Байланысты: Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi (Жоба) (қабылданды)
289-бап. Радиоактивтi заттарды, радиоактивті қалдықтарды немесе ядролық материалдарды ұрлау немесе қорқытып алу 1. Радиоактивтi заттарды, радиоактивті қалдықтарды немесе ядролық материалдарды ұрлау немесе қорқытып алу, - бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына, не бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 2. Дәл сол әрекеттер: а) адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша; б) бірнеше рет; в) адам өз қызмет бабын пайдаланып; г) өмiрге немесе денсаулыққа қауiптi емес күш қолдана отырып, не осындай күш қолданамын деп қорқыта отырып жасалса, - мүлкi тәркiленiп не онсыз төрт жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген: а) өмiрге немесе денсаулыққа қауiптi күш қолдана отырып немесе осындай күш қолданамын деп қорқыта отырып; б) қылмыстық топ жасаған әрекеттер, - мүлкi тәркiленiп бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 290-бап. Радиоактивтi заттармен, радиоактивті қалдықтармен немесе ядролық материалдармен жұмыс iстеу ережелерiн бұзу 1. Радиоактивтi заттарды, радиоактивті қалдықтарды немесе ядролық материалдарды сақтау, пайдалану, есепке алу, көму, тасымалдау ережелерiн және олармен жұмыс iстеудiң басқа да ережелерiн бұзу, егер бұл әрекеттер адам өлiмiне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкелуi мүмкiн болса, - екі жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыруға немесе онсыз мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 2. Абайсызда адам өлiмiне немесе өзге ауыр зардаптарға әкеп соққан дәл сол әрекет, - үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыруға немесе онсыз жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.