Байланысты: Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi (Жоба) (қабылданды)
15-бап. Қылмыстардың қайталануы 1. Егер бұрын бұл адам ауыр қылмыс жасағаны үшiн бас бостандығынан айыруға сотталған болса, адамның ауыр қылмыс жасауы қылмыстың қайталануы деп танылады. 2. Қауіпті қайталану деп: а) егер бұрын бұл адам ауыр қылмыс жасағаны үшін бас бостандығынан айыруға сотталған болса, адамның аса ауыр қылмыс жасағаны болып танылады; б) егер бұрын бұл адам ауыр қылмыс немесе аса ауыр қылмыс жасағаны үшін бас бостандығынан айыруға сотталған болса, адамның аса ауыр қылмыс жасағаны болып танылады. 3. Он сегiз жасқа толмаған адамның жасаған қылмысы қайталануды тану кезiнде ескерiлмейдi. 4. Қылмыстың қайталануы осы Кодексте көзделген негiздер мен шектерде неғұрлым қатаң жазаға әкеп соқтырады. 16-бап. Қылмыстық жауапқа тартылуға жататын адам 1. Есi дұрыс, қылмыстық құқық бұзушылық жасалған кезде он алты жасқа толған адамдар қылмыстық жауапқа тартылуға тиiс. 2. Қылмыстық құқық бұзушылық жасалған кезде он төрт жасқа толған адам кiсi өлтiргенi (99-бап), денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiргенi (106-бап), ауырлататын мән-жайлар кезiнде денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зардап келтiргенi (107-бап, екiншi бөлiгі), зорлағаны (120-бап), жыныстық сипаттағы күштеу әрекеттерi (121-бап), адамды ұрлағаны (125-бап), халықаралық қорғау аясындағы адамдарға немесе ұйымдарға шабуыл жасағаны (180-бап), әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, дiни араздықты немесе алауыздықты қоздырғаны (181-бап), Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің - Елбасының өміріне қол сұғушылық жасағаны (184-бап), Қазақстан Республикасы Президентінің өміріне қол сұғушылық жасағаны үшін (185-бап), диверсия жасағаны (191-бап), ұрлық жасағаны (195-бап, екінші, үшінші, төртінші бөліктері), кiсi тонағаны (198-бап, екінші, үшінші, төртінші бөліктері), қарақшылық (199-бап), қорқытып алғаны (201-бап, екінші, үшінші, төртінші бөліктері), ауырлататын мән-жайлар кезiнде автомобильдi немесе өзге де көлiк құралдарын ұрлау мақсатын көздемей заңсыз иеленгенi (207-бап, екiншi, үшiншi, төртiншi бөлiктерi), ауырлататын мән-жайлар кезiнде мүлiктi қасақана жойғаны немесе бүлдiргенi (209-бап, екiншi, үшiншi бөлiктерi), терроризм актісі (262-бап), терроризмді не экстремизмді насихаттағаны немесе терроризм не экстремизм актісін жасауға жария түрде шақырғаны (263-бап), террористік топ құрғаны, оған басшылық еткені және оның қызметіне қатысқаны (264-бап, бірінші және екінші бөліктері), террористік немесе экстремистік әрекетті қаржыландырғаны және терроризмге не экстремизмге өзге де жәрдемдескені (265-бап), адамды кепiлге алғаны (267-бап), үйлерге, ғимараттарға, қатынас және байланыс құралдарына шабуыл жасағаны (275-бап), терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлағаны (279-бап), қаруды, оқ-дәрiнi, жарылғыш заттар мен жару құрылғыларын ұрлағаны не қорқытып алғаны (296-бап), ауырлататын мән-жайлар кезіндегі бұзақылығы (298-бап, екiншi, үшiншi, төртінші бөлiктерi), тағылық (299-бап), есiрткi құралдарын немесе психотроптық заттарды ұрлағаны не қорқытып алғаны (302-бап), ауырлататын мән-жайлар кезiнде қайтыс болған адамдардың мүрдесiн және олардың жерленген жерлерiн қорлағаны (318-бап, екiншi бөлiгi), көлiк құралдарын немесе қатынас жолдарын қасақана жарамсыз еткенi (356-бап) үшiн қылмыстық жауапқа тартылуға тиiс. 3. Егер кәмелетке толмаған адам осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiгiнде көзделген жасқа толса, бiрақ психикасының бұзылуына байланысты емес психикалық дамуы жағынан артта қалуы салдарынан қылмыстық құқық бұзушылық жасау кезiндегi өзiнiң әрекетiнiң (әрекетсiздiгiнiң) iс жүзiндегi сипаты мен қоғамдық қауiптiлiгiн толық көлемiнде түсiне алмаса не оған ие бола алмаса, қылмыстық жауапқа тартылуға тиiс емес. 4. Қылмыстық құқық бұзушылықтар жасаған адамдар шығу тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, сенiмiне, қоғамдық бiрлестiктерге қатыстылығына, тұрғылықты жерiне немесе өзге де кез келген мән-жайларға қарамастан заң алдында бiрдей.