеулері: 
жаз-дай, көз-дей, қыс-тай т.б. 
–ін, -сін формасы арқылы қалыптасқан мезгіл үстеулері: 
-қосарланған  сөздердің  екі  компоненті  де  жатыс  септік 
жалғауында  келіп  қалыптасқан  мезгіл  үстеулері:  анда-санда,  оқта-
текте т.б. 
-қосарланған  сөздердің  екі  компоненті  не  тек  бір  компоненті 
тәуелдік жалғау формасында келуі арқылы жасалған мезгіл үстеулері: 
қысы-жазы, күні-түні т.б. 
-қосарланған  сөздердің  екі  не  бір  компоненті  –лы,  -лі,  -ды,  -ді 
формасын  қабылдау  арқылы  қалыптасқан  мезгіл  үстеулер:  кешелі-
бүгінді, ертеңді-кеш, бұрын-соңды т.б. 
-қосарланған  сөздердің  екі  компоненті  де  көсемшенің  –а,  -е 
жұрнағын қабылдап тұрған мезгіл үстеулері: ара-тұра, іле-шала т.б. 
Мекен  үстеулері.  Қазіргі  қазақ  тіліндегі  мекен  үстеулері 
қимылдың, амалдың орнын, мекенін, бағытын білдіріп, қайда, қайдан 
деген сұрақтарға жауап береді. 
Мекен  үстеулерінің  морфологиялық  құрылысы  әр  түрлі.  Мекен 
үстеулері  түгелдей  туынды  сөздерден  тұрады.  Ол  туынды  сөздердің 
қатарында  көне  дәуірде  үстеуге  ауысқан  да  кейін  қалыптасқаны  да 
бар. 
Мекен үстеулеріне мына сөздер жатады: ілгері, ілгеріде, әрі, бері, 
кейін,  жоғары,  төмен,  жолшыбай,  жол-жөнекей,  алға,  тысқары, 
әлдеқайдан, сонда, мұнда, осында, ішкері, әрірек, берірек т.б. 
Туынды мекен үстеулері: синтетикалық және аналитикалық тәсіл 
арқылы жасалады. 
Морфологиялық  тәсіл  арқылы  жасалған  мекен  үстеулерінің 
мынадай түрлері бар: 
а)  сөздерге  –қары,  -кері,  -ғары,  -гері  формасы  жалғану  арқылы 
жасалады:  сырт-қары,  тыс-қары,  іш-кері,  іл-гері  т.б.  Бұл  форма 
ықшамдалып та кездеседі: бері, кері, жоғары т.б. 

 
127 
ә) жатыс септік жалғауларының консервациялануы арқылы: алда, 
мұнда, осында, сонда т.б. 
б)  кейбір  мекен  үстеулері  мен  сөздерге  –ман,  -мен  формасы 
жалғану  арқылы:  бермен,  әрмен,  төмен  т.б.  Бұл  көне  форманы 
ғалымдар барыс септіктің көне түрі деп топшылайды. 
Синтаксистік  тәсіл  арқылы  жасалған  мекен  үстеулерге:  анда-
санда, онда-мұнда секілді сөздер жатады. 
Мөлшер  үстеу.  Іс-әрекеттің,  қимылдың  шамалық  дәрежесін, 
мөлшерін,  артық-кемдік  сипатын  білдіріп,  қанша,  қаншалық, 
нешелеп,  қаншалап  деген  сұрақтарға  жауап  беретін  үстеу  түрін 
мөлшер  үстеу  дейміз.  Оларға  мына  сөздер  жатады:  онша,  сонша, 
осынша,  соншама,  соншалық,  осыншалық,  бірен-саран,  бірталай, 
бірқыдыру,  недәуір,  неғұрлым,  соғұрлым,  біраз,  бірсыпыра,  азды-
көпті т.б. 
Туынды  мөлшер  үстеуі  морфологиялық  және  синтаксистік  тәсіл 
арқылы жасалады. 
Морфологиялық  тәсіл  арқылы  қалыптасқан  мөлшер  үстеулеріне: 
бұл, ол, осы, сол сілтеу есімдіктеріне: 
–ша,  -ше  жұрнағы  жалғану  арқылы  жасалған  онша,  мұнша, 
сонша, осынша сөздері. 
–шама жұрнағы арқылы жасалған мұншама, соншама, осыншама 
сөздері. 
–шалық  жұрнағын  қосу  арқылы  қалыптасқан  мұншалық, 
соншалық, оншалық сияқты сөздер. 
–дайлық  жұрнағы  арқылы  жасалған  мұндайлық,  сондайлық, 
осындайлық сөздері жатады. 
Синтаксистік  тәсіл  арқылы  жасалған  мөлшер  үстеулері  екі  түрлі 
болып келеді: 
а)  біріккен  мөлшер  үстеулері:  анағұрлым,  бірталай,  бірсыпыра, 
бірқатар, недәуір т.б. 
ә)  қосарланған  мөлшер  үстеулері:  бірен-саран,  азды-көпті,  бірлі-
жарым т.б. 
Мөлшер  үстеулері  негізінен,  морфологиялық  формаларды 
қабылдамайтын сөздер болып келеді. 
Бейне (қимыл-сын) үстеулері. Бейне үстеулері қимылдың, амалды 
жасалу тәсілін, алуан түрлі сапасын, бейнесін білдіріп, қалай, қайтіп, 
қалайша,  кімше,  неше  деген  сұрақтарға  жауап  береді.  Мысалы, 
осылай,  осылайша,  сөйтіп,  бірден,  бірдей,  бірге,  бірте-бірте,  тікелей, 
көзімше, өзінше, әрең, бекер, дереу, жай, жедел, жылдам, кенет, құр, 
қатар, оқыс, оңаша, түгел, шұғыл т.б. 
Бейне  үстеулері  үстеулердің  басқа  топтарына  қарағанда  саны 
жағынан көп болып келеді. 

 
128 
Туынды  бейне  үстеулері  морфологиялық  және  синтакистік 
тәсілдер арқылы жасалады: 
Морфологиялық тәсіл арқылы жасалған бейе үстеулер: 
а) туынды бейне үстеулерінің басым көпшілігі зат есім, сын есім, 
есімдік, үстеу сөздерге –ша, -ше жұрнағы тіркесуі арқылы жасалады. 
Мысалы, адам-ша, ауыз-ша, әлін-ше, жаңа-ша, мен-ше, осылай-ша т.б. 
ә)–шаң, -шең жұрнағы арқылы жасалған бейне үстеулері: көйлек-
шең, байпақ-шаң т.б. 
б)–лай,  -лей,  -дай,  -дей  жұрнағы  арқылы  жасалған  бейне 
үстеулері: осы-лай, тірі-лей, ен-дей, өлер-дей т.б. 
Синтаксистік  тәсіл  арқылы  жасалған  бейне  үстеулері:  Бейне 
үстеулерінің бұл туынды түрі екіге бөлінеді: 
1.Біріккен  және  кіріккен  бейне  үстеулері:  ауызекі,  біржола, 
жазатайым т.б. 
2.Қосарланған бейне үстеулері: әрең-әрең, бірте-бірте, дара-дара, 
шала-пұла, дәлме-дәл, көзбе-көз т.б. 
Қосарланған  бейне  үстеулердің  жасалу  түрлері  сан  алуан. 
Олардың құрамында қос сөздердің барлық түрі кездеседі. 
Күшейту  үстеулері.  Күшейту  үстеулері  заттың  сынын,  қимыл 
мен  амалдың  сынын,  мөлшерін,  көлемдік  белгілерін  не  асыра,  не 
кеміте  қолдану  үшін  айтылады.  Олар  қалай  деген  сұраққа  жауап 
береді.  Мысалы,  ең,  әбден,  ылғи,  бек,  нағыз,  нық,  орасан,  тым,  аса, 
өте,  өрен  т.б.  Күшейту  үстеулерінің  туынды  түрі  де,  негізгі  түрі  де 
көп емес. Туынды күшейту үстеулері екі тәсіл арқылы жасалады:  
а)  Морфологиялық  тәсіл  арқылы  жасалған  күшейту  үстеулері  –
ша,  -ше  жұрнағы  тіркесу  арқылы  қалыптасады:  айрық-ша,  барын-ша 
т.б. 
ә)  Синтаксистік  тәсілмен  жасалған  күшейту  үстеулері  де  көп 
емес. Мысалы, кілең, небір, өте-мөте т.б. 
Мақсат  үстеуі.  Үстеулердің  бұл  түрі  әрекет,  қимылдың  не 
мақсатпен, неліктен жасалғанын білдіріп тұрады. Мақсат үстеулерінің 
тілімізде  саны  аз.  Олардың  қатарына  мынадай  сөздер  жатады:  әдейі, 
жорта, қасақана, көріне, әдейілеп т.б. 
Кейбір  туынды  мақсат  үстеулерінің  өзі  аналитикалық  тәсіл 
арқылы  жасалады:  кітапқа  бола,  оқуға  бола,  маған  бола  т.б.  Мұндай 
формалардың өзі - саусақпен санарлық. 
Себеп-салдар үстеулері. Амалдың себебін, не салдарын білдіреді. 
Олар  неліктен,  не  себепті  деген  сұрақтарға  жауап  беріп  тұрады. 
Себеп-салдар  үстеулеріне  мынадай  сөздер  жатады:  текке,  босқа, 
бекерге,  амалсыздан,  лажсыздан,  шарасыздан.  Бұл  сөздердің 
барлығы  да  туынды  себеп-салдар  үстеулері  болып  саналады.  Олар 
септік  жалғауларының  көнеленуі  (консервация)  тәсілі  арқылы 

 
129 
қалыптасқан. Мысалы, текке, босқа, құр босқа, бекерге себеп-салдар 
үстеулері  барыс  септік  жалғауларының,  ал  амалсыздан,  лажсыздан, 
шарасыздан  себеп-салдар  үстеулері  шығыс  септік  жалғауларының 
көнеленуі  нәтижесінде  пайда  болған.  Себеп-салдар  үстеулері 
көсемшелердің  қайталануы  арқылы  да  қалыптасады.  Мысалы,  көре-
көре, сөйлей-сөйлей, оқи-оқи т.б. 
Топтау  үстеулері.  Үстеудің  бұл  түрін  кейде  саралау  үстеулері 
деп  те  алуға  болады.  Себебі  үстеудің  бұл  түрі  амалдың  немесе  іс-
қимылдың бірігу арқылы істелгендігін, болмаса, керісінше жекеленіп 
істелгендігін  білдіреді.  Топтау  үстеулері  нешеден,  қаншадан, 
нешеуден деген сұрақтарға жауап береді. Мысалы,  екеулеп, үшеулеп, 
он-ондап,  бір-бірлеп,  тең-теңімен,  бас-басына,  алды-алдына,  үйді-
үйіне т.б. 
Алайда,  топтау  үстеулеріне  жатқызылған  сөздердің  ішінде  сан 
есім,  негізді  туынды  етістіктер  де,  топтау  сан  есімдері  де  бар. 
Үстеудің  кейіннен  қалыптасқандығын  желеу  еткен  ғалымдар  жөнді-
жөнсіз басқа сөз табының сөздеріне жиендік жасай берсе керек. 
 

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   27




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет