Байланысты: Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi (Жоба) (қабылданды)
437-бап. Қылмыстық-атқару жүйесi мекемелерiнде, тергеу изоляторларында отырған адамдарға тыйым салынған заттар, бұйымдар мен нәрселер беру 1. Қылмыстық-атқару жүйесi мекемелерiнде, тергеу изоляторларында отырған адамдарға алкогольдiк iшiмдiктер, дәрiлiк және мас қылатын әсерi бар басқа да заттарды, ақша, азық-түлiк тағамдарын, бұйымдарды және бұл мекемелерде сақтау мен пайдалануға тыйым салынған басқа да нәрселердi тексеруден жасырып беру немесе кез келген тәсiлдермен беруге әрекет ету, - мүлкі тәркіленіп жүз айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына, не жүз жиырма сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екі айға дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланады. 2. Адам өзінің қызметтік жағдайын пайдаланып, сондай-ақ қызметін өтеу ережесін бұзып жасаған дәл сол әрекет, - мүлкін тәркілеп үші мың айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 438-бап. Қоғамнан оқшаулауды қамтамасыз ететін мекеменің қызметкеріне не оның жақындарына, сондай-ақ сотталған адамға қатысты күш қолданамын деп қорқыту немесе олардың денсаулығына немесе өміріне қол сұғу 1. Қоғамнан оқшаулауды қамтамасыз ететін мекеменің қызметкеріне не оның жұбайына (зайыбына) немесе жақын туыстарына қатысты оның қызметтік міндеттерін жүзеге асыруына байланысты, сондай-ақ сотталған адамның түзелуіне кедергі жасау немесе оның мекеме әкімшілігіне жәрдемдескені үшін кек алу мақсатында оған қатысты күш қолданамын деп қорқыту - екі жылдан бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 2. Осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген адамдарға өміріне немесе денсаулығына қауіпті емес күш қолдану, - үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 3. Осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көзделген, бір топ адамның алдын ала сөз байласуы бойынша, не өміріне немесе денсаулығына қауіпті күш қолданып жасалған әрекеттер, - жеті жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 4. Қоғамнан оқшаулауды қамтамасыз ететін мекеме қызметкерінің не оның жұбайының (зайыбының) немесе жақын туыстарының өміріне оның қызметтік жұмысын жүзеге асыруына байланысты, сондай-ақ сотталған адамға қатысты оның түзелуіне кедергі жасау немесе оның мекеме әкімшілігіне жәрдемдескені үшін кек алу мақсатында қол сұғу - он жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға, не өмір бойы бас бостандығынан айыруға жазаланады.